Екінші: муздалифада тұру
Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:
﴿ فَإِذَا أَفَضْتُم مِّنْ عَرَفَاتٍ فَاذْكُرُواْ اللّهَ عِندَ الْمَشْعَرِ الْحَرَامِ ﴾
«Арафадан (Мүздәлифаға) қозғалған кездеріңде ал-Машъар ал-Харамда Аллаһты еске алыңдар!»[1172]. Бұл аяттағы ал-Машъар ал-Харам дегеніміз - Мүздәлифаның екінші атауы. Сондай-ақ оның «Жамъ» деген тағы бір атауы бар.
Сүннеттен дәлел: Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:
(من شهد صلاتنا هذه ووقف معنا حتى ندفع وقد وقف بعرفة قبل ذلك ليلا أو نهارا فقد تم حجه)
«Кім осы намазымызға[1173] қатысса және осы жерден кеткенімізше бізбен бірге тұрса, сондай-ақ мұның алдында Арафада түннің немесе күндіздің бір бөлігін тұрса, қажылығы атқарылған болды..»[1174].
Мүздәлифада тұруға белгіленген уақыт - зүлхижжаның онында таң атқанда басталып, күн шыққанда аяқталады. Өйткені Жәбир мен Ибн Омардың хадисінде пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) Мүздәлифадан күн шығардан бұрын кеткен. Мүздәлифада бір сағат көлемінде тұрумен уәжіп мойыннан түседі. Мүздәлифада тұру оныншы зүлхижжада таң сәрі қараңғылығында имаммен бірге таң намазы оқылған соң жасалғаны абзал. Кім оны атқармаса, қой шалуы уәжіп.
Жәбирден, Аллаһ тағала оған разы болсын:
(ثم ركب القصواء حتى أتى المشعر الحرام فاستقبل القبلة فدعاه وكبره وهلله ووحده فلم يزل واقفا حتى أسفر جدا فدفع قبل أن تطلع الشمس)
«..Сосын Қасуаға мініп, ал-Машъар ал-Харамға келіп тоқтады. Құбылаға бағытталып, дұға жасады. Аллаһ тағаланы ұлықтау және бірлеу сөздерін айтып, әбден жарық түскенше тұрды. Сосын (Мүздәлифадан) күн шықпай тұрып қозғалды..»[1175].
Мүздәлифа Мина мен Арафаның аралығында орналасқан. Мүздәлифа мен Минаның арасында «Батн Мухассир» атты сай жатыр. Мүздәлифаның осы сайдан басқа кез-келген жерінде тұруға болады. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты: «Арафа бүтіндей тұруға болатын орын, бірақ Батн Ъуранадан түрегеліңдер. Мүздәлифа да бүтіндей тұруға болатын орын, бірақ Мухассир сайынан түрегеліңдер»[1176].
Мүздәлифада тұрудың сүннеттері
1 -Арафадан Мүздәлифаға келген түнді, яғни зүлхижжаның онына қараған түнді Жабал Қузах деген жерде өткізу.
2 -Ақшам мен құптан намазын «жамъ ат-та’хир» сипатында қосып оқу. Жәбирден, Аллаһ тағала оған разы болсын:
(حتى أتى المزدلفة فصلى بها المغرب والعشاء بأذان واحد وإقامتين ولم يسبح بينهما شيئا ثم اضطجع رسول الله صلى الله عليه وسلم حتى طلع الفجر وصلى الفجر حتى تبين له الصبح بأذان وإقامة)
«..Мүздәлифаға келді. Онда ақшам мен құптанды бір азанмен және екі қаматпен оқыды. Ол екеуінің арасында нәпіл оқымады. Сосын Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) таң атқанша сонда түнеді. Таңның атқаны айқындалғанда азан мен қамат айтып таң намазын оқыды»[1177]. Әбу Дәуд жеткізген хадисте Ибн Омардың, Аллаһ тағала оған разы болсын, Мүздәлифада ақшам мен құптанды бір қаматпен оқығаны айтылады.
3 -Мүздәлифада атбас бұршақ көлеміндей жетпіске жуық ұсақ тас жинау. Оның жетеуі жамараттарға құрбан айт күні, ал алпыс үші ташриқ күндері лақтырылады. Тастың атбас бұршақтың көлемінен үлкен болуы мәкрүһ.
4 -Аллаһ тағаланы көп зікір ету, истиғфар айту және дұға жасау. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай деді:
﴿ ...فَإِذَا أَفَضْتُم مِّنْ عَرَفَاتٍ فَاذْكُرُواْ اللّهَ عِندَ الْمَشْعَرِ الْحَرَام...{198} ثُمَّ أَفِيضُواْ مِنْ حَيْثُ أَفَاضَ النَّاسُ وَاسْتَغْفِرُواْ اللّهَ إِنَّ اللّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ{199}﴾
«Арафадан (Мүздәлифаға) қозғалған кездеріңде Ал-Машъар ал-Харамда Аллаһты еске алыңдар...(198). Сосын адамдар қозғалған жерден (Айт күнінің таңында Мүздәлифадан) қозғалыңдар және Аллаһтан кешірім сұраңдар, расында, Аллаһ өте кешірімді әрі аса мейірімді(199)»[1178].
Мүздәлифада ақшам мен құптан намаздарынан бұрын айтылатын дұға:
"اللّهم إني أسألك أن ترزقني جوامع الخير، وأن تجعلني ممن سألك فأعطيته، ودعاك فأجبته، وتوكل عليك فكَفَيْتَه، وآمن بك فهدَيْتَه"
«Аллаһым, бәрін қамтушы жақсылықты нәсіп етуіңді сұраймын. Сондай-ақ Өзіңнен сұраса болды, Сен оған беретін, Өзңіе дұға жасаса болды, Сен оған жауап беретін, Өзіңе тәуекел етсе болды, Сен оған жеткілікті болатын, Өзіңе иман келтірсе, Сен оны тура жолға түсіретін құлдарыңнан етуіңді тілеймін».
Намаздан кейін айтылатын дұға:
"اللّهم حرِّم لحمي وشعري ودمي وعظمي وجميع جوارحي على النار، يا أرحم الراحمين"
«Аллаһым, етім мен шашымды, қаным мен сүйегімді және бүкіл дене мүшелерімді отқа арам ете гөр. Әй, рақымдылардың рақымдысы».
Таң намазынан кейін тәлбия, тәкбір, тәһлил айтылған соң жасалатын дұға:
"اللّهم أنت خير مطلوب وخير مرغوب إليه، إلهي لكل وفد جائزة وقِرى، فاجعل اللّهم جائزتي وقِراي في هذا المقام أن تتقبل توبتي وتتجاوز عن خطيئتي وتجمع على الهدى أمري. اللّهم ارحمني، وأجرني من النار، وأوسع عليَّ الرزق الحلال. اللّهم لا تجعله آخر العهد بهذا الموقف، وارزقنيه أبداً ما أحيَيْتَني برحمتك يا أرحم الراحمين"
«Аллаһым! Сен - қажетті нәрселердің ең жақсырағысың! Сондай-ақ сүйіктілердің де ең жақсырағысың! Тәңірім, әр қонақ үшін сыйлық пен қонақжайлық бар ғой. Аллаһым, тәубамды қабыл етуің, қателіктерімді кешіруің және ісімді туралықпен жарастыруың - осы тұрған жерімде маған берілетін сыйлығың мен қонақжайлығың болсын. Аллаһым, мені рақыма бөлеші, оттан құтқаршы және адал ризықты молынан береші. Аллаһым, бұл жерде тұрған тұрысымды соңғы қыла гөрме және тірі болғанымша тағы келуімді нәсіп ет. Әй, рақымдылардың ең рақымдысы».
5 -Мүздәлифадан қозғалғанда тыныштық сақтау.
6 - Мүздәлифадан Минаға қозғалғанда, Жамрат ал-Ақабаға тас лақтыру үшін, қыспаққа жолықпау мақсатымен, алдыға әйел кісілер мен әлсіз адамдарды жіберу.
Шінші: Тас лақтыру
Тас лақтыру рәсімінің сыры. Тас лақтыру рәсімі дегеніміз - күнәлі істерді әсемдеу тәсілімен адамдарды Аллаһ тағалаға бағынбауға шақыратын азғырушы шайтанға күрес жариялау рәмізі. Аллаһ тағала Ибраһимге (алайһи ас-салам) баласы Исмайылды (алайһи ас-салам) құрбандыққа шалуын бұйырғанда азғырушы шайтан оларды бұл бұйрықты орындаудан қайтаруға талпынады. Сонда Ибраһим, Исмайыл және Һажар үшеуі оның азғыруын өздеріне жақындатпас үшін, оны ұсақ тастармен атқылайды. Сөйтіп, өздеріне Раббылары бұйырған әмірді орындауға бой ұсынады. Олардың бой ұсынушылықтарын кейінгі ұрпақтарға өнеге ету үшін, олардың шайтанға тас лақтырған орындарын Аллаһ тағала қажылыққа келген құлдарына құлшылық рәсімі етіп бекітуді қалады. Негізінде, шайтанның азғыруын мұсылман адам күнделікті қайтарып отыруы қажет. Әйтпесе, оның Аллаһ тағалаға бой ұсынуының оңдалуы мен тұрақталуы қиынға соғады. Сол себептен қажылықта шайтанға лас лақтыруымен мұсылман шайтанға деген дұшпандығын жаңартады. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:
﴿ إِنَّ الشَّيْطَانَ لَكُمْ عَدُوٌّ فَاتَّخِذُوهُ عَدُوّاً إِنَّمَا يَدْعُو حِزْبَهُ لِيَكُونُوا مِنْ أَصْحَابِ السَّعِيرِ ﴾
«Расында, шайтан - сендердің дұшпандарың. Сондықтан сендер де оны дұшпан көріңдер! Расында, ол өз тобын тек тозақ тұрғындарынан болуларына шақырады»[1179].
Минаның аумағы
Мина - Мухассир сайы мен Жамрат ал-Ақабаның арасында ұзындығы екі мильге созылып жатқан сай.
Тас лақтыруға арналған орын үшеу. Реттік тәртіппен айтқанда олар: Кіші жамрат, Орта жамрат және Үлкен (Ақаба) жамраты. Кіші жамрат Ибрахим мешітіне жақын. Ибрахим мешіті Меккеден бір мильге жетпейтін қашықтықта орналасқан. Үлкен жамрат Минаның Мекке тарапындағы соңғы бетінде. Үлкен жамрат Орта жамраттан 155м қашықтықта орналасқан.