Бап. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау
1. Бәсекелестікті қорғау мен дамытуға, монополистік қызметтің алдын алуға, шектеуге және жолын кесуге бағытталған шаралар кешенін әзірлеу үшін бәсекелестік деңгейін айқындау, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерін анықтау тауар нарықтарына талдау жүргізудің мақсаттары болып табылады.
2. Тауар нарығын талдау статистикалық ақпарат және (немесе) мемлекеттік органдар, нарық субъектілері және олардың бірлестіктері ұсынатын өзге де есептілік нысандары, сондай-ақ осы баптың 10-тармағына сәйкес ұсынылатын ақпарат негізінде жүргізіледі.
3. Монополияға қарсы орган жыл сайын тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізеді, оның қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) мемлекетке тиесілі пайыздары көрсетіле отырып, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалардың, сондай-ақ бәсекелес ортаға беруге жататын қызмет түрлерінің тізбесін жібереді.
4. Егер тауарды немесе өзара алмастырылатын тауарды осы аумақтың шегінен тыс жерден сатып алу экономикалық, технологиялық және басқа себептер бойынша орынсыз болса, тауар нарығының шекаралары тұтынушылардың оларды сатып алатын аумағын айқындайды.
Осы тарауда тауар деп азаматтық айналым объектісі болып табылатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет түсініледі.
Тұтынушы оларды тұтыну (өндіру) процесінде бірін-бірімен алмастыра алатындай, өзінің функционалдық мақсаты, қолданылуы, сапалық және техникалық сипаттамалары, бағасы, сондай-ақ басқа да өлшемдері бойынша салыстыруға болатын тауарлар тобы өзара алмастырылатын тауарлар болып табылады.
5. Тауар нарығының шекаралары тауарларды сатып алудың қолжетімділігі ескеріле отырып, мынадай өлшемшарттар бойынша айқындалады:
1) осы аумақта тауар сатып алу мүмкіндігі;
2) көлік шығындарының тауар құнына қатысты алғанда негізділігі мен өзін-өзі ақтайтындығы;
3) тауарды тасымалдау кезінде оның сапасы, сенімділігі және басқа да тұтынушылық қасиеттерінің сақталуы;
4) тауарларды сатып алуға-сатуға, әкелуге және әкетуге шектеулердің (тыйым салулардың) болмауы;
5) өз шегінде тауарлардың өткізілуі, берілуі жүзеге асырылатын аумақта бәсекелестікке тең жағдайлардың болуы.
6. Тиісті тауар нарықтарының шекараларын айқындауды монополияға қарсы орган:
1) тауарлар нарықтарына талдау жасау кезінде;
РҚАО-ның ескертпесі!
2) тармақша 01.01.2017 дейін қолданыста болады - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.
2) реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу кезінде;
3) жеке тұлғаның, нарық субъектісінің және (немесе) заңды тұлғалар бірлестіктерінің, сондай-ақ мемлекеттік органның уәжді өтініші болған жағдайда;
4) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу фактілері анықталған кезде жүзеге асырады.
7. Тауар нарығының көлемі тауардың немесе өзара алмастырылатын тауарлардың әкеліну және әкетілу көлемдері ескеріле отырып, нарық субъектілерінің тауарды немесе өзара алмастырылатын тауарларды нарықтың шекаралары шегінде өткізуінің заттай көрсеткіштердегі немесе құн көрсеткіштеріндегі сомасы ретінде айқындалады.
Нарық субъектісі өз өнімінің бір бөлігін өз мұқтажына пайдаланған жағдайда, өткізу көлеміне тауар нарығында өткізілген көлем ғана қосылады.
8. Нарық субъектісінің тиісті тауар нарығындағы үлесі нарық субъектісінің тауарды немесе өзара алмастырылатын тауарларды нарықтың географиялық шекаралары шегінде өткізу көлемінің тиісті тауар нарығының жалпы көлеміне қатынасы ретінде айқындалады.
9. Нарық субъектілерінің үлесін айқындау өнім беру көлемінің үлесі өнім берудің жалпы көлемінде сексен бес пайыздан асатын субъектілерден ақпарат болған кезде мүмкін болады.
10. Нарық субъектілері, олардың бірлестіктері мен басшылары, мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, оның ішінде мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік кіріс органдары, олардың лауазымды адамдары монополияға қарсы органның осы Кодексте көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыруы үшін қажетті анық құжаттарды, жазбаша және ауызша түсініктемелерді және өзге де ақпаратты, оның ішінде коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты монополияға қарсы органның талап етуі бойынша монополияға қарсы орган белгілеген, бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде беруге міндетті.
РҚАО-ның ескертпесі!
197-бап 01.01.2017 дейін қолданыста болады - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.