Бап. Шаруа немесе фермер қожалықтарын мемлекеттiк қолдау

1. Мемлекет отандық шаруа нарығын немесе фермерлік нарықты дамытуға және қорғауға жәрдемдеседі.
2. Жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын және орта есеппен алғанда жыл iшiндегi активтерiнiң жалпы құны алпыс мың еселенген есептiк көрсеткiштен аспайтын шаруа немесе фермер қожалықтары:
РҚАО-ның ескертпесі!
1) тармақшаның қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексінің 324-бабының 14-тармағынан қараңыз.
1) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын қолдана отырып, электр энергиясы, жылумен, сумен жабдықтау және кәріз бойынша қосылатын қуат үшiн ақы төлеуден Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен және шарттарда босатылады;
2) мемлекет қатысатын екiншi деңгейдегi банктерде ақы төлемей шоттар ашады;
3) оңайлатылған тәртiппен бухгалтерлiк есеп жүргізедi және қаржылық есептілікті жасайды;
4) шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын мемлекеттiк мұқтаждар үшiн тапсырыстар орналастыру кезiнде артықшылық құқықты пайдаланады;
5) шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қаржылық қолдау шеңберiнде мемлекеттiк бюджеттегі тиiстi жылға арналған қаражат шегінде жеңiлдiктi шарттарда ақпараттық көрсетілетін қызметтер (құралдар), сондай-ақ ғылыми-техникалық әзірлемелер мен технологияларды алады;
6) шағын кәсiпкерлiктi қолдау үшiн көзделген қаражат есебiнен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жүргiзедi.
3. Шаруа немесе фермер қожалықтары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексi) сәйкес жекелеген салық түрлерiн есептеу мен төлеудiң оңайлатылған не жалпыға белгiленген тәртiбiн қолдануға құқылы.
4. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiне инвестицияларды жүзеге асыратын және арнаулы салық режимiн пайдаланбайтын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына осы Кодексте көзделген тәртiппен және шарттарда инвестициялық преференциялар берiлуi мүмкiн.

24-тарау. ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

1-параграф. Индустриялық-инновациялық қызмет

Бап. Индустриялық-инновациялық қызмет ұғымы және оның мазмұны

1. Еңбек өнiмдiлiгiн арттыру және экономиканың басым секторларының дамуын ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында, экологиялық қауiпсiздiктің қамтамасыз етiлуiн ескере отырып, индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыруға не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi iшкi және (немесе) сыртқы нарықтарға ілгерілетуге байланысты жеке немесе заңды тұлғалардың қызметі индустриялық-инновациялық қызмет болып табылады.
Экономиканың басым секторлары деп мемлекеттiң экономикалық даму серпiнi мен сапасына ықпал етуге қабiлеттi ұлттық экономиканың секторлары түсініледі.
2. Технологиялар трансфертiне, жаңа немесе жетiлдiрiлген, жұмыс істеп тұрған өндiрiстер, технологиялар, тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер жасауға бағытталған, белгiлi бiр уақыт мерзiмi iшiнде iске асырылатын iс-шаралар кешенi индустриялық-инновациялық жоба болып табылады.
Қандай да бір жаңа немесе айтарлықтай жақсартылған өнімді (тауарды немесе көрсетілетін қызметті) немесе процесті, іскерлік практикада, жұмыс орындарын немесе сыртқы байланыстарды ұйымдастыруда маркетингтің жаңа әдісін немесе жаңа ұйымдастыру әдісін тұтынуға енгізу инновация болып табылады.
Пайдаланылуы жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді алуды қамтамасыз ететін, бірыңғай өндірістік циклде жұмыс істейтін процесс және (немесе) жабдықтар кешені технология деп түсініледі.

Бап. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері

Экономиканың басым секторларында индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi iшкi және (немесе) сыртқы нарықтарға ілгерілету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері болып табылады.

Наши рекомендации