Инфляцияның экономикалық және әлеуметтік салдары.
Инфляцияның экономикалық - әлеуметтік салдарлары және антиинфляциялық саясат.
Инфляцияның салдары өте күрделі де көп қырлы. Қарқыны баяу инфляция баға деңгейі мен пайда нормасын өсіреді, сондықтан экономикалық жағдайдың (конъюнктураның) уақытша жандануына ықпал жасайтын фактор болады. Бірақ, уақыт артып инфляция тереңдегенде ол ұдайы өндірістің кедергісіне айналады, қоғамда экономикалық және әлеуметтік жағдай қиындайды.
Инфляция қоғамда ақшадан қашу белсенділігін арттырады, бұл процесс қарқынды да, ұлғаймалы түрде жүреді, тауар тапшылығы асқындайды, ақшалай қор жинау мүддесі жойылады, ақша-несие жүйесінің қызметі бұзылады, тауарды тауарға тікелей айырбастау (бартер) туындап кеңейеді.
Баға деңгейінің қарқынды өсуі фискал (қазына) жүйесіне де теріс әсер етеді, экономнкада «Танзи-Оливер әсері» деп аталатын нәтиже қалыптасады. Бұл әсерді XX ғасырдың 70-жылдары Латын Америкасы экономистері ашып зерттеген еді. Инфляция салықтан түскен табысты (түсімді) құнсыздандырады. Мысалы, егер салықтар жылдың үшінші ширегінде (кварталында) есептеліп осы жылдың төртінші ширегінде төленген болса, онда гиперинфляция жағдайында бюджетке түскен түсімдер құнсызданады, яғни бюджет түсімінің нақты мөлшері азаяды. Инфляция жағдайында тұрғындардың қолында сақталған ақша қоры құнсызданады, несие беруші мекемелер мен банктер шығын шегеді.
Экономиканың интеграциялануы (ұлттық шеңберден шығуы) инфляцияның бір елден екінші елге ауысуына мүмкіндік береді, бұл халықаралық валюта және төлем қатынастарын қиындатады.
Антиинфляциялық саясат. Антиинфляциялық саясаттың мақсаты инфляцияны басқарушылық етіп, ал оның деңгейін едәуір бірқалыпты етіп жасау. Ол үшін ақшалай – несиелік, бюджеттік, салықтық әдістері, кірістер саласындағы іс-шаралар, сондай-ақ тұрақтандырудың әртүрлі бағдарламалары қолданылады. Инфляциямен күресудің әдістері тура және жанама болуы мүмкін.
1) жанама әдістер: а) оларды орталық банктың басқаруы арқылы ақшаның жалпы салмағын реттеу; ә) оларды орталық банктердің басқаруы арқылы коммерциялық банктердің несиелік және есептілік пайыздарын реттеу; б) коммерциялық банктердің міндетті қорлары, орталық банктердің ашық базарда құнды қағаздармен операциялары.
2) Тура әдістер: а) мемлекеттің несиелерді және сонымен бірге ақшалай салмақты тура және тікелей реттеуі; ә) бағаларды мемлекеттік реттеу; б) жалақыны мемлекеттік (кәсіподақтармен келісу бойынша) реттеу; в) сыртқы сауданы, капиталды әкелу мен әкету және валюта бағамын мемлекеттік реттеу.
Антиинфляциялық саясаттың бірнеше жіктеулері бар. Мысалы, ортодоксальды және гетеродоксольды.
1. Ортодоксальды нұсқасы экономикаға мемлекет жағынан аз араласудың классикалық емес тұжырымдамасына негізделген. Бюджеттің теңгерілу және айналымда ақшалай салмақтың өсу темпін ұстап тұру проблемаларын шешуде оның қызмет саласын шектеуді ұсынады.
2. Гетеродоксальды нұсқа экономикалық үрдістердің барысына аса белсенді мемлекеттік араласуды көздейді, соның ішінде: баға мен жалақының өсімін уақытша тоқтатып тастау; кәсіпкерлікті және халықтың жинақтарын ынталандыру жөніндегі шаралар, ең алдымен салықтық ауртпалықтарды төмендету арқылы; нарықтық инфрақұрылымды дамыту және өмірге маңызды салалар мен өндірістерді қолдау; сыртқы сауда мен валюталық операцияларды реттеу.
Құнсызданудың (инфляцияның) жағымсыз әлеуметтік және экономикалық салдары көптеген елдер үкіметтерін белгілі экономикалық саясат жүргізуге мәжбүр етеді. Бұл жерде экономистер ең алдымен мына сұрақтың жауабын табуға ұмтылады: күрделі де тегеурінді іс-шаралар арқылы инфляцияны жою керек пе, әлде инфляция жағдайына икемделген дұрыс па?
Бүл екі ұшты мәселе әртүрлі елдерде ерекше жағдайларға байланысты шешіледі екен. Мысалы, АҚШ-та және Англияда инфляциямен күресу мәселесі мемлекет деңгейіне көтеріліп қойылады. Басқа бірталай елдерде инфляцияға икемделу іс-шаралары жүргізіліп, тіпті арнайы бағдарламалар да жасалады (табыстарды индексациялау және т.б.)
Тақырып №16