Леуметтік арналымның бюджеттен тыс қорлары

Мемлекеттік бюджеттен тыс әлеуметтік қорлар сан алуан әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін мақсатты ақшалай қаражаттарды қалыптастыруға және пайдалануға арналған. Олардың құрамы, бағыттылығы мемлекеттің жүргізіп отырған әлеуметтік саясатымен, қоғам дамуының бұл кезеңіндегі оның мақсаттарымен, сонымен бірге экономиканың мүмкіндіктерімен анықталады.

Қазақстанда қаржылық қатынастарды ұйымдастырудың бұл нысанын қолданудың тәжірибесі жинақталған. 1995-1998 жылдар ішінде мына әлеуметтік бюджеттен тыс қорлар жұмыс істеді:

Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры;

Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры;

Міндетті медициналық сақтандыру қоры;

Жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу қоры;

Олардың жұмыс істеуі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы», «Азаматтарды медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңдарымен реттеліп отырды, оларда міндетті әлеуметтік сақтандыру қаражаттары жұмыс берушілердің сақтық жарналары мен басқа түсімдердің есебінен қалыптасатыны белгіленді. Жарналардың мөлшері «Республикалық бюджет туралы» жыл сайынғы бекітілген заңда белгіленіп, қорлар арасында бөлініп отырды. Бұл нормалар 1998 жылға дейін тұрақты болды және заңи тұлғалардың еңбекке ақы төлеу қорының 30%-ын құрады. Заңи тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар ай сайын әрбір жұмыскерге келетін бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінде төлеп отырды.

Жарналарды төлеу бойынша мүгедектердің, еңбекке қабілеттілігі шектелінген адамдардың, ардагерлердің ұйымдары үшін, бірқатар ізгіліктік, балалардың және басқа ұйымдары үшін жеңілдіктер белгіленді.

1998 жылдан бастап зейнетақы реформасын жүргізумен байланысты бұрынғы Зейнетақы қорының – Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының қалыптасу және пайдалану тәртібі өзгерді.

Міндетті зейнетақы жарналары кәсіпкерлік қызметпен айналысатын заңи және жеке тұлғалардан (жұмыс берушілерден) табысты төлеу көзінен ұсталынды және өнімді, жұмыстарды, қызметтерді өндірудің шығындарына жатқызылды. Жарналардың мөлшерлемесі еңбекке ақы төлеу қорының 15%-ы мөлшерінде белгіленді.

Міндетті зейнетақы жарналарынан басқа мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларының салымшылары бұл қорларға еңбекке ақы төлеу қорының 10%-ы мөлшерінде қосымша зейнетақы жарналарын аударып отырды. Сөйтіп, жаңа зейнетақы жүйесінің қалыптасу кезеңінде жарналардың жалпы нормативі еңбекке ақы төлеу қорының 25%-ын құрады.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры еңбекке ақы төлеу қорының 2% мөлшерінде Қазақстан Республикасы азаматтарының жалақы қоры жайында шетелдің қатысуымен және шетелдік заңи өкілдікті қоса, жұмыс берушілердің міндетті сақтық жарналары есебінен қалыптасты. Бірқатар ұйымдар үшін жеңілдіктер қарастырылды.

Бұл қорларды қалыптастыруға аударылған қаражаттардың аударымдарын заңи және жеке тұлғалар, ұйымдар мен мекемелер өндіріс пен айналыс шығындарына кіріктірді және өнімнің, жұмыстардың, қызметтердің өзіндік құнына жатқызылады.

Әлеуметтік арналымның қорларын қалыптастыруға басқа көздерден қаражаттар бағытталды.

Міндетті әлеуметтік сақтандыруға төленетін жарналар салық заңнамасына сәйкес жиынтық жылдық табыстан шегерілетін шығыстарға жатқызылды, ал бюджеттік және басқа коммерциялық емес ұйымдар үшін оларды ұстауға жұмсалатын шығыстардың сметасында қарастырылды.

Әлеуметтік қорлардың бюджеттерін Үкімет бекітетін.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорларының уақытша бос қаражаттарын инвестициялау тек мемлекеттік бағалы қағаздарға, Ұлттық банктің бағалы қағаздарына және мемлекеттік банктердің депозитіне жіберілетін.

Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры мыналарды қаржыландырды:

1) көрсетілген қорға олардың пайдасына зейнетақы жарналары төленген зейнеткерлер болғандарға және зейнетақы төлемдерін алушыларға берілетін мемлекеттік зейнетақыларды;

2) егер зейнетақының мөлшері заңнамамен бекітілген ең төменгі деңгейден төмен болса, қосымша төлемдер түріндегі әлеуметтік жәрдемақыларды.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қорыжұмыссыздық бойынша жәрдемақыларды, жұмыссыздарды қайта даярлауды және қайта оқытуды, мұқтаж азаматтарды қолдау үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруды қаржыландырды.

Әлеуметтік сақтандыру қоры еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша, жүкті болғанда және босанғанда берілетін жәрдемақыларды төлеуді, бала туғанда және жерлеуге берілетін біржолғы жәрдемақыларды, сауықтыру сипатындағы қызметтерге ақы төлеуді қаржыландырды.

Міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражаттары есебінен медициналық ұйымдардың немесе жекеше медициналық практикамен айналысатын адамдардың, келісімшарттардың шарттарына сәйкес сақтандырылушыларға медициналық қызметтер көрсету жөніндегі шығыстар өтелініп отырды. Қор міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасының шеңберінде медициналық ұйымдарда немесе медициналық қызметтер көрсету жөнінде Қормен келісімшарттар жасаспаған, жекеше медициналық практикамен айналысатын адамдарда медициналық қызметтер алған жағдайда сақтандырушылардың шығыстарын өтеп отырды.

1999 жылдан халықты әлеуметтік қорғауды қаржыландыру мемлекеттік бюджет арқылы әлеуметтік салық алуды және бюджетке оны шоғырландыру есебінен жүзеге асырылды. Бұдан басқа, мемлекеттік емес зейнетақы жүйесінде қаражаттардың едәуір бөлігі мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорлары арқылы барлық сақтанушылардың (сақтандырушылардың) міндетті зейнетақы жарналары есебінен шоғырландырылып, жұмсалады.

Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры – Қазақстан Республикасы заңнамасы белгілеген тәртіппен салымшылардың зейнетақы жарналарын тарту жөніндегі қызметті және алушыларға зейнетақы төлемдерін жүзеге асыратын, зейнетақы активтерін қалыптастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және оларды мемлекеттік бағалы қағаздарға, банктердің депозиттеріне, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына инвестициялайтын заңи тұлға.

Қазақстанда Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорларынан басқа мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорлары жұмыс істейді.

Жинақтаушы зейнетақы қорлары ашық және корпоративтік болуы мүмкін.

Ашық жинақтаушы зейнетақы қорлары алушының жұмыс істейтін және тұратын жеріне қарамастан салымшылардан зейнетақы жарналарын қабылдауды жүзеге асырады. Корпоративтік жинақтаушы зейнетақы қорлары осы жинақ-таушы зейнетақы қорының құрылтайшылары мен акционерлері болып табылатын бір немесе бірнеше заңи тұлғалардың алушы-жұмыскерлері үшін құрылады.

Жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшылардың арасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт жасасылады.

Зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасына сәйкес зейнетақымен қамтамасыз ету Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан, жинақтаушы зейнетақы қорларынан және сақтық ұйымдарынан жүзеге асырылады.

Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық (Орталық) – мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған, Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның талаптарындағы міндеттерді жүзеге асыруға Үкімет уәкілдік берген заңи тұлға (уәкілетті ұйым).

Орталықтан зейнетақы төлемдері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жай-күйі бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі бар жеке тұлғаларға заңда белгіленген тәртіппен еңбек өтіліміне бара-бар түрде жүзеге асырылып келеді.

Орталықтан зейнетақы төлемдері өмір бойына тағайындалып, айма-ай төленіп отырады.

2010 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің барлық алушыларына, оның ішінде қызмет өткерген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушы әскери қызметшілерге, ішкі істер органдарының және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің, қаржы полициясы мен мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының арнайы атақтар берілген және ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін Қазақстан республикасының заңнамасында белгіленген тәртіп қолданылатын қызметкерлеріне Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін, 2010 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған зейнетақы төлемдерін еңбек сіңірген жылдары үшін алатын зейнетақы төлемдері мөлшерінің жиырма бес пайызына арттырылды.

Орталық Зейнетақымен қамсыздандыру заңына сәйкес зейнетақымен қамсыздандыруға құқығы бар азаматтарға бюджеттік қаражаттар есебінен зейнетақы төлемдерін төлеуді;

азаматтарға әлеуметтік дара сәйкестендіру нөмірлерін беруді;

Үкімет белгілеген тәртіппен міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың деректер базасын және міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізімін қалыптастыруды;

міндетті зейнетақы жарналарын дербес тұрғыдан есепке алуды;

міндетті зейнетақы жарналарын агенттерден жинақтаушы зейнетақы қорларына аударуды;

міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт жасаспаған және (немесе) дара сәйкестіру нөмірін беру туралы куәлігі жоқ (немесе) деректемелерінде қателер жіберілген тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын агенттке қайтаруды;

салымшылардың жинақталған зейнетақы қорланымдарын бір жинақтаушы зейнетақы қорынан басқасына аударуды және Қазақстан Республикасы заңнамалық актілеріне сәйкес басқа да функцияларды жүзеге асырады.

Міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы – міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт жасасқан және жинақтаушы зейнетақы қорында дара зейнетақылық шоты бар жеке тұлға.

Міндетті зейнетақы қорларына төленетін міндетті зейнетақы жарналарын міндетті зейнетақы жарналарының салымшылары Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңмен айқындалған мөлшерлемелер бойынша төлейді. Жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар босатылды.

Жинақтаушы зейнетақы қорларына төленуге тиісті міндетті зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіпке сәйкес айқындалатын тәртіппен зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын, жұмыскерлердің ай сайынғы табысының (бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыс тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жалақының жетпіс бес еселенген ең төменгі мөлшерінен аспауы тиіс), адвокаттар, дара нотариустер, сондай-ақ дара кәсіпкерлер үшін өз пайдасына төлеуге жататын, салық кезенінің әрбір айы үшін табыстың 10 пайызы мөлшерінде, арнаулы салық режімін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары үшін шаруа немес фермер қожалығы мүшесінің (қатысушысының) және басшысының пайдасына ай сайынғы табысының 10 пайызы мөлшерінде, бірақ Республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген жалақының ең төменгі мөлшерінің он пайызынан кем емес және жалақының жетпіс бес еселенген ең төменгі мөлшерінің он пайызынан жоғары емес болып белгіленеді. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыс тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жалақының жетпіс бес еселенген ең төменгі мөлшерінен аспауға тиіс.

Салымшы жеке тұлғалар жинақтаушы зейнетақы қорларына ерікті зейнетақы жарналарын олармен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт жасасқан жағдайда өз пайдасына өз табысы есебінен төлейді. Алушының пайдасына ерікті зейнетақы жарналарының салымшылары жеке және заңи тұлғалар болуы мүмкін. Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу тәртібі, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін төлеу тәртібі ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт тараптарының келісімі бойынша белгіленеді.

Ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан қорланымдардан зейнетақы төлемдерін төлеуді жүзеге асырудың тәртібі мен алушы табыс ететін құжаттардың тізбесі ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарттың талаптарымен анықталады.

Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді кәсіптерінің тізбесін Үкімет белгілейтін жұмыскердің пайдасына салымшылар өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.

Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі ерікті кәсіптік жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт тараптарының келісімі бойынша белгіленеді, бірақ ол жұмыскердің ай сайынғы табысының 10 пайызынан жоғары болмауға тиіс. Бұл ретте ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын ай сайынғы табыс Үкімет белгілеген тәртіппен анықталады.

Жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемдері дара зейнетақы шоттарында жинақталған зейнетақы қорланымдары бар алушыларға оның жеке басын куәландыратын куәлігі болған жағдайда төленеді.

Міндетті зейнетақы жарналары, жинақтаушы зейнатқы қорларынан ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақталған зейнетақы қорланымдарынан зейнетақы төлемдерін төлеуді жүзеге асыру ережесін Үкімет белгілейді.

Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры жинақтаушы зейнетақы қорларының меншікті капиталын қалыптастырады, бұл капитал оның міндеттемелерінің сомасы шегерілгеннен кейінгі жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің құны болып табылады.

Жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті капиталы мыналардың есебінен қалыптасады:

1) жарғылық капиталға салынған құрылтайшылар мен акционерлердің салымдары;

2) комиссиялық сыйақылар;

3) Қазақстан Республикасы заңнамасымен қарастырылған басқа көздер;

Зейнетақы активтері – зейнетақы төлемдері мен аударымдарын, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларынан аударымдарды қамтамасыз етуге және жүзеге асыруға арналған ақша, бағалы қағаздар, өзге қаржылық құралдар.

Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері кастодиандық келісімшартқа сәйкес банк-кастодиандарда шотта сақталынып, есептеледі. Кастодиандық келісімшарт банк-кастодиан, жинақтаушы зейнетақы қоры және зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым арасында жасасылады. Егер зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жинақтаушы зейнетақы қоры өздігінше жүзеге асыратын жағдайда кастодиандық келісімшарт банк-кастодиан мен жинақтаушы зейнетақы қорының арасында жасасылады.

Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым немесе жинақтаушы қор жүзеге асырады. Шетелдің қатысуымен зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның жиынтық жарғылық капиталы Қазақстан Республикасы зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын барлық ұйымдардың жиынтық жарияланған жарғылық капиталының 50%-нан аспайды.

Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым заңи тұлға, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушысы болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен акционерлік қоғам нысанында құрылады.

Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері тек мына мақсаттарға ғана жұмсалуы мүмкін: тізбесін уәкілетті органдар белгілейтін қаржы құралдарына орналастыруға; зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға; зейнетақы қорланымдарын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына не зейнетақы аннуитеті бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген тәртіппен сақтық ұйымына аударуға; қате есептелген зейнетақы жарналарын және өзге де қате есептелген ақшаны қайтаруға; Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес зейнтеақы төлемдерін төлеуді және жинақталған зейнетақы қорланымдарын аударуды жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеуге.

2010 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанның зейнетақы қызметтерін көрсету рыногында 14 жинақтаушы зейнетақы қорлары жұмыс істеді, олардың республика өңірлерінде филиалдары мен өкілдіктері бар.

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы қорларындағы шоғырландырылған зейнетақы қорланымдары 2009 жылмен салыстығанда 31%-ға өсіп 2010 жылдың 1 қаңтарында 1 триллион 860,5 миллиард (теңгені) 12,5 миллиард құрап отыр.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жұмыс нәтижесі осы қор қызметтерімен сипатталады. Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің мәліметі бойынша дара зейнетақы шоттарының саны 2009 жылдың 1 қарашасында 7,7 миллион болған. Ал салымшылардың көптеген дара зейнетақы шоттарын біріктіру нәтижесінде 2008 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ол 1,8 миллионнан астам бірлікке азайған. Зейнетақы қорланымдарының көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 34,8 пайызға 1803,0 миллион тенгеге көбейді. 2009 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша жинақтаушы зейнетақы қорлары 477,1 миллиард теңге көлемінде таза инвестициялық табыс алды. Бұл жыл басындағымен салыстырғанда 170,1 миллиард теңгеге немесе 1,6 есеге артық.

Зейнетақы қорланымдарының сақталуы бойынша кепілдікті қамтамасыз ету аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін заңды түрде зейнетақы төлемдерін алушыларға оның зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған сәттегі инфляция деңгейін ескере отырып, жинақтаушы зейнетақы қорларындағы міндетті зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуына мемлекет кепілдігі жүзеге асырылуда. 2009 жылдың 1 желтоқсанындағы деректер бойынша, 50,2 мың салымшыға 1411,3 миллион теңге көлемінде мемлекеттік кепілдік сомасы төленді.

Зейнетақымен қамсыздандыру заңына сәйкес азаматтар сақтық ұйымымен міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақталған зейнетақы қорланымдарын пайдалана отырып сақтық төлемдерін өмір бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитеті келісімшартын жасасуға құқылы. Бұл ретте сақтық ұйымынан төленетін ай сайынғы сақтық төлемдері зейнетақы аннуитеті келісімшарты жасасылған күнге Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмауы керек. Азаматтардың сақтық ұйымымен зейнетақы аннуитеті келісімшартын жасасқан жағдайда жинақталған зейнетақы қорланымдарын алуға құқы бар.

2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1,6милионнан аса зейнеткерлердің зейнетақысы орта есеппен 25 пайызға арттырылғаны белгілі.Зейнетақыны есептеу үшін ескерілетін табыс 25-тен 28 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін көбейтілді. Ал ол 36 288 тенгені құрайды. Дәл бүгінгі таңда еліміздегі базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 12 344 теңгені құрайды. 2009 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіштер бойынша ең төменгі зейнетақы көлемі 15 362 тенге болды. Ал ең жоғарғы мөлшері 32 703 теңгені құрады.

Зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру бағытында қолданылып жатқан шаралар әлемдік тәжірибедегі жоғалтқан табысты алмастыру (40 пайыз) стандартына жақындауға мүмкіндік беріп отыр. Стандартқа сай, еліміздегі алмастыру коэффициенті ынтымақтастық зейнетақы жүйесіндегі зейнеткерлерде 37,6 пайыз, ал жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушылары болып табылатын алушыларда 41,6 пайызға тең. Бұл қаржылық дағдарыс жағдайында өте нәтижелі көрсеткіш.

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Елбасы Жолдауына сәйкес зейнетақы төлемдерінің мөлшері 25 пайызға арттырылды, 2011 жылы 11 пайызға артпақ. Бұл ретте 2011 жылға базалық зейнетақы төлемінің мөлшері күнкөрістің ең төмен деңгейінің 50 пайызын құрайтын болады.

Міндетті әлеуметтік аударымдар алымын жинауды және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болған асыраушысынан айырылған жағдайда, оның асырауындағы отбасы мүшелерін қоса алғанда, оған қатысты әлеуметтік қатер жағдайы басталған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға төлемақылар төлеуді жүргізуді заңи тұлға ретіндегі Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры (Қор) жүзеге асырады. Қор – акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым, оның бірден-бір құрылтайшысы мен қатысушысы мемлекет болып табылады. Ол азаматтардың еңбек ету қабілетінен, жұмысынан немесе асыраушысынан айырылуына, сонымен бірге жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылуына әкеліп соқтыратын жағдайлар туындағанда, оларды әлеуметтік қорғау мақсатында құрылған. Бұл ретте қордан төленетін әлеуметтік төлем ақылар Қордан төленетін әлеуметтік төлем ақыларға құқық туындаған күннен бастап тағайындалады.

2010 жылғы 1 қаңтарға әлеуметтік төлемдерді алушылар болып табылатын адамдарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылған және асыраушысынан айырылған жағдайларға тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап тоғыз пайызға арттырылды.

Қор өз қызметін Қордың активтерінен алатын комиссиялық сыйақы есебінен жүзеге асырады.

Комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасы мен оны пайдалану механизмін жыл сайын Үкімет белгілейді.

Қордың меншікті қаражаттары оның жарғылық капиталынан және комиссиялық сыйақыдан құралады және солардан тұрады.

Қордың:

1) міндетті әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды жүзеге асыруға;

2) Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайтын тәртіппен бағалы қағаздарға және басқа қаржылық құралдарға байланысты қызметпен айналысуға;

3) Қор қызметін жүзеге асыруға комиссиялық сыйақы алуға;

4) қаражаттардың қозғалысы туралы Орталықтан ақпарат алуға;

5) Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінде қарастырылған жағдайларды қоспағанда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларынан Қор қызметін қамтамасыз етуге қажетті ақпаратты сұратуға және алуға құқығы бар.

Қор мыналарды:

1) Орталықтың әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін қаражаттардың уақтылы аударылуын қамтамасыз етуге;

2) Ұлттық банк арқылы қаржылық құралдарға Қордың уақытша бос қаражаттарын орналастыруға;

3) жыл сайын аудит өткізуді қамтамасыз етуге;

4) Қазақстан Республикасы заңнамалық актілеріне сәйкес өзге міндеттемелерді атқаруға міндетті.

Қордың активтерін кепілге беруге және заңмен қарастырылмаған кәсіпкерлік және өзге қызметпен айналысуға Қор құқылы емес.

Қордың активтерін Қор мен Ұлттық банк арасында жасалатын келісімшарт негіздемесінде Ұлттық банк арқылы қаржылық құралдарға орналастыру жолымен Қор инвести-циялық қызметті жүзеге асырады. Ұлттық банк Қордың активтерін шоғырландыру және орналастыру жөніндегі, инвестициялық табыс алу жөніндегі барлық операциялардың есебін жүргізеді және жасалынған келісімшартқа сәйкес Қор шоттарының және оның активтерімен жасалатын инвестициялық қызметтің жай-күйі туралы Қорға тоқсан сайын есеп беруді табыс етіп отырады.

Қордың активтері әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік аударымдарды төлеу мерзімін өткізіп алғаны үшін алынған өсімпұл, Қор қызметін қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақылар шегерілген инвестициялық табыс, Қазақстан Республикасы заңнамасымен қарастырылған басқа көздер есебінен қалыптасады.

2005–2007 жылдар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін кезең-кезеңмен енгізу жылдары болды.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленуге тиісті әлеуметтік аударымдар оларды есептеу объектісінен 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1,5%, 2006 ж.– 2%, 2007 ж. – 3%, мөлшерінде белгіленді; 2009 жылдан бастап аударымдар мөлшері – 4%, 2010 ж.– 5% болып белгіленген.

Салық заңнамасына сәйкес арнаулы салық режімі қолданылатын өздерін жұмыспен қамтыған адамдар* үшін олардың өз пайдасына төлейтін әлеуметтік аударымдарда осы мөлшерде белгіленген, бірақ Республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төменгі жалақының тиісінше 4 және 5 пайызынан кем емес болады.

Қордың активтері тек мына мақсаттар үшін пайдаланылуы мүмкін:

1) әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруға;

2) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайтын қаржылық құралдарға орналастыруға;

3) әлеуметтік аударымдардың артық төленген сомалары мен өзге қате есептелген қаражаттарды қайтаруға.

Әлеуметтік төлемақылар асыраушысынан, еңбек ету қабілетінен және жұмысынан айырылған жағдайларында төленеді.

Қор бухгалтерлік есеп жүргізеді және Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіппен Қордың меншікті қаражаттары мен активтері бойынша бөлек қаржылық есептеме тапсырады. Қор бухгалтерлік есепте және есептеме жасау кезінде пайдаланылатын құжаттардың есебі мен сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сақталуға жататын негізгі құжаттардың тізбесі мен олардың сақталу мерзімі Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленеді.

Мемлекет Қордағы әлеуметтік аударымдардың сақталуына және нысаналы пайдаланылуына кепілдік береді.

Әлеуметтік аударымдардың сақталуы мыналар арқылы қамтамасыз етіледі:

1) Қордың қызметін, оның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тиісті нормалар мен лимиттерді белгілеу арқылы реттеу;

2) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі арқылы инвестициялық қызметті жүзеге асыру;

3) Қор активтерін инвестициялық басқару жөніндегі барлық операцияларды Ұлттық банкті есепке алу;

4) Қордың меншікті қаражаттары мен активтерінің бөлек есебін жүргізу;

5) Қордың қызметін қамтамасыз етуге арналған шығыстарға шектеулер енгізу;

6) жыл сайын аудит жүргізудің міндеттілігі;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қордың ұдайы қаржылық және статистикалық есептемесі;

8) Қор активтерін инвестициялау үшін қаржылық құралдардың тізбесін Үкіметтің айқындауы.

* Өзін - өзі жұмыспен қамтыған адамдар өздеріне табыс әкелетін жұмыспен өздерін қамтамасыз ететін дара кәсіпкер, жекеше нотариус, адвокат.

Наши рекомендации