К. Маркстің экономикалық теориясы.
КІРІСПЕ
ХІХғ. 40-шы жылдары еңбек пен капитал арасындағы күрес шиеленісе түсті. Бірқатар елдерде пролетариат табы дербес күштерге айналды:
Францияда – 1831 және 1834 ж. лион тоқымашыларының көтерілісі;
Англияда – 30-шы жылдардағы чартистердің қозғалысы;
Германияда – 1844 ж. силездік тоқымашылардың қоғалысы.
Жұмысшылардың бұл қозғалыстарының бәрі капиталистік жүйеге қарсы бағытталды. ХІХ ғ. 40-шы жылдары пролетариаттың революциялық қозғалыстарының орталығы Германияға ауысты. Қалыптасқан осы жағдайлардың жиынтығы марксизмнің 40-шы жылдары Германияда пайда болуына әкелді.
Марксизм – бұл жұмысшы табының, жұмысшы табы үшін қалыптасқан ілім. Маркс ілімі туралы В.И.Ленин «Маркстік ілімі – ең күшті ілім, өйткені ол дұрыс ілім. Ол ілім – адамдарға жоққа сенудің қандайымен болса да, реакцияның қандайымен болса да, буржуазиялық езгіні қорғаудың қандайымен болса да ымыраласпайтын тұтас көзқарас беретін толық және жүйелі ілім. Ол ілім – адамзаттың ХІХ ғасырда жасаған неміс философиясы, ағылшын саяси экономиясы, француз социализмі сияқты таңдаулы ілімдердің заңды мирасқоры...», - деп жоғары баға береді. Марксизм ілімінің негізін салушылар неміс революционер-ойшылдары Карл Маркс пен Фридрих Энгельс.
Менің рефератымның мақсаты К. Маркстің көптеген теориялар туралы және олардың экономикалық ілімінде алатын орнын баяндап жазу. Жұмысымды теорияларға сәйкес бөліктерге бөлдім. Әр бөлімде бір теорияны қарастырдым.
К. Маркстің экономикалық теориясы.
К. Маркс Пруссияда (Германияда) Трир қаласында, адвокаттың еврей отбасында 1818 жылғы 5 мамырда дүниеге келген. Маркс Трир гимназиясында, одан соң Бонн және Берлин университеттерінде оқыды. Университетті бітіргеннен кейін «Демокриттің натурфилософиясы мен Эпикурдың натурфилософиясы арасындағы айырмашылық» деген тақырыпта докторлық диссертацияны тамаша қорғап шығады.
Маркстің революциялық қызметі өте ерте басталды. 1842 жылы ол «Рейн газетін» (рейндік радикал буржуазияның органы) шығаруға белсене қатысты және оның редакторы болды. Редактор болып жүргенінде ол экономикалық мәселелермен тереңірек айналысты, мемлекет пен заң орындарын сынға алудан саяси экономияны сынауға көшті. Осы жылдары Маркс газеттің революциялық-демократиялық бағытын едәуір күшейтті. 1848 жылғы наурызда Пруссия үкіметі бұл газетті жапты. Бұдан кейін Маркс Парижге көшіп, «Неміс-француз жылнамасы» журналын шығаруғы кірісті. Бұл журналда ол «Гегельдің право философиясына сын. Кіріспе» және «Еврей мәселесіне» (1843-1844) деген мақалалар жариялады.
Гегель философиясын талдау барысында ол, жеке меншікті жойып, әлемдік құрылысты түбірімен өзгерте алатын пролетариат күшінің рөлін түсінді, әрі пролетариаттың мүддесін қорғады.
1844 жылы Маркс пен Руге шығарған «Неміс-француз жылнамасында» Ф.Энгельс «Саяси экономия сынының очерктері» еңбегін жариялайды. Энгельстің бұл мақаласы Маркстің экономикамен одан әрі айналысуына септігін тигізеді. Маркс бұл еңбекті жаңа, пролетарлық саяси экономияның кемеңгер очеркі деп атады. Экономикалық мәселелермен айналысуының нәтижесі ретінде Маркс «1844 жылдың экономикалық-философиялық қолжазбаларын» шығарды, бұл еңбек ССРО-да алғаш рет 1932 жылы жарияланды. Бұл еңбегінде Ф.Энгельс секілді К.Маркс өндіріс шығындарының негізгі элементтеріне: жалақы, капиталдан алынатын пайда, жер рентасына талдау жасайды. Осы талдаудың негізінде Маркс жеке меншікті шеттетілген (оқшауланған) еңбектің нәтижесі деп тұжырымдайды. Ол былай деп жазды: « ... жеке меншік бір жағынан, шеттетілген еңбектің өнімі, екінші жағынан оны шеттетудің,шеттетуді жүзеге асырудың құралы».
Жеке меншіктің мәнісін одан әрі ашу үшін Маркс, еңбек пен капитал арасындағы диалектикалық байланысты талдайды. «Жұмысшы, - деп жазды ол, - капиталды өндіреді, капитал жұмысшыны өндіреді». Сондықтан буржуазиялық қоғамда «жеке меншік қатынасы – бұл еңбек, капитал және олардың өзара қатынасы». Егер жеке меншікті Маркс оқшауланудың салдары деп қарастырса, оқшауланудың өзі еңбек бөлінісінің салдары болып шығады.
Еңбек бөлінісінің экономикалық қатынастардың алғы шарттары туралы алғашқы зертеулік қадамдарын К.Маркс пен Ф.Энгельс кейіннен бірігіп жазған «Неміс идеологиясы» еңбектерінде қарастырады және бұл еңбекте Маркс пен Энгельс ғылыми коммунизмнің жаңа қалыптасқан теориясын баяндады.
1844 жылғы тамыздың аяғында Энгельс Манчестерден Германияға келді. Жолда ол Парижде К.Маркспен танысты, олар бұрын да бір-бірінен хат алып тұратын. Осы күннен бастап жұмысшы табының екі ұлы көсемінің достығы басталды.
Парижде Маркс пен Энгельс «Қасиетті әулет» (1844 жылдың аяғында жазылып, 1845 жылы басылып шықты) деген кітабын жазды. Бұл олардың бірлесіп жазған алғашқы еңбектері болатын. Бұл кітап негізінен сол кездегі буржуазияға қарсы дербес таптық күресте пролетариаттың әлсіздігі туралы айтылған сындарғы қарсы жазылды. Керісінше, сын айтушы ағайынды Бруно мен Бауэрге қарсы Маркс пен Энгельс пролетариаттың өзін өзі азат етіп қана қоймай, оның азаттығы тұтас қоғамның азаттығының алғы шарты болатындығын дәлелдейді. Пролетариаттың жеке меншікті құрта алатын тап екенін, оның әлемдік тарихи рөлін негіздейді.
Сөйтіп, ұсақ буржуазиялық социализмнің әр түрлі ілімдеріне қарсы күресте олар революцияшыл пролетарлық социализмнің теориясы мен тактикасын жасады.
1845 жылы Маркс Пруссия үкіметінің талап етуімен Парижден қуылып, Бельгияға көшті. Маркстің экономикалық көзқарастарының қалыптасуының келесі кезеңі, оның 1847 жылы «Философия қайыршылығы» деген еңбегінің жариялануы болып табылады. Мұнда ол ұсақ буржуазиялық социализм теориясы мен Прудонның анархизмін күйрете сынады.
Буржуазиялық экономистермен салыстырғанда Прудон жеке меншік қатынастардың жемісін «адамшылыққа жат қылықтарға» жатқызады («Жеке меншік дегеніміз не?»).
Буржуазиялық экономия ғылымын сипаттай келе Маркс, «жеке меншік – саяси экономияның барлық ой-пікірінің алғы шарты болып табылады»,- деп жазған болатын. Осы тұрғыда Маркс Прудонның еңбегін былайша сипаттайды: «Прудонның «Жеке меншік дегеніміз не?» шығармасы, саяси экономия көзқарасы тұрғысынан алғанда, саяси экономия іліміне тағылған сын»,-деп жазды. Бірталай жыл өткен соң, 1865 жылы И.Б.Швейцерге жазған хатында Маркс «саяси экономияның ғылыми тарихында, еске алуға тұрғысыз шығарма»,-деп одан әрі қатты сынға алады.
Маркстің экономикалық көзқарастарының қалыптасу кезеңдерін көрсететін, кейіннен шығармалар жинағына енген еңбектеріне «Жалдамалы еңбек және капитал» (1849), «Экономико-философиялық қолжазбалар» (1857-1858, 1861-1863, 1864-1865), «Саяси экономияға сын» (1859), «Гота программасына сын» (1875) жатады.
Маркстің «Жалдамалы еңбек және капитал» еңбегінде капиталға тұңғыш рет буржуазиялық өндірістік қатынастар шеңберінде анықтама беріледі. Капиталдың басты алғы шартына жалдамалы еңбекті жатқызады. Капиталды қорланған еңбек деп есептеген ол, «капиталдың мәні, - тірі еңбектің қорланған еңбекті сақтау мен айырбас құнын көбейтудің құралы болып қалуында»,- деп жазды.
Сол сияқты жалдама еңбек туралы ол «жалдама еңбектің орта бағасы – жалақының минимумы, яғни жұмысшының, жұмысшы есебінде, тіршілігін сақтауға керекті тіршілік заттарының жиынтығы»,-деп жазды, яғни жалақыны тіршілікке қажетті заттардың бағасы арқылы анықтай отырып Маркс өзіне дейінгі классикалық буржуазиялық саяси экономия өкілдерінің позициясында тұрғандығын бекітеді.
Маркс Энгельспен бірге «Коммунистер одағының» басшысы болды. 1847 жылдың аяғы мен 1848 жылдың басында олар «Коммунистік партияның манифесін» жазып шығарды. Ол халықаралық пролетариаттың тұңғыш программасы болды. Бұл документте олар коммунистік дүние тануды, қоғамдық тұрмыс саласын да қамтитын дәйекті материализмді, даму туралы неғұрлым жан-жақты және терең ілім ретінде диалектиканы, тап күресі теориясын баяндап, жаңа коммунистік қоғамның жасаушысы – пролетариаттың тарихи рөлін көрсетіп берді.
1848 жылғы революция басталғанда Маркс Бельгиядан қуылды. Ол Парижға, одан соң Кельнге көшіп, онда «Жаңа Рейн» газетінің бас редакторы болды. Газет бетінде Маркс ірі буржуазияның опасыздығын, ұсақ буржуазияның қорқақтығы мен дәйексіздігін аяусыз әшкерелеп, біртұтас демократиялық Герман республикасын құру жолында саяси және экономикалық тұрғыда күресті.
Революция жеңілгеннен кейін Пруссия үкіметі Марксті «шетелдің адамы» ретінде Пруссиядан жер аудару туралы үкім шығарды. Маркс алдымен Парижға, содан соң Лондонға көшіп, өмірінің ақырына дейін сол Лондонда болды. Қуғында оның тұрмыс жағдайы өте ауыр болды. Бұл жылдары Энгельс Маркске материалдық жағынан зор көмек көрсетіп отырды. Ол 1850 жылы Манчестерге көшіп келіп, Маркстің отбасы жөніндегі материалды қамқорлықтың едәуір бөлегін өз қарамағына алды. Бұл туралы В.И.Ленин былай жазады: « ... мұқтаждық Марксті және оның отбасын қатты қинады; қаржы жағынан Энгельс аянбай ұдайы жәрдемдесіп тұрмаған болса, Маркс «Капиталды» аяқтай алмауы былай тұрсын, тіпті жоқшылықтың қыспағынан өліп кетуі кәміл еді».
Кельнде Коммунистер одағының мүшелерін соттағаннан кейін Маркс саяси үгітті қойып, саяси экономия саласында Британия мұражайының кітапханасында болған бай қазынаны он жыл бойына зерттеумен шұғылданды.
Оның саяси экономиямен көп жыл айналысуының алғашқы жемісі 1859 жылы шыққан «Саяси экономия сынына» деген шығармасы еді. Бұл шығармада ақша туралы ілім қоса қамтылып, марксистік құн теориясы тұңғыш рет жүйелі түрде баяндалған.
Маркстің негізгі экономикалық шығармасы – «Капитал», бұл еңбекке ол өзінің бүкіл ғұмырын арнады. Маркс жүргізген зерттеулерінің нәтижесі ретінде кітапты «Саяси экономияға сын» деген тақырыппен 6 томдық қылып шығаруды жоспарлады. Бірақ бірінші кітап шыққаннан соң (1859), ол өзінің еңбектерінкапиталистік қоғамның заңдылықтарын ашу мақсатында «Капитал» деген тақырыпқа біріктірді.
Марксизм — 19 ғасырдың 40-жылдары Карл Маркс пен Фридрих Энгельс негізін қалаған философиялық, экономикалық және әлеуметтік-саяси көзқарастар жүйесі. Марксизмнің теориялық қайнар көзі — классикалық неміс философиясы (Г. Гегель, Л. Фейербах), классикалық ағылшын саяси экономиясы (А. Смит және Д. Рикардо) және француз утопиялық социализм ілімі (Ш. Фурье, Р.Оуэн және Сен-Симон). Марксизмнің мақсаты, қоғамның негізгі қозғаушы күші ретінде жұмысшы табының маңызын теориялық негіздеу болды.[1]
Философия саласында марксизм табиғат, қоғам мен ойлау дамуының жалпы заңдарын (қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі заңы, терістеуді терістеу заңы, т.б.), Гегельдің идеалистік философиясы ережелерін тұжырымдап, қоғамды, ең алдымен, экономиканы талдау кезінде қолданды. Марксизмнің түйінді идеялық қағидалары — қосымша құн және өндірісті қоғамдастыру түсініктеріне негізделген капитализмнің экономикалық жүйесін талдау, тарихи материализмнің философиялық жүйесі, соның ішіндепролетариаттың тарихи рөлі туралы қорытындылары 19 ғасырдың 2-жартысында жұмысшы қозғалысының негізгі идеологиясына айналды. Марксизм дүниені кең ауқымда қайта құрудың белгілі бір үлгісін қалыптастыруға бағытталды, жаппай әлеуметтік, рухани көзқарастар төңкерісі идеясын жариялады. Классикалық марксизм ымырасыздығымен, іске асатын жобасының зардаптары туралы мәселені шешудегі қаталдығымен ерекшеленді. Марксизм социалистік төңкеріс нәтижесінде пролетариат диктатурасын, екі кезеңнен (социализм мен коммунизм) тұратын коммунистік қоғам орнатуды мақсат етті. Марксизмдегі аш-қан қоғамдық-экономикалық формация теориясы бойынша жаңа өндіргіш күштер мен күні өткен өндірістік қатынастардың арасында жанжал шығып, әлеуметтік төңкеріске әкеледі. Нәтижесінде бір формация екіншімен ауысады.
Марксизм ілімі бойынша тарих барлығы бес формациядан: алғашқы қауымдық, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік және коммунистік формациялардан тұрады.
Соңғысы адамзат дамуының ең биік сатысы деп саналды. Дегенмен, марксизм қоғам өміріндегі әлеуметтік және саяси үдерістерге үстірт қарады, түпкі мақсатқа жетуде қантөгіске толы тап күресіне басымдық берді, оның қоғам дамуының ағымына қарай икемділігі шамалы болды. 19 ғасырдың аяғынан бастап марксизм социал-демокриялық қозғалыстың негізгі идеологиясына айналды.
Бірақ 20 ғасырдың бас кезінде бұл қозғалыс екіге бөлінді:
1. В.И. Ленин, т.б. бастаған төңкерісшіл бағыт.
2. Э.Бернштейн, т.б. бастаған реформашылдық бағыт.
Реформашылдар бірте-бірте марксизмнің негізгі теорияларынан бас тартып, қазіргі Батыс Еуропа елдеріндегі социал-демокриялық идеологияны қалыптастырды. Ал Ленин бастаған солшыл күштер Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейін коммунистік тоталитарлық жүйенің негізін қалады. 1990 жылға дейінгі кезеңде марксизм социалистік елдердегі мемлекеттік идеологияға айналды. Социалистік жүйе құлағаннан кейін, марксизмді зерттеп, баға беретін жаңа кезең басталды.