Бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің функциялары
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне өкілдік ету, оларды қамтамасыз ету және қорғау, сол сияқты кәсіпкерлік қоғамдастықтың мүдделерін қорғау мақсатында:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында және өзге де ұйымдарында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда және шет мемлекеттерде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіреді, қамтамасыз етеді, қорғайды;
2) кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштерін қарайды;
3) мемлекеттік органдарға кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді тоқтата тұру жөніндегі ұсынымдар енгізеді;
4) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) бұзған мемлекеттік органдарға (лауазымды адамдарға) бұзылған құқықтарды қалпына келтіру үшін шараларға, оның ішінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тартуға қатысты ұсынымдар жібереді;
5) мемлекеттік органдардың пікірімен келіспеген жағдайда кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын одан әрі қалпына келтіру мақсатында прокуратура органдарына өтінішхат жібереді;
6) кәсіпкерлер құқықтарының жүйелі түрде бұзылу фактілері туындаған және оларды мемлекеттік органдар деңгейінде шешу мүмкін болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына өтініш енгізеді;
7) мемлекеттік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік органдардан (лауазымды адамдардан) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін қозғайтын ақпаратты, құжаттарды және материалдарды сұратады;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа талап қоюмен (арызбен) жүгінеді;
9) кәсіпкерлік субъектілерінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған өзге де заңды шараларды қолданады.
Бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің міндеттері
1. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметті жүзеге асыру кезінде:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға;
2) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтауды және қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегі шаралар қолдануға;
3) өтiнiштердi қарау кезінде объективтілік және бейтараптық танытуға;
4) өзiн қорғау үшін жүгінген адамның құқықтарын жүзеге асыруға кедергi келтiретiн қандай да бiр әрекеттерді жасамауға мiндеттi.
2. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қазақстан Республикасының Президентіне бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі атқарылған жұмыстың нәтижелері туралы баяндаманы ұсынады.
Бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің өтініштерді қарау тәртібі
1. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде:
1) кәсіпкерлік субъектілерінің (бұдан әрі – өтініш беруші) өтініштерін қарайды, оған мыналар:
өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар алдын ала қарамаған;
құқықтарын басқа жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бұзу фактілері жөніндегі өтініштер қосылмайды;
2) өтініш берушілерге олардың өтініштерінің уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жіберілгені туралы ақпарат береді;
3) өтініш берушілерді олардың өтініштерін қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы ақпарат береді.
2. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл күнтізбелік он күн ішінде өтініш берушілердің өтініштерін осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарайды, оларға сәйкес келмеген жағдайда өтінішті қарамайды, бұл туралы өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
3. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің атына келіп түскен өтініш берушілердің өтініштері күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады.
4. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің атына келіп түскен өтініштерді қарау мерзімі қажет болған кезде өтініш берушіге атқарылатын жұмыс туралы міндетті түрде ақпарат беріле отырып ұзартылады.
5. Қарау қорытындылары бойынша өтініш берушіге Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің құзыреті шеңберінде өтініштің мәні бойынша жауап беріледі.
6. Өтініштерді қарау мерзімдерін ұзарту, уәкілетті мемлекеттік органдарға және ұйымдарға жіберу, өтініш берушілерге өтініштердің қаралу барысы туралы ақпарат беру тәртібін Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл белгілейді.
Бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілді лауазымға тағайындау және лауазымынан босату
1. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалатын адам мынадай талаптарға сай келуге тиіс:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығын иеленуге;
2) жоғары білімі болуға;
3) кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуға тиіс.
2. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен төрт жыл мерзімге лауазымға тағайындалады.
3. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша атқаратын лауазымынан мерзімінен бұрын мынадай негіздер бойынша босатылуы мүмкін:
1) өз қалауы;
2) медициналық қорытындыға сәйкес кәсіби міндеттерін одан әрі атқаруға кедергі келтіретін денсаулық жағдайы;
3) осы Кодексте белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтамауы;
4) лауазымдық өкілеттіктерін бұзуы, атқаратын лауазымда болуымен сыйыспайтын теріс қылықтар жасауы;
5) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.
4. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің өкілеттіктері мынадай:
1) Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;
2) Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілді әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
3) Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
4) Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қайтыс болған немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда тоқтатылады.
5. Сол бір адам қатарынан екі реттен артық Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындала алмайды.