Бап. Инвестициялық келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі

1. Инвестициялық келiсiмшарт жасасқаннан кейiн Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгілейтін нысан бойынша инвестициялық келісімшарттың орындалуы туралы жартыжылдық есептерді жиырма бесінші шілдеден және жиырма бесінші қаңтардан кешіктірмей тіркелген активтердің пайдалануға берілуін, технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерінің, шикізаттың және (немесе) материалдардың жеткізілуі мен пайдаланылуын
растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жұмыс бағдарламасында көзделген шығындардың баптары бойынша таратып жазып ұсынады.
2. Жұмыс бағдарламасына өзгерiстер тараптардың келiсуi бойынша жылына бiр рет енгiзiлуі мүмкін.
3. Инвестициялық қызмет объектісіне барып тексеру:
1) жұмыс бағдарламасы аяқталған жағдайда, инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталуына үш ай қалғанда өтетін алты ай кезеңінде;
2) кедендік баждар салудан босатылатын технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар импорты жүзеге асырылған жылдан кейінгі жылдан бастап, жыл сайын жүргізіледі.
4. Тексеру нәтижелерi бойынша инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның өкiлi мен инвестициялық келiсiмшарт жасасқан заңды тұлғаның басшысы инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша инвестициялық келiсiмшарттың жұмыс бағдарламасын орындаудың ағымдағы жай-күйі туралы актіге қол қояды.
5. Инвестициялық келiсiмшарттың жұмыс бағдарламасы орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына бұзушылықтарды көрсете отырып, жазбаша нысанда хабарлама жiбередi және бұзушылықтарды жою үшiн үш ай мерзiм белгiлейдi.
6. Егер инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жүргізген тексеру нәтижелері бойынша инвестициялық жобаны іске асыру үшін әкелінген және кедендік баждар төлеуден босатылған технологиялық жабдық, оның жинақтауыштары, қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар пайдалануға берілмегені не пайдаланылмағаны анықталған жағдайда, инвестициялық келісімшарт бойынша ұсынылған инвестициялық преференцияларға байланысты кедендік баждардың сомасын төлемеген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімпұлды есепке жаза отырып, пайдаланылмаған жабдық, оның жинақтауыштары, қосалқы бөлшектері, шикізат және (немесе) материалдар бөлігінде оларды төлейді.
7. Инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы жұмыс бағдарламасын іске асыруды аяқтағаннан кейін инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға аудиторлық есеп ұсынады, онда мыналар:
1) жұмыс бағдарламасына сәйкес инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы ақпарат;
2) жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған тіркелген активтер бойынша таратып жазу;
3) жұмыс бағдарламасының орындалғанын растайтын құжаттардың жиынтық тізілімі;
4) инвестициялық келісімшарт талаптарының орындалуы туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
8. Инвестициялық келiсiмшарттың бұзылуы туралы ақпарат мемлекеттiң экономикалық мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында:
1) тиiстi шаралар қолдану үшiн мемлекеттік кіріс органдарына және қажет болған кезде өзге де мемлекеттiк органдарға;
2) мемлекеттiк заттай грант берiлген инвестициялық келiсiмшарттар бойынша мемлекеттік кіріс органдарына, мемлекеттiк мүлiктi басқару жөніндегі уәкілетті органға және (немесе) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органға, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдарға жiберiледi.
9. Инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының инвестициялық келiсiмшарттың қолданылуы барысында:
1) берiлген мемлекеттiк заттай гранттың, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған мүлiктiң нысаналы мақсатын өзгертуге;
2) берiлген мемлекеттiк заттай грантты, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған мүлiктi иеліктен шығаруға құқығы жоқ.
10. Кедендік баждар салудан босату объектілерінің нысаналы пайдаланылуын бақылау Кеден одағы Комиссиясы айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

4-БӨЛІМ. ЭКОНОМИКАЛЫҚ БӘСЕКЕЛЕСТІК

14-тарау. БӘСЕКЕЛЕСТІК

Наши рекомендации