Рыноктың мәні, қызметтері және артықшылығы мен кемшіліктерін көрсетіңіз.
Экономикалық әдебиеттер мен зерттеулерде “нарық” деген терминнің мәні осы күнге дейін толық ашыла қойған жоқ. Көпшілігі нарықтық қатынасты стихиялық күштер үстемдік ететін ұйымдастырылмаған, кәдімгі базар мен теңесе, ал енді біразі нарықты экономиканы барлық ауруынан тез жазылатын керемет “күш” деп те дәріптеуде.
Саяси экономикалық мағынада нарық — айырбас қатынасын білдіретін экономикалық категория деп қарайды. Ол экономикалық қатынастар жүйесінде ұдайы өндіріс процесінің маңызды сатысы, айырбасты сипаттайды.
Нарық — өндіріс факторларын немесе оның нәтижелері мен шарттарын айырбастауға байланысты болатын өндірістік қатынастардың белгілі бір бөлігі немесе жүйесі.
Нарық — бұл сатушылар мен сатып алушылардың арасындағы тауар және қызмет көрсету процесіне байланысты қалыптасатын экономикалық қатынастардың жиынтығы.
Нарық — тауарларды сатып алу және сатумен байланысты орын алатын экономикалық қатынастар жиынтығы. (Саяси экономия — Алматы,“Ана тілі”). Нарық тауарларды өткізуге байланысты сатушылар мен сатып алушылардың арасындағы қатынастар жүйесі болып табылады.
Келтірілген көзқарастардың қайсысы да жеткілікті түрде дәлелді, бірақ мәселелердің бір жағын ғана қамтиды. Шын мәнінде тауар – ақша, нарықтық байланыстар сату, сатып алумен шектелмейді. Бұл жерде басымдылық айырбас пен айналыс саласындағы қатынастарға емес, өндірісте болатын қатынастарға тиісті болуы керек. Себебі тек осы жерде ғана өнім жасалады және оның тауарға айналуын сипаттайтын, тауар — ақша қатынастарын қандай нақты нысындарда болатынын көрсететін экономикалық байланыстар пайда болады. Экономикалық дамудың объективті жағдайы нарықты және оның категорияларын (баға, ұсыныс, бәсеке, және т.б) өмірге әкелді. Көп уақыт бойы біздің еліміздегі басқарудың әкімшілдік-әміршілдік әдісі үстем етуі нарықтың дамуына тежеу салды. Соңғы жылдары басқарудың экономикалық әдісіне кешу нарықтық айырбасқа жол ашып отыр. Экономикалық өмірде шаруашылық қызметін ұйымдастырудың бұл әдісі батыстық модельдерді қайталау емес. Бұрынғы социалистік нарықтық қатынастардың ұлғаюы шаруашылық механизмін қайта құру барысындағы заңды көрініс. Мысалы, Венгрияда 1988 жылдың өзінде экономикалық реформа барысында өндіріс құрал-жабдықтарына көтерме сауданы енгізу арқылы нарықтық тепе — теңдік қалыптастырылды. Әрбір өндіріс әдісіндегі нарық меншікке байланысты өндіріс қатынастарының бүкіл жүйесінде әрекет етеді. Біздің қоғамымызда нарық өндірістің тиімділігі мен халықтың әлеуметтік-тұрмыс дәрежесін жақсарту бағытында қызмет істей бастады.
Нарықтың пайда болу себептері. Нарықтық қарым-қатынастың қажеттілігі қоғамдағы еңбек бөлінісін тудыратын себептерден туындайды. Адамдардың өндірістік мүмкіндігі олардың қажеттілігіне қарағанда, табиғи түрде шектеулі болады. Кейбір қабілеті бар адамдар тек белгілі бір салада ғана жұмыс істеп, белгілі затты ғана өндіре алады, бірақ олардың қажеттілігі миллиондаған атауы бар әр түрлі тұтұну игіліктері мен қызметтерін қамтиды. Экономикалық ресурстарға: жер, еңбек, техника, шикізат, ақпарат және т.б. жатады. Ресурстарға тән нәрсе — олардың сиректігі немесе шектеулігі. Экономикалық теорияда бұл феномен шамасы “Ресурстар Заңы” деп аталады. Бұл жағдайда пайда табу мен молшылықты қамтамасыз ететін тетік әлде кімнің даналығы немесе ақылдылығының нәтижесі емес, ол еңбек бөлінісі мен нарыққа байланысты көрініс береді. Мұны адамдардың өмірге қажетті әр түрлі ресурсттар алу үшін өз еңбек өнімдерін бір-бірімен айырбастауға деген табиғи қажеттілігінен және бейімділігінен туындайтынын көреміз. Осыған байланысты А. Смиттің зерттеген «Көрінбейтін қол» деген теориясына назар аударайық. Бұл теория бойынша, адамдардың экономикалық шаруашылық субъектісі ретіндегі біреулердің әр түрлі еңбек өніміне деген мұқтаждық түсіндіріледі. Әдетте ол саналы түрде қоғамға пайда келтіруді ойламайды, тіпті оған қаншама пайда келтіріп отырғанын сезбейді де. Ол тек қана өз мүддесін ойлайды және оның басты мақсаты — өзіне ғана пайда түсіру, сөйте тұра, әлдебір көрінбейтін қол, оны өзі басшылыққа алмаған мақсатқа қарай бағыттап отырады.