Тақырыбы: Тәуелсіздік бабалар арманы
«Астана-Арена» спорт кешеніндегі тәуелсіздіктің 20 жылдығынаарналған театрландырылған қойылымнан репортаж Сан ғасырлар бойы небір қасіретті бастан кешсе де, ақын Ж.Молдағалиев жырлағандай, мың өліп, мың тірілсе де мойымаған қазақ халқы ұрпағының бас бостандығы, тәуелсіздігі үшін жан аямай күресті. Осы жолда ұлтымыздың аяулы тұлғалары, қайтпас қайсар батырлары жанын қиды. Әрине, олар бұл күнге жете алмаса да, өздерінің күрескерлік рухын, асқақ арманын болашақ ұрпақ жүрегіне жалғап, алғы күнге үміт артты. Міне, сол ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы көксеген арманына, аяулы мұратына ХХ ғасырдың соңына қарай қолымыз жетті десек, сол ақ түйенің қарны жарылған ақжарылқап арманның жүзеге асқанына да бүгінде 20 жыл толып отыр. 20 жыл – тарих үшін қас-қағымдай ғана уақыт болғанымен, тәуелсіз Қазақ елі үшін ғасырдың жүгін арқалаған кезең болды. Иә, небәрі 20 жыл ішінде қазақ халқы бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жетістіктерге жетті. Әрине, оның бәрі бізге оп-оңай келе салған жоқ. Тарихтың таңғажайып сыйы – Тәуелсіздікті баянды етуді басты мақсат санаған қазақстандықтардың еңбегінің, маңдай терінің арқасында ерен қиындық еңсерілді. «Балапанды күзде санайды» дейді орыс мақалы. Міне, бүгінде біз де толайым табыстарымызды саралайтын, алдағы бағындырар биігімізді межелейтін кезеңге келіп отырмыз. Иә, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейлі мерекесі, сөз жоқ, бүкілхалықтық ұлы мереке, ұлы той. Және солай болуы заңды да. Әйтсе де біздің қазақ осы бір айтулы шақта тек той тойлап жүретін болса, ұтылатынын жақсы біледі. Содан да әрқайсымызға алдағы арман-аңсарды да ойлап жүруді ұмытпауды ұғындырады.
Олай дейтініміз, осы ұлы той қарсаңынан басталған іс-шаралардың бәрі де тек мақтаннан тұрмайды, қайта әрқайсысының астарында бүгінгідей кемеліне келген, бар салада бәсекеге қабілетті болуды өз алдына басты мақсат етіп қойған Қазақстанның осы биікке жетуі оңай болмағанын айтады. Алдағы кезеңде тәуелсіздікті баянды ету үшін атқарылар тірліктің, еңсерер қиындықтың жүгі бұрынғыдан да ауырлау болатынын жас ұрпақтың санасына сіңіру, жүрегіне жеткізу басты мақсат екенін аңғартады. Осы өрелі ой ұлы тойдың кезінде де барша мерекелік іс-шаралардың алтын арқауы, негізгі тіні болып тартылыпты. Бұл орайда елордадағы «Астана-Арена» стадионында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған мерекелік жиында әсіресе айқын байқалған. Осы кеште жұртшылық назарына ұсынылған «Тәуелсіздік – қазағымның арманы» атты музыкалық дастанда қазақ елінің өткені мен бүгініне, қол жеткен жетістігі мен алдағы бағындырар биігіне дейін айқын көз жеткізгендей боласың. Жұртшылықты кеш барысында сан қиырға сапар шеккізіп, еліміздің ақиқатқа айналған арманын көз алдыңа әкелетін бұл музыкалық дастан сегіз тараудан құралған екен. Ондағы әр тарауда бейнекөріністер арқылы оқиғалар тізбегі көз алдыңнан өтіп, одан әрі түпкі нәтижені, жеткен биігімізді паш етеді. Сіз осының бәрін экран арқылы көре отырып, еліміздің бүгінгі жетістігіне, адамдар санасының кешегі күнмен салыстырғанда қаншалықты өзгергеніне куә боласыз, қайран қаласыз. Өйткені, біздің көпшілігіміз бүгінгі күнге кешегі Кеңес дәуірінен келгенбіз. Сол өткен шақтағы адамдардың көңіл күйі мен арман-аңсары да бізге жақсы таныс. Сол кездегі жасыған жанар, жаншылған рух бүгінде қандай күйде дегенге келсек, оны осы кештің беташары ретінде берілген «Біз жиырма жастамыз» деген бейнекөрініс барынша паш еткен. Яғни, бізбен экран арқылы сырласқан өрімдей ұл мен қыздың өздері де, сөздері де еркін, арман-мақсаттары да биік. Өйткені, олар тәуелсіздіктің құрдастары, еркін елдің ерке жастары. Олардың бәрі де елінің ертеңіне бір кірпіш болып қалануды алдарына мақсат етіп қойған. Сол мақсатқа жету үшін олардың бірі оқып жүрген болса, енді бірі білек сыбанып еңбек етуде. Отбасын құрып, бала сүюді ең басты бақытына балайтындар да бар арасында. Ең ғажабы сол, олардың бәрі де өздерінің ой-армандарының жүзеге асатынына сенеді және оның бәрі тек өз ізденісіне, өз талпынысына байланысты екенін жақсы біледі, еліміздің келешегі бүгінгіден де жарқын болатынына сенеді. Міне, осы жастардың ой-арманымен бейнебаян арқылы таныса отырып, Қазақ елінің ертеңі берік қолда екеніне сіз де сенесіз.
Ал бұдан кейінгі «Бәрі де осылай басталды» атты алғашқы тарауды тамашалай отырып, сіз сонау кезеңге, тәуелсіздіктің елең-алаңына тап боласыз. Мұнда би тілімен баяндалатын көріністе Қазақ елінің шаңырағының әр уығын бірге қадасып жүрген жұрт тірлігі қайнап жатыр. Сізге осы бір театрландырылған көрініс береке-бірлік бастауы елдің ынтымағында, өзара жарастығында, білек сыбанып бірге еңбек етуінде екенін айтып тұрғандай. Ал осындай ордалы елге Қыдыр дарып, бақ қонатыны осы тараудың алтын арқауы ретінде ойыңызды одан әрі айшықтай түседі. Осы ақиқатқа жүгініп, ой теңізін кешіп отырғаныңызда эстрада жұлдызы Роза Рымбаеваның орындауындағы «Арман-ай» атты халық әні сізді тағы да бір ой сілеміне қарай жетелей жөнеледі. Өйткені, ән сөзі де халқымыздың аяулы арманына қолы жеткенімен, оны ұстап тұру, тәуелсіздіктің тұғырын бекіту жолындағы қиындықты еңсеру бәрінен де маңыздырақ екенін еске салатын сияқты. Осы сәт сіз еріксіз өткен шаққа ойша сапар шегіп, кезінде өзіңізге мызғымастай көрінген КСРО-ның күйреуін еске аласыз. Еске аласыз да, тәуелсіздіктің де мызғымас тас тұғыр емес екенін, оны қорғау, баянды ету әрқайсымыздан қажымас қайратты талап ететінін сезінесіз. Сезіне отырып, іштей халқымыз сан ғасыр бойы армандаған тәуелсіздікті бекемдей түсуге өз үлесіңізді қосуға іштей құлшынып, ширыға түсесіз. Сіздің осы көңіл күйіңізбен стадион ортасындағы экраннан көрінген Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі де орайлас шыққандай.
Н.НАЗАРБАЕВ: 1991 жылдың 16 желтоқсаны – Қазақ халқының, жалпы қазақстандықтардың жұлдызды сәті. Осы сәттен бастап біздің халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалды. Қазақ халқы өзінің ата-бабасынан қалған ұлан-ғайыр жерінде өзінің тәуелсіздігін жариялап, оны барша әлемге жария етті. Осы сәттен бастап бәрі де түбегейлі түрде өзгерді, біріншіден, біз бұрынғы ұстанған саясатымыздан 180 градусқа бұрылдық. Біз қатаң идеологиямен қаруланған әкімшіл-әміршіл жүйеден бас тарттық. Құрыш қалыптан босанып, еліміз азат тәртіппен өмір сүретін болды. Бірақ азаттыққа алдымен бойды үйрету керек еді. Өйткені, біз ғасырлар бойы азат елде өмір сүру тәжірибесін ұмытып қалған едік. Біз қараңғы үйге жылдар бойы қамалып, сосын адамдардың арасына босатып қоя берген тұтқын жанның күйін кешкендей болдық. Ал тәуелсіздік жылдарында біз осындай психологияны өзгерттік. Егер салыстыратын болсақ, 1991 жылға дейін 30-40 жасқа келген адамдармен қазіргі сол жастағы жандар мүлде басқа. Олардың менталитеттері мүлде бөлек. Соңғылары өздерін дүние жүзі қауымдастығының бір мүшесіндей сезінеді. Осыған сананы жеткізу оңай болған жоқ. Адамдардың психологиясында өз еліміз үшін өзіміз жауапты екенімізді қалыптастыру әсіресе қиын болды. Мен біздің Тәуелсіздік жариялаған сәтіміздің әрбір минөті түгіл әрбір секөнтін ұмыта алмаймын. Депутаттардың орындарынан атып тұрып, бірін-бірі құттықтағаны, сосын осы елдің дербестігін орнату міндетін өз мойнына алған өзімнің де сол кездегі сезімім мәңгі есімде. Бұл нағыз бақытты сәт еді.
Егер сол кезде ел басында отырған мен кішкентай ғана босбелбеулік көрсетсем, онда халқым да тәуелсіздігімізге күмәнданатын еді. Бірақ менің бойымда біздің тәуелсіз ел болып кететінімізге ешқандай күмән болған жоқ. Ондай ойға түсуге мүмкіндік те болмады. Кең-байтақ жеріміз бар, оның асты мен үстінің мол байлығы бар, сауатты да білімді, ержүрек, тілін, ділін сүйетін, дінін сыйлайтын халқымыз бар. Сондықтан да мен біз барлық қиыншылықтарды жеңеміз, тәуелсіздігімізді нығайтамыз деген сенімде болдым.
Әр жүректі толғандырып, шым-шымдап бойға сіңіп жатқан Президент лебізі келесі сәтте экран арқылы берілген қайта өрлеу кезеңінің жылнамасына ұласқан.
Қайта өрлеу кезеңінің жылнамасы
• 1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Қазақстан Республикасы болып қайта аталды.
• 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданды.
• 1991 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Елдің Туы, Елтаңбасы және Гимні қабылданды.
• 1991 жылдың 22 тамызында Президент Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.
• 1993 жылдың 13 қаңтарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы заң қабылданды.
• 1998 жылдың 28 қаңтарында егеменді Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды.
• 1993 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге енгізілді.
• 1993 жылдың 17 желтоқсанында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды.
• 1995 жылдың 1 қаңтарында халықты құжаттандыру ҚР жеке куәлігі мен паспорты арқылы басталды.
• 1996 жылдың 16 желтоқсанында Алматыда тәуелсіздік монументі ашылды.
• 2007 жылдың 16 қаңтарында барлық қазақ тілін үйренем деушілерді тегін оқыту жөнінде мемлекеттік бағдарлама іске асырыла бастады.
Еліміздің өміріндегі ең бір айшықты сәттерге, шежірелі жылдар жайындағы нақты деректерге құрылған, 20 жыл ішінде жүзеге асқан осынау ақиқат асулар естіген сайын жүрегіңді қуанышқа бөлейді. Осыншама игі істердің жүзеге асып, халқыңның игілігіне қызмет етіп жатқаны не деген бақыт десеңші. Осының бәріне куә болған, еліміздің тәуелсіз ел болғанын көрген біз шынында да бақытты жандар екенбіз-ау. Ал осы күнге жете алмаған боздақтарымыз қаншама деген мұңы мен шаттығы аралас ойдан осы кеш барысында еш арыла алмадық.
Әне, келесі сәтте сахнадағы театрландырылған көрініс кейінгі ұрпаққа жаншылған ұлт рухы, бодандық қамыты жөнінде сыр шертуде. Еңселері түсіп, әрі-бері сенделіп жүрген адамдарды көргенде сіздің ойыңызға тағы да кешегі күн келеді. Өйтетін де жөні бар. Өйткені, сіз осының бәрін күні кеше ғана өз басыңыздан кешірген болатынсыз. Бір-бірімен өз тілінде сөйлесе алмай, пұшайман болған өткен шақтың жастары, біздер талай рет көз жасымызға ерік бергеніміз де есте. Тәубе, қаншама қиындықты бастан кешсе де қазақтың рухы мүлдем өлмеген екен. Күлге айналып қайта түлейтін феникс құс сияқты қазақтың намысы оянып, сын сағатта атойлап бас көтерді. Желтоқсанның ызғарлы суығына қарамай, қазақ жастары ақырып теңдік сұрады, алаңға шықты. Сол күндердің куәгері ретінде айтсам, сол желтоқсанның ызғарлы күндерінде өрімдей жастардың қаны суша ақты. Қаншама өндірдей жастар қыршынынан қиылды. Итке таланып, соққыға жығылып, ғұмыр бойы мүгедек болып қалғандар қаншама. Әрине, өкінішті. Бірақ олардың бұл ересен еңбегі босқа кетпеді. Желтоқсан көтерілісі тәуелсіздіктің бесігін тербетті. Сөйтіп, көп ұзамай өктем саясаттың үні өшті, КСРО күйреді. Бір шаңырақтың астына күштеп біріккен елдер сияқты Қазақстан да тәуелсіз елге, дербес мемлекетке айналды. Осының бәрі театрландырылған көрініспен астаса экрандағы бейнебаян арқылы әр жүрекке жетіп жатты. Көктемнің жанға жайлы самалындай бұл сезім әлгінде ғана сахнадан көрген, екі иығы қушиып, еңсесі езілген адамдардың көз алдыңызда айбынданып, жанары жалтырай қарағанын көргенде тіпті үдей түседі. Ал сахнадағы сол топ Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранын біріге, бірлесе шырқай жөнелгенде, тегінде бақытты болу, ең алдымен адамның өзіне байланысты екен-ау деген ойға келесіз. Бастапқыда ұнжырғасы түскен сол адамдардың санасына себезгілей сәуле түсіріп, ертеңгі күнге деген сенім сыйлаған, өзге елдермен терезесі тең өмір сүруге жетелеген, алдағы жарқын күндерге адастырмай апарған тұлғаны да жазбай танисыз. Қандай қиындыққа болса да мойымай, халқын өркениетті елдердің қатарына қосуды алдына басты мақсат етіп қойған Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты туған халқы бүгінде зор мақтаныш тұтады. Ең бастысы, оған сенеді. Бұл сөзімізге дәлелді алыстан іздемей-ақ өткен Президент сайлауын еске алсақ да жетіп жатыр. Өйткені, халқымыз осы сайлауда өз Президентіне түгелдей дауыс берген болатын.
Осы арада Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне арналған аталмыш кеш өтіп жатқан «Астана-Арена» стадионы жайлы да аздап айтып кеткеніміз артық болмас. Әрине, ең алдымен, пайдалануға берілгеніне аз ғана уақыт болған 30 мың адам сыятын бұл кешен осы мереке тұсында ерекше жайнап кеткен екен. Яғни, алаңның ортасына орнатылған цилиндр тектес зор экран арқылы тәуелсіздік тынысы жайлы бейнебаяндар, театрландырылған көріністер барша қырынан жарқырай көрініп, көпшілікке естен кетпес ерекше әсер сыйлағанын да айта кетсек дейміз. Сондай-ақ стадионның әр тұсына орнатылған 15 жылжымалы 3D экрандар қай тұста отырғанына қарамастан, әрбір адамның бейнебаянды, әртістер өнерін емін-еркін тамашалауына мүмкіндік берсе, бірінен соң бірі іле ауысып жататын көріністерді айтпағанда, сахнадағы өнер адамдарының емін-еркін қозғалуына, тіпті қалықтап ұшуына да мүмкіндік бар. Бұған қоса 800 жарық түсіретін қондырғылар да сахна сәнін барынша үстей түссе, көпшілік көңіліне күткендегідей әсер сыйлау үшін бұл күні сахна сыртында 280 адамнан тұратын жұмысшы тобы қызмет көрсеткенін де айта кетсек дейміз.
Ал енді кеш мазмұнына қайта оралсақ, жиырма белесті безбендеудің бейнелі үлгісі театрландырылған ерекше көріністермен бедерленіп, одан әрі де ерекше сезім туғызып отырды. Өмір өзгерістері уақыт өлшеміне сыймайды. Себебі, «Уақыт» ұғымы философия мен физикада бөлек тұжырымдармен түйінделеді. Мәселен, физикада ол материя қозғалысының шартты салыстырмалы өлшемі болса, философиялық тұрғыда зерделесек, уақыт қайтарымсыз және тек бір ғана бағытта, өткеннен бүгінге, одан болашаққа қарай жылжитын түрлі үдерістермен, оқиғалармен толысып отырады. Жалпы, ғаламдық ауқымда 20 жылдық өлшем адам баласының қас-қағым сәтімен тең. Соңғы кезеңдер жаһанды сапалық тұрғыдан түбегейлі өзгерткен мазмұнды оқиғаларға толы болғаны рас. Ең алдымен, бұл саясатта және экономикада, интеграция мен жаһандану, ақпараттандыру мен нанотехнологияларға негізделген жоғары технологиялық жетістіктер дәуірі болғанын, осының арқасында күнтізбелік уақыт бастапқы қалпында қалғанымен, оны субъективті қабылдау едәуір өзгеріске ұшырағаны белгілі. Әсіресе, Қазақстанда уақыттың бұл трансформациясы ерекше сипатқа ие еді. Осы кезеңде оқиғалар мен үдерістердің көп болғаны соншалық, елімізге, оның әлемдік қатынастар жүйесіндегі орнына, барша қазақстандықтарға игі әсерін тигізгені ерекше қабылданады. Күнделікті қарбалас тіршілікте бұл өзгерістерді әркім байқай да бермеуі мүмкін. Алайда, бүгінгі табан тіреп отырған меже – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы өткенді саралап, өткелді бағалап, талдау жасауға тамаша мүмкіндік туғызуда.
Өтпелі кезеңде жеке тұлға ретінде әр азамат қалай өмір сүргенін бағамдауда десек, тағдырдың жазғанымен осынау қиын да күрделі жылдар ел басқарып, тарихи шешім қабылдаған Адамның мемлекет деңгейіндегі түбегейлі өзгерістерге деген көзқарасы мен оларға берген бағасы айрықша мәнге ие десек, тарихтың терең тылсымына жетелеген көріністер арасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың монологымен, маңызды форумдарда сөйлеген сөздерінен құралған байыпты бейнесі арқылы саяси белестің салиқалы көші ілгерілеп отырды. Қазақстан басшысының ой-толғаулары «Тәуелсіздік – қазағымның арманы» дастанының 8 тарауында топтасып, олардың әрқайсысы жеке-жеке тақырыптар бойынша сахналық шешіммен өріліп отырғанын тағы да қайталап өткеннің еш артықтығы жоқ сияқты. Сондай-ақ қайта өрлеу жылнамасы тарауы барша адамзат баласына қайғы-қасірет әкелген ғасыр зобалаңының қазақ жеріне тигізген алапат сұмдығын тарихи деректермен шынайы жеткізді. Адам – тіршіліктің өз үйін өзі бұзатын жалғыз ғана иесі. «Тоқтат!» – деп айқай салды ғаламшар, біз оның дауысын естіп қалдық. Күш-жігер, қорқыныш-үрей, әлемді билеу қуаттылығы… және өлім? Жоқ, біз басқа жолды таңдадық деген жанайқай жаңғыра таралғанда, Табиғат-Ана таңғаларлық өрнек салады. Оны бұзу оңай-ақ, ал енді қалпына келтіру әр адамның борышы. Қойнауы байлыққа толы байтақ даланың төсіндегі көркем тіршілікті барынша аялап, қорғай біл деген үн үмітті үздірмейді. Тақырып мағынасы инаугурация, Ата Заң, Мемлекеттік рәміздер туралы түйіндермен өрнектеліп, ел тыныштығын күзеткен Шекара қызметімен, Қарулы Күштер айбынымен айшықталды. Семей ядролық полигонының жабылуы, Қазақстанның бейбітсүйгіш мақсаты сахналық көріністермен берілді. Ардақ Балажанова мен Еділ Құсайынов орындаған Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні ата-бабалар аңсаған арман-үмітті үкілей түсті.
Жасампаздық жылнамасы
• 1991 жылдың 2 қазанында қазақстандық алғашқы ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты.
• 1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан БҰҰ-ға кірді.
• 1996 жылдың 1 мамырында республика алғаш рет Қазақстан халқы бірлігі күнін атап өтті.
• 1999 жылдың 26 ақпанында ТМД елдерінің басшылары Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы келісімге қол қойды.
• 2011 жылдың 11 қыркүйегінде Америка тарабының өтініші бойынша Иракқа қазақстандық инженерлік-саперлік жасағы Ирактағы жағдайды тұрақтандыру бойынша көмек көрсету үшін жіберілді. Бейбітшілік сақтау миссиясын орындау уақытында жасақ 3 млн.-нан астам жарылғыш заттарды залалсыздандырды және ауруханалар, мектептер мен басқа да обьектілерде қызмет ете бастады.
• 2001 жылдың 22-25 қыркүйегі аралығында Қазақстанға мемлекеттік сапармен Рим Папасы Иоанн Павел ІІ келді.
• 2002 жылдың 17 қазанында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанға іссапармен келген БҰҰ Хатшысы Кофи Аннанмен кездесті.
• 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен АстанадаӘлемдік және дәстүрлі-ұлттық дін көшбасшыларының І съезі өтті.
• 2011 жылдың 30 қаңтарында 7 Қысқы Азиада ойындарының салтанатты ашылуы болды.
• 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада ҚР Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметінің зор жеңісіне айналған ЕҚЫҰ саммиті өтті.
• 2009 жылдың 29 маусымында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың мұнаралы мешітінің салу орнына ескерткіш капсуланы салу рәсіміне қатысты.
Н.НАЗАРБАЕВ: Біз биыл Семей полигонының жабылғанына 20 жыл толғанын кеңінен атап өттік. Осы шараның аясында болған ғылыми-практикалық конференцияда әлемге белгілі ғалымдар Қазақстанның ядролық қарусыздану мен оны сынауға қарсы қозғалыстағы үлкен рөліне өздерінің зор бағаларын берді. Біздің осы қозғалысқа қосылу тарихымызға тоқтала кетейін. Біз тек Горбачевтің кезінде басталған демократиялық үдерістердің арқасында ғана ядролық сынақ полигонының халқымыз бен жерімізге салған зардабын білдік. Қазақстанның КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі болып табылатын бірінші басшысы да полигонның зардабын білген жоқ-ты. Ал полигонның зардабын білгеннен кейін біз оны қалайда жабу үшін күрес жүргіздік. Мәселені орталық өкіметтің алдына тікелей қойғанымда КСРО Әскери-өнеркәсіптік кешенінің (ӘӨК) басшылары өре түрегеліп қарсылық білдірді. Мен мәселені біздің парламентте шешудің қажеттігін айттым. Ол кезде біздің парламент 450 депутаттан тұратын. Жоғарғы Кеңестің сессиясына қатысу үшін ӘӨК өкілдері де жетті. Олар сессияның алдында біздің көптеген депутаттарымызбен «жұмыс істеп», оларға орындалмайтын уәделерді үйіп-төгіп, полигонның жабылуына қарсылық білдіруге көндіріпті. Қайта-қайта мінберге көтерілген олар әлі де 1-2 жыл жұмыс істеуге мүмкіндік берейік деп генералдардың сөзін қостаумен болды. Бірақ мен өзімнің позициямнан таймадым, берілген уәделердің орындалмайтынын дәлелдей отырып, полигонды жабу жөніндегі жарлыққа қол қоюдан бас тартпайтынымды айттым.
Әлемдік қауымдастыққа дос көңіліңді, дұрыс ниетіңді таныта алсаң ғана қолдау аласың. Біз полигонды да жаптық, ядролық қарудан да өз еркімізбен бас тарттық. Сондықтан бізге деген сенім арта түсті. Біздің таңдаған жолымыз ақырында өзінің дұрыстығын дәлелдеді.
Біз дінімізден де ажырап қала жаздаған халықпыз. Тек ата-аналарымыздың үйде отырғанда миымызға құюларының арқасында ғана дінімізді сақтап қалдық. Сондықтан Тәуелсіздік алған сәттен бастап біз өз дініміз – мұсылмандыққа қайтадан оралуға әрекет жасадық. Кезінде діни оқу орындарын, мешіттерді тартып алып, басқа мақсаттарға пайдаланған Қазақстанда қазіргі таңда үш мыңға жуық мешіттер бар. Сол орындардың бәрінде азаматтарымыз ата-баба дәстүрімен біте қайнасқан исламға мойын қойып, имандылыққа бет бұрса, бұл біздің үлкен табысымыз болады. Дінаралық татулық, өзгенің сиынатын дініне төзімділік көрсету, ожданын аяққа баспау – дін бағытындағы біздің қазақстандық айнымайтын ұстанымымыз.
Біздің еліміздегі тұрақтылық қазір адамдардың көшіп келуіне жағдай тудырып отыр. Адамдар бізге өз еріктерімен жаппай көшіп, қопарыла ауып келген жоқ. Олар өкіметтің зорлығынан, қысымшылық жасап, айдауынан қопарыла көшуге мәжбүр болды. Бірақ көптеген этнос өкілдері Қазақстанды өздерінің туған отандарындай көріп, бауыр басып кетті. Бұл айқын факт. Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқы олардың бәрінің басын құрап, өзара татулық орнату және олардың құқықтарының бұзылмау жауапкершілігін өз мойнына алды. Бұл да демократиялық ұстанымның бір көрінісі. Біздегі мемлекет құраушы ұлт басқаларды өзімен тең, құқықтарының бірдей екенін мойындап отыр. Бұл ХХІ ғасырдағы барлық елдегі ұлтаралық саясаттың басты ұстанымы болуы керек.
Туған жер… көпұлттылық тарауы Қазақстанды мекен еткен этностардың өзара татулығы мен ынтымақты тіршілігіне қызықтыра үңілтеді. Адамдардың бірін-бірі жек көруіне себеп болар соншалық ештеңе де жоқ. Жер мен көк біздің әрқайсымызға бірдей тиесілі. Оларды бөлшектеп, бөтен оймен бүл-дірудің қандай мәні бар? Жер бетіндегі қандай да қасіреттің болсын тууына адамдар арасындағы алауыздық пен араздық себеп болуда. Әлемді дүр сілкіндірген осындай қауіп-қатерден Қазақ елінің амандығы қуантады. Оған мұндағы сандаған этностардың өзара тату тіршілігі дәлел. Осы ынтымақ пен ырысқа толы белестің бейнесі өте әсерлі көрініспен жан сүйсінтті. «Астана-Арена» аспанына бейбітшіліктің символы ретінде 30 мың көгершін қалықтай көтерілді. Опера жұлдыздары Нұржамал Үсенбаева мен Жәмила Жәркенбаева өрімдей өнерпаздар Ерасыл Есенов пен Темірлан Ринатұлымен бірге «Әлем біздің жүрегімізде» әнін шырқағанда, сол шуағын шашқан бейбіт әлемнің көкжиегінен күлімдеп күн көтерілді.
Н.НАЗАРБАЕВ: Кеңес өкіметі құлағаннан кейін адамзаттың ғарышқа алғаш рет адам ұшырған айлағы – «Байқоңыр» иесіз қалып, бұзылудың аз-ақ алдында болды. Өйткені, ол кезде біздің бұл айлақты ұстау түгіл, халқымызды асырауға де шамамыз зорға жетіп жатты. Сондықтан оны Ресейге ұзақ мерзімге жалға беру арқылы келешек ұрпақ үшін бұзылудан аман алып қалдық. Қазір біз «Байқоңырды» Ресеймен бірлесе пайдаланып, бірнеше бірлескен жобаларды іске асырудамыз. Біріншіден, біз қазақстандық жер серіктерін ұшырдық. Екіншіден, елімізде осы заманғы спутниктер дайындайтын зауыт салатын боламыз. Ресеймен бірлесе отырып, «Бәйтерек» атты жаңа ұшу кешенін жасау туралы келісіміміз бар. Одан зымырандардың экологияға зияны қазіргілердікінен кем болатын жаңа сападағы түрлері ұшырылатын болады. Зымырандар шығаратын зауыт та саламыз. Оларға қажетті мамандар дайындау жұмысымен айналысамыз. Осының өзі ғылыми жаңаландыру немесе инновация. Ал ондай барлық мемлекеттерге де керек екендігі белгілі.
Тәуелсіздік мерекесінің жасампаздық жылнамасы келешектің келісті кеңістігіне жетеледі. Адам мүмкіндіктері шектеусіз, орасан зор. Оны қашанда адам игілігіне жарату мен көбейту – міне, Қазақ елі ұмтылар ұлы мұрат. Ал сол мақсатқа жету үшін жеті қат көктің құпияларын ашу керек. Мұның жер үстіндегі адами тіршілікке қаншалықты пайдасы бар, оны игеруге қаншалықты жігерліміз, жалпы ғарыш ғаламаты әлі талай сырлы иірімдерді алға тосары анық. Біздің балаларымыз «Байқоңыр» космодромының жанында өсіп жатыр. Олардың ұшқыр қиялы әлдеқашан сол биік шыңдарға ұялап, барлығы ұшқыш болуды армандайды. Ғарыш пен жерді байланыстырған адамзат аралының қазақ даласында болуы, осынау байтақ елден ғарышкер қос батырдың – Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың шығуы мұндағы болашақтың бояуы тек жасыл құрақтардан құралатынын аңғартқандай. Медет Шотабаев, Жасұлан Садықов, Тимур Алдабергенов орындаған «Арман» әнінің «Бала күннен еріп қиялға, Шарықтадым шексіз қиянға» деп басталуы экрандағы көріністермен ұштасты.
Тәуелсіздік жылнамасы
• 1992 жылдың 27 қаңтарында Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында алғашқы қазақстандық алтын құймасы құйылды.
• 1992 жылдың 20 маусымында алғашқы халықаралық теміржол бағыты ашылды.
Алматыдан Үрімшіге алғашқы жолаушылар пойызы аттанды.
• 27 ақпанында «Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау» атты Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламасы Президент Жарлығымен бекітілді.
• 1998 жылдың 9 маусымында Қазақстанның жаңа астанасының тұсаукесері болды.
• 2004 жылдың 13-19 тамызы аралығында Мемлекет басшысы «Олимпиада-2004» салтанатының ашылуына қатысты.
• 2007 жылдың 23-29 шілде аралығында Ұлыбританияда өткен «Соколиная охота – ловчая птица» І дүниежүзілік фестивалінде Қазақстан бүркітшілері жеңіске жетті.
• 2008 жылдың 2 сәуірінде ҚР Президенті Н.Назарбаев Пекин қаласындағы жазғы олимпиада ойындарының олимпиадалық алауының халықаралық жер шары эстафетасын ашты.
• 2010 жылдың 18 ақпанында биатлоншы Елена Хрусталева Ванкувердегі Қысқы олимпиадалық ойындарда күміс медаль жеңіп алды.
• 2009 жылдың 12 қаңтарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ҚР Бірінші Президентінің бірінші Зияткерлік мектебін ашты.
Н.НАЗАРБАЕВ: Біз басымыздан қилы-қилы замандарды өткердік. Ең соңғы ханымыз Кенесарыдан кейін 144 жыл бойы Ресей патшалығы мен КСРО-ның боданы болдық. Оның ішінде біздің рухымызды жаншып, тілімізді жоя жаздаған жағдайлар да болды. Кейбір ақындарымыз «мың өліп, мың тірілдік» дейді, бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қандай қиыншылықтарды бастан кешсек те біздің халқымыздың рухы сынған жоқ. Сол рухымыздың жоғары болғандығының арқасында қандай қысастықтар болса да біз ештеңемізді де жоғалтқан жоқпыз. Соның ішінде дініміз де, салт-дәстүріміз де бар. Арғы ата-бабаларымыздан бері үзілмей келе жатқан «ел үшін, жер үшін» деген намысқойлық, отансүйгіштік қасиеттеріміз біздің халқымызды жойылудан аман сақтап қалды. Біздің тәуелсіздігімізді баянды етіп, келешек ұрпаққа жеткізетін де халқымыздың бойындағы осы қасиеттеріміз. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген сөз бар. Біздің тәуелсіздігімізге әлі 50 жыл болған жоқ. Жалпы, Тәуелсіздікті жариялап, мемлекетті құрған кезде оны мәңгі болсын деп құрдық. Біздің тәуелсіздігімізді әрі қарай апаратын, болашақ ғасырларға жеткізетін бойына ата-бабамыздың, жоғарыда мен айтқан, қасиеттерін сіңірген ұрпақ болады. Сондықтан жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу – біздің ең басты міндетіміз.
Бәріміз де ауылдан шыққан баламыз. Сондықтан кіндік кесіп, кір жуған туған жерің әрқашан да есте, үнемі түсіңе кіреді. Кейде ойланып жатқанда жүрген жолдарың, шыққан тауларың есіңе түседі. Мен өзім тауда туып, тауда өскен баламын. Алматыға барғанда тауға шығып, аралағанды жақсы көремін. Ал мында келгенде кең жазыққа шығып, тақтайдай тегіс, көкжиектен көкжиекке дейін созылып жатқан кең даладан көз ала алмай қызыға қараймын. Осындай жерлеріңді қалай жақсы көрмейсің?
Кезінде Ақмоланы жамандап, аязынан адамның құлағы үсіп, түсіп қалады екен, масалары торғайдай болады екен деп ойынды-шын айтушылар көп болды. Сонда мен – өз Отаныңның ыстығы да, суығы да, жаманы да, жақсысы да болмайды. Бәрі де өзіңнің Отаның. Бізде басқа Отан жоқ. Адамда бір-ақ Отан болады, ол – туған жерің, елің, яғни барлық Қазақстаның деген едім.
Өткенді бағаламай, ертеңді елестету мүмкін емес. Тарих беттері таңбалы сырға толы. Ұлттық нақышпен көмкерілген сахнаның сазынан дала еркіндігін аңсаған дарабоз үн естіледі. Бабалар жолы байыпты ізгілікке салады. Көкейдегі көп сұраққа өткен кезең суреттері тіл қатады. Тарихыңды білу – тағылымыңды таптатпау деген сөз. Сол тарихқа қазақтың қасиетті қара домбырасы көп мұра қосқан. Даланың дауылпаз мінезіне сай аспаптың қоңыр үні арқылы елдің жаңарған бағыты жан тебірентер әуенмен жетті. Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы толғау арқылы тарихи тұлғалар, сондай-ақ киіз үй, «Алтын адам» сияқты ежелгі құндылықтар дәріптелді. «Мен ақ алмастай өткір ем, Ерліктің биік шоқтығы ем. Қазығын қаққан хандықтың, Жәнібек, Керей – тектіден! Қасым хан салған қасқа жол, Қасиет көзі деп білем. Есім хан салған ескі жол, Өсиет сөзі деп білем. Тәукенің жеті жарғысын, Жеті қазынам деп білем», деп азаттық аңсаған Қазақ елінің абзал арнасы қай тұстан басталатынын байыпты баяндайды.
Н.НАЗАРБАЕВ: Біз Қазақстанды ғаламға Астана арқылы басқа қырынан көрсеттік. Астананың әрбір тасы, әрбір құрылысы мен көшесі – бәр-бәрі менің жүрегімнен өтті. Сондықтан олардың бәрін жүрегімнің бір бөлшегі санаймын. Бұл істермен әлі де айналысудамын. Жуырда мен Астананың тұрған жері Еуразия құрлығының нағыз географиялық ортасы екендігін естіп, қатты таң қалдым. Енді оны құрлықтың барлық үздік істері мен жақсы жаңалықтарының орталығы болғанын қалаймын. Сол мақсатпен еңбек етіп жатырмыз. Қаланың барлық қырымен қазір мақтануға болады, бірақ мен әсіресе Астананың көптеген нысандарының архитектуралық өнердің үздігі екендігіне мақтанамын. Соның ішінде «Дискавер» мен барлық архитектуралық журналдар атап өткен Пирамиданы әсіресе мақтан тұтамын. Бұл айрықша ғимарат. Пирамида дегеннің өзі де адамның өмірі тәріздес дүние екен ғой. Жастайынан жайыла өмір сүрген адам өмір бойы бір биікке ұмтылады ғой, Пирамида да сол сияқты. Сондықтан да оның философиялық даналығы өте терең.
Жаңа адамдар бейнесін қалыптастырған елорда рухы еңселі. Оған әсіресе, жастардың қосып жатқан үлесі толайым. Жастық арман халықтың ұлы мұратымен астасып, айқын бағыттарға бет алып барады. Мұны мәңгілікке берілер сый демегенімізбен, сол байлықты ғұмыр бойы сақтай алатын жандар туралы айту ғанибет. Жастық шақ пен туған жерді бір-бірімен егіз ұғымдай етене жалғастырған елорда тағылымында табысты белестер мол. Елорда келбетіне бүгінде жұртшылық қызыға көз тігеді. Күннен күнге көркейген қалыбы қайратты ұл мен қыздарының күш-жігері мұнан кейін де ел мүддесіне қызмет ете беретінін аңғартады. Экраннан әсем қаланың көрікті ғимараттары көлбей сырғып жатқаны әсерлі. Сахна ортасынан алып бәйтерек бой көтеріп келеді. Жан-жағы ұлттық нақыштарға толы осы өрнектер біртіндеп лала гүлдерге айнала бастады. Су бұрқақтар тіршілік көзіндей төңірегін сергітеді. Астананы көтеруде жастардың үлесі ерекше екенін айқындаған идея өнерпаздар қимылымен толықты. К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әртістері Мәдина Баспаева мен Тайыр Гатауов өнері жастық белестің жасыл құрағындай елестеді. Сайын даланың төсінде Қазақ елін төрткүл дүниеге танытқан әсем Астана пайда болды. Бұл Сүндет Байғожин орындаған Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Менің қалам» әнімен толыға түсті.
Н.НАЗАРБАЕВ: Біз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізген бақытты ұрпақ болғанымызға тәубе дейміз. Мұндай жағдай енді ешқандай ұрпақтың басында болмайды, себебі тәуелсіздік бір-ақ рет жарияланады. Тек Алла тағала оны баянды қылғай. Мен Тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан алғашқы қадамын, одан буыны бекіп, өсе бастағанын, ат жалын тартып атқа мінгенін, одан 20 жасқа келіп жігіт болғанын көргенім үшін өзімді бақытты санаймын. Аллаға тәубе деймін, қуаныштымын. 50 жасымда Қазақ елі менің иығыма осынша жүкті артып, алға қарай жүргізетін сен боласың деп сенім артты. Мен жан-дүниеммен, алған біліміммен, бойда бар күш-қуатыммен осы жұмысты атқарып келе жатырмын. Және бұл жолда жалғыз емеспін, төңірегіме қолынан іс келетін жандарды топтастырдым. Менің бар тілегім де, арманым да Қазақстан тәуелсіздігінің баянды болуына қызмет ету болды да, болып та келеді. Еліміздің мәңгілік бейбітшілікте, бірлікте өмір сүргенін қалаймын. Бай болғанын тілеймін. Болашақта біздің елді күрделі мамандықтарды меңгерген білімді азаматтардың басқарғанын қалаймын. Жастарымызды жоғары дамыған шел елдерде оқытып, олардың үш тілді меңгеруіне жағдай жасап жатқанымыз да сол себептен. Ұрпақтарымыздың бейбіт, бақытты, бай елде өмір сүргенін қалаймын. Менің арманым да, тілегім де осы.
20 жыл ғалам үшін бір қас қағым сәт қана. Бірақ осы қас қағым сәтте Қазақстан жүз жылдықтарға татитын жолдардан өтіп, соншалықты табыстарға жетті. Бүгінгі ұлық мереке күні мен әрбір қазақстандыққа отбасылық бақыт тілей отырып, еліміздегі бейбітшілікті, достықты және бауырластықты сақтауға атсалыңыздар дер едім. Ешқашан да сарыуайымшылдыққа салынбай, түртініп еңбек ете беру керек, еңбек еткен адамға табыс өзінен-өзі келеді. Әрине, қазір ғаламдық қиындықтар туып тұр, бірақ олардың алдын алуға біз дайынбыз. Баршаңыз да бақытты болыңыздар. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын. Әр отбасында бақыт пен бірлік болсын.
Қазақстан жерасты байлығы мен табиғи қоры мол ел. Еңселі ел жылдан жылға өсіп, өркен жайып келеді. Кейде бәрін де қайта бастауға тура келіп жатады. Мұндайда бақ пен сәттің тек еңбексүйгіш елдің ғана еншісіне бұйырары хақ. Тәуелсіздігіне қол жеткізген, еңселі елордасын тұрғызған Қазақ елінің бүгінгі ұлан-асыр тойымен сол бақыт таңы шапағын шашып, шаттық әуенмен тербетеді. Біз Жер-Ананың сыйға тартқан молшылығын шын жүректен қабыл алып, оны мәңгі өз қамқорлығымызға аламыз деген халықтық идея қалықтаған әр әннің жолдарымен жүрекке шымырлай тарады. Тәуелсіздікке арналған мерекелік шоу Ұлықбек Есдәулеттің сөзіне жазылған Игорь Крутойдың «Үміт мекені» әнімен қорытындыланды. Нұржамал Үсенбаева мен Батырхан Шүкенов орындаған әннің қайырмасы қазақты қайраттандырады. Алаш баласының қанатын алыстарға серметіп, өрісін ұзарта беруге ұмтылдырады.
Біздер өмірімізді түбегейлі өзгерткен ұлы оқиғаның куәгерлеріміз. Еліміз азат, ендеше жанымыз да сондай ізгілікті жолды аңсайды. Жүз жылдан соң мұның бәрі әрине, біздің өткен тарихымызға айналады деген жүргізушілер лебізі кешті тиянақтап, мерекелік шоуға келген халықтың нөпірі ұлы тойдың жалғасар дүбірін аңғартты.