Бап. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің құзыреті

1. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында тиiстi аудандық (қалалық) әкiмдіктің лауазымды адамы болып табылады және мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара қарым-қатынастарда оның атынан сенiмхатсыз өкiлдiк етедi;
2) азаматтардың өтiнiштерiн, арыздарын, шағымдарын қарайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қолданады;
3) салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi жинауға жәрдемдеседi;
4) әкім аппараты әкімшісі болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды әзірлеп, тиісті мәслихаттың бекітуі үшін жоғары тұрған әкімдіктің қарауына енгізеді;
4-1) стратегиялық жоспарды және (немесе) әкім аппараты әкімшісі болып табылатын бюджеттік бағдарламаны әзірлеу кезінде жергілікті қоғамдастық жиналысының (жиынының) талқылауына Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің құрамында көзделген бағыттар бойынша жергілікті маңызы бар мәселелерді қаржыландыру жөніндегі ұсыныстарды шығаруға құқылы;
5) азаматтар мен заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметi актiлерiнiң, орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар нормативтiк құқықтық актілерiнiң нормаларын орындауына жәрдемдеседi;
6) өз құзыретi шегiнде жер қатынастарын реттеудi жүзеге асырады;
7) аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң коммуналдық тұрғын үй қорының сақталуын, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалаларда, кенттерде, ауылдарда (селоларда), ауылдық (селолық) округтерде автомобиль жолдарының салынуын, қайта жаңартылуын, жөнделуiн және күтiп ұсталуын қамтамасыз етедi;
8) шаруа немесе фермер қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсiпкерлiк қызметтi дамытуға жәрдемдеседi;
9) өз құзыретi шегiнде әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет, азаматтық қорғаныс, сондай-ақ жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
10) әдiлет органдары жоқ жерлерде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен нотариаттық iс-қимылдар жасауды, азаматтық хал актiлерiн тiркеудi ұйымдастырады;
11) тарихи және мәдени мұраны сақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
12) табысы аз адамдарды анықтайды, жоғары тұрған органдарға еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөнінде ұсыныс енгізеді, жалғызілікті қарттарға және еңбекке жарамсыз азаматтарға үйінде қызмет көрсетуді ұйымдастырады;
12-1) қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді және өзге де әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді;
13) жергiлiктi әлеуметтiк инфрақұрылымның дамуына жәрдемдеседi;
14) қоғамдық көлiк қозғалысын ұйымдастырады;
14-1) шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда ауруларды дәрігерлік көмек көрсететін таяу жердегі денсаулық сақтау ұйымына дейін жеткізіп салуды ұйымдастырады;
15) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасайды;
16) шаруашылықтар бойынша есепке алуды жүзеге асырады;
17) жергілікті бюджетті бекіту (нақтылау) кезінде қала, аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты сессияларының жұмысына қатысады;
18) республикалық маңызы бар қалада, астанада, облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан мәдениет мекемелерін қоспағанда, мектепке дейін тәрбие беретін және оқытатын ұйымдардың, мәдениет мекемелерінің қызметін қамтамасыз етеді;
19) өз құзыретi шегiнде елдi мекендердi сумен жабдықтауды ұйымдастырады және су пайдалану мәселелерiн реттейдi;
20) елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
21) туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті қалпында күтіп-ұстау жөніндегі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады;
22) кәсіпқой емес медиаторлардың тізілімін жүргізеді.
1-1. Кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің құзыреттеріне аудан орталығымен көлік қатынасын ұйымдастыру жөнінде аудандық атқарушы органға ұсыныстар енгізу, сондай-ақ ауылдық (селолық) жерде оқушыларды мектепке дейін және кейін қарай тегін жеткізіп салуды ұйымдастыру да жатады.
1-2. Облыстық маңызы бар қалада аудандар болмаған жағдайда, осы баптың 1-тармағында көзделген функцияларды облыстық маңызы бар қаланың әкімдігі жүзеге асырады.
2. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің құзырына Қазақстан Республикасының заңдарымен өзге де мәселелерді шешу жатқызылуы мүмкін.
3. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi өзiнiң құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша өзiне жүктелген мiндеттердiң iске асырылуы үшiн жоғары тұрған әкiмнiң, аудандық (облыстық маңызы бар қалалық), республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының алдында жауап бередi.
Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.05.11 N 552 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2004.12.21 N 15 (қолданысқа 2005.01.01 енгізіледі), 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.05.22 N 255, 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 N 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.15 N 556-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Бап. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiн қызметке тағайындау,қызметiнен босату және өкiлеттiгiн тоқтату тәртiбi

1. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмдерi Қазақстан Республикасының Президентi белгілейтiн тәртiпте қызметке тағайындалады немесе сайланады.
2. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмдерi Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн тәртiпте қызметiнен босатылады және өз өкiлеттiгiн тоқтатады.
Ескерту. 36-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.05.11 N 552 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

Наши рекомендации