Пән бойынша тапсырмаларды орындау мен тапсыру кестесі 3 страница
Парламент мәжілісі депутаттарын сайлау кезінде араласқан сайлау жүйесі қолданылады. Мәжіліске сайлану қорытындысы бойынша депутаттық мандаттарды бөлу барысына ҚР-ғы сайлауға қатысқан 7 % кем емес сайлаушылар дауысын иеленген партиялар ғана қатыса алады. Дауыс беру партиялық тізім бойынша жүргізіледі, және әрбір партия оған дауыс бергендердің тепе-тең санына қарай орын иеленеді.
ҚР сайлауға дайындалу мен оны өткізуді, бірыңғай жүйе қалыптастырушы мемлекеттік сайлау органдары ұйымдастырады. Мемлекеттік сайлау органдарының бірыңғай жүйесіне: республиканың орталық сайлау комиссиясы (ОСК); аумақтық сайлау комиссиялары; округтік сайлау комиссиялары; учаскелік сайлау комиссиялары енеді. Сайлау комиссиясының өкілеттік мерзімі бес жыл.
ОСК Республиканың сайлау комиссияларының бірыңғай жүйесін басқарады және тұрақты әрекет етуші орган болып табылады. ОСК құрамында ҚР Президентінің ұсынымы бойынша Парламент Мәжілісі лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын төраға, хатшы және комиссия мүшелері болады. ОСК төрағасы мен хатшысының жоғары заң білімі болу керек.
Ұсынылатын әдебиеттер
1. Амандықова С.К. Қазақстан Республикасының Конституциясы: мән және заң табиғаты. Қарағанды 2000.
2. Бәйішев Ж. Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы, 2001.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясы Ғылыми-құқықтық түсініктеме/ Сапарғалиева Г.С. редакциясы бойынша. Алматы, 2004.
4. Көбеев Е.Қ. Конституциялық құрылым негізі – Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының жетекші институты. /Көбеев Е.Қ. – Қарағанды: ҚарМУ, 2000.
СӨЖ үшін бақылау тапсырмалары (о.-1,4,5,13; д.-1,2,3,5,6,7,9,10)
1. ҚР Конституциясы – мемлекеттің негізгі Заңы.
2. ҚР конституциялық-құқықтық құрылымы.
3. ҚР сайлау жүйесі.
3-тақырып. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары және соты (1 сағат)
Жоспары
1. Қазақстан Республикасында құқық қорғау органдарының қызметінің және ұйымдастырылуының негіздері.
2. Қазақстан Республикасындағы сот және сот әділдігі.
Мемлекет қоғамды саяси ұйымдастырудың ең үздік түрі, онда өз субъектілерінің әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған әртүрлі қызметтер бар. Мемлекет теориясы және құқығымен танылған оның негізгі қызметтерінің бірі азаматтардың құқықтары мен бас бостандықтарын, меншігін, құқықтық тәртібін, және адамның басқа да тұрмыстық маңызды құндылықтарын қорғау болып табылады. Осы бағыттағы жұмысын мемлекет еркіне беру, нұсқама және тыйым салуларды белгілеп құқықтық нормалар арқылы жүзеге асырады. Құқықтың көмегімен мемлекет адамдарды дұрыс қылықтар жасауға итермелеп, саналық мінез-құлқына әсер етеді. Қылықтар заңды және заңсыз болуы мүмкін, осыған байланысты мемлекет:
1) құқықтық нормаларды бұзуға дейін және одан тыс – субъектіні құқықтық мінез-құлқы шегінде ұстауға;
2) заң бұзу кезінде – заңға қайшы әрекеттерге (әрекетсіздік) тыйым салу, олардың жағымсыз салдарларын болдырмау;
3) заң бұзылғаннан кейін – жазықтыны әшкерелеу, оны құқықтық жауапкершілікке тарту, бұзылған субъективтік құқықты қалпына келтіру бойынша шаралар қолдану.
Құқық бұзышулық барысында және одан кейін қарапайым нормалар мен арнаулы белгіленген қорғаушы құқықтық санкцияларын қолдану жолын сақтау және тікелей жүзеге асыру қажеттілігі туындайды. Өздігінен бұл нормалар жұмыс істемейді, бұл нормаларды қозғалысқа келтіріп, бақылап отыру мүмкіндігіне ие арнаулы өкілетті органның қатысуы қажет.
Нормаларды қозғалысқа келтіру мүмкіндігі бар өкілетті органдарға жататындар:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі – ол мемлекеттің барлық аумағында конституцияның барлық заңдардан, заңдық және өзге де нормативтік құқықтық актілерден жоғары тұруын қамтамасыз етеді;
Прокуратура – Республика аумағында заңдарды, Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәл әрі бірқалыпты қолданылуын жоғарыдан бақылаудың, жедел іздестіру қызметінің, анықтау және тергеу, әкімшілік және атқарушы өндірістің заңдылығын қамтамасыз етеді;
Әділет органдары – құқықтық нормалардың дұрыс қызмет етуін қолдау бойынша міндетті жүзеге асырады, сот әділдігі қызметіне тікелей жәрдемдеседі, оған материалдық, техникалық және басқа да көмек түрлерін көрсетеді.
Қылмыстық қуғындау органдары (ІІМ, ҰҚК, Президенттің күзет қызметі, Салық полициясы және басқа органдар) – олардың құзыретіне қылмысты табу және ашу, қылмыс жасаушыларды тауып, қылмыстық жауапкершілікке тарту жатады.
Сот билігі органдары – олардың құзыретіне: азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бас бостандығы мүдделерін қорғау, Конституцияның, заңның, және өзге де Республиканың нормативтік құқықтық актілерінің орындалуын қамтамасыз ету жатады.
Адвокатура – оның басты міндеті білікті заңдық көмек көрсету арқылы, көмек сұраған азаматтарды және ұйымдарды құқықтық қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
Нотариат - әділет органдарының өкілдігімен тараптар арасында келісімге және өзге ресми құжаттарға қол қоюға байланысты мәмле жасау барысындағы заңдылықтың сақталуын бақылайды.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Конституция заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің сәйкес келуін бақылауды жүзеге асырады.
Конституциялық Кеңестің қызметі Қазақстан конституциясымен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Жарлығымен және дербес регламентімен реттеледі.
Конституциялық Кеңес өзін-өзі басқарады және мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, лауазымды тұлғаларға және азаматтарға тәуелді емес, Конституцияға ғана бағынады. Оның қызметіне араласу, қысым көрсету немесе Кеңес мүшесіне қандай да болмасын жағдайда ықпал ету заңмен қудаланады. Конституциялық кеңестің төрағасы мен мүшелерінің өкілеттігі мерзімінде олардың өміріне қол сұқпаушылық мәртебесін иеленеді.
Конституциялық кеңестің – Қазақстан Республикасы Конституциясының мемлекеттің барлық аумағында үстемдік етуін қамтамасыз ететін міндеті бар. Осы мақсатта ол:
1) Президент сайлауын, Парламент депутаттарын және республикалық референдум өткізу дұрыстығы туралы мәселе туындаса, дауды шешеді;
2) Президент қол қойғанға дейін Парламент қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін қарастырады;
3) Республиканың халықаралық келісімін ратификациялауға дейін Конституцияға сәйкестігін қарастырады;
4) Конституция нормаларына ресми түсінік береді;
5) Парламенттің Президенттің мерзімінен бұрын қызметтен кетуі немесе қызметтен кетіру туралы соңғы шешімін қабылдағанға дейін белгіленген конституциялық үрдістердің сақталғаны туралы тұжырым жасайды;
6) Егер сот адамдар мен азаматтардың белгіленген Конституциялық құқықтарымен бас бостандықтарына қысым жасайды деп тапса, заңдық және заңдық актілерді конституцияға қайшы деп танылған соттардың үндеулерін қарастырады;
7) Конституциялық өндіріс дағдысын топтастыру нәтижесі бойынша жыл сайын Парламентке Республикадағы конституциялық заңдылық жағдайы туралы жолдау жібереді.
Конституциялық Кеңесте жеті мүшесі болады, олардың біреуі Төраға болып табылады. Сонымен бірге Республиканың экс-Президенті заңды түрде өмір бойы мүшесі болып саналады. Конституциялық Кеңестің Төрағасын және екі мүшесін лауазымға Қазақстан Республикасының Президенті, екі мүшесін Парламент Сенатының Төрағасы, және қалған екі мүшесін Мәжіліс Төрағасы алты жылға тағайындайды және лауазымнан босатады. Кеңестің қалған жарты бөлігі әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады. Кеңес құрамына мемлекет аумағында мекендейтін, жоғары заң білімі, заң мамандығы бойынша 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының 30 жастағы азаматы тағайындала алады.
Конституциялық Кеңесте мәселелерді қарастыру конституциялық өндіріс ережесі бойынша жүргізіледі. Конституциялық Кеңес өзінің барлық шешімін мүшелері санының басым бөлігінің даусымен коллегиалды түрде қабылдайды. Дауыс беру ашық түрде жүргізіледі. Төраға соңынан дауыс береді, және оның дауысы шешу болып саналады. Конституциялық Кеңестің барлық мүшелері белсенді позиция ұстанады – олардың ешқайсысының дауыс беруде қалыс қалуға немесе қатыспауға құқығы жоқ.
Конституциялық Кеңестің соңғы шешімі міндетті түрде үндеу жолдаған субъектілерге немесе олардың өкілдеріне, Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламенттің қос палатасына, Жоғарғы Сотқа, Бас прокурорға, Әділет министріне, сондай-ақ республикалық басылымда жарияланады.
Әділет министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына енетін орталық атқарушы орган болып табылады. Оның қызметі республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен және өзге де заңнамалармен тыйым салынбаған көздерден қаржыландырылады. Министрлікті Премьер-министрдің ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және босататын Министр басқарады.
Әділет министрлігінің орталық аппараты департаменттерден, агенттіктерден және негізгі міндеттерді орындауды қамтамасыз ететін басқа да құрылымдардан құралады. Оларға: заңнамалар және халықаралық құқықтар департаменттері; сот қызметін ұйымдастырушы сот сараптамсы және атқарушы өндірісі; заңдық қызмет көрсету; қаржылық және ресурстық қамтамасыз ету ұйымы; ішкі әкімшілік және жылжымайтын мүлікті және заңды тұлғаларды тіркеу жөніндегі агенттігі жатады. Бұл құрылымдардың әрекеті олар туралы ережеге сәйкес реттеледі.
Әділет органдарына келесі міндеттер жүктелген:
1) заңжобалық, талдау, жетілдіру, заңнаманы жүйелендіруді жұмысын жүргізу;
2) нормативтік құқықтық актілерді құқытық сараптау;
3) соттар жұмысын ұйыдастыру, кадрмен және материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
4) азаматтық даулар бойынша, сондай-ақ келген материалдық нұқсанның орнын толтыру жөніндегі қылмыстық істер бойынша атқарушы өндірісті қамтамасыз ету;
5) сот-сараптамалық қызметті ұйымдастыру;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық келісім дайындауын және келісім жасасуын құқықтық қамтамасыз ету, шетелдік құқықтық көмек берумен байланысты шараларды үйлестіру;
7) Мемлекеттік тіркеу жүргізу:
- заңды тұлғаларды,
- жылжымайтын мүлікке және оларға қатысты мәмілені;
- құнды қағаздар эмиссиясын;
- нормативтік құқықтық актілерді;
8) құқықтық көмек және заңдық қызмет көрсетуді ұйымдастыру;
9) құқықтық насихаттау мен құқықтық жалпы оқытуды ұйымдық - әдістемелік қамтамасыз ету;
10) заңнамамен жүктелген өзге де міндеттерді орындау.
Прокуратура қызметі көп қырлы және мазмұндылығы жағынан маңызды. Ол қоғамдық қатынастардың заңнамалық реттеуді талап ететін көптеген салаларын қамтиды. Құқықтық нормаларды қолданған кезде туындайтын қандайда болмасын мәселе прокуратураның (юрисдикциясына) хұкімі шегіне енеді. Прокуратураның барлық органы Бас прокурорға бағынады. Прокурордың лауазымды атқару мерзімі белгіленбеген. Бас прокурор 5 жыл мерзімге тағайындалады.
Прокурорды тағайындаудың басты себебі, құқық бұзушыларға, құқық бұзушылыққа және олардың салдарларына императивтік ықпал етудің мейлінше тиімді демократиялық әдісін қолданып, сондай-ақ елдегі заңдылықтың нығайюына жәрдемдесу болып табылады. Прокуратура құзыреттігі:
1) қылмыспен күресте басты ұйымдастырушы және үйлестіруші болады;
2) тергеу, анықтау және жедел іздестіру қызметін жүргізуге құзырлы барлық мемлекеттік органдар қызметінің заңдылықтарын бақылайды;
3) тұтқындау және барынша маңызды тергеу әрекетіне санкция береді;
4) жазаланушыны сотқа береді;
5) мемлекеттік айыптауды қолдайды;
6) заңда қарастырылған жағдайларда азаматтық процесстерде арыз беруші тарапынан басты процессте айыптаушы жақ болады;
7) қылмыстық және азаматтық істер бойынша наразылық білдіру құқығына ие;
8) басқа да өкілеттіліктер атқарады.
Прокурорлар келесі қадағалау түрлерін жүргізеді:
1) адам және азаматтың құқықтары мен бас еркіндіктерін, заңды тұлғалар мен мемлекеттің мүдделерінің сақталуын қадағалау;
2) жедел іздестіру қызметін қадағалау;
3) тергеу және анықтау заңдылықтарын қадағалау;
4) әкімшілік істердің заңдылығын қадағалау;
5) атқарушы істердің заңдылықтарын қадағалау;
6) сот қаулыларының заңдылықтарын қадағалау.
Қадағалау міндетінен басқа прокуратура басқа міндеттерді атқарады – бұл қылмыстық іздестіру және сотта мемлекет мүддесін қорғау.
Прокурор жүзеге асыратын қылмыстық іздестіру қылмыс жасаған тұлғалардың кінәсын мойындату, сондай-ақ оларға жаза қолдану немесе басқа да қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын қолдануды қамтамасыз ету. Прокурор бұл ретте, анықтау және алдын-ала тергеу органы сияқты жеке тергеу әрекеттерін жасауға, оларды жүргізу туралы тапсырма беруге құқылы.
Ішкі істер органдарының қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы заң күші бар Жарлығымен және басқа да қайшы келмейтін нормативтік актілермен реттеледі. Оларға сәйкес ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бас бостандықтарына қол сұғудың алдын алу, қылмыстық және басқа құқықтық қарсы әрекеттерді болдырмау және жолын кесу, қоғам мен мемлекеттің мүделерін қорғау бойынша атқарушы және реттеуші міндеттерді жүзеге асырады.
Ішкі істер министрлігін бір мезгілде ішкі әскерлер қолбасшысы болып табылатын Ішкі істер министрі басқарады. Оны лауазымға Премьер-министрдің ұсынымы бойынша Президент тағайындайды. Министр қол астындағы ведомстволарға басшылық жасайды.
Қазіргі уақытта ІІМ жүйесінде келсі ведомстволар қызмет етеді:
- криминалдық полиция департаменті (оған қылмыстық іздестіру және жедел қызмет қызметтері енеді). Департаменттің басты міндеті – анықтау, тыйым салу және қылмысты ашу;
- тергеу департаменті – қылмыстық істерді тергеу мен анықтау жүргізумен айналысады;
- криминалистік бөлімшелер – заттай айғақтарды алу және қажетті жедел зерттеулер жүргізуде тергеуге көмектеседі;
- әкімшілік полициясының департаменті әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын-алуды жүзеге асырады;
- патрульдік полиция департаменті көшедегі және қаланың, елді-мекендердің қоғамдық орындарындағы қоғамдық тәртіптің сақталуын ұйымдастырады;
- жедел-техникалық қызмет департаменті ІІМ-ін ақпараттық және жедел-техникалық қамтамасыз етумен айналысады;
- жол полициясы департаменті бұрынғы МАИ жұмысын атқарады;
- мемлекеттік күзет қызметі департаменті барлық күзет жүйесі ведомстволарының жұмысын басқарады;
- арнаулы полиция департаменті арнаулы нысандардағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді (арнаулы милиция бөлімшесі негізінде құрылған);
- қылмыстық-түзеу жүйесі департаменті еңбекпен түзеу мекемелерінің қызметін ұйымдастырады;
- тыл, қаржылық қамтамасыз ету департаменті ІІМ қызмет атқаруын қамтамасыз етеді.
Ішкі істер органдарының негізгі міндеттері:
- қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
- қылмысты болдырмау, анықтау, қылмыстың және басқа да құқық бұзушылықьың жолын кесу;
- қылмыстық істер бойынша анықтау және алдын-ала тергеу жүргізу;
- әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу;
- қылмыстық және әкімшілік жазалауды орындау;
- бас бостандығынан айыру орындарындағы құқытық тәртіпті қамтамасыз ету және ерекше түзім қалыптастыру, әкімшілік жазаға тартылғандарды ұстау;
- кәмелетке жасы толмағандар құқықбұзушылығын, бақылаусыздықты анықтау және болдырмау;
- жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сақталуын бақылау;
- төлқұжаттық және визалық жұмыс жүргізу, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың Қазақстан аумағына келу ережелерін сақтауды бақылау;
- басқа да заңнамамен белгіленген міндеттер.
Ішкі істер органдарының қызметі құқық қорғау қызметіне тән, оның ішінде: заңдылық, дара басшылық, жүйенің тұтастығы, жариялылық, басқа құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесу, ұйымдармен және азаматтармен әріптесу сияқты жалпы принциптермен сипатталады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 қарашадағы «Ұлттық қауіпсіздікті нығайту, ұйымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күресті одан әрі жүргізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен мемлекеттік тергеу комитеті таратылған. Жауапты мемлекеттік лауазымдар атқаратын тұлғалардың, әскериқызметкерлердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, арнаулы қызметтер мен соттардың ұйымдасқан қылмысқа қарсы, сондай-ақ қылмыстық қоғамдастық жүзеге асыратын контрабандамен және есірткі бизнесімен күрес жөніндегі өкілеттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетін Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындап, лауазымнан босататын Төраға басқарады. Ол қызметтің негізгі бағыттарына сәйкес келетін басқарма және бөлімдерден тұратын аппаратқа орынбасарлар қабылдайды.
Ұлттық ауіпсіздік органдарының қызметіне:
- мемлекеттің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысады;
- Қазақстан Республикасы аумағындағы барлау және басқа да шетел мемлекеттерінің және жекелеген тұлғалардың жауыздық әрекеттерін анықтап, жолын кесу бойынша жұмыс жүргізеді;
- террорлық және конституциялық құрылымды зорлықпен өзгертуге, шекара тұтастығын және мемлекет қауіпсіздігін бұзуға бағытталған басқа да әрекеттерді анықтау, ескерту және жолын кесу;
- олардың әрекетіне қатысты қылмысты анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу;
- мемлекеттік органдарды, ұйымдарды және әскери құрылымдарды шифрлық және кодтық байланыспен қамтамасыз ету енеді.
Ұлттық қауіпсіздік органдарының құқықтары:
- аса күрделі қылмыстық істер бойынша, ауыр және ерекше ауыр қылмыстар, жоғарыда аталғандардан басқа, сондай-ақ конституциялық құрылым мен мемлекет қауіпсіздігіне, терроризмге қатысты қылмыстар туралы істер бойынша алдын-ала тергеу жүргізу;
- жекелеген жағдайларда анықтау жұмысын жүргізеді, мысалы экономикалық контрабанда, айналымнан алынып, шектелген (біліксіз құрамдар) препараттар немесе бұйымдармен кантрабанда туралы істер бойынша.
Аталған органдар қылмыстық іс қозғаған жағдайда:
- Қазақстан Республикасы Президентінің «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Жарлығы қарастыратын жедел-іздестіру шараларын жүргізеді;
- қамауға алу шараларын қолдану туралы шешім шығарылған қылмыс жасаған деген күдікті тұлғаларды ұстау үшін тергеу изоляторы бар;
- әртүрлі салада сараптамалық-криминалистік зерттеулер жүргізеді;
- қызметіне штаттан тыс еріктілерді тартады;
- арнаулы күзетілетін нысандарға кіруге талпынумен байланысты әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаларды ұстайды;
- бақылау жасайды, мемлекеттік, коммерциялық және банк құпияларын және өзге де заңмен қорғалатын құпияларды сақтауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді;
- ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің, олардың бөлімшелерінің ведомстволық, жайларының және көліктерінің құрпиялылығын сақтау мақсатында басқа мемлекеттік органдармен ұйымдардың құжаттарын пайдалана алады;
- заңмен көрсетілген жағдайда күш, сондай-ақ қару мен арнаулы құралдар қолдана алады;
- заңмен көрсетілген басқа да әрекеттер орындауға құқылы.