Азақстан Республикасының әлеуметтік ахуалының дамуы.

Тәуелсіз Қазақстанның алдына қойып отырған басты мақсаттарының бірі – адамдардың жақсы тұрмысын іс жүзінде қамтамасыз ететін қоғам орнату. Осы орайда әрбір адамға кәсіпкерлік еркіндік пен мүмкіндік туғызып, жоғары әлеуметтік мәртебеге жетуін қамтамасыз ету, зейнетақыны және жәрдемақыны арттыру бүгінгі күннің қажеттілігінен туындап отыр. Әлеуметтік саладағы басты міндеттер: ұлттық байлықты көбейту, халықтың тұрмыс-тіршілігі жөнінен дүние жүзіндегі озық дамыған елдермен арамыздағы артта қалушылық пен алшақтықты азайту, яғни технологиялық дамудағы және тұрмыс жағдайы деңгейіндегі айырмашылықты қысқарту.

Алайда, қоғамдық қатынастардың өзгеруімен және нарықтық экономикаға көшумен байланысты халықтың тұрмыс жағдайы төмендеп кетті. Еліміздің экономикасының құлдырауымен байланысты еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы бұл жылдары тиісінші дәрежеде өспей, тауарларды ырықтандыру деңгейінен ондаған есе артта қалып қойды. Халықты жұмыспен қамту проблемасы күрделенді. 1991 жылдан бастап республикада жұмыссыздық басталды. Әсіресе, ауылдық жерлерде кеңшарлардың таратылуына байланысты жұмыссыздық көбейді. Жастар жұмыс іздеп қалаға шұбырды. Қалаға келгенде де олар қарық болған жоқ. Не баспана, не дайын жұмыс пен табыс жоқ, сенделіп жүріп, азын-аулақ саудамен, рэкетпен, ұрлық-қарлықпен шұғылданып, мыңдаған қазақ жастары қылмыскерлер қатарын толтырды.

Қазақстанның әлеуметтік саласындағы басты мәселелердің бірі – зейнетақымен қамтамасыз ету. Соңғы кезде елімізде зейнеткерлердің қатары едәуір өсіп, олардың саны 2002 жылы 3 млн. адамға жетті. Үкімет зейнетақы мәселесі шешу үшін үш бағытта бірқатар жұмыс жүргізді. Бірінші – зейнетақының бұрынғы қарыздарын жабу, екінші – зейнетақыны уақытында төлеу, үшінші – зейнетақы жүйесін реформалау. Бұл үш бағытта жүргізілген іс-шаралар бірсыпыра қайтарымын беріп, 1999 жылдың зейнетақы қарызын төлеуде бірқатар шаралар іске асырылды. Әсіресе, 7-8 ай бойы зейнетақыларын ала-алмай келген ауыл тұрғындарына ерекше көңіл бөлінді. Зейнетақыны одан әрі арттыру бағытында шаралар жүргізілді. Атап айтқанда, зейнетақының ең төменгі мөлшері 1998 жылы 3 мың теңге болса, 2000-жылы 4 мың теңгеге жетті. 2000-2002 жылдары зейнетақы төлемдерінің ең аз мөлшері үш мәрте артып, 23 пайызға өсті. 2003 жылдың басында Президенттің жарлығымен ең төменгі зейнетақы көлемі 5 мың теңгеге жетті. 2004 жылдың қаңтарынан төменгі зейнетақы мөлшері 5800 теңгені, ал орташа зейнетақы мөлшері – 8335 теңгені құрады.

Елімізде реформалау нәтижесінде аралас әрі ерікті жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылып, ол өзінің тиімділігін көрсетті. 1,5 миллионнан астам зейнеткер ынтымақты негізде зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етілді. Зейнетақы индексациялаумен бірге 2003 жылы оны саралап өсіру жүзеге асырылды. Жеке жинақ принциптеріне негізделген қамтамасыз етудің бір ғана түрі – жинақтаушы зейнетақы жүйесі ойдағыдай дамытылуда. 2004 ж. бір мемлекеттік және 15 жекеменшік жинақтаушы зейнетақы қорларындағы 6,5 млн. азаматтың жеке есепшоттарында 415,2 млрд. теңге зейнетақы жинақталды. Оның ішінде 115,7 млрд. теңгесі инвестициялық кірістен түскен. Халықтың зейнетақылық жинақтаулары тұрақты түрде көбеюде, оның көлемі 2008 жылдың басында 1,1 триллион теңгеден асып түсті.

Сөйтіп, біз зейнетақы жүйесін реформалауды табысты жүргіздік. Базалық зейнетақы төлемдерін есепке алғанда, ең төменгі зейнетақы көлемі 1998 жылдан бері 4,3 есе, ал зейнетақы төлемдерінің орташа көлемі 3,3 есе көбейді. 1,6 миллионнан астам адам мемлекеттік зейнетақыны республикалық бюджеттен алады (Егемен Қазақстан. 15.12.2008).

Халықтың тұрмысындағы маңызды көрсеткіш – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұрын да, қазір де тұрғын үй адамдардың ең басты мұқтажы болып отыр. 90-шы жылдары республикада тұрғын үй салу төмендеп кетті. Тек Қазақстан экономикасының 2000 жылдан бастап ілгерілеуімен байланысты тұрғын үй құрылысы соңғы жылдары қайтадан көтерілді. 2002 жылы үй құрылысына 29,4 млрд. тенге инвестициялық қаржы жұмсалды немесе 2001 жылмен салыстырғанда 7,9%-ке артты. Жаңадан 1402,7 мың шаршы метрді қамтитын 11,2 мың пәтер іске қосылды. Үй құрылысы, әсіресе, Алматы мен Астана қалаларында кең өріс алды. 2004 жылғы көктемдегі Президенттің халыққа жолдауында республикадағы арзан үй құрылысын кеңейту, ұзақ мерзімге 9-10 пайызбен берілетін ипотекалық несиелер, жинақтаушы тұрғын үй банкілерінің көмегімен мүмкіндігі төмен отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы жарияланды және оны іске асыру үшін Үкімет қазір қарқынды жұмыстар жүргізуде. 2005-2007 жылдары 19 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жоспардағыдан 22 процентке артық. Осы уақыт ішінде елімізде 44 мыңнан астам пәтер салынды. Бюджеттік қаржы есебінен 6 мыңнан астам коммуналдық пәтерлер салынды.

Қазақстан үкіметі кейінгі жылдары халықтың әл-ауқатын жақсарту, соның ішінде еңбекшілер мен қызметкерлердің жалақысын арттыруға назар аударуда. Экономиканың көтерілуі әлеуметтік міндеттердің үлкен кешенін шешуге мүмкіндік берді. Тек 2002 жылы орташа айлық 54%-ке, немесе 1999 жылғы 9400 тенгеден 18 мың 500 тенгеге дейін көбейді, ең төменгі жалақы көлемі 5 мың тенгені құрады. Бұл жылдары үкімет, әсіресе, бюджеттегі мекемелер қызметкерлерінің жалақысын көтеруге көңіл бөлді. 2002 жылы тек мұғалімдердің жалақысы 35%-тен астам көбейтілді. Бұл мұғалімдердің орташа айлық жалақысының мөлшерін 2000 жылғы 7 мың тенгеден 9300 теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындап келеді. Мемлекеттік бюджет есебінен зейнеткерлерді, мүгедектерді, асыраушыларынан айырылған және басқа да санаттағы тұрғындарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету жүзеге асырылуда. Олардың барлығы 3,5 миллион (немесе барлық тұрғындардың 23,6%) адамнан асады. 2004 жылы 1999 жылмен салыстырғанда әлеуметтік қамтамасыз ету шығындары 1,5 есе көбейді. Бұл қазақстандықтардың кірісін айтарлықтай арттырды, оған мынадай өсім индикаторлары дәлел болады. 1999-2004 жылдары ең төменгі жалақы көлемі 2,5 есе (2605 теңгеден 6600 теңгеге дейін); төменгі зейнетақы көлемі – 1,9 есе (3000-нан 5800 теңгеге дейін); орташа жалақы – 2 есе (11864-тен 26048 теңгеге дейін); орташа зейнетақы көлемі – 2 есе (4104-тен 8529 теңгеге дейін); күнкөріс шегі – 1,5 есе (3394-тен 5394 теңгеге дейін); орташа мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі – 1,3 есе (3441-ден 4670 теңгеге дейін) өсті (Н.Назарбаев. Жаңа кезең - жаңа экономика. // Егемен Қазақстан, 16.12.2004).

Тұтастай алғанда, 90-шы жылдардың аяғымен салыстырғанда 2007 жылы әлеуметтік қамсыздандыруға шығындар 3 еседен астамға өсті.

Халықтың денсаулығын сақтау және оның деңгейін көтеру мақсатында Президенттің жарлығымен 2002 жыл – Денсаулық жылы деп жарияланды. Денсаулық жылының аясында ауылдағы көптеген медициналық мекемелер жөндеуден өтті. Денсаулық сақтау саласының 88 нысаны жаңадан салынды. 2002 жылдың тағы бір ерекшелігі жеке Денсаулық сақтау министрлігі, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және Фармация комитеті құрылды. Жалпы, 2000-2002 жылдары денсаулық сақтау саласын республикалық бюджеттен қаржыландыру екі еседен астамға, жергілікті бюджеттен – 50%-ке дерлік ұлғайды. Ал 2007 жылы ғана республика бойынша 23 денсаулық сақтау нысаны салынды.

Соңғы он жылда (1997-2007) мемлекеттің денсаулық сақтау саласына шығыны 13 есе өсіп, 2007 жылы 338,5 миллиард теңгені құрады. 1991 жылдан бері денсаулық сақтаудың 290 нысаны салынып немесе қайта жөнделіп, оларға 100 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Соңғы бес жылда алғашқы көмек көрсету буынын құрал-жабдықтармен және медициналық техникамен жарақтандыру 3 есеге жуық өсті. Егер осыдан 10 жыл бұрын 1200-ге жуық ауылдық елді мекен медициналық қамтамасыз етусіз қалса, қазіргі уақытта ауылдықтар жер-жерде медициналық көмекпен қамтылып отыр. Тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетуді қаржымен қамтамасыз ету көлемі кепілдендірілді және 2003 жылдан бастап өткен кезең ішінде мемлекеттің осыған бағыттаған шығыны 3 есеге артты (Егемен Қазақстан. 15.12. 2007). Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2010 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламасы табысты жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында (Егемен Қазақстан, 2005 ж. 19 ақпан) атап көрсеткеніндей: Бүкіл дүниежүзілік банктің жіктемесі бойынша қазіргі уақытта Қазақстан кірісі орта деңгейдегі елдердің тобына кіреді. Егер өмір сапасының негізгі көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, онда соңғы 10 жылда (1995-2005 жж.) қазақстандықтардың орташа ақшалай кірісі 5 есе; ал орта айлық жалақысы 6 есеге жуық; ең төменгі табыс мөлшері 25 есе; зейнетақылардың орташа айлық мөлшері 4,6 есе; жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері мен бір кісінің жасайтын салымының көлемі тиісінше 35 және 37 есе өскенін көреміз. Экономикамыздың қарқынды өсуі мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік бағдарлануын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді, мұның өзі экономикамыздың айтарлықтай бекемдік деңгейіне жеткенін айғақтайды.

Тұтастай алғанда, 1997 жылдан 2007 жылдың аяғына дейінгі кезеңде еңбекақының ең төменгі өлшемі 4,5 еседен астамға өсті, орташа айлық номиналды еңбекақы 8,5 мың теңгеден 50 мың 800 теңгеге дейін – 6 есеге жуық артты. Барлық соңғы жылдар бойында орташа еңбекақы деңгейі жөнінен Қазақстан ТМД-да көшбасшы елдердің бірі болып табылады. 2002 жылдан бастап реформалау жүзеге асырылып, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын өсіру үрдісі қалыптасып келеді. Оның деңгейін жүйелі арттырудың арқасында 2007 жылы бюджетшілердің еңбекақысы 2,5 еседен астамға артты. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа көлемі 1998 жылдан бері 3 есеге жуық өсті Бүгінде 630 мыңдай адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады.

Жалпы алғанда, ел экономикасы 2001 жылдан бастап жылына орта есеппен 10 пайызға өсіп отырды. Бұл өте үлкен де жедел өсу болып саналады (ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауынан. – Егемен Қазақстан, 7.02.2008).

Еліміздегі әлеуметтік ахуал да тұрақты қалпында. 2000 жылдан бастап, 2008 жылға дейін мемлекеттік бюджеттің білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындары 5 еседен астам ұлғайды. Біздің 5 миллионнан астам азаматтарымыз мемлекеттік әлеуметтік қорғаумен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш осыдан бес жыл бұрынғыға қарағанда екі есеге артық.

Ал осы жылдар ішінде Қазақстанда жүздеген, мыңдаған жаңа кәсіпорындар пайда болды. Қазіргі кезде автомобиль құрастыратын, оның ішінде жеңіл автокөліктер де құрастыратын бес кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанда радиотехника мен компьютер де құрастырылады. Жиһаз жасау өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және басқа салалар серпінді дамуда.

Сөйтіп, қорыта келгенде, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда алғашқы жылдардағы кездескен көптеген қиыншылықтар мен қайшылықтарға қарамастан экономиканы дамытуда, әлеуметтік мәселелерді шешуде біршама жұмыстар атқарылды және елеулі табыстарға қол жетті. Соның нәтижесінде біздің еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр. Қазақстан бүгін әлемнің ең серпінді дамып келе жатқан елдерінің бірі саналады. Еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу мемлекеттің қатарына ену жөніндегі міндеттерді шешуде айтарлықтай ілгері жылжыды. Біздің мемлекет тәуелсіздіктің он алты жылында экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды жедел де тиімді іске қосып, қай салада да ТМД елдері ішінде көшбасшы атанды.

Наши рекомендации