V. Интеллектуалды ұлт
Қазақстанның алдында экономиканы жеделдете модернизациялау, шикізаттық экономикадан индустриялық экономикаға көшу міндеті тұр.
Қазіргі уақытта республикалық маңыздағы инвестициялық жобалардың тізімін қалыптастыру аяқталып келеді.
Олар барлығы жалпы сомасы 7,5 миллион теңге болатын 97 жоба. Оның ішінде 380 миллиард теңгені құрайтын 26 жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Олар - жаңа кәсіпорындар, білім беру мен денсаулық сақтау саласының жаңа нысандары.
Біз дамыған елдерден озық технологияларды тартып, бірлескен өндірістер құрудамыз, инновациялық жобаларға қолдау көрсетілуде. Бірақ егер біз экономикасы тұрақты дамыған елдер клубына өтеміз десек, бұл жеткіліксіз. Оның сыртында аса озық технологияларын бізге ешкім де әншейін бере салмайды.
Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуетін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет.
Өкінішке қарай, өмір сүру үшін қаражат керек. Бірақ, Артур Шопенгауэр айтқандай, үлкен дәулет пен билік адамды бақытты ете алмайды. Ондай адамдардың әрқайсысында да "өзіне тән қам-қарекеті мен мұқтаждары бар кедей жасырынып жатыр".
Біздің ендігі міндет - қазақстандықтардың, бірінші кезекте жастардың білімділікке, интеллектіге, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастарын өзгерту.
АҚШ пен Еуропада Нобель сыйлығын алған ғалымдарды тек еңбегі мен ашқан жаңалықтары үшін ғана құрметтемейді. Олар барша үшін де үлгі болып саналады. Олардың үлгісін жастарға өнегелеп, сол арқылы күш-жігердің, еңбек пен таланттың әркезде де табысқа бастайтынын көрсетеді.
Бізге ұлттық интеллектінің діңін құру қажет, бізге халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын эрудициялы адамдар керек.
"Болашақшылармен" кездесіп, "Интеллектуалды ұлт-2020" жобасын ұсынғанда мен осындай мақсаттарды көздедім.
Жоба негізінде үш аспекті бар.
Бірінші. Қазақстанның білім беру жүйесіндегі серпіліс.
Бүгінде білім беру үдерісіне мүмкіндігінше кеңірек қарауға болады. Әр адамды қазіргі заманғы әлемде іс істеуге, білім ала білуге, өмір сүре алуға, бірлесіп өмір сүре білуге үйрету қажет. Бұл ЮНЕСКО қалыптастырған "білім берудің төрт тағаны".
Ұзақ жылдар бойы біздегі білім берудегі басты проблема ақпараттарға қол жеткізу болды. Кітап күткен ұзыннан-ұзақ кезектер, мыңдаған беттік конспектілер, бір кітапты бірнеше адамның жабыла оқуы сияқты жәйттер аға буынның әлі де есінде.
Бүгінде жағдай басқаша. Сарапшылар барлық кездерде жазылған кітаптарға қарағанда, ақпараттардың 2006 жылы жаһандық ауқымда 3 миллион есе көп шығарылғанын есептеп шыққан. Баспа түрінде ол Жерден Күнге дейінгі биіктіктегі 12 үйме кітап. Болжам бойынша 2010 жылы ақпараттың бұл көлемі тағы да алты есе ұлғаймақ. Ақпараттың мұндай көлемінде жоғалып кетуге де болады.
Сондықтан қазіргі заманғы білім берудің перспективалық міндеті - ол сындарлы ойлай білетін және ақпараттар ағынында бағдар ала білуге қабілетті адамдарды даярлау.
Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру ісі бастапқы интеллектуалдық әлеует пен жас қазақстандықтардың жақсы денсаулығын қалыптастыра білуі керек. Олар терең ақылымен, шексіз қызығушылығымен және өмірлік күш-қуатымен ерекшеленуге тиіс.
Орта білім белсенді, білімді және табыстарға бағдарланған тұлғаларды тәрбиелеуге жауап береді. Оқушылар "ешқашан бастауды тоқтатпа, ешқашан тоқтауды бастама" деген ақиқаттан адаспаулары тиіс.
Осы жылы менің тапсырмам бойынша Астана мен Семейде интеллектуалдық мектептер ашылды. 2011 жылға дейін мұндай мектептер еліміздің әр аймағында ашылатын болады. Олардың міндеті - дарынды балаларды, олардың таланттарының бағытын тауып, мақсатты дайындықтарын бастау. Дарынды балалар бізде бар.
Бұл мектептердегі негізгі екпін нақты және табиғи ғылымдарды оқытып, сындарлы және креативті ойлау қабілетін дамытуға түсірілетін болады.
Мен бұл мектептерден үлкен нәтижелер күтемін. Олар Қазақстанның интеллектуалды элитасын тәрбиелеудің іргетасы болулары тиіс.
Бұл мектептер түлектерінің әлемнің кез келген университетінде оқуға мүмкіндіктері болулары тиіс.
Бірақ бұл басқа мектептерді дамытпаймыз дегенді білдірмейді. Ауылдағы білім беру мәселесі ерекше маңызға ие.
Мен жас педагогтарды ауылдарға қоныс аударуға шақырамын. Біз олардың қаладағы мектептерден кейін қалуын, оның ішінде қашықтықтан оқыту әдістері есебінен еңсеруге міндеттіміз.
"Болашақ" интеллектуалды мектептері, Астанадағы Халықаралық университет - біздің білім беру жүйемізді әлемдік стандарттарға жақындату міндеті қойылып отырған аса маңызды элементтер, міне, осылар.
Алдағы жылы Астанада ашылуы жоспарланып отырған әлемдік деңгейдегі Халықаралық университет инженерлік және техникалық кадрларды, генетика, биохимия, физика мамандарын дайындайтын болады. Онда заманалық зертханалар, Ұлттық биотехнологиялық орталық және басқалары жұмыс істейтін болады.
Біз басында ҚазҰУ, ҚМЭБИ және ҚБТУ тұрған тоғыз ұлттық университетке үлкен үмітпен қараймыз.
Олар отандық жоғары білім берудің негізгі жон арқасы болулары тиіс.
Бір сөзбен айтқанда, біз алдағы жылдары білім беру жүйесінде серпінді іс-қимыл танытуға бел шеше кіріспекпіз.
"Интеллектуалды ұлт" жобасының екінші аспекті - ғылымды дамыту және еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру. Ғылым инновациялық экономиканың негізі болуы тиіс.
1990-шы жылдары біздің ғылыми институттар аса ауыр жағдайда қалды. 2000 жылдан бастап ахуал өзгере бастады.
Соңғы бес жылда қазақстандық ғылымды қаржыландыру төрт есеге жуық ұлғайып, үстіміздегі жылы 18,5 миллиард теңгені құрады. Ғылымды дамытудың 2012 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Осының арқасында Қазақстан жаһандық бәсекелестік рейтингінің "Инновациялық даму" индексі бойынша өзінің орнын 13 позицияға жақсартты.
Бірақ қазақстандық ғылым әзірше біздің экономикамыздың нақты талабынан алыс жатыр. Көптеген ғылыми зерттеулердің нәтижесін бизнес соншалықты қажетсінбейді. Орташа 100 қазақстандық ғалымға шет елдерде жарияланған бір ғана ғылыми мақаладан келеді. 15 мың ғалымнан тек бір-екеуі ғана халықаралық патенттер ала алады.
Сондықтан басқарудың моделін ғана емес, сондай-ақ ғалымдардың өздерінің қызметіне деген көзқарасын өзгерткен маңызды.
Жақында мен бірқатар нақты шаралар қабылданған ғылымды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткіздім.
Ғылыми жүйеге қатысушылардың барлық шешуші функциялары оңтайландырылатын болады.
Қолданыстағы жүйе бойынша ғылыми жобаны қаржыландыруға тапсырыс алудың өзі ғана кем дегенде 5 баспалдақ - институт басшылығы, ғылыми орталық, ғылым жөніндегі комитет, салалық министрлік, Үкімет арқылы өтеді.
Қазір артық буындар қысқартылуда. Ғалымдар қаржыландыру үшін тікелей мамандандырылған ғылыми кеңестерге жүгінетін болады.
Оларға ғылыми жобаларды іріктеу және гранттар беру туралы шешім қабылдау функциясы бекітіп беріледі.
Білім және ғылым министрлігі мен Ғылым комитетінде қаржылық, материалдық және техникалық аспектілерді қамтамасыз етудің әкімшілік функциясы сақталып қалады.
Сондай-ақ ғылыми қызметті қаржыландырудың базалық, бағдарламалы-мақсаттық және гранттық - үш компоненттен тұратын жаңа жүйесі енгізіледі.
Ғылыми мақсаттардағы барлық шығындар мемлекеттік сатып алулар жүйесінен шығарылады. Үкімет НИОКР-ды қаржыландыру үшін бизнес-құрылымдарды тарту жөнінде шаралар қарастырып жатыр.
Көріп отырғандарыңыздай, мемлекет ғылымды дамытуға қажетті барлық шараларды қабылдауда. Бірақ мұның барлығы егер білікті кадрлар болмаса, бекер болар еді.
Сондықтан мен жастарға елімізге ең алдыңғы қатарлы ғылым салаларында жұмыс істейтін талантты ғалымдар қажет деп үндеу тастаймын. Ғылымға барыңдар, құлшыныңдар, өздеріңнің зерттеу таланттарыңды жүзеге асырыңдар!
Қазір Қазақстан үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Тұтастай алғанда алдағы кезеңде мына төрт бағыт әлем картасының ғылыми-технологиясына үлкен ықпал ететін болады.
Бірінші - биотехнология және биохимия. Бұл - азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, адамның иммундық жүйесін нығайту, интеллектуалдық жүйе құрудағы маңызды бағыт. Сондықтан қазір біз Астанада Ұлттық биотехнологиялық орталық құрдық.
Екінші - экоэнергетика. Бұл - энергияның қайталама көздері, "жасыл энергетика", отын элементтері, жоғары өткізгіштер, көміртегі қосындысын ұстау мен сақтау, энергияны аз тұтынатын жарық көздері.
Үшінші - экология. Парникті газдар шығарындыларын азайту, су тазарту, түрлі биосубстанцияларды тез анықтау, биологиялық тұрғыдан ыдырайтын пластиктер енгізу, бактериялар құру, қоршаған ортаны ластандырғыштарды жою технологиялары белсенді дамитын болады.
Төртінші - антиэйджинг (антикәрілік). Бұл өмірді ұзарту мен жасаруды зерттеу.
Бұл зерттеулер қаншалықты күрделі көрінгенімен, адамзат ерте ме, кеш пе бұл мәселелердің бәрін шешеді. Біздің ғалымдарға да адамзаттың осы проблемаларымен неге айналыспасқа? Бұл жастар үшін қосымша рух беретін міндеттер емес пе?
"Интеллектуалды ұлт" жобасының үшінші аспекті - бұл инновация жүйесін дамыту.
АҚШ-та бір мегаватт электр энергиясы мен бір тонна темір рудасынан 10 компьютер жасар еді, КСРО-да - 10 рельс, ал Ауғанстанда - ештеңе де. Бәрі де қарапайым - қолда бар ресурстардан пайда барынша мол болуы үшін технологиялар, ноу-хау қажет.
Фрэнсис Бэкон: "Білім - ел мен халыққа пайда әкелгенде ғана күш", деген екен. Егер экономикалық пайда әкелмесе, ғылыми-техникалық прогрестен еш пайда жоқ.
Инновация - бұл қашанда сезгілікті тауар өндірісі өсіміне әкелетін, пайда мен бәсекеге қабілеттілікті күрт ұлғайтатын идеялар тоғысы мен бизнес.
Бүгінде Қазақстанға инновациялық қызметтің "жарылысы" қажет. Бизнес перспективалы жобаларды іздеп, оларды жүзеге асыру үшін бейімделуі және жұмыс істеуі тиіс.
Дамыған елдерде шағын бизнес барлық инновациялардың 50 пайызынан астамын және жұмыс орындарының 70 пайызын қамтамасыз етеді! Инновациялық идеялар иелері, инновацияларды жасаушылар, олар компаниялар немесе жекелеген ғалымдар болса да, сол күннің батырлары болулары тиіс. Олар туралы бұқаралық ақпарат құралдары тұрақты түрде айтып отырулары керек.
Қоғамда мінез-құлықтың инновациялық, креативтік үлгісі үстемдік құруы тиіс.
Еліміздің барлық компаниялары, әсіресе инвесторлары заңнамалық деңгейде өз пайдаларының бір бөлігінен инновациялық, ғылыми жаңалықтарға және қызметкерлерді оқытуға қаржы бөліп тұруға міндетті болулары қажет.
Қазақстанда "Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау" туралы Заң қабылданды.
Мен Үкімет алдына инновациялық қызметті белсенді ету міндетін қойдым. Бәрінен бұрын технологиялар трансферті мен білімнің кешенді жүйесін құру қажет.
Инновациялық-технологиялық дамуды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырған жөн. Бұл үшін салалық министрліктер мен ұлттық компанияларда ғылыми-техникалық бөлімшелер құру, барлық жүзеге асырылып жатқан және жоспарланып отырған жобаларға сараптама жүргізу үшін жауаптыларды тағайындау маңызды.
Инновациялық инфрақұрылымдарды белсенді сапқа қою ісін жалғастыру - Алматыда Ақпараттық технологиялар паркі құрылысын аяқтау, өңірлік технологиялар мен индустриялы аймақтар құру маңызды.
Қазақстандықтардың жаңа генерациясын қалыптастыруға бағытталған "Интеллектуалды ұлт - 2020" жобасының мәні осындай. Мұнсыз біз Қазақстанды бәсекеге қабілетті адам капиталы бар елге айналдыра алмаймыз.
Мен бүгін барлық ғалымдарды, педагогтар мен студенттерді оны жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырамын. Біріге отырып біз алдымызға қойған барлық мақсаттарымызға қол жеткіземіз және Қазақстанда интеллектуалды ұлт құратын боламыз.
Қадірлі жас ұрпақ!
Ұлттың үміті - сендерсіңдер. Саналы да сапалы, білімді де белсенді жастары бар елдің қашанда еңсесі биік, болашағы зор болмақ. Сондықтан елдің ертеңгі бақыты сендердің қолдарыңда деп мен айта аламын.
Әйтсе де, бақыт ешбір жанды өзі іздеп келмейтіні белгілі. Бақ-дәулет, барша игілік адамның өз қолымен жасалады.
Әр заманның өзінің артықшылығы мен қиыншылығы да болады.
Қазіргі бәсеке заманында қажыр-қайратың, ынта-жігерің, тынымсыз ізденісің болмаса, көштен қалу оп-оңай.
Данышпан ақын Шәкәрім бабаларың "Құбылған әлем жарысы. Ақылды жанның табысы" деп бекер айтпаған.
Ендеше, жастарға жүктелетін міндет те үлкен.
Бүгінде еліміздің даму сатысы маңызы үлкен межелі тұста тұр. Алдымызда Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесі келе жатыр.
Біз қазір бұл межеге іргемізді нығайтып, күш-қуатымызды арттырып, жетілген мемлекет ретінде келіп тұрмыз. Әлемді қалтыратқан қаражат дағдарысына байланысты қиындықтардың бетін қайтара білдік. Қазақстан - бүкіл әлем сыйлайтын және есептесетін беделі биік іргелі ел болды.
Міне, бүгінгі жауапкершілікті осындай дәрежедегі елдің игілігін одан әрі еселеп, озық елдердің қатарынан орын алу үшін сіздерге зор міндет жүктеледі. Алдымызда биікке жетелейтін үлкен мақсат тұр. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Бірақ, біз бұл міндетті жүзеге асыра аламыз.
Себебі, біз не істеу керек екенін білеміз. Елімізді өркендетудің барлық саласын ғылыми негізде қамтыған ұзақ мерзімді жоспарымыз бар.
Алыстан ойламаған жақыннан уайым табады деген бар. Біз - болашағымызды болжап отырған елміз. Енді тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабілет керек, ең бастысы, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігіміз керек.
Жастарға айтатыным: бақытты өмірді басқа жақтан іздемеңдер. Ата-бабаларымыздың айтып кеткен асыл сөздері есте болу керек. "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" деген өсиет қалдырған. Өз Отаның бұл дүниедегі жәннатың мен шуағың. Сондықтан білімдерің мен қайрат-жігерлеріңді өз елдеріңнің мүддесіне жұмсаңдар. Туған елің дәулетті, туған жерің сәулетті болса, сендер де әулетті, әлеуетті боласыңдар. Сол үшін менің қатарластарым еңбек етіп келеді. Бұл міндет сендердің де мойындарыңа түседі. Сонда өз ұрпақтарыңды ойлайтын боласыңдар. Сондықтан осы бастан қам жасау керек.
Еліңді сүйе білсең, жан аямай қызмет ете білсең, елің де сені алақанға салып аялай біледі. Осыны ұмытпаңдар. Туған елдеріңнің игілігі үшін жанкешті қайрат қылып, Қазақстанның мақтанышы болуларыңа тілектеспін, жас достар!