Жер мәселесі және земство. Алаш» партиясының бағдарламасының XX ғасырдың басындағы қазақ елінің біртұтас
Алаш» партиясының бағдарламасының XX ғасырдың басындағы қазақ елінің біртұтас, тәуелсіз мемлекет болуына темірқазықтай жол көрсетер қайталанбас құжат болғанын біз білеміз. Біз оны тарих еншісіндегі қағаз һәм белгілі бір партияның орындалмаған жоспары деп емес, қазаққа әлі де сәулесін шашуға қауқары бар күн іспеттес жоба деп қарастыруымыз керек. Міне, сол үшін мен «Алаш» партиясының бағдарламасын осы күнмен тығыз байланыстыру керектігін түсініп, осы жобаны қолға алдым. «Кезінде «Алаш» партичсының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр. Бұл ұлттық емес, патриоттық ұйым, алдына қойған мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, оны осы заманғы шындыққа бейімдеу еді» дейді Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих» толқынында кітабында. Иә, бүгінгі Қазақстанда «Алаш» партиясының бағдарламасында жазылған көп талаптар бүгінгі қоғамға лайықталып, орындалып жатыр. Ал қайта қарастыруды немесе ойға түйіп, дұрыс қолдануды талап ететін осы бағдарлама бастамаларын ашып көрсетіп, бүгінгі күнгі өзектілігінің мәні неде екенін табуға тырыстым. Бұл жобамның маңыздылығы сол – қазіргі таңдағы елге алаңдаушылық тудырып отырған ғылым-білім беру , жер мәселелерінің шешімі бола алатын «Алаш» партиясының бағдарламасының бірнеше тарауларын талай отырып, қазіргі күнмен сабақтастырудың керек екендігін ұғыну һәм пайдаланудың қажеттілігінің туындауы. Әлихан Бөкейхан бастаған бір топ ұлт зиялылары сол кезеңнің өзінде-ақ қазақтың еркіндігі мен саяси тәуелсіздігін қалай отырып, осы қадамға барған және тек әлемдік тәжірибеге сүйене отырып осы бағдарламаны құрастырған. Осылайша ақиқатында елді тек дамуға жетелейтін бағдарлама дүниеге келді. Ал біздің бүгінгі мәндетіміз – тарихты оқып қана қоймай, одан сабақ алу. Сондықтан, мені бір ғасыр арада жатқанымен аса қызықтырған «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасы бүгінгі күнмен сабақтаса отырып, осы жобаның жазылуна сеп болды. Бұл ғылыми жобаны жазуға түрткі болған – белгілі әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлының Қарағандыға келіп, өрбіткен әңгімелері де үлкен рөл ойнады.
Мақсаты: «Алаш» партиясының бағдарламасының өзекті мәселелерін және бірнеше тарауларының мазмұнын аша отырып, талдау, оның бүгінгі Қазақстанға қайталанбас үлгі екендігін дәлелдеу.
Міндеттері:
- «Алаш» партиясы бағдарламасының бірнеш тарауларының мазмүнын аша отырып, талдау;
- Бүгінгі күнгі саяси жағдайлардың, Қазақстан Республикасы Конституциясының «Алаш» партиясының бағдаламасымен сабақтастығын анықтау;
Өзектілігі: Бүгінгі саяси-әлеуметтік жағдайдың шиеленістерін шешуге «Алаш» партиясының бағдарламасын пайдаланудың маңыздылығы.
Гипотезасы: «Алаш» партиясының бағдарламасы бүгінгі күндегі саяси жағдайда өзінің өзектілігін жойған жоқ және де көптеген мәселелерді шешуде бағдар бола алады.
Жер мәселесі және земство
Әлихан Бөкейхан «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» атты мақаласында былай дейді: «Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұрдша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді!».[1] Міне, содан Әлихан Бөкейхан Кадет партиясынан оның жер басқару жүйесі және Ұлт аутономиясына қарсы болғаны үшін шыққанын біле аламыз. Оның себебі кезінде Еуразияда дүркіреген даңқы шыққан ғұндардың басшысы Мөденің «Жер – мемелкеттің тірегі. Оны қалай береміз» деген сөзіне саяды. Елдің жерінің тартып алынуына, адам құқықтарының ашықтан ашық тапталып, қазақтың жерінің мұжықтың қолында кетіп бара жатқанына ұлт зиялылары бейтарап қарай алмады. Қазақ жеріне бекіністер салынып, бағындырыла бастауынан бастап, шаруларды қоныс аударту, қазақытың шаруашылықпен айналысатын аймақтарынының тарылуы – бәрі де осы бастаманы тудырып отырған факторлар. Автономия құрмақ болған елдің ең бірінші де, ең үлкен мәселесі – осы жер мәселесі:
«Учредительное собрание негізгі закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деу» [2] - міне, бүгінгі күні қарастыруды талап ететін жол. Яғни, бұл жоба ең алдымен қазақтың жерінің өзіне тиесілігін, ең бірінші қазақтың игілігіне жұмсалуын көздеген.
«Қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орнасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеу; бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандары қазаққа қайту» - қазақтың өз жеріне өзі би, өзі қожа болуын талап ететін жоба. Сол бір ғасыр бұрынғы қазақ халқының занды құқығына мүлде назар аударылмағанының бір белгісі қоныс аударушы шаруалар санының одан әрі көбейе түсуі болды. Бұл орайда жергілікті жұрттың өкілдерімен алдын ала кеңесу, ақылдасу деген атымен болған жоқ. 1906 жылы Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасы П.А. Столыпин шаруаларды Ресейдің азиялық бөлігіне жаппай қоныс аудару туралы ұйғарым жасады. Столыпиннің аграрлық реформасы деп аталған реформа шаруаларды ыдыратып, Қазақстанға көшіруді ұйымдастырды. Жергілікті қоныс аудару мекемелері шаруаларға хутор салу үшін 45 десятинадан, егін егуге 15 десятинадан жер бөліп беруге міндеттелінді. Жер бөлумен айналысатын мекемелерге жергілікті халықтың жерін тартып алып, олардың жеріне келімсек шаруаларды орналастыруына рұқсат етілді. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қазақтардың егін суару құрылыстары да тартып алынды.1917 жылға қарай жергілікті байырғы халықтың пайдалануындағы 45 миллион десятина жер тартып алынды. Бұл кезде Қазақстанға қоныс аударған шаруалардың жалпы саны 1,5 миллионда болып қалған болатын.[3]
«Қазаққа тиетін жер сыбағасын жергілікті комитеттер кесу; сыбаға өлшеу-норма жердің топырағы мен шаруалық түріне қарай жасалу; сыбағадан артылған жер земство қолында болу; артық тұрған жерден ел өскеңде ауық-ауық сыбаға кесіліп берілу; Түркістанда жермен бірге су сыбағасы да кесілу; жерді қазақ үй басына иеленбей, ауыл-аймақ, туысқан табына меншіктеп алу; өзара әділдік жолмен пайдалану» - земство жер басқару жүйесінің негізгі талаптары. Қазақ жерінде земство мекемелері патша өкіметі құлағаннан кейін, Уақытша үкіметтің 1917 жылы 17 маусымдағы “Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай және Орал облыстарында земство мекемелерін ашу туралы” қаулысына сәйкес құрылды. Осыған орай Бірінші жалпықазақ съезі земство мәселесін күн тәртібіне қойып, қазақтардың земство мекемелерін құруға белсенді түрде ат салысуына ерекше мән берді. Қазақ к-ттері земствоның тек қазаққа ғана емес, өлкедегі орыстарға да ортақ екенін ескеріп, әрі олардың қазақтың жайбасарлығын пайдаланып кетпес үшін земство басқармаларына мүшелікке кімді сайлау керектігі жөнінде нұсқау беріп отырды.[4] Қазақ жерінде алғашқы земство мекемесі 1917 жылы 16 қазанда Торғай уезінде ашылды. Оның басқармасының төрағасы болып А.Бірімжанов сайланды. Облыс деңгейдегі земство басқармалары Қазақстанда 1918 жылы қаңтардан бастап құрылды. 1918 жылы 17 қаңтарда ашылған Семей облыстық земство басқармасының төрағасы Р.Мәрсеков болды. Орал облыстық земство басқармасының төрағасы болып Х.Досмұхамедов сайланды. Қазақ жерінде облыстық және уездік деңгейде ашылған земство мекемелері халықтың шаруашылығын реттеуде, оқу ісін жолға қоюда елеулі жұмыстар атқарды. Мұғалімдер даярлайтын курстар, бастауыш мектептер ашты, оқушы жастарға стипендия тағайындады. Семей облыстық земство басқармасы тағайындаған стипендияны сол кезде Семей мұғалімдер семинариясында оқыған Ж.Аймауытов пен М.Әуезов те алып тұрған. 1918 жылы Семей облыстық земство басқармасы оқушы қазақ жастарына 110 стипендия тағайындап, оған 25 300 сом қаржы бөлген. Қазақ жерінде енді қанат жайып, күш ала бастаған земство мекемелерінің күш алуына большевиктердің өкімет басына келуі мүмкіндік бермеді. Мысалы, Торғай облысының Шаруа, жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі 1918 жылдың қаңтарында земство басқармалары жойылсын деп жариялады. Бірақ земство мекемелері Азамат соғысы жағдайында саяси күштердің өзгеруіне байланысты бірде жабылып, қайта ашылып жүріп, 1919 жылдың соңына дейін қызметін жалғастырды.[5] Осылайша, қазақ жеріндегі земство жер басқару жүйесінің тарихы ұзаққа созылмады. Земство міндеттеріне «жұрттың көзі, жанашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы болу, билемейтін ісі болмау, қойма-склад жасау, жұртқа арзан егін оратын, пішен шабатын сайман алып беру, сот та қолында болу, судьяны да, милицияны да жалдау, жол түзеп, көпір салып, арық қаздыру, су басқан пішендікті құрғату, егінді, малды страхование қылу» да жатады. Бүгінгі күні де әлеуметке керек бар саланы өзі басқарып отыратын земство биілігі аса керек. «Қазақстан – 2050» бағдарламасының « МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІ ОДАН ӘРІ НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕМОКРАТИЯНЫ ДАМЫТУ» бөлімінде осы земство билігімен үндес орталықсыздандыру саясаты туралы жазылады: Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек.
Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру.
Біз 2013 жылы жауапкершілік пен өкілеттіктерді орталық пен өңірлер арасында бөлу жөнінде нақты шаралар қабылдауымыз қажет.
Жергілікті жерлердегі билік органдарының өкілеттіктері қаржылық және кадрлық ресурстармен нығайтылатын болады.
Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек.
Мен Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Ол ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді.
Біз селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз.
Оның үстіне ауыл маңындағы мал жайылымына қажетті жерлер сатылмай, ауылдың барлық адамдарына тиесілі болу керек. Ауылдардың маңындағы жайылымдық жерлердi жеке меншiкке сатуға да, жалға беруге де қатаң тыйым салу қарастырылатын болады. Сонымен қоса, осыған дейін жалға берiлiп, сатылып кеткен жайылымдық жерлер керi қайтарылуы мүмкiн. Бұл – Қызылорда облысы Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында өткен Жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысында айтылған сөз. «Қазiргi жағдайда елдi мекендер шегiндегi жайылымдық жерлерді жалға беруге тыйым салынбаған, мұндай жерлер жеке меншiкке де берiледi. Ал ауыл тұрғындарының малдары үшін жайылымдар жеткiлiксiз. Сондықтан елдi мекен шегiнен тыс жерлердегi радиусты, халықтың қажеттiлiгiне орай жайылымдық жерлердi анықтау керек. Осы елдi мекендер маңынан берiлген жайылымдарға талдау жасап, оларды керi қайтаруды қарастыру және мұндай жерлердiң жеке меншiкке де, жалға да берiлуiне қатаң тыйым салуды ескерген жөн», - деді Е.Нысанбаев. [6] Ал заң бойынша:
24-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге меншiк құқығы
1. Мемлекеттік меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен және шарттарда Қазақстан Республикасының азаматтарына және заңды тұлғаларына жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн.
2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін мемлекеттік заттай гранттар ретінде жеке меншікке беруге жол берілмейді.
3. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады.
«Жер законінде жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу». Қазақы менталитет пен мінез-құлыққа лайықтап, земство басқару жүйесін дұрыс деп шешті. Ал біздің «Жер туралы кодексімізде» « Жер учаскесіне жеке меншік құқығы - азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың өздеріне тиесілі жер учаскесін осы Кодексте белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде иелену, пайдалану және оларға билік ету құқығы» деп айтылады. Және жердің жеке меншікке берілуіне де, жалға берілуіне де мүмкіндіктер қарастырылған. Мына баптарға назар салсаңыз Жер кодексінің негізгі талаптары мен принцптеріне көзіңізді жеткізесіз:
34-бап. Тұрақты жер пайдалану құқығы
1. Жер учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен мынадай мемлекеттiк жер пайдаланушыларға:
1) кондоминиум объектiлерiндегi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды), үй-жайларды шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғаларға;
2) ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндірісін жүзеге асыратын заңды тұлғаларға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибе және оқу мақсаттарына;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнде жер пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда берiледi.
2. Тұрақты жер пайдалану құқығы шетелдік жер пайдаланушыларға тиесiлi болмайды.
35-бап. Уақытша жер пайдалану құқығы
1. Жер учаскесi азаматтар мен заңды тұлғаларға уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн.
2. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы 5 жылға дейiнгi мерзiмге беріледі.
Осы Кодексте көзделген шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жағдайларын қоспағанда, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы қысқа мерзімді (5 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (5 жылдан 49 жылға дейін) болуы мүмкін.
3. Уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) шекті мерзімдері осы Кодексте белгіленген уақытша жер пайдалану мерзімдеріне сәйкес жер учаскесiн нысаналы пайдалану ерекшеліктері ескеріле отырып, жалдаушының өтініші негізінде белгiленедi.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ шартты бұзу тәртiбi оның өзiнде көрсетiлген жағдайларда, атқарушы органдардың уақытша жер пайдалану шарттарын бiржақты бұзуына жол берiлмейдi.
5. Жер пайдалану құқығында берілген жер учаскесін мемлекеттік меншікке қайтару жасалған жер учаскесін жалдау шартына немесе уақытша өтеусіз жер пайдалану шартына сәйкес жүзеге асырылады.
37-бап. Уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығы
1. Жер учаскесiне уақытша өтеулi (қысқа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi) жер пайдалану (жалдау) құқығы азаматтарға, мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға табысталуы мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулi жер пайдаланушы (жалға алушы) шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн, басқа тең жағдайларда, жаңа мерзiмге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында басым құқығы болады. Жалға алушы осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi шартта көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.
2-1. Жаңа мерзімге шарт жасасу кезінде жер учаскесіне құқық беру, осы Кодекстің 43-бабы 1-тармағының 2), 3), 5) және 8) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, осы жер учаскесінің шекаралары өзгермейтін жағдайда осы Кодекстің 43-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
3. Мемлекеттен уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алған, осы баптың 5-тармағында аталғандардан басқа мемлекеттiк емес жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн (немесе олардың бiр бөлiгiн) жалға (қосалқы жалға) немесе уақытша өтеусiз пайдалануға беруге құқылы, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына хабарлай отырып, жер учаскесi меншiк иесiнiң келiсiмiнсiз, жер учаскесiн жалға беру шартының мерзiмi шегiнде өздерiне тиесiлi уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға да құқылы.
Аталған жағдайларда, жалдау құқықтарын кепiлге берудi қоспағанда, жер учаскесiнiң жаңа жалға алушысы жалға берушiнiң алдында жер учаскесiн жалдау шарты бойынша жауапты болады.
4. Жалға берiлетiн жер учаскесiн үйлердiң, құрылыстар мен ғимараттардың меншiк иелерi сатып алатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк меншiктегi жер учаскесiн сату кезiнде осы жер учаскесiн жалға алушының ортақ меншiк құқығындағы үлесiн бөгде тұлғаға сатуы үшiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен оны сатып алуға басым құқығы болады. [7]
«Аса зор ағаш, зор өзендер мемлекеттікі болып, аз ағаш һәм көл байлықтары земство мүлкіне саналу.» Бүгінгі күні егер земство жер басқару жүйесі аздаған өзгерістермен қабылданатын болса, жер басқаруда жергілікті жердің үлкен құндылықтары: өзен, ағаш, көл байлықтары, жердің үсті астындағы байлық земстонікі болады.
Ең дұрысы – Әлихан атамыздың жергілікті жерді басқарудың ерекше жүйесін оқып қана қоймай, оны бүгінгі күні қолдану керек. Жеке меншік жерден гөрі земство қолында болатын жер жақсы игеріледі, халық бірігіп бір аймаққа, оның жеріне, шаруашылығына ие болған соң, сол жердің гүлденуіне, шарушылығына бәрі бірдей ат салысады. Бұл мемлекетке де, жергілікті халыққа да тиімді. Сонда Әлихан атамыздың мұраларының, жалпы «Алаш» партиясының бағдарламасының «Жер мәселесі» бөлімінің бүгінгі күнмен сабақтастығы сол – 100 жыл бұрынғы қазаққа сынды бүгінгі қазақ халқына да керек жобаның жүгін көтеріп тұр. Бұл жобаның тиімділігін тарихтың өзі көрсетіп отыр.