Бап. Банктiк депозит сертификаты 3 страница
II бөлiм. Меншік құқығы және
өзге де заттық құқықтар
8-тарау. Меншік құқығы. Жалпы ережелер
188-бап. Меншiк құқығы ұғымы және оның мазмұны
1. Меншiк құқығы дегенiмiз субъектiнiң заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы.
Меншiк құқығы мәмiле жасалған кезде болған барлық жүктемелерiмен басқа адамға берiледi.
2. Меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы болады.
Иелену құқығы дегенiмiз мүлiктi iс жүзiнде иеленудi жүзеге асыруды заң жүзiнде қамтамасыз ету.
Пайдалану құқығы дегенiмiз мүлiктен оның пайдалы табиғи қасиеттерiн алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзiнде қамтамасыз етiлуi. Пайда кiрiс, өсiм, жемiс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкiн.
Билiк ету құқығы дегенiмiз мүлiктiң заң жүзiндегi тағдырын белгiлеудiң заңмен қамтамасыз етiлуi.
3. Меншiк иесi өзiне тиесiлi мүлiкке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның iшiнде бұл мүлiктi басқа адамдардың меншiгiне берiп, иелiгiнен шығаруға, өзi меншiк иесi болып қала отырып, оларға мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi өз өкiлеттiгiн тапсыруға, мүлiктi кепiлге беруге және оған басқа да әдiстермен ауыртпалық түсiруге, оларға өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
4. Меншiк иесiнiң өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс. Құқықтар мен заңды мүдделердi бұзушылық басқа нысандарымен қатар, меншiк иесiнiң өзiнiң монополиялық және өзге де басымдық жағдайын пайдаланып қиянат жасауынан көрiнуi мүмкiн.
Меншiк иесi өз құқықтарын жүзеге асырған кезде азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтiрiлуi мүмкiн зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға мiндеттi.
5. Меншiк құқығының мерзiмi шексiз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.
6. Заң құжаттарында көзделген реттерде, жағдайлар мен шектерде меншiк иесi өз мүлкiн басқа адамдардың шектеулi түрде пайдалануына жол беруге мiндеттi.
Ескерту. 188-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
189-бап. Мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығы
1. Меншiк иесi, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне тиесiлi мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығын көтередi және бiржақты тәртiппен мұндай ауыртпалықты үшiншi жаққа ауыстыра алмайды.
2. Егер мүлiк заңды түрде үшiншi жақтарда болса, олардың бөтен адамның мүлкiн күтiп ұстауға жұмсаған шығындарын, егер шартта өзгеше көзделмесе, меншiк иесi өтеуге тиiс.
Затты күтiмсiз және заңсыз ұстаған адамға мүлiктi күтiп ұстауға жұмсаған шығындары өтелмейдi (осы Кодекстiң 263-бабы).
190-бап. Мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе
кездейсоқ бүлiну қаупi
1. Иелiктен айырылған заттардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше белгiленбесе, сатып алушыда меншiк құқығы пайда болумен бiр мезгiлде соған көшедi.
2. Егер иелiктен айырушы адам заттарды беру мерзiмiнiң өткiзiлiп жiберiлуiне кiнәлi болса немесе сатып алушы оларды қабылдау мерзiмiнiң өткiзiлiп жiберiлуiне кiнәлi болса, кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi мерзiмiн өткiзiп жiберген тарап көтередi.
191-бап. Жеке меншiк ұғымы және оның түрлерi
1. Жеке меншiк азаматтардың және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар мен олардың бiрлестiктерiнiң меншiгi ретiнде көрiнедi.
2. Заң құжаттарына сәйкес азаматтарға немесе заңды тұлғаларға тиесiлi бола алмайтын жекелеген мүлiк түрлерiнен басқа кез келген мүлiк жеке меншiкте болуы мүмкiн.
Жеке меншiкте болатын мүлiктiң саны мен құны шектелмейдi.
Ескерту. 191-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
192-бап. Мемлекеттiк меншiк құқығы
1. Мемлекеттiк меншiк республикалық және коммуналдық меншiк түрiнде көрiнедi.
2. Республикалық меншiк мемлекеттік қазынадан және заң құжаттарына сәйкес мемлекеттiк республикалық заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлген мүлiктен тұрады.
Республикалық бюджеттiң қаражаты, мемлекеттiк меншiктiң осы Кодекстiң 193-бабында аталған объектiлерi және мемлекеттiк заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмеген өзге де мемлекеттiк мүлiк Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қазынасын құрайды.
3. Коммуналдық меншiк жергiлiктi қазынадан және заң құжаттарына сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлген мүлiктен тұрады.
Жергiлiктi бюджет қаражаты және мемлекеттiк заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмеген өзге де коммуналдық мүлiк жергiлiктi қазынаны құрайды.
3-1. Коммуналдық меншiк жергiлiктi мемлекеттiк басқару деңгейлерi бойынша облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) меншiк болып бөлiнедi.
4. Мемлекеттiк меншiктегi мүлiк мемлекеттiк заңды тұлғаларға шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығымен бекiтiлiп берiлуi мүмкiн.
5. Жекелеген мемлекеттік мекемелердің иелігіндегі мемлекеттік мүліктің құқықтық режимінің ерекшеліктері заң актілерімен белгіленеді.
6. Мемлекеттiк мүлiктi мемлекеттiк меншiктiң бір түрiнен екiншiсiне беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісіне сәйкес жүзеге асырылады.
Мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік меншікке ерікті және өтеусіз беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.
Коммуналдық меншiктегi мүлiктi жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың бiр деңгейiнен екiншi деңгейiне беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісіне сәйкес жүзеге асырылады.
7. Осы баптың ережелері, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде өзгеше көзделмесе немесе азаматтық құқықтардың мәніне қайшы келмесе, меншік құқығынан басқа, тиісінше мемлекеттік мүлікке өзге де азаматтық құқықтарға қолданылады.
Ескерту. 192-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 № 211, 1999.11.04 № 472, 2001.03.02 № 162, 2002.05.21 № 323, 2005.05.18 № 50, 2007.01.12 № 225, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
193-бап. Жерге және басқа да табиғи ресурстарға меншiк
Жер, оның қойнауы, су, өсiмдiк және жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекеттiк меншiкте болады. Жер заң актiлерiнде белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте болуы да мүмкiн.
Ескерту. 193-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
193-1-бап. Стратегиялық объектілер
1. Қазақстан қоғамының орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, оны иелену және (немесе), пайдалану және (немесе) оған билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін мүлік стратегиялық объект болып табылады.
2. Стратегиялық объектілерге: магистральдық темір жол желілері; магистральдық құбырлары; ұлттық электр тораптары; магистральдық байланыс желілері; телерадио хабарларын тарату объектілері (телевизия және радио хабарларын таратудың жерүсті және жерсеріктік жүйелерінің өндірістік-технологиялық кешені); мұнайды қайта өңдеу өндірістері; қуаты кемінде 50 мегаватт энергия өндіруші объектілер; ұлттық почта тораптары; халықаралық әуежайлар; халықаралық маңызды мәртебесі бар теңіз порттары; әуе қозғалысын басқару жүйесінің аэронавигациялық құрылғылары; кемелердің қауіпсіз жүзуін реттейтін және оған кепілдік беретін құрылғылар мен навигациялық белгілер; атом энергиясын пайдаланатын объектілер; ғарыш саласының объектілері; су шаруашылығы құрылыстары; ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары; сондай-ақ меншігінде стратегиялық объектілер бар заңды тұлғалар акцияларының пакеттері (қатысу үлестері, пайлары), меншігінде стратегиялық объектілер бар жеке және заңды тұлғалардың шешімдерін тікелей немесе жанама айқындауға немесе қабылдайтын шешімдеріне ықпал етуге мүмкіндігі бар заңды тұлғалар акцияларының пакеттері (қатысу үлестері, пайлары) жатқызылуы мүмкін.
Стратегиялық объектілер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекеттік және жеке меншікте болуы мүмкін.
3. Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оларды иеліктен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсат беру туралы шешімі негізінде және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде айқындалатын тәртіппен мүмкін болады.
4. Азамат немесе мемлекеттік емес заңды тұлға стратегиялық объектіні иеліктен шығару бойынша мәміле жасасуға ниет білдірген, сондай-ақ стратегиялық объектіге өндіріп алу қолданылған не стратегиялық объектіні оңалтуды не банкроттықты басқарушы иеліктен шығарған не кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) соттан тыс тәртіппен өткізген не стратегиялық объектіге сот актісінің негізінде өндіріп алу қолданылған жағдайларда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде айқындалған шарттар бойынша Қазақстан Республикасы стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығына ие болады.
Стратегиялық объектінің нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісіне сәйкес айқындалады.
Стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде айқындалады.
5. Егер стратегиялық объектіге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оны иеліктен шығару кезінде осы баптың 3 және 4-тармақтарындағы талаптар бұзылса, мұндай мәмілелер олар жасалған сәттен бастап жарамсыз деп танылады.
Ескерту. 193-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.08.07 N 321Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.02.13 N 135-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.06.22 N 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
194-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығы мен өзге де
заттық құқықтар
Тұрғын үйге меншiк құқығы мен өзге де заттық құқықтарды жүзеге асыру ерекшелiктерi тұрғын үй заңдарымен реттеледi.
195-бап. Меншiк иесi болып табылмайтын
адамдардың заттық құқықтары
1. Меншiк құқығымен қатар заттық құқықтарға:
1) жердi пайдалану құқығы;
2) шаруашылық жүргiзу құқығы;
3) оралымды басқару құқығы;
3-1) бөтеннің жылжымайтын мүлкін шектеулі түрде нысаналы пайдалану құқығы (сервитут);
4) осы Кодексте немесе өзге заң актiлерiнде көзделген басқа да заттық құқықтар.
2. Заттық құқықтарға, егер заңдарда өзгеше көзделмесе немесе осы заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, меншiк құқығы туралы нормалар қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, мүлiкке меншiк құқығының басқа тұлғаға ауысуы осы мүлiкке басқа да заттық құқықты тоқтату үшiн негiз болып табылмайды.
Ескерту. 195-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 № 211, 2007.01.12 № 225, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
9-тарау. Шаруашылық жүргізу құқығы
196-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынның шаруашылық
жүргiзу құқығы
1. Шаруашылық жүргiзу құқығы мүлiктi мемлекеттен меншiк иесi ретiнде алған және бұл мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқықтарын осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгiленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорынның заттық құқығы болып табылады.
2. Мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық жүргізу құқықтарын жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде айқындалады.
Ескерту. 196-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
197-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi
Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк бола алады.
Ескерту. 197-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
198-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығына ие болу
және тоқтату
1. Мүлiктi құрылып үлгiрген мемлекеттiк кәсiпорынға бекiту туралы меншiк иесi шешiм қабылдаған мүлiкке қатысты шаруашылық жүргiзу құқығы, егер заңдарда немесе меншiк иесiнiң шешiмiнде өзгеше белгiленбесе, бұл кәсiпорында мүлiктi кәсiпорынның дербес балансына бекiткен кезде пайда болады.
2. Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктi пайдаланудың жемiстерi, өнiмi мен кiрiсi, сондай-ақ кәсiпорын шарттар немесе өзге де негiздер бойынша алған мүлiк меншiк құқығын алуға арналған заңдарда белгiленген тәртiп бойынша кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiне келiп түседi.
3. Мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығы меншiк құқығын тоқтатуға арналған заңдарда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша, сондай-ақ меншiк иесiнiң шешiмiмен кәсiпорыннан мүлiк заңды жолмен қайтарып алынған реттерде тоқтатылады.
199-бап. Меншiк иесiнiң шаруашылық жүргiзудегi
мүлiкке қатысты құқығы
Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктiң меншiк иесi заң құжаттарына сәйкес кәсiпорын құру, оның қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын белгiлеу, оны қайта құру мен тарату мәселелерiн шешедi, кәсiпорынға тиесiлi мүлiктiң өз мақсатында пайдаланылуы мен сақталуына бақылау жасауды жүзеге асырады.
Меншiк иесi өзi құрған кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiндегi мүлiктi пайдаланудан келтiрiлген таза табыстың бiр бөлiгiн алуға құқылы.
Ескерту. 199-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.
200-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлiктiк
құқықтарын жүзеге асыру ережелерi
1. Қызметiн шаруашылық жүргiзу құқығында жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорынның, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе меншiк иесiнiң немесе ол уәкiлдiк берген мемлекеттiк органның жазбаша келiсiмiнсiз:
1) өзiне тиесiлi үйлердi, құрылыстарды, жабдықты және кәсiпорынның басқа да негiзгi құралдарын иеліктен айыруға немесе өзгеше әдiспен билiк етуге (осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда), ұзақ мерзiмдi (үш жылдан астам) жалға беруге, уақытша тегiн пайдалануға беруге;
2) филиалдар, өкілдіктер құруға, жеке кәсiпкерлермен бiрге кәсiпорындар мен бiрлескен өндiрiстер құруға, олардың өзiнiң өндiрiстiк және ақша капиталын сатуға;
2-1) оған тиесiлi акцияларға (осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда), сондай-ақ дебиторлық берешекке билiк етуге;
3) заемдар беруге;
4) үшiншi тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша кепiлдеме немесе кепiлдiк беру.
2. Мемлекеттiк кәсiпорын, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, негiзгi құралдарға жатпайтын, өзiне шаруашылық жүргiзу құқығымен бекiтiлiп берiлген мүлiкке дербес билiк етедi.
Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсіпорынның мемлекеттiк кәсіпорынның негізгі құралдарына жататын мүлiкке қатысты, сондай-ақ оған тиесілi акцияларды сатуға және сыйға беру мәмiлелерiн жасасуға құқығы жоқ.
Ескерту. 200-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154, 1998.03.02 N 211, 2002.05.21 N 323, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
201-бап. Мемлекеттiк кәсiпорындар қатысатын
қатынастарға меншiк құқығы туралы
ережелердiң қолданылуы
Мемлекеттiк кәсiпорындар қатысатын мүлiктiк қатынастарға егер осы Кодекстен және өзге заң құжаттарынан өзгеше туындамаса, осы Кодекстiң меншiк құқығы туралы ережелерi қолданылады.
10-тарау. Оралымды басқару құқығы
202-бап. Оралымды басқару құқығы ұғымы мен
оның мазмұны
1. Оралымды басқару құқығы меншiк иесiнiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мекеменiң, меншiк иесiнен мүлiк алушы және өз қызметiнiң мақсатына, меншiк иесiнiң тапсырмаларына және мүлiктiң мақсатына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген шекте сол мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырушы қазыналық кәсiпорындардың заттық құқығы болып табылады.
2. Қазыналық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерді оралымды басқару құқығын жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде айқындалады.
Ескерту. 202-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211, 1998.12.16 N 320, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
203-бап. Оралымды басқару құқығына ие болу және тоқтату
Оралымды басқару құқығына ие болу мен тоқтату, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгiленбесе, осы Кодекстiң 13 және 14-тарауларында көзделген ережелер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
Ескерту. 203-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
204-бап. Оралымды басқаруға берiлген мүлiктi
меншiктенушiнiң құқығы
1. Оралымды басқарудағы мүлiктi меншiктенушi Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мекеме, қазыналық кәсiпорын құру, оның қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын белгiлеу мәселелерiн шешедi, мемлекеттiк мекеменiң немесе қазыналық кәсiпорынның заң жүзiндегi тағдырын, оның қызметiнiң мазмұнын белгiлеуге құқығы бар.
2. Меншiк иесi мекеменiң, қазыналық кәсiпорынның меншiк иесi берген мүлiктi тиiмдi пайдалануы мен сақтауына бақылау жасауды жүзеге асырады.
3. Мекеменi бiрнеше меншiк иесi құрған жағдайда, олардың арасындағы қатынастар мен меншiк иелерiнiң өз мүлкiне билiк жүргiзу құқықтары құрылтай шартымен немесе сол сияқты келiсiммен белгiленедi.
Ескерту. 204-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.12.16 N 320, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
205-бап. Меншiк иесiнiң оралымды басқаруға
берiлген мүлiктi қайтарып алу және
қайта бөлу құқығы
Мекемеге немесе қазыналық кәсiпорынға бекiтiлiп берiлген мүлiктi меншiктенушi, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгiленбесе, ол мүлiктi қайтарып алуға, не өзi құрған басқа заңды тұлғалар арасында өз қалауы бойынша қайта бөлуге құқылы.
Ескерту. 205-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.12.16 N 320, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
206-бап. Мекеменің мүлкіне билік ету
Мекеме өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi және оған смета бойынша бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi иелiктен өз бетінше шығаруға немесе оған өзгеше әдiспен билiк етуге құқылы емес.
Мемлекеттік мекемелердің табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленеді.
Ескерту. 206-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.