Зірлі кісіден талап етілетін шарттар
1. Үзірдің нақты болуы.
2. Үзірдің тоқтамауы.
3. Үзір тоқтай ма деп, намазды соңғы уақытына дейін кешіктіруі. Мысалы, намаз уақыты кірді. Мұрыннан немесе жарадан қан ағып тұр. Қанның тоқтауын намаздың ақырғы уақытына дейін күтеді. Егер қан тоқтамаса, дәретін алып, намазын оқи береді. Қанның намаз уақыты шыққанға дейін тоқтамайтындығы сезілсе, намазын оқи береді және намазы үзірге қатысты жарамды болады. Бесін намазының уақыты кезінде жарадан қан ақса, оның тоқтауын бесіннің соңғы уақытына дейін күтеді. Сосын соңғы уақытында оқиды. Қан келесі намаздың уақыты кіруімен бірге тоқтаса, үзір жойылып, оқыған намазын қайта оқиды.
Үзірлі кісінің үзірі бір аптадан кейін тоқтаса, бір апта бойы оқыған намаздарын қайта оқымайды. Өйткені үзірлі жағдайда оқыған намаздарының бәрі - дұрыс. Үзірлі кісінің киіміне үзірінің нәжісі тисе, киімін жууы шарт емес. Өйткені үзірі тоқтамайынша таза киімі қайта былғанады. Алайда әр парыз намазына жаңа дәретпен тұруы шарт.
Бесінші бөлім: Мәсінің үстіне мәсх[170]жасау
Мәсі дегеніміз - аяқ табанынан тобыққа дейін киілетін былғарыдан тігілген өкшесіз аяқкиім.
Үкімі.Мұсылмандар үшін жеңілдік мақсатымен, әсіресе сапарда, сондай-ақ қыстыгүні, суық күндері әскер қатарындағы сарбаздарға, зауыттарда ұзақ істейтін жұмыскерлерге, дәрет алу мүмкіндігі қиынға соққан оқу орындарында білім алушы талапкерлерге берілген шариғаттың рұқсаты.Ер кісіге де, әйел кісіге де, мейлі жолаушы болсын, мейлі тұрғылықты болсын,дәрет алған кезде аяқты жуудың орнына мәсінің үстіне мәсх жасауына болады.
Дәлелі:
Сексеннен астам мутауатир[171] хадис аяқты жуудың орнына мәсінің үстіне мәсх жасаудың заңды екенін дәлелдейді. Мұғира ибн Шаъба, Аллаһ тағала оған разы болсын, айтады:
)كنت مع النبي صلى اللّه عليه وسلم في سفر، فأهويت لأنزع خفيه فقال: (دَعْهما فإني أدخلتهما طاهرتَيْن، فمسح عليهما)
Мен Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге сапарда болған едім. (Дәрет алған кезінде) мәсілерін шешуге еңкейгенімде ол:«Мәсілерімді шешпе. Ол екеуін дәретті аяқтарыма кидім»-деп, мәсілерінің үстіне мәсх жасады[172].
Сафуан ибн Ассал, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يأمرنا إذا كنا سَفراً أن لا ننزع خفافنا ثلاثة أيام ولياليهن إلا من جنابة، ولكن من غائط وبول ونوم)
Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) жолаушы кезімізде түзге отыру мен ұйқыны есепке алмағанда, жүніп болмайынша мәсілерімізді үш тәулік бойы шешпеуімізді бұйыратын»[173].
Имам Әбу Ханифа, Аллаһ тағаланың оған рақымы болсын, былай деді: «Маған күннің жарығындай айқын дәлел келгенше, мәсінің үстіне мәсх жасау мәселесінде ешнәрсе айтпадым».
Шарттары
1. Дәретті аяққа киілуі. Дәретті аяққа кию дегеніміз - толық дәрет алған бетте немесе біраздан кейін дәрет бұзылмай кию.
Мұғира ибн Шаъба, Аллаһ тағала оған разы болсын, айтады:«Мен Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге сапарда болған едім. Дәрет алған кезінде мәсілерін шешуге еңкейгенімде ол:«Мәсілерімді шешпе. Ол екеуін дәретті аяқтарыма кидім»-деп, мәсілерінің үстіне мәсх жасады[174].
2. Мәсінің нәжістен таза болуы және аяқты тобықпен қоса жабуы. Тобыққа жаппаған мәсіге мәсх жасауға болмайды. Сондай-ақ доңыздың терісінен тігілген болмауы.
3. Мәсінің бір фарсах[175] жерді жүруге жарауы.
4. Мәсінің аяқта баусыз берік тұруы.
5. Мәсіде үлкен тесіктің болмауы. Аяқтың кіші үш башпайының көлеміндей тесік үлкен саналады. Кішкене тесіктің болуына рұқсат етілудің себебі аяқкиімнің кішкене тесіктен аман болуы сирек кездесетін жәйт.
6.Су өткізбеуі. Мәсі былғарыдан не су өткізбейтін материалдан тігілген болуы шарт. Өйткені кез келген аяқкиімнің мақсаты аяққа су өткізбеу. Ал су өткізетін аяқкиім аяқты жылытпайды.
Мерзімі
Тұрғылықты адам үшін - бір тәулік, жолаушы үшін - үш тәулік.Әлиден, Аллаһ тағала оған разы болсын, мәсінің мерзімі жайында сұралғанда былай деді:
(جعل رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم ثلاثة أيام ولياليهن للمسافر، ويوماً وليلة للمقيم)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) (мәсінің мерзімін) жолаушы үшін үш тәулік, тұрғылықты адам үшін бір тәулік қылды»[176].
Тұрғылықты адам үшін бір тәулік бойы, жолаушы үшін үш тәулік бойы мәсілерін шешпеулері рұқсат. Дәрет алған сайын олар аяқтарын жуудың орнына мәсілерінің үстіне мәсх жасайды.
Тұрғылықты адам мәсісінің үстіне мәсх жасап, жолға шықса, мерзімді үш тәулікке толтырады. Жолаушы кісі бір тәуліктен соң, қайтып келсе, мерзімі тоқталады. Мерзім мәсі аяққа киілгеннен кейін, дәреттің бұзылуымен басталады.