Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау.
Қазақстанда “Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы” Заң (28 ақпан 1997 ж.) қабылданған. Онда инвестицияның қызметі- инвестицияларды жүзеге асыру процесімен байланысты кәсіпкерлік қызмет деп көрсетілген.
Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау ең алдымен келесілерден тұрады:
- инвестициялық қызметті қамтамасыз етудің заң шығарушы кепілдері;
- жеңілдіктер мен артықшылықтар жүйесін белгілеу (мемлекетті сол немесе басқа кәсіпорындар мен ұйымдарға олардың қызметіне қолайлы жағдайлар жасау мақсатымен жеңілдіктер мен артықшылықтар беруі).
- Қазақстан Республикасының мүддесін инвесторлар алдында көрсетуге өкілетті, бірыңғай мемлекеттік органның болуы.
Заңда тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдаудың мақсаттары мен міндеттері белгіленген.
Бұл қолдаудың мақсаты-экономиканың басым секторларында тауар өндірісін, жұмыс пен қызмет көрсетудің жедел дамуын қамтамасыз ету үшін қолайлы инвестициялық климат жасау болып табылады.
Мемлекеттік тікелей қолдаудың ортақ мақсатына жету үшін міндеттердің бірқатарын шешу қажет:
- жаңа технологияларды , алдыңғы қатарлы техника мен ноу- хау енгізу;
- жоғары сапалы тауарлар мен қызмет көрсетуге ішкі нарықтың қанығуы;
- отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау мен ынталандыру ;
- экспортқа бейімделген және импортты алмастырушы өндірістерді жетілдіру;
- ҚР- ның шикізат базасын ұтымды және кешенді пайдалану;
- менеджмент пен маркетигтің қазіргі әдістерін енгізу;
- жаңа жұмыс орындарын құру;
- жергілікті кадрларды үздіксіз оқытудың, олардың мамандық деңгейін жоғарлатудың жүйесін енгізу;
- өндірісті күшейтуді қамтамасыз ету;
- қоршаған табиғи ортаны жақсарту;
Басқару процесі үшін инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды ынталандырудың шаралар жүйесі басты мәнге ие. Соның ішінде, жеңілдіктер жүйесі : бекітілген инвесторлардың мүддесін қорғау бойынша ҚР- ның берген кепілдері, сондай-ақ , келісім шартқа отыру мен оны бұзудың шарттары мен тәртібі қарастырылған.
Тікелей инвестицияларды қолдауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, инвестициялар бойынша Мемлекеттік Комитет болып табылады. Ол ҚР- на тікелей инвестицияларды тарту жұмыстарын ұйымдастыру ; инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру; барлық келістіруші және рұқсат құжаттарын алуды қамтамасыз ету; инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылауды жүзеге асыру сияқты функцияларды атқарады.
Инвестициялық саясат маңызды үш бағытта жүргізіледі:
- мемлекеттік бюджеттік қорларды пайдалану арқылы;
- ішкі несие қорлары мен жеке заңды тұлғалардың өзіндік қаражаттарын тиімді қолдануды ынталандыру арқылы;
- шетелдік инвестициялар тарту мен тиімді пайдалану механизмі арқылы;
Осы бағыттар ішінен басымдысын таңдап алу және халық шаруашылығының барынша тиімді аймақтық-салалық құрылымын қолдау мақсатында олардың үйлесімін қамтамасыз ету – мемлекеттің инвестициялық саясатының негізін құрайды. Оны қалыптастыру барысында Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін күрделі ұлттық бағдарламаларды іске асыру қажеттігі де ескеріледі.
Іс жүзінде, белгілі мақсатқа қол жеткізуді көздейтін мемлекеттің құрылымдық- инвестициялық саясатының бағыттары мен көрсеткіштері сандық жағынан айқындалып, атқарылатын мерзімі бойынша анықталуы тиіс.
Ал бұл, өз кезегінде, мүдделер, ресурстық база, механизмдер, объекті мен осы саясатты жүзеге асыру процесінің өзі де салалардың, аймақтар мен тұтастай халық шаруашылығының орта және ұзақ мерзімдік даму жоспарларында көрініс табатындығын білдіреді. Мысалға, нарықтық қатынастар саласы дамыған елдердің мемлекет қызметінде келесідей өзара байланыс анық байқалады.
2010 жылы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен «Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген, онда инвестициялық саясаттың негізгі бағыттары анықталған.
Мемлекет озық технологиялар трансфертiне, жаңа жоғары технологиялық өндіріс құруға, әсіресе тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған, қазақстандық шағын және орта бизнес бастамаларын қолдайды.
Жалпы қолайлы инвестициялық ахуал жасау шаралармен қатар Қазақстан Республикасы аумағында жобаларды іске асыру үшін трансұлттық компанияларға жағдай жасалатын болады.
Ол үшін, тікелей инвестицияларды тарту бойынша тұтас жүйе құру көзделеді, бүл жүйе ынталандыру шаралар кешенімен бірге шетелдік инвесторлармен жұмыстың институционалдық тетігінде қамтиды.
Инвестицияларды ынталандыру бойынша мынадай шаралар қолдану қарастырылады:
1. Экономиканың басымды салаларындағы инвестициялық жобалар үшін:
«Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көзделген инвестициялық преференциялар;
шетелдік мамандарға жедел және өтеусіз негізде елге кіру рұқсатнамасын берудің арнайы тәртібі.
2. АЭА аумақтарында іске асырылатын инвестициялық жобалар үшін:
- әлемдік таңдаулы тәжірибені есепке ала отырып, салық салудың ерекше тәртібі. Осы бағдарламамен айқындалған өлшемдер бойынша іріктелген кәсіпорындарға жеңілдіктер беріледі;
- шетелдік жұмыс күшін әкелуге қатысты ерекше тетік.
3. Танымал шетелдік инвесторлардың, трансұлттық компаниялардың қатысуымен ең ірі және басымды инвестициялық жобалар бойынша мемлекеттік қолдаудың ерекше шараларын қарастыратын жеке инвестициялық келісім жасаланады:
- салық жеңілдіктері мен преференциялар;
- ең аз ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырысты және трансұлттық компаниялардың тапсырыстарын қамтамасыз ету;
- басқа да қаржылық және қаржылық емес ынталандыру шаралары.
Инвестициялық келісімдер шеңберіндегі осы қолдау шаралар бойынша шешімдер Үкімет деңгейінде қабылданады. Экономиканың шикізаттық емес секторларына инвестициялар тартуды көбейту максатында әрбір ірі әлеуетті инвестормен жеке келіссөздер жүргізілетін болады.