Жүйесінің құрылымы
Сонымен бірге жалпы институционалдық тұрғыдан алғанда қаржы жүйесі бұл қаржы мекемелерінің жиынтығы, ал экономикалық тұрғыдан – ол мемлекетте іс-әрекет ететін бір-бірімен өзара байланысты қаржылық қатынастардың жиынтығы екенін естен шығармаған жөн.
Қаржы жүйесін сыныптаудың функциялық критерийінен басқа қаржы субъектілерінің (қаржылық қатынастардағы қатысушылардың) белгісі бойынша сыныптау қолданылады, бұл қаржы жүйесін буындар бойынша: мемлекеттің қаржысына, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысына, халықтың (үй шаруа- шылықтарының) қаржысына межелеуге мүмкіндік береді (1.6 сызбаны қараңыз).
Сыныптаманың матасқан қатары ретінде буындарда жоғары разрядтың элементтері болады: қаржылық қатынастар, қаржылық қорлар, басқарушы аппарат. Жүйелеудің мұндай қасиеті қаржы жүйесіне интеграциялық сипат береді.
Қаржы жүйесінің функциялық құрылысы мынадай негізгі қағидаттарды қанағаттандыруы тиіс:
біріншіден, қаржы жүйесінің жеке алынған әрбір буыны ақшалай қатынастардың аса кең шеңберін қамти алады, бұл жалпы категория болып табылатын «қаржыға» ғана тән қасиет;
екіншіден, тұтас алынған қаржы жүйесі әрбір нақты сәтте объективті экономикалық категория ретінде қаржының қағидалы мәндік сипаттамаларына және функиялық арналымына дәл сәйкес келуі тиіс.
Қаржы жүйесін құрайтын жеке элементтердің орны мен рөлі бірдей емес. Бастапқы (басты) элемент жүйенің басқа элементтерінің арасында алдыңғы орынды алады, өйткені жүйе элементтері мен буындардың өзара байланысындағы оның рөлі айқындаушы болып табылады. Бұл – бірінші кезекте мемлекеттік бюджетпен көрінетін мемлекеттің қаржысы.
Мемлекеттің қаржысы – қоғамдық өнімнің құнын және ұлттық байлықтың бір бөлігін бөлу және қайта бөлу туралы, мемлекет пен оның шаруашылық субъектілерінің қарамағына қаржылық ресурстарды қалыптастырумен және мемлекеттің қаражаттарын олардың жұмыс істеуімен байланысты шығындарға жұмсаумен байланысты ақшалай қатынастар. Ол қаржылық ресурстардың орталықтандырылған қорын жасаудың экономикалық нысаны мен мемлекеттің негізгі қаржы жоспары ретіндегі мемлекеттік бюджетте, қоғамдық мұқтаждарды мақсатты қаржыландырудың қосымша көзі ретіндегі бюджеттен тыс арнаулы қорларда, мемлекеттік кредитте көрінетін қаржылық қатынастарды кіріктіреді.
Мемлекеттік кредит кредиттік қатынастардың қаржылық қатынастардан айырмашылығы болғанымен қаржы жүйесіне кіріктіріледі. Бірақ кредиттің бұл түрі мемлекеттік бюджеттің тапшылығын жабу, мемлекет қаржысының орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатына бағытталатындықтан, ол бойынша есеп айырысу бюджеттік қаражаттар есебінен жүзеге асырылатындықтан – бұл қосалқы буынды қаржы жүйесіне де, сондай-ақ кредит жүйесіне де жатады деп санауға болады.
Қаржы жүйесіне сақтандыруды да жиі жатқызады, алайда көптеген ғалымдар оны дербес, бірақ қаржымен өзара іс-әрекет ететін категория деп есептейді.
Материалдық өндіріс сферасының шаруашылық жүргізуші субъектілерінің қаржысы қаржылардың негізін құрайды, материалдық өндірісте нақты өнім – қоғамның қаржылық ресурстарының негізгі көзі жасалынатындықтан ол қаржы жүйесінің бастапқы буыны болып табылады.
Шаруашылық жүргізуші субъектілер қаржысының біршама екі дербес қосалқы буыны болады:
1) материалдық өндіріс сферасының (нақты сектордың) барлық шаруашылық жүргізуші субъектілерінің қаржысы;
2) қызметтер сферасы салаларының ұйымдары мен мекемелерінің қаржысы.
Бірінші қосалқы буында – материалдық өндіріс сферасы қаржыларында өндірістік компанияларда, фирмаларда, корпорацияларда, шаруашылық қызметті ұйымдастырудың басқа нысандарында орталықтандырылмаған ақшалай қорларды қалыптастыру мен тиімді пайдаланудың, сондай-ақ қаражаттарды аталған шаруашылық жүргізуші субъектілердің жоғарғы органдарының мақсатты және резервтік қорларына орталықтандырудың мәселелері шешіледі. Бұл қосалқы буынның қаржысы өндірістік тірлікке қызмет етеді, еңбек өнімділігінің өсуіне, өндірістің басқа сапалық көрсеткіштерінің тиімділігін арттыруға қаржылық тұтқалардың белсенді ықпалын қамтамасыз етеді. Бұған төменгі буындар мен олардың жоғарғы органдарын қамтитын мына құрамдастардың: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы шаруашылық шүргізуші субъектілерінің, құрылыстың, байланыстың (өндіріске қызмет көрсету бөлігінің), өндірістік кооперацияның, су шаруашылығының, геологиялық барлау ұйымдарының, материалдық-өндіріс сферасының басқа қосалқы салаларының (айналыс сферасында өндіріс үдерісінің жалғасымен байланысты мемлекеттік сатып алулар, дайындау, сауда) қаржылары жатады.
Қаржы жүйесіндегі екінші қосалқы буынының қызметтер сферасы қаржысының орны менрөлі оның ұлттық табысты бөлу және пайдалану жөніндегі байланысымен айқындалады. Бұл қосалқы буында қаржылық қатынастар оның бастапқы құрылымдарында және олардың арасында, қаржы жүйесінің басқа буындарының, өзге экономикалық жүйелердің: бағалардың, кредиттің және басқа буындардың арасында пайда болады. Өндірістік емес сфера салаларының қаржылары мынадай құрамдастарды кіріктіреді: тұрғын үй - коммуналдық шаруашылықтың, халыққа қызмет көрсету, көлік, тұтыну кооперацисы, бірқатар салалардың (байланыс және өндірістік емес қызмет бөлігіндегі басқалары) денсаулық сақтау және физкультура, білім беру, мәдениет және өнер, ғылым және ғылыми қызмет көрсету ұйымдарының, қоғамдық ұйымдардың, банк-кредит және сақтық ұйымдарының, коммерциялық және делдал ұйымдарының (соның ішінде тауар және қор биржаларының, брокерлік кеңселердің, қорлардың және т.б.), басқару органдарының, қорғаныс, құқық сақтауды қорғау органдарының қаржылары.
Шаруашылық жүргізуші субъектілерде қаржылық қатынастар түрлі мақсатты сипаттағы сан алуан ақшалай қаражаттар қорларын қалыптастыру арқылы одан ары тұтыну мақсатында құнды қайта бөлудің арналары бойынша бұрын жасалынған құнның қозғалысына қызмет көрсетеді.
Халықтың (үй шаруашылықтарының) қаржысы қаржы жүйесінің ерекше бөлігі болып табылады. Халық (азаматтар) өзінің ақшалай қаражаттарымен жалпы мемлекеттік қаржы жүйесімен және меншіктің барлық нысандарының шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өндірістік және өндірістік емес сфераларымен қарым-қатынас жасайды. Бұл сан алуан қатынастар халыққа еңбекке ақы төлеумен, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне ақшалай қаражаттардың аударымдарымен және одан төлеумен, материалдық және материалдық емес игіліктерді алумен байланысты; басқа жағынан, халық өзінің ақшалай табысынан салық төлейді, өндірістік және өндірістік емес сфералардың мемлекеттік және басқа мекемелер мен ұйымдардың қызметін төлейді. Сонымен бірге азаматтардың жеке-дара және шағын кәсіпкерлікпен айналысумен байланысты бұл сферада көлемді қаржылық қатынастар пайда болады. Мұндай қатынастар айырбасқа жататын сауда орындарында, рыноктарда, халыққа қызмет көрсететін кәсіпорындар мен ұйымдарда (көлік, байланыс, тұрмыстық сектор және т.б.) тұтыну тауарлары мен қызметтерді сатып алуға байланысты болатын ақшалай қатынастарды қоспағанда, қаржылық қатынастар болып табылады және шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылары сферасында пайда болатын қатынастарға ұқсас болып келеді.
Сонымен бірге халықтың ақшалай қаражаттарының әрбір жеке жағдайда мақсатты бағыттылығының немесе жинақталуының мүмкін болатынымен және олардың иелері қаражаттарды өзінің ойынша басқарып ұйымдастыра алатынымен, халық қаржысының өзіндік ерекшелігі қаржы жүйесінің екі сипатты бөліктерінің – қор нысаны мен сыртқы басқарудың өзгешілігінде болады. Азаматтардың дара және шағын кәсіпкерлікпен айналысумен байланысты бұл буында кең қаржылық қатынастар пайда болады: мұндай қатынастар шаруашылық жүргізуші субъектілер қаржысының буынында пайда болатын қатынастарға ұқсас болады (18 тарауды қараңыз).
Қаржылық қатынастар сфераларының әрқайсысының ішінде буындар бөлінеді, оның үстіне қаржылық қатынастарды топтастырып, мақсатты ақшалай қорлардың құрамы мен арналымына белгілі бір әсер ететін субъект қызметінің сипатына қарай жүргізіледі. Бұл белгі кәсіпорындар мен ұйымдар қаржысы сферасында мынадай буындары бөлуге мүмкіндік береді: коммерциялық кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржысы; коммерциялық емес ұйымдардың қаржысы.
Қаржы жүйесінің әр буыны өз кезегінде буыншаларға (ондағы қаржының өзара байланысының ішкі құрылымына сәйкес) бөлінеді. Мәселен, салалық бағыныштылығына қарай коммерциялық негізде жұмыс істейтін кәсіпорындар (ұйымдар) қаржысының құ- рамына өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, көлік, құрылыс және т.б. кәсіпорындарының қаржылары, ал меншік нысанына қарай – мемлекеттік, кооперативтік, акционерлік, жекеше және басқа кәсіпорындардың қаржылары болып мүшеленеді. Мемлекет қаржысының құрамында буындар ішіндегі қаржылық қатынастарды топтастыру, мемлекеттік басқарудың деңгейіне (республикалық, жергілікті) сәйкес жүзеге асырылады. Сақтық қатынастары сферасында буындардың әрқайсысы сақтандырудың түрлеріне (жалпы сақтандыру, өмірді сақтандыру) бөлінеді.