Медициналық сақтандыру
Медициналық сақтандыру – бұл жұмыс берушілердің, азаматтардың сақтық жарналары мен бюджет қаражаттары есебінен сақтандырылған адамдарға зиянның орнын өтеу үшін және медицина мекемелерінің шығындарының өтемақысын төлеу үшін ауырған, жарақат алған жағдайда денсаулықты қаржыландыру жөніндегі қатынастар. Ол әлеуметтік бағдар-ланған экономикасы бар елдердің сақтық қорғауы тұтас жүйесінің міндетті атрибуттарының бірі болып табылады.
Медициналық сақтандырудың екі түрі бар: міндетті және ерікті. Міндетті медициналық сақтандыру кезінде заңнамамен барлық азаматтар үшін бюджетке төленетін аударымдардың бірдей мөлшерлемесі белгіленеді, соның есебінен денсаулық сақтауға жұмсалатын ақшалай қор қалыптасады. Мұндай жүйе халықтың барлық жіктері үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді. Бірақ, бұл нысан, оның барлық артықшылықтарына қарамастан, Қазақстанда іске асырылмайды.
Міндетті медициналық сақтандыру дамыған елдердің көпшілігінде бар және азаматтардың денсаулығын қорғауға арналған конституциялық құқығын іске асыруға бағытталған.
Міндетті медициналық сақтандырудың құндылығы келісімшарт тәртібінің болуы, демек, келісімшарт орындалмаған кезде, сақтық қорғау мүмкіндігі, емделген ауру адамдардың санына қарай медициналық мекемелердің кепілденілген ақша алуы, медициналық жәрдем жақсы болса, бұл медициналық мекемеге аурулар көп келетіндіктен медициналық жәрдемнің сапасын арттыруға ұмытылуы және т.б. болып табылады. Дәрігерлер ауруды емдеуге ынталы болады; сөйтіп, медицинаға қалыпты рыноктық қатынастар енгізіледі.
Ерікті медициналық сақтандыру міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне толықтыру болып табылады. Ол сақтық төлемақыларды, яғни медициналық қызмет көрсетуге жұмсалатын өтемді, жүзеге асыруды қарастыратын жеке басты сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып келеді. Сақтық полисінің құны қызметтердің ассортиментіне, емдеуге жататын сырқаттардың түріне, сақтандырылған ауруға қызмет көрсетілетін емдеу мекемелеріне байланысты болады. Ерікті медициналық сақтандырудың негізгі құндылығы қазіргі құралжабдықпен жарақталған және жоғарысыныптық мамандары бар клиникаларда сапалы медициналық жәрдем алу мүмкіндігі болып табылады.
Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ең дұрысы міндетті және ерікті медициналық сақтандырудың үйлесімі болып табылады.
Мысалы, АҚШ-та «Медикэр» жүйесі – егде адамдар үшін, «Медикэйд» жүйесі – кедейлер, жұмыссыздар мен мүгедектер үшін; ГФР-де – сырқатты сақтандыру. Меди-циналық сақтандырудың шетелдік жүйелері, әдеттегідей, өзін-өзі сақтандыру қағидатында (жұмыс берушілердің, жұмыскерлердің және мемлекеттің негізінен төменгі әкімшілік буынның қатысуы) жұмыс істейді және нысандары мен әдістерінің сан алуандығымен ерекшеленеді. Медициналық сақтық қорғаудың ұжымдық (салалық), қоғамдық (мемлекеттік) және жеке (жекеше) жүйелері бар. Медициналық сақтандыру қорларына сақтық жарналарын төлеуде жұмыс берушілердің міндетті қатысуы заңнамада қарастырылған. Сақтық қорларын қалыптастыру, қызметтер көрсету сияқты, сақтаушылардың табыстарына, қор мекемесінің мәртебесіне, кейде сақтандырылғандардың жасына қарай сараланған.
Қазақстанда медициналық сақтандыруды ұйымдастырудың белгілі бір тәжірибесі жинақталған еді, бірақ жүйені басқару саласының төмендігінен және міндетті медициналық сақтандыру қорының жұмылдырылған қаражаттарын мақсатты және тиімді пайдалануды бақылаудың жеткіліксіздігінен ол беделін жоғалытқан болатын. Қор жойылды, емдеу мекемелері қаржыландырудың басты көздерінің бірінен айырылды, ал ақысыз медицина экономикалық қиыншылықтарға қарай толықтай дерлік ақылыға ауысты.
Міндетті медициналық сақтандыру медициналық жәрдемнің сапасын бақылауды қарастырады, оның мақсаты – міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасымен және медициналық жәрдемнің қолданыстағы стандарттарымен кепілденілген көлемде, сапада және шарттарда медициналық жәрдем алуға азаматтардың (сақтандырылған) құқықтарын қамтамасыз ету.
Медициналық сақтандыруды ұйымдастырудың жұмыс істеуі медициналық қызмет көрсетудің рыногын тудырады, онда бұл қызметтер көрсетуді жасаушылардың – медициналық мекемелердің, олардың жұмыскерлерінің, жеке машықтанушы дәрігірлердің нақтылы бағалауы болатын өз еңбегінің саны мен сапасына тікелей мүдделігі пайда болады. Басқа жағынан, медициналық көмекті тұтынушылар ретіндегі пациенттердің емдеу-профилактикалық мекеме мен нақтылы дәрігерді таңдау құқығы пайда болады. Бұл міндетті медициналық сақтандыру қоры тарапынан пациенттердің мүддесін қорғаумен қосарланады: ол медициналық қызметтер көрсетудің сапасы мен көлеміне сараптық баға бере алады, емдеу нәтижелеріне кінәрат-талап таға алады, ал қажеттік кезінде емдеуші мекемеге немесе жеке машықтанушы дәрігерге экономикалық санкциялар қолдана алады.
Сөйтіп, медициналық сақтандыру сақтандыру жүйесінің маңызды құрамды буыны болып табылады және қоғамдық өндірістің аса маңызды факторы – еңбек ресурстарының ұдайы толықтырылуының әлеуметтік-экономикалық үдерістерінде оның рөлі салмақты. Бұл рөл медициналық сақтандыру қорларының жұмыс істеунің қағидалық ерекшеліктеріне негіз-делген: қалыптастырудың қоғамдық ынтымақтастығы, іс-әрекеттің орталық-сыздандырылуы (бөлшектенуі), ұйымдастырудың міндетті нысаны – бұлар барлық азаматтарға қажетті медициналық көмек берудің кепілдіктерін қамтамасыз етеді.
Сақтық рыногы
Сақтық рыногы – сақтық қызметтеріне сұраным мен ұсынымды қалып-тастыру сферасы; сақтық қызметтерін ұсынатын әр түрлі сақтық ұйым-дарының, сонымен бірге сақтық қорғауды қажет ететін заңи және жеке тұлғалар арасындағы қатынастарды білдіреді. Сақтық рыногында клиенттерді және олардың қосымша ақшаларын сақтық қорларына тарту үшін тәуелсіз сақтық ұйымдарының арасында бәсеке пайда болады.
Сақтандыру, табыс (пайда) алу мақсатымен коммерцияның шектес сфераларына қаражаттарды инвестициялау жөніндегі сақтық ұйымдарының қызметі сақтық ісі ретінде елестетіледі.
Сақтық рыногы сатып алу-сату объектісі «ерекше тауар» – сақтық қызмет болып табылатын және оған деген ұсыным мен сұраным қалыптасатын ақшалай қатынастардың сферасы болып табылады.
Рыноктық экономикаға көшумен байланысты Қазақстан Республикасындағы сақтық қызметінің монополиясы өзгерді, сақтандыру кеңістігі едәуір кеңейді, сақтық қызметінің кең спектрін ұсынатын бірнеше мемлекеттік емес акционерлік сақтық компаниялары, кәсіпорындар, корпорациялар, меншіктің түрлі нысандарының қоғамдары пайда болды. Олардың қызмет сферасы сақтандырудың тәуекелдік түрлерін де: биржалық мәмілелерді, жүктерді, кредиттерді, коммерциялық, құқықтық және басқа айрықшалықты тәуекелдерді (валюта бағамының өзгеруі, ереуілдер кезінде кәсіпорынның тұрып қалуы, соғыс қимылдары, жұмыссыздық, экологиялық тәуекелдерді және т.б.) сақтандыруды кіріктіреді.
Қазақстанда сақтық ұйымдары шет елде инвестицияларды және экспорттық кредиттерді төлемеу тәуекелдігінен сақтық қорларға қатыспайды. Осыған байланысты, республиканың экспорттық мүмкіндіктері өсуінің жекеше сақтық ұйымдарының капиталдану қарқынынан озық қарқынын ескере отырып, отандық инвесторлар мен экспортерлерді сыртқы қауіп-қатерден қорғау саласында мамандандырылған корпорацияны құру және оның жұмыс істеуі өте деркезділік болып табылады.
Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтық корпорациясы Қазақстан Республикасының даму институттарының бірі болып табылады, оның негізгі мақсаты – 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялықинновациялық даму стратегиясын жүзеге асыруға жәрдемдесу. Корпорацияның орнықты қызметін қамтамасыз ету үшін 7,7 млрд. теңге мөлшерінде жарғылық капиталы қалыптастырылған. Қоғамның бірден-бір акционері мемлекет болып табылады. Корпорация қызметінің негізгі бағыты – бұл сатып алушылардың дәрменсіздігімен және сыртқы саяси, тәуекелдіктермен байланысты зияндарды сақтық қорғауды қамтамасыз ету. Корпорация экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыруды (қайта сақтандыруды) жүзеге асырады, сақтық төлемдерін төлейді және контрагенттерден өтеуді алады. Өз қызметтерінде корпорация сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындар мен ұйымдарға экспорттық кредиттер мен инвестициялық сақтандырумен байланысты мәселелер бойынша консультациялық, маркетингтік және ақпараттық қызметтер көрсетуді жоспарлайды.
Корпорация жоспарлайтын тәуекелдерді сақтандыру шеңберіне мыналар кіреді: алушының дәрменсіздігі, өзара келісімшартты орындауға қатысушы импортер (реципиент) елінің немесе үшінші ел үкіметтері тарапынан экспортерге немесе инвесторға қатысты дискриминациялық сипаттағы шешімдер, іс-әрекеттер (әрекетсіздіктер); импортер (реципиент) елі үкіметтерінің шетелдік валютамен операцияларды жүзеге асыруға, валютаны айырбастауға шектеу енгізуі; экспроприациялау, мемлекет меншігіне айналдыру, тәркілеу; революциялар, қоғамдық тәртіпсіздіктер, соғыстар және т.с.с.
Сақтық ұйымы бола отырып, корпорация «Сақтық қызметі туралы» заңға сәйкес іс-әрекет етуге міндетті. Осыған байланысты сақтандырудың немесе қайта сақтандырудың жеке келісімшарты бойынша сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының міндеттемелерінің ең жоғары көлемі меншікті капитал мен сақтық резервтерінің 10%-ын құрайды. Тәуекелді сақтандыруға корпорация алатын көлемдердің әлуетін көбейту мақсатымен, сондай-ақ алапаттық сипаттағы уақиғалар кезінде төлем қабілетсіздігі тәуекелдігін болдырмау үшін жетекші халықаралық қайта сақтандыру ұйымдарында тәуекелдерді ішінара қайта сақтандыру практикасы жүзеге асырылады.
Сақтандыру келісімшарттарын жасауға және сақтық операцияларының нәтижелігіне жетуге ынталы тараптардың өзара іс-қимылы сақтық рыногында жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы сақтық рыногының қатысушылары мыналар болып табылады:сақтық (қайта сақтандыру) ұйымы; сақтық брокері; сақтық агенті; сақтанушы, сақтандырылушы, пайда алушы; актуарий; уәкілетті аудиторлық ұйым (уәкілетті аудитор); өзара сақтандыру қоғамы; сақтандырумен байланысты кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын өзге заңи және жеке тұлғалар.
Сақтық брокері – сақтанушының тапсыруы бойынша сақтандырушымен сақтандыру келісімшарттарын жасасуға және орындауға байланысты қатынастарда сақтанушының атынан өкілдік ететін немесе өз атынан сақтандыру немесе қайта сақтандыру келісімшартын жасасуға байланысты қызмет көрсету жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ сақтандыру және қайта сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық қызметті жүзеге асыратын заңи тұлға.
Сақтық агенті – берілген өкілеттіктеріне сәйкес бір немесе бірнеше сақтық ұйымдарының атынан және олардың тапсырмасымен сақтандыру келісімшарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңи тұлға.
Сақтық ісі және сақтық қызметі, сақтық төлемдеріне кепілдік беру қоры сақтық (қайта сақтандыру) ұйымы жүзеге асыратын кәсіпкерлік қызметтің негізгі түрі болып табылады; бұл қызметтен басқа ол қызметтің мынадай түрлерін: инвестициялық қызметті; «өмірді сақтандыру» саласында қызметті жүзеге асыратын тиісті жинақтаушы сақтық келісімшартында көзделген сатып алу сомасы шегінде өзінің сақтанушыларына қарыз беруді (сақтық ұйымы үшін); сақтық (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметін автоматтандыру үшін пайдаланылатын арнаулы бағдарламалық қамтамасыз етуді сатуды; ақпарат берілімдерінің кез келген түрлерінде сақтық ісі және сақтық қызметі жөнінде арнаулы әдебиет сатуды; бұрын өз мұқтаждары үшін сатып алынған (сақтық (қайта сақтандыру) ұйымы үшін) немесе оның қарамағына сақтандыру келісімшарттарын жасауға байланысты келіп түскен (сақтық ұйымы үшін) мүлікті сатуды немесе жалға беруді; сақтық ісіне және сақтық қызметіне байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызмет көрсетуді; сақтық (қайта сақтандыру) саласында мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында оқуды ұйымдастыру мен жүргізуді; сақтық агенті ретінде сақтық делдалы болуды; консорциум немесе жай серіктестік құруға қатысуға, сақтық ұйымдары арасындағы не сақтық ұйымдары мен ассистанс қызметін көрсететін өзге заңи тұлғалар арасындағы бірлескен қызмет туралы келісімшарт негізінде жүзеге асырылатын ассистансты; сақтық төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысу шеңберінде Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінде көзделген қызметті жүзеге асыруға құқылы.
Мемлекет Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы ғана сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының құрылтайшысы және акционері бола алады.
Жарғылық капиталының 50 пайызынан астамы мемлекетке тиесілі ұйымдар сақтық (қайта сақтандыру) ұйымдарының құрылтайшылары және акционерлері бола алмайды.
Мемлекет өзі құрылтайшысы немесе акционері болып табылатын сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының міндеттемелері бойынша, егер Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, оның жарғылық капиталына салған қаражаты шегінде жауапты болады.
Сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының құрылтайшылары мен акционерлері сатып алатын акцияларына ақшаны тек қана ұлттық валютамен төлеуге міндетті.
Құрылатын сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының жарғылық капиталының ең аз мөлшерін оның құрылтайшылары оны мемлекеттік тіркеуден өткізген кезге дейін толық төлеуге тиіс.
Жеке тән заңи тұлғалар – «Сақтық қызметі туралы» заңда және уәкілетті мемлекеттік органның өзге нормативтік құқықтық актілерінде қарастырылған талаптарды ескеретін Қазақстан Республикасы резиденттері мен бейрезиденттері сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының құрылтайшылары мен акционерлері бола алады.
Жиынтығында орналастырған акцияларының (артықшылықты және өтеуі төлеп алынған) 25%-нан астамы меншігінде және басқаруында болатын ұйым бейрезиденттердің қатысумен сақтық (қайта сақтандыру ұйымы) болып табылады.
1) Қазақстан Республикасының бейрезиденттері;
2) Жарғылық капиталдағы қатысу үлесінің немесе орналастырылған акцияларының 50%-дан астамы меншікте және (немесе) басқаруда болатын заңи тұлға-резидент;
3) бейрезиденттердің бағалы қағаздарының атаулы ұстаушылары болып табылатын резиденттер.
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын заңи және жеке тұлғалар мүліктік мүдделерін сақтандыруды тек сақтық ұйымы жүзеге асырады. Сақтық ұйымдарымен – Қазақстан Республикасы бейрезиденттерімен, жұмыс, емделу, демалыс мақсаттарында уақытша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген, тек осы тұлғалардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде уақытша болған жеке тұлғалармен – Қазақстан Республикасының резиденттерімен сақтандыру келісімшарттарын жасасуға рұқсат етіледі.
Банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асырушы екінші деңгей банктері мен ұйымдарға жеке және заңи тұлғалардан - Қазақстан Республикасы резиденттерінен Қазақстан Республикасы бейрезиденттерінің пайдасына сақтық сыйлықақылар төлеумен байланысты төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға тыйым салынады.
Сақтық ісі мен сақтық қызметін жүзеге асыруға мынадай жалпы талаптар қойылады.
Сақтық (қайта сақтандыру) ұйымы сақтық қызметін (қайта сақтандыру жөніндегі қызметті) жүзеге асыру құқығына лицензиясы, сақтандырудың белгілі бір түрі бойынша жүзеге асырудың жалпы талаптарын айқындайтын сақтандыру ережелері және ішкі ережелер болғанда ғана сақтық қызметін жүзеге асыруға құқылы.
Сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының ішкі ережелері:
сақтық (қайта сақтандыру) ұйымы бөлімшелерінің құрылымын, міндеттерін, функциялары мен өкілеттіктерін;
ішкі аудиттік қызметтің және басқа да тұрақты жұмыс істейтін органдардың құрылымын, мүшелерінің санын, міндеттерін, функциялары мен өкілеттіктерін;
сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының техникалық (сақтандыру), инвестициялық, кредиттік, операциялық, рыноктық және басқа да тәуекелдерді басқару жүйесін;
құрылымдық бөлімшелер басшыларының құқықтары мен міндеттерін;
сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының лауазымды тұлғалары мен жұмыскерлері оның атынан және оның есебінен мәмілелерді жүзеге асырған кезде солардың өкілеттіктерін айқындауға тиіс.
Сақтандыру ережелерін және сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының ішкі ережелерін директорлар кеңесі бекітеді. Сақтық (қайта сақтандыру) ұйымы өз штатында актуарийі болмаса, сақтық қызметін жүзеге асыруға құқылы емес.
Сақтық ұйымдары таратылған жағдайда сақтық ұйымдары, сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтық төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін қор құруға құқылы. Жұртқа мәлім, сақтық төлемақыларын кепілдендіру қоры құрылған.
Сақтық (қайта сақтандыру) ұйымы міндетті түрде мынадай алқалық органдар құра алады: директорлар кеңесі – басқару органы; басқарма – атқарушы орган; тексеру комиссиясы – бақылау органы.
Сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының ұйымдық-құқықтық нысаны акционерлік қоғам болып табылады, ал оның капиталы тек қана Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшалармен қалыптасады.
Сақтық (қайта сақтандыру) ұйымы еншілес ұйымдарды құруға, сатып алуға немесе уәкілетті орган рұқсаты кезінде басқа заңи тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуға, ал оның келісуінсіз өзінін оқшауланған бөлімшелерін – Қазақстан Республикасы аумағында да, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде де филиалдар мен өкілдіктер ашуға құқылы.
Сақтық ісі және сақтық қызметі заңмен белгіленген тәртіп бойынша лицензиялануға жатады.
Сақтандыру сферасындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, сақтық рыногындағы істің жайына мемлекеттік бақылау жасауды қамтамасыз етуді қоса, уәкілетті орган және мемлекеттің өзге органдары өз құзыры шегінде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінде тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының сақтық (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтық брокерінің сақтық қызметіне араласуына тыйым салынады.
Сақтандыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері мыналар болып табылады: Қазақстан Республикасында тұрақты сақтық жүйесін жасау мен қолдау және ұлттық сақтық рыногының инфрақұрылымын қалыптастыру; сақтық рыногын реттеу және сақтық қызметін қадағалау; сақтандырудың негіздерін заңнамалық баянды ету, міндетті сақтандыру түрлерін, халықаралық сақтандыру жүйесіне Қазақстан Республикасының қатысу қағидаттарын белгілеу; сақтанушылардың, сақтандырушылардың және пайда алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес сақтық рыногын реттеу және сақтық қызметін қадағалау жөніндегі функциялар мен өкілеттікті уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі агенттік жүзеге асырады.
Сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының және шоғырландырылған негізде қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалардың төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығын қадағалау уәкілетті орган белгілеген пруденциялық нормативтердің және сақталуға міндетті өзге нормалар мен лимиттердің орындалуын немесе сақталуын бақылау арқылы жүргізіледі.
Пруденциялық нормативтерді уәкілетті орган белгілейді және оларды:
1) жарғылық капиталдың ең аз мөлшері;
2) кепілдік қорының ең аз мөлшері;
3) төлем қабілеттігі маржасының ең аз мөлшері;
4) төлем қабілеттігі маржасының және кепілдік қорының жеткілікті нормативі;
5) жоғары өтімді активтердің жеткілікті нормативі;
6) активтерді әртараптандыру нормативі құрайды.
Төлем қабілеттілігі маржасы – оларды сапасы мен өтемпаздығы бойынша сыныптауды ескере отырып есептеп шығарылған активтердің ұйым міндеттемелерінен асып түсуі.
Сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандырудың немесе қайта сақтандырудың жекелеген келісімшарты бойынша меншікті ұстап қалудың* ең аз мөлшері төлем қабілеттігі маржасының іс жүзіндегі мөлшерінен асып түспейді.
Сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандырудың немесе қайта сақтандырудың жекелеген келісімшарттары бойынша міндеттемелерінің ең көп көлемі өз капиталы мен сақтық резервтері сомасының 10 пайызынан аспауы керек.
Сақтандырудың және қайта сақтандырудың қолданылып жүрген келісімшарттары бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының актуарий есептеген көлемде қалыптасқан сақтық резервтерінің болуы міндетті.
Сақтық резервтерінің қаражаты тек қана сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының қолданылып жүрген сақтандыру келісімшарттары бойынша өз міндеттемелерін орындауға байланысты сақтық төлемдерін жүзеге асыруға арналған.
* Меншікті ұстап қалу – сақтандыру немесе қайта сақтандыру келісімшартына сәйкес сақтандырушының меншікті есебі арқылы жауапкершілікті болатын оның шектеріндегі жауапкершілік көлемінің бір бөлігі.
Сақтық (қайта сақтандыру) ұйымына санкцияларды уәкілетті орган не сот қолданады: уәкілетті орган санкциялар ретінде мынадай шаралар қолдануға: айыппұл салуға; лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға; лицензияны кері қайтарып алуға; сақтық (қайта сақтандыру) ұйымдарының акцияларын оның акционерлерінен мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім қабылдауға және оларды жаңа инвесторларға сатуға құқылы.
Сақтық (қайта сақтандыру) ұйымы өз қызметінің жыл сайынғы міндетті аудитін жүргізіп отырады. Жыл қорытындысы бойынша жасалынған аудиторлық қорытынды сақтық (қайта сақтандыру) ұйымының жылдық қаржылық есептеменің ажырағысыз бөлігі болып табылады.
Негізгі сақтық ісі мен сақтық қызметінен алатын сақтандырушының табысы сақтық төлемдері мен сақтық ісі және сақтық қызметінен алынған табыстардың және шығыстардың сақтық сомаларын төлеудің және сақтық ісін ұйымдастыру мен оның материалдық базасын жасау жөніндегі шығыстардың, еңбекке ақы төлеу шығыстарының, сақтық қорларына (аударылатын аударымдардың) орнын толтырудың айырмасы ретінде анықталады. Кәсіпкерлік қызметтен алынатын табыс қызметтің осы түрлеріне белгіленген ережелерге сәйкес салық салынатын табыс резервтік қорларға аударылған аударымдардың сомасына азайтылатынын ескере отырып есептеп шығарылады.
Елімізде сақтандыруды дамытудың негізгі мақсаты – мемлекеттің, азаматтардың және шаруашылық жүргізуші субъектілердің мүддесін қорғаудың нақты құралы бола алатын толыққанды, орнықты жұмыс істейтін ұлттық сақтық рыногын қалыптастыру.
Қазіргі заманғы ұлттық сақтандыру жүйесін құру сақтық қызметі рыногын сапалы жаңа деңгейге көтеру жөнінде шаралар әзірлеуді және кезең-кезеңімен іске асыруды талап етеді. Бұл қағида Қазақстан Республикасында сақтандыруды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүргізіледі. Онда мынадай міндеттерді шешу көзделінген:
әлеуметтік сақтандыру түрі ретіндегі сақтық қорғауды ұсынудың қағидаттарын нақтылау;
сақтандырудың қолдану аясын кеңейту және міндетті сақтандыру түрлерін нақтылау;
сақтық рыногының қазіргі заманғы инфрақұрылымын қалыптастыру және оның қатысушыларының – сақтық (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтық брокері, сақтық агенті, сақтанушы, сақтандырылушы, пайда алушы, актуарий, уәкілетті аудиторлық ұйым (уәкілетті аудитор), өзара сақтандыру қоғамы, сақтандырумен байланысты кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын өзге заңи және жеке тұлғалардың қызметін ұйымдастыру үшін жағдай жасау;
халықаралық стандарттарды ескере отырып, сақтық қадағалаудың жүйесін ұйымдастыру;
сақтық және қайта сақтандыру ұйымдарының қаржылық орнықтылығы мен төлем қабілеттігі бойынша талаптарды күшейту;
осы заманғы сақтандыру технологиясын енгізуге жәрдемдесу;
сақтандыру саласында кадрлар даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесін ұйымдастыру.
Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық сақтық жүйені дұрыс ұйымдастыруда және сақтандырудың әлеуметтік маңызды түрлерін жедел дамытуда мол резерв жасалған.
Қазіргі заманғы сақтандыру индустриясын құру мемлекетке: мемлекеттік бюджеттің табиғи-техногендік сипаттағы көлденең шығыстарды өтеу бөлігіндегі салмақты азайтуға; рыноктық экономика қағидаттарында сақтандыру арқылы (зейнетақы қорланымдарын, еңбек қабілеттілігінен айырылуы немесе асыраушысы қайтыс болуына байланысты, жұмыссыздыққа байланысты берілетін жәрдемақыларды, медициналық шығыстарды төлеу) әлеуметтік қамсыздандырудың (қамтамасыз етудің) жекелеген проблемаларын шешуге; халықтың, жеке ұйымдардың жинақ- ақшасын ұзақ мерзімді негізде ұлттық экономикаға тартуға мүмкіндік береді.
Азаматтардың ақшасымен операцияларды жүзеге асыратын банктер мен жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметі сияқты сақтық ұйымдарының қызметі де белгілі бір мөлшерде халықтың сақтандыру институтына деген сенімінің деңгейіне байланысты.
Сақтандыруды дамыту, өз кезегінде, заңнамалық базаны, мемлекеттік салықтық-бюджеттік және ақшалай-кредиттік саясатты жетілдіруге, сақтық қызметін қадағалау сапасы мен сақтық ұйымдары жұмысының сенімділігіне байланысты болады.
Қазіргі заманғы сақтық рыногының толыққанды жұмыс істеуі сонымен қатар актуарийлерлер (сақтық міндеттемелерінің экономикалық-математикалық есеп-қисабы саласындағы мамандар) институтын енгізуді, уәкілетті аудиторлар мен басқа да мамандарға қойылатын тиісті талаптарды қажет етеді.
Қазақстанның сақтық рыногы қалыптасу стадиясында тұр: экономикалық және құқықтық негіздемелері бойынша (ұзақ дағдарыс, жетілмеген заңнамалық база) ол әлемдік деңгейден айтарлықтай артта қалып келеді. Дамыған рыноктық қатынастары бар елдерде сақтық қызметтер көрсетудің ассортименті 500 түрге жетіп отыр, ал Қазақстанда ол небәрі 40 түрін қамтиды. Жеке басты сақтандырудың және азаматтардың мүлкін сақтандырудың көптеген түрлері нашар дамыған, бұл халықтың табысының төмен болып отырған деңгейіне байланысты.
Әлемдік тәжірибе сақтық ісі бизнестің кең таралған және пайдалы сферасы екендігін дәлелдеп отыр, ал қуатты сақтық компаниялары өзінің қызметін шектес салаларға әртараптандыра отырып, етене және қаржылық-орнықты рыноктық құрылым бола отырып, рыноктық экономикада тұрақты жайғасымдарды алып отыр.
Ерекше сақтық қатынастарын, сақтық қызметінің рыногын дамыту, азаматтар мен заңи тұлғаларды сақтандыру тұрғысындағы қорғау «Сақтық қызметі туралы» Қазақстан Республикасы заңымен, сақтандыру мәселелері жөніндегі Үкімет қаулыларымен және Ұлттық банктің сақтық қадағалау департаменті нормативтік актілерімен реттеліп отырады.
Қазіргі кезде Қазақстанның сақтық рыногы қатысушыларының ассоциациясы құрылған. Ассоциацияның негізгі міндеттері Қазақстан Республикасының сақтық рыногын дамытудың қолайлы жағдайларын жасау және халықтың сақтық мәдениетінің деңгейін арттыру болып табылады.
Соңғы жылдары сақтандырудың отандық рыногында оң үрдістер байқалуда. Сақтық рыногында сақтық ұйымдарының активтері мен меншікті капиталдарының ауқымдық өсуінің үрдісі сақталып отыр. 2009 жылы олардың жиынтық активтері 10,6%-ға өсіп, ал жиынтық меншікті капиталы 9,2%-ға көбейді және тиісінше 297,2 және 181,2 миллиард теңгені құрады. 2009 жылы тура сақтандыру келісімшарттары бойынша қабылданған сақтық сыйлықақыларының көлемі 23,6 миллиард теңгені құрады, бұл алдынғы жылдың көрсеткішінен 53,9%-ға кем.
2009 жылы экономикалық белсенділік пен халықтың төлем қабілеттілігінің төмендеуі сақтық сыйлықақылар көлемінің біртіндеп қысқаруына әкелді. Ол 2009 жылдың қорытындысы бойынша бұрынғы жылдың осындай көрсеткіштерінен 23,5%-ға кем болды.
Қазіргі кезде Қазақстанда 43 сақтық (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтық қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиялары бар, соның ішінде жетеуінің өмірді сақтандыру бойынша, 29-ының көлік құралдары иелерінің АҚЖ-ні міндетті сақтандыру бойынша лицензиялары бар, 12 сақтық брокерлерінің, 63 актуарийлердің, сақтық қызметін жүзеге асыруға лицензиялары бар.
Қазіргі уақытта сақтық төлемақыларына кепілдік беру жүйесінде 32 сақтық (қайта сақтандыру) ұйымы қатысады.