Кәрібаев Б. Қазақ хандығының құрылуы. // Қазақ тарихы. 1995.


№ 4-6.

21-тақырып. XVI ғасырдағы Қазақ хандығы.

Жоспар: 1. XVI ғ. 1-ші жартысындағы Қазақ хандығының саяси

жағдайы.


2. XVI ғ. 2-ші жартысында Қазақ хандығының нығаюы.
XVI ғ. 1-ші жартысындағы Қазақ хандығының саяси жағдайы. Шығыс Дешті Қыпшақтың «даңқты сұлтандарының бірі» және әскербасы болған Қасым сұлтанның билігі XVI ғ. басында күшейді. 1511-жылы Бұрындық хан Мауараннахрға кеткеннен кейін Қазақ хандығындағы жоғарғы билікке Жәнібектің ұлы Қасым келді. Иран шахы Исмаилдың әскері Мұхаммед Шайбанидың өзбектерін талқандағаннан кейін Орта Азияда өзгерген саяси жағдайды Қазақ хандығының билеушілері ұтымды пайдаланып, 1513-жылы Сайрам қаласына үстемдігін орнатты. XVI ғ. 2-ші онжылдығында Қазақ хандығының аумағы кеңейіп, оңтүстікте Сырдарияның оң жағалауына дейінгі жерлерді, Түркістанның бірқатар қалаларын, оңтүстік-шығысында Жетісудың едәуір бөлігін, солтүстік-шығысында Ұлытау және Балқаш көлі арқылы Қарқаралы тауларына дейінгі жерлерді, солтүстік-батысында Жайық өзеніне дейінгі жерлерді қамтыды. XVI ғ. алғашқы ширегінде қазақтар Орыс мемлекетіне және Батыс Еуропа саяхатшыларына белгілі болды. Қасым ханның билігінің соңғы жылдарында қазақтар мен өзбектердің өзара қатынастары шиеленіскен күйінде қалды. Негізінен қазақтар Ташкент уәлаяты үшін Шайбани ұрпағы Сүйініш қожамен бірнеше рет шайқасқан. Қасым хан тұсында едәуір нығайғанына қарамастан, Қазақ хандығы орталықтанған мемлекет болған жоқ.

XVI ғ. 2-ші ширегінде Қазақ хандығы біраз дағдарысқа ұшырап, әлсіреді. Қасым ханның мұрагері Мамаш хан 1523-жылы қаза тапқаннан кейін хандықтағы жоғары билік Қасымның немере інісі Таһир ханның қолына көшті. Таһир ханның билігі тұсында қазақтардың Сырдария бойындағы Шайбани әулетіне қарсы жүргізген соғыстары сәтсіз аяқталып, Ноғай Ордасымен қарым-қатынастары шиеленісіп кетті. 1525-1526 жылғы қыстың бас кезінде Таһир ханның әскері қазіргі Түркістан қаласының маңында Ташкент уәлаятының билеушісі Келді Мұхаммедпен болған шайқаста жеңіліске ұшырады. Дегенмен, осы жеңілістен кейін де Тахир қырғыздар мен қазақтардың бір бөлігін өз жағына шығарып, тіпті Жетісуды өз ықпалына бағындырып алған. Мұнда ол қырғыздармен одақ құрып, моғол ханы Сұлтан Саидтың Жетісуда билік орнатпақ болған әрекетіне тойтарыс берді. Таһир ханның мұрагері, оның інісі Бұйдаш ханның да билігі Жетісу өңіріне таралды және оның қарамағында «отыз мыңға дейін адам» болды. Бұйдаштың сол уақытта бірден-бір қазақ ханы болмағаны және қазақ даласында басқа тағы бірнеше хандардың (Ахмет хан, Тоғым хан) болғаны туралы мәліметтер бар. Жалпы алғанда, XVI ғ. 30-60 жж. Қазақстан тарихының деректерде нашар көрсетілгенін ескерте кеткен жөн.

XVI ғ. 2-ші жартысында Қазақ хандығының нығаюы. XVI ғ. 50-жылдарында Қазақ хандығында Қасымның ұлы Хақназар (Ақназар) ханның билігі күшейді. Осы кезден бастап Қазақ хандығы ноғайларға, Сібір хандығына, Орта Азия хандықтарына елеулі қауіп төндірді. Хақназар хан тұсында Қазақ хандығы Мәскеу мемлекетімен сауда байланыстарын орнатып, саяси қарым-қатынас жасады. 1573-жылы Қазақ хандығына Третьяк Чебуков бастаған орыс елшілігін жіберген IV Иван патша тікелей байланыс орнату мақсатын ғана емес, Сібір ханы Көшімге әскери одақ жасасу мақсатын да көздеген. Алайда, елшілік өз міндетін орындай алмады, өйткені оны 1573-жылдың жазында Сібір ханы Көшімнің жиені Мәметқұл тұтқынға алған.

Хақназар ханның Орта Азиядағы Шайбани ұрпақтарымен қарым-қатынастары жеткілікті дәрежеде тығыз және жан-жақты болды. Шайбани ұрпағы ІІ Абдаллах хан Хақназармен одақ жасасуға мүдделілік көрсетті. Абдаллах пен Ташкент билеушісі Баба сұлтан арасындағы күресте қазақ ханы мен сұлтандары Абдаллахқа қолдау білдірді. Баба сұлтанның бүлігін басуда көмектескені үшін Абдаллах хан қазақтарға Түркістанның төрт қыстағын сыйға тартқан. Дегенмен, кейбір қазақ сұлтандарының Баба сұлтанды қолдауы барысында 1580-жылға қарай шиеленіскен оқиғалар орын алып, соның салдарынан Хақназар хан мен оның бірқатар жақындары опат болды.

Хақназар ханнан кейін қазақ ханы болған оның немере інісі Шығай өзбек ханы Абдаллахпен одақтасып, Ташкент билеушісі Баба сұлтанмен соғысты. 1582-жылы (кейбір деректерде 1586) Шығай хан дүние салып, орнына баласы Тәуекел хан болды. Осы жылы Тәуекел Баба сұлтанды өлтіріп, Абдаллахтан сыйға уәлаят алды. Бірақ бұл одақ 1583-жылы бұзылады. Тәуекел хан Сырдария бойындағы қалалар үшін күрес бастады. 1586-жылдан бастап ол Ташкентке, тіпті Самарқанд сияқты орталық қалаларға қауіп төндірді. 1594-жылы Тәуекел хан тұтқындағы інісі Ораз-Мұхаммедті елге қайтару әрі Абдаллах пен Көшім хандарға қарсы соғыс одағын құру және оқпен атылатын қару сұрау мақсатымен Ресей патшасы Федор Ивановичке Құл-Мұхаммед бастаған елшілік жіберді. 1595-жылы Тәуекел ханға В. Степанов бастаған елшілік келді. Осы кезде өзара тартыстың бәсеңдеуі, ішкі саяси өмірдің, мал және егін шаруашылықтарынң нығаюы Орта Азия, Сібір, Ресеймен сауда қатынастарын дамытуға көмектесті. XVI ғ. аяғында Түркістан аймағында күрес қайта өрістеді. Тәуекел Орта Азияның сауда орталықтарына шығу жолындағы күресін әрі қарай жалғастырды. 1598-жылы Тәуекел Орта Азияға жаңа жорық жасады. Бұл кезде Бұхарада тақ таласы басталып, Абдаллах қазаға ұшыраған соң, билік басына оның баласы Абд әл-Момынның қолына көшкен еді. Алайда, оның билігі баянсыз болып, бүлікшіл әмірлердің қолынан қазаға ұшырады. Аз уақыт ішінде Тәуекел Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы, Әндіжанды, Самарқандты алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде қатты жараланып, Ташкентке шегінді. Тәуекел хан мен оның інісі Есім сұлтанның Мауараннахрға жасаған жорығының нәтижесінде Түркістан, Ташкент, Ферғана Қазақ хандығының құрамына қосылды. Орта Азияда Шайбани әулетінің орнына билікке Аштархани әулеті келді.

ОБСӨЖ тапсырмалары.

1-тапсырма. Талқылауға арналған сұрақтар.

1. Қасым ханның билігі туралы мәліметтер қандай жазба деректерде кездеседі ?

2. Қасым ханның билігі тұсында Қазақ хандығы қандай дәрежеге жетті ?

3. Сайрам қаласының Қасым ханның билігіне қаратылуының себептері туралы қандай мәліметтер бар ?

4. Қасым хан мен Ташкент уәлаятының билеушісі Сүйініш-қожа арасындағы қақтығыстар ортағасырлық авторлардың деректерінде қалай сипатталған ?

5. XVI ғ. 20-30 жылдарында қандай хандар билік жүргізді және бұл кезеңде

Қазақ хандығының саяси жағдайы қалай өзгерді ?

6. Хақназар хан өз саясатында қандай табыстарға қол жеткізе алды ?

7. Хақназар хан мен өзбек билеушісі ІІ Абдаллах хан арасындағы келісім

Қазақ хандығының ішкі-сыртқы жағдайына қалай әсер етті ?

8. Шығай ханның билігі тұсында қазақтар Сырдария бойындағы бірнеше қалалардан неліктен айрылып қалды ?

9. Тәуекел ханның билігі тұсында Қазақ хандығының құрамына қандай қалалар қосылып алынды ?


2-тапсырма. Картамен жұмыс.

Картадан XVI ғасырда Қазақ хандығының құрамына енген территорияларды анықтап, контурлық картаға түсіріңіз.


3-тапсырма. Кестемен жұмыс.

Қазақ хандығының XVI ғасырдағы сыртқы саяси жағдайы
р/с Шайбанилер мемлекеті-мен қарым-қатынастар Моғолстан-мен қарым-қатынастар Ноғай Ордасымен қарым-қатынастар Орыс мемлекеті-мен қарым-қатынастар
1. Қасым ханның тұсында  
2. Тахир ханның тұсында
3. Хақназар ханның тұсында
4. Шығай, Тәуекел хандардың тұсында

Әдебиеттер:

Наши рекомендации