Заңды тұлғалардың түсінігі, белгілері жəне түрлері

ҚР-ның Азаматтық Кодексінің 33 бабына сәйкес заңды тұлға - 1. меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады.

Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиiс.
2. Заңды тұлғаның өз атауы жазылған мөрi болады.

Заңды тұлға:

1.Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттiк кәсiпорын, шаруашылық серiктестiк, акционерлiк қоғам, өндiрiстiк кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкiн.

2.Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік нысанында және заңнамалық актілерде көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкін.

Заңды тұлғаның оны басқа заңды тұлғалардан айыруға мүмкiндiк беретiн өз атауы болады.

Заңды тұлғаның атауы оның қалай аталатынын және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетудi қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша мағлұматты қамтуы мүмкiн.

Коммерциялық ұйым: шаруашылық серiктестiк, акционерлiк қоғам, өндiрiстiк кооператив

Шаруашылық серіктестіктің жіктелуі: толық серіктестік (мүшелері барлық мүлкімен жауап береді), сенім серіктестігі (толық серіктестік + сенім ақшасымен жауап береді), жауапкершілігі шектеулі серіктестік (тек капитал мөлшерімен ғана жауап береді), қосымша жауапкершілігі бар серіктестік (мүлкі жетпесе пайыз бойынша қосымша қаржы қосады).

Акционерлік қоғам - Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлiк қоғам болып танылады. Акционерлiк қоғамның акционерлерi осы заң актiлерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және өзiне тиесiлi акциялар құнының шегiнде қоғамның қызметiне байланысты шығындар тәуекелiн көтередi.

Еншiлес ұйым- жарғылық капиталының басым бөлiгiн басқа заңды тұлға қалыптастырған не олардың арасында жасалған шартқа сәйкес (не өзгедей түрде) негiзгi ұйым осы ұйымның қабылдайтын шешiмдерiн айқындай алатын заңды тұлға еншiлес ұйым болып табылады.

Азаматтардың бiрлескен кәсiпкерлiк қызмет үшiн мүшелiк негiзде олардың өз еңбегiмен қатысуына және өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң мүлiктiк жарналарын бiрiктiруiне негiзделген ерiктi бiрлестiгi өндiрiстiк кооператив деп танылады.

Коммерциялық емес ұйымдар: Мекеме, қоғамдық бiрлестiктер , қор, тұтыну кооперативi, дiни бiрлестiк, жеке кәсiпкерлердiң және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бiрлестiгi.

Басқарушылық, әлеуметтiк-мәдени немесе өзге де коммерциялық емес сипаттағы функцияларды жүзеге асыру үшiн өзінің құрылтайшысы құрған және қаржыландыратын ұйым, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, мекеме деп танылады.

Қазақстан Республикасында қоғамдық бiрлестiктер болып, егер заңдармен өзгеше көзделмесе, саяси партиялар, кәсiптiк одақтар және азаматтардың заңдарға қайшы келмейтiн, өздерiнiң ортақ мақсаттарына жету үшiн ерiктi негiзде құрған басқа да бiрлестiктерi танылады.

Азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерiктi мүлiктiк жарналар негiзiнде құрған, әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм беру және өзге де қоғамға пайдалы мақсаттарды көздейтiн, мүшелiгi болмайтын коммерциялық емес ұйым қор деп танылады.

Қатысушылардың материалдық және өзге қажеттерiн қанағаттандыру үшiн өз мүшелерiнiң мүлiктiк (үлестiк) жарналарын бiрiктiру арқылы жүзеге асырылатын азаматтардың ерiктi бiрлестiгi тұтыну кооперативi деп танылады.

Рухани қажеттерiн қанағаттандыру үшiн өз мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде, заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша бiрiккен азаматтардың ерiктi түрдегi бiрлестiгi дiни бiрлестiк деп танылады.

Жеке кәсiпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар өздерiнiң кәсiпкерлiк қызметiн үйлестiру, сондай-ақ ортақ мүдделерiн бiлдiру мен қорғау мақсатында қауымдастықтар (одақтар) құра алады.


Наши рекомендации