Осыдан қалай құтылуға болады?
Бізге өз билігіміз әлі өзімізде тұрғанда бұл одақтан жедел бас тартуымыз керек. Оның сылтауы табылып та тұр. Ресейдің билік басындағылардың едел-жедел «Еуразиялық одақ» құрамыз дегені экономикалық одақ құруды мақсат етіп қол қойған барлық құжатқа қайшы келгендіктен, біз өзіміздің Кеден одағындағы және БЭК-тегі қатысуымызды тоқтатамыз деген мәлімдемемен шығуымыз керек. Референдум өткіземіз деп халықты екі жарудың да қажеттігі жоқ. Сонымен бірге Украина, Өзбекстан секілді елдер қосылып, Ресейдің экспансиясын азайтуға болады деп дәмеленудің қажеттілігі жоқ. ТМД елдерінің бәрі қосылса да Ресей бойымен баса береді. Соны білетін соңғылар ондай одаққа аттап баспайды да. Қытай мен Түркия енеді деп ойлау да утопия. Екеуінің енуіне жоғарыдағы себептермен Ресейдің өзі қарсы шығады. Бүгінгі күні-ақ «экономикалық» дегенді алып тастап, таза одақ құруды ойлап жатқан олардан кім болса аяғын тартады.
Біздің Алла берген ең басты байлығымыз – Тәуелсіздік, одан айрылып қалсақ, қайтадан ешқашан өздігімізден ел бола алмаймыз. Соны ұмытпайықшы.
Кедендік одақ банкін ашу керек
Қысқасы, ұлттық валюталарды өзара есеп айырысу құралы ретінде пайдаланатын кез келді. Бұл үшін кейбіреулер Кедендік одақ банкін ашу керек дегенді айтады. Иә, бұл орынды болар еді. Бірақ біраз жұмыс істеуге, шығын шығаруға тура келеді ғой. Бәлкім, бұл іске қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған ЕурАзЭҚ даму банкін пайдаланармыз... Бұлай істеуге де болады. Әр мемлекет аталған банкке өзі импорттайтын тауар құны көлеміндегі ұлттық валюталарын құйса болғаны. Ал экспорт есепке алынбайды. Өйткені ол тек қана кіріс түсіретін сала ғой. Экспорт импорттан асып жатса, мұндайға қол жеткізген мемлекеттердің қуана беруіне болады. Өйткені ол тиімді қалдық.
Біздің ойымызша, ЕурАзЭҚ даму банкі өзінің бұрынғы мақсатты жобасын сақтап қалып, импорт төлемін өтеу үшін жаңа құрылым ашып жатпай-ақ оларды екінші деңгейдегі банктер міндетіне «бере салған» жөн секілді. Бұл біріншіден, екінші деңгейдегі банктердің біраз «әл жинауына» көмектесер еді. Тіпті қаржы аудару операцияларын жүзеге асырғаны үшін төленетін комиссиялық түсімнің өзі біраз пайда емес пе?! Иә, осылай істеу ең дұрыс жол секілді. Бұл үшін үш мемлекетте де мүмкіндік жеткілікті. Айталық біздің елде бар Ресей «Сбербанкі» Белоруссияда да жұмыс істейді. Біздің екінші деңгейдегі банктеріміздің біразы бұл елдерде өз филиалдарын ұстайды. Қысқасы, жаңадан бос шығын жасаудың қажеті шамалы. Дәл бүгінгі жағдайда есеп айырысуды ұлттық валютамен жүргізуге әр елдің мүмкіндігі бар. Егер біз айтқан ұсыныс болмыс ақиқатына айнала қалса одан Кеден одағындағы мемлекеттердің бәрі бірдей, оның ішінде кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар да біраз ұтысқа шығады. Айталық қазіргі таңда Ресейден тауар алатын кәсіпкерлер ең бірінші өз елімізде ақшасын долларға немесе евроға айырбастап алады. Ұтылыс осы жерден басталады. Сонан соң Ресейде әлгі біз берген доллар немесе евро қайтадан рубльге айналдырылып, ондағылар тағы ұтылады. Үшінші жағдайда доллар мен евроның мүлде сенімсіз валютаға айналып бара жатқандығы салдарынан да жекенің және жалпының ұтылысы қалыптасады. Мінеки, қазіргі күніміз осылай өрнектелуде. Ал егер өтем құралына ұлттық валюталар пайдаланылатын болса Ресей тауарын рубльге, Қазақстан тауарын теңгеге сатып алуға болар еді. Көрдіңіз бе бос шығынды болдырмайтын нағыз дұрыс жол осы емес пе?! Ал ұлттық валюталардың бағамдары Кеден одағы орталық банктерінің келісімді мөлшерінде белгіленетіндіктен ұтылыс мүлде болмайды. Айтқандай Кеден одағындағы ұлттық валюталар АҚШ долларында емес, мемлекеттік өндіріспен кепілдендірілген. Қорыта айтқанда, экспорт-импорт айналымында Кеден одағы ішінде ұлттық валюталарды өтем құралы ретінде пайдаланатын кез келді. Ескерте кетейік, егер бұл қызметті Ресей рубліне беріп жіберсек, ұтылыс сонда болады. Әуелі бұдан Қазақстан мен Белоруссия ұтылады. Сонан соң Ресей АҚШ мемлекетінің басына төніп келе жатқан қара бұлтты өзіне тілеп алған мемлекет болып шығады. Қысқасы, баршаға бірдей зиянды мұндай жолдан мүлде бас тарту керек.