Түркия және Еуропа державаларының дипломатиясы

Шығыс мәселесі дами келіп, Осман империясы аталған ұлы держава бірте-бірте халықаралық субъект болмысынан өзге державалардың территориалды, сауда-экономикалық және саяси бөліністерінің объектісіне айналды. Империяны сақтау жолында әскери әрі реформистік әрекеттер қозғалды. Алайда олардың ешқайсы мемлекеттің құлдырау сатысынан шығара алмады.

Шығыс мәселесінің бірнеше мемлекеттің ұлттық мүддесін тоғыстырғаны жоғарыда айтылды. Мұндай державалардың құрамында Австрия, Англия, Франция, Ресей және XIX ғасырдан бастап Германия мен Балкан мемлекеттері кірген болатын. Төменде олардың Шығыс мәселесіне қатысты ұстанымын жеке-жеке қарастырылады.

Австрия империясының шығыс мәселесіндегі басты қызығушылығы оның Балкан түбегіне географиялық жақын орналасуы мен Осман империясына тән көпұлттылығымен түсіндіріледі. Өзге мемлекеттердің Осман империясына қол сұғуы Австрияның өзіндік қызғанышын тудырды деуге болады. Аталмыш екі империяның тағдыры өте тығыз байланыстырылды. «Дунай монархиясы әлемде Осман империясының үстемдігі орнаған тұста пайда болды. Империяның қысымы үдеген сайын Австриялық монархия да күшейе берді. Алайда Осман империясы әлемдегі үстемдігінен айырылысымен Дунай монархиясы құлдырап кетті. 1914-1918 жж. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін империя күйреп қалғанда, Австро-Венгрия монархиясы да ыдырап кетті» 5.

Негізінен Австро-Венгрияның Шығыс мәселесіндегі ұстанымы өзіне тән аумалылық пен қарама-қайшылықпен сипатталады. Бір жағынан Австрия үкіметі Түркияның Балкандағы иелігіне қызықса, екінші жағынан ондағы славян тектес халықтардың көпшілігінен үрейленді. Өйткені өзіне жақын орналасқан Балкан түбегіндегі православты халықтар бірігіп кету қаупі жоқ емес еді. Тарих зерттеушілерінің пікірінше, Австрияның Түркия саясатына қатысты қолданған нақты бағдарламасы болмады. Габсбургтер Шығыс мәселесіндегі ұстанымын халықаралық жағдайларға байланысты жеңіл-желпі түрде ауыстырып отырды. Саяси шешімдері жағынан Ресейге тәуелді бола тұра, орыс дипломатиясының басым болуына көп қарсыласты. Нақты мақсатқа сүйенбеген Австро-Венгрия монархиясы Осман империясының ыдырауы барысында аса елеулі орын ала қоймады.

Ағылшын үкіметінің Шығыс мәселесіндегі мүддесі әуел бастан экономикалық, отарлық және әскери-стратегиялық сипат алды. Англия Осман империясын өндіріс саласындағы тиімді нарық және капитал көзі ретінде пайдаланды. Сондықтан Ұлыбританияның отаршыл әрі әскери-стратегиялық мүддесі Осман империясының тұтастығын сақтауға бағытталды. Англия дипломатиясының тағы бір көксегені Түркияның әскери потенциалын Ресейге қарсы қолдану және батыстағы «Британ тәжінің гаухар тасы» - Үндістанды қорғау еді. Негізінен Англия Таяу Шығысты Ұлы Британ империясын құру мақсатында оңтайлы пайдалана білді. XVIII ғасырда ағылшын үкіметінің экспансиясы экономикалық сипатта ғана шектелсе, XIX ғасырда ол Таяу Шығыстағы агрессор мемлекет рөлінде көрінді. Түркия, Сирия, Египет, сонымен қатар Кипр, Кувейт сынды аймақтар Англия үшін стратегиялық маңызы зор орталықтар есебінде қабылданды.

XIX ғасырдың соңғы ширегінде ағылшын дипломатиясы өз ұстанымын түбегейлі өзгертті. Ендігі арада империяның құлайтынын түсінген Англия бұрынғыша оның тұтастығын сақтау үшін емес, керісінше ең тиімді бөлігін өзіне алып қалу үшін тырмысты. Бұл мақсатта ағылшын үкіметі Франция мен Ресей мемлекеттерімен бақталасты және көбіне соңғысымен жақындасудың амалын іздеді.

Осман империясы құлдырау сатысында оған ең бірінші назарын аударған мемлекет Франция болатын. Екі мемлекеттің арасында айтарлықтай дау тудыратын мәселе болған емес. Сондықтан Франция Осман империясымен достық қарым қатынасты орната отырып, оған саяси маңызды одақтас ретінде қарады. Экономикалық жағынан да француз-түрік қатынастары тығыз жағдайда дамыды. Кейіннен Осман империясындағы дағдарыс салдарынан Франция дипломатиясы Константинопольді өзінің басты мақсатына айналдырды. Франциядағы революциялық соғыс пен Наполеон билігі Түркияға қатысты агрессиялық саясатты тудырды. Достық қатынасты орната келіп экспансиялық әрекеттерді жүзеге асырған Наполеонның сыртқы саясатын тарих зерттеушілері қатты сынайды. Олардың айтуынша, Франция билеушісінің Шығыс мәселесіне қатысты нақты жоспары болмаған тәрізді. Әйтпесе оның Тильзиттегі Александр І-мен өткізген «Осман империясының ыдырауы мен оны тиімді бөлісу» мәселесі жөніндегі келіссөздері мен бір уақытта Осман Портасымен достық қатынасты нығайту мен Қырымды қайтару шаралары түсіндіруге келмейтін әрекет болып табылады.

Онымен қоса француз дипломатиясы империя ішіндегі түріктерге қарсы көңіл-күйді ушықтыра отырып, экономикалық әрі саяси үстемдік орнатуды көздеді. Саясаттың мұндай түрі көп жағдайда ағылшын-француз қатынастарының шиеленісуіне әкеле берді. Ақыры Еуропа державаларымен қақтығыстар салдарынан, және ең бастысы 1870-1871 жж. Францияның Пруссиядан жеңіліске ұшырауынан кейін мемлекеттің Шығыс мәселесіндегі рөлі өз маңызын жойып жіберді.

Пруссия және өзге герман мемлекеттерінің Шығыс мәселесіндегі нақты ұстанымы болмады. Германияның бар көздегені сол кездегі ұлы державалар – Англия мен Франция, Австрия мен Ресей арасындағы қарама-қайшылықтарды өз пайдасына асыру болып табылды. Тек 1875-1878 жж. Шығыс дағдарысынан кейін неміс дипломатиясы Түркия мен Балканға қатысты позициясын өзгертті. Бұл кезеңде Германия Шығыс мәселесін Ресей мен Австро-Венгрияға көрсетілетін қысым есебінде пайдаланды, ал кейіннен келе Түркияның стратегиялықмаңызы бар аймақтарына көз тіге бастады. XIX ғасырда Германияны Осман империясын Шығыстағы сенімді одақтасына айналдырғысы келді. Осы жолда герман билеуші таптары бірнеше экономикалық және саяси шараларды қолданды. Нәтижесі ретінде Бірінші дүниежүзілік соғыста Осман империясының Германияның жағында соғысқанын қөруге болады.

Шығыс мәселесіндегі басты мүдде Ресейге тиесілі. Ресей үшін бұл аймақтағы қызығушылық ғасырлар бойы өз маңызын жоймаған еді. Орыс үкіметінің басты мақсаты Қара теңізге бағышталды. Балкан түбегіне дейін созылған ықпал және Қара теңіздегі еркін қозғалыс Ресей империясының ұлттық мүддесіне айналды. Дегенмен тарих зерттеушілерінің пікіріне сүйенсек, Ресей дипломатиясы Шығыс мәселесінде «иллюзиялы» мақсаттарға қол созды. Әсіресе Ресей «ағайынды-славян» халқы түрік қанауынан босатылуы үшін кез келген уақытта көмек қолын созуға даяр деген пікірлер мифтік ағымда дамыды. Ең өкініштісі сол қол жетпейтін арман жолында екі тарап та материалдық, адами шығындарға ұшырады. Бұндай idee fixe екі ғасырдан астам мерзімде орыс царьларының санасын улап келді.

Барлық Еуропалық державалардың ішінде Түркиямен қақтығысқа ең көп түскен мемлекет осы Ресей болатын. Бірнеше жүзжылдық бойына орыс әскері қантөгісті шайқастар жүргізді, ал орыс дипломатиясы шебер түрде « түрік езгісіне ұшыраған халықтардың қорғаушы мемлекеті» рөлін сомдап келді. Осман империясының ыдырағанын көксеген Ресей саясаты шын мәнісінде өзінің Еуропадағы саяси ықпалын күшейту мақсатында Шығыс мәселесіне бар күш-жігерін салды.


Наши рекомендации