Азақстандықтардың соғыс жылдарындағы еңбек майданындағы ерліктері
Мәскеу шайқасының тарихи маңызы
Қызыл Армия Москва түбінде гитлерлік басқыншыларды алғаш рет жеңді. Бұл жеңісте қазақстандықтардың үлесі де көп болды. Қазақстандық генерал-майор И. В. Панфилов пен комиссар А. С. Егоров басқарған 316-атқыштар дивизиясының аты аңызға айналды. Бұл дивизия 1941 жылы 26 қазаннан 18 қарашаға дейін ерлікпен жауға қарсы шайқасты. 1941 жылы 18 қарашада И. В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Панфиловшы, ротаның саяси жетекшісі, қазақстандық КСРО батыры П. Б. Вихрев те ерлікпен қаза тапты.
Бауыржан Момышұлы басқарған батальон жаумен болған шайқаста ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Москва облысының Бородино селосының түбінде неміс штабына басып кіріп, немістердің көзін жойған Т. Тоқтаровқа кеңестер Одағының батыры атағы берілді.
М. Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобы да ерекше ерлік көрсетіп, жау танкілерінің бірнешеуін жойды. М. Ғабдуллинге Кеңестер Одағы батыры атағы берілді.
Бородино селосының түбінде Амангелді Имановтың ұлы Рамазан Амангелдиев 13 фашистің көзін жойды.
Фашистердің Москва түбінде жеңілуі, яғни «Блицкриг» жоспарының күйреуі жеңістің бастамасы, Ұлы Отан соғысындағы түбегейлі бетбұрыс болды.
Ленинград шайқасының тарихи маңызы
Ленинград қаласын қорғауға қазақ КСР-де құрылған 310-атқыштар дивизиясы мен 314-дивизия алғашқы кезеңнен қатысты.
Ленинград үшін шайқаста қазақ жауынгері Сұлтан Баймағанбетов кеудесін оққа төсеп, Александр Матросовтың ерлігін қайталады. Ол Кеңестер Одағының батыры атанды.
Балтық флотында көптеген қазақстандықтар жауға қарсы ерлікпен шайқасты. Мысалы, «Киров» крейсерінде 156 қазақстандық болған. Қазақстаннан барған әскерлердің 30%-дан астамы Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысты. Рота командирі Қойбағаров өз бөлімшесімен неміс окоптарына басып кіріп, өшпес ерлік жасаған. Одан басқа Ленинград түбінде Дүйсенбай Шыныбеков, С. Жылқышев, Г. П. Зубков т. б. қазақстандықтар ерекше ерлік көрсетті.
1941 жылы қыркүйекте қазақстың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың ленинградтықтарға арнап жазған «Ленинградтық өренім» жыры фашистердің қоршауындағы қаһарман қала халқына, оны қорғаушыларға үлкен рухани дем берді.
Сталинград шайқасының тарихи маңызы
1942 жылы Сталинград түбінде қиян-кескі шайқас басталды. Қазақстанның батысы Сталинград облысымен 500 шақырым шектесіп жатқандықтан, соғыстың оты Батыс Қазақстан өңірін қамтыды.
1942 жылы 1 қыркүйекте Гурьевте қорғаныс комитеті құрылды. 1942 жылы 15 қыркүйекте Гурьев облысында соғыс жағдайы мен қатерлі жағдай енгізілді. 1942 жылы 9 қазанда Қазақ КСР үкіметі Сталинград майданының ең жақын тылы Қазақстан екенін, сондықтан бұдан артық шегінетін жер жоқ екенін айтып, Сталинградты қорғаушы жерлестеріне үндеу тастады.
Батыс Қазақстан жерінде 6 қорғаныс шебі, Сайхан, Орда, Чапаев, Тайпақ аудандарында арнайы аэродромдар салынды. Ақтөбе облысында да қорғаныс құрылыстары салынды.
Сталинград майданының көптеген әскери бөлімдері, материалдық, техникалық базалары Батыс Қазақстанда орналастырылды. Орал қаласында әскери байланыс торабы орналасты. Батыс Қазақстан жерінде 20-ға жуық әскери госпиталь жұмыс істеді.
Сталинград майданын барлық жағынан Қазақстан қамтамасыз еткен. Осында көптеген әскери техника жөндеуден өтті. Қазақстан жерінде құрылған 292, 387-атқыштар дивизиясы, 81-атты әскер дивизиясы т. б. Сталинградты қорғауға қатысты.
Жамбылдың ұлы Алғадай Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапты. Кеңестер Одағының батыры, қарағандылық ұшқыш Нұркен Әбдіров өз ұшағын жаудың әскери базасына құлатып, Гастеллоның ерлігін қайталады.
Сталинград түбінде қазақстандықтар Қ. Сыпатаев пен А. А. Бельгин өздерінің ерлігі нәтижесінде Кеңестер Одағының Батыры атағына ие болды. Сталинград шайқасы соғыс тарихында ерекше орын алды. Гитлерлік басқыншылардың Сталинград түбіндегі жеңілуі олардың соғыстағы тағдырының шешілу уақытын жақындата түсті.
67. Соғыстан кейінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі (1945–1950 жж.)
Соғыстан кейін де әміршіл-әкімшіл жүйе қоғамда үстем болды. КСРО-да, соның ішінде Қазақстанда Сталиннің жеке басына табыну күшейді. Жеке адам құқығы барған сайын аяққа тапталды. Қарапайым адамдар басқарудан шеттетілді.
Коммунистік партияның билігі шексіз болды. Қоғамда тоталитарлық, авторитарлық жүйе үстем болды. Осының бәрі жеке адамның басына табынғандықтан пайда болған. Жоғары билік басындағылар тез арада коммунизмге көшу туралы жоспарларды құрастыра бастады. Коммунизмнің теориялық негізі жасалды. Мұның бәрі И. В. Сталиннің көрегендігі ретінде бағаланды. Республикада осылай қияли утопиялық көзқарас пайда болды. Коммунистік партия қияли коммунистік идеологияның мүддесін халықтың өмірі мен тіршілігінен жоғары қойды. Адам мүддесімен ешкім санаспады.
Ауыл шаруашылығы
Соғыстан әлсіреп шыққан еліміздің ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жолында көптеген кедергілер кездесті. Мысалы, ауыл шаруашылық техниканың жетіспеуі, жұмыс күшінің аздығы, әміршіл-әкімшіл жүйенің ықпалы т. б.
Партияның 1946 жылғы қаулысына сәйкес совхоздар мен колхоздардың бұрынғы зардаптарын жою басталды. Ауыл шаруашылғын жаңа техникамен қамтамасыз ету үшін мемлекет арнайы қаражат бөлді. 1950 жылы еліміздегі колхоздарда (76%) МТС-тер (машина-трактор станциялары) жұмыс істеді. Үкімет өзін қамтамасыз ете алмайтын ұсақ колхоздарды біріктіре бастады. 1952 жылы республикада 2047 колхоз жұмыс істеді.
Республика ауыл шаруашылығы біршама жақсы дамыды. Дегенмен барлық халықты бірдей азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай, өнеркәсіптің шикізатқа деген сұранысын қанағаттандыра алмады. Ауыл шаруашылығы жоспарлы түрде жоғарыдан басқарылды.