Геменді Қазақстанның мемлекеттік шекараларын делимитациялау және демаркациялау Ұлттық қауіпсіздікті нығайту.
Мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау
Қазақстан Республикасының шектес елдермен мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеу
Қазақстанның 2030 жылға дейін даму стратегиясында Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саяси міндеті қойылған болатын. Бұл міндеттің орындалуы мемлекеттік егемендікті сақтаудың, аумақтық тұтастықты және шекараның мызғымастығын қамтамасыз етудің кепілі ретінде түсінідіріледі.
КСРО-ның тарауы бұрынғы одақтас республикалардың аумақтық мәселені шешуі қажеттігін туғызғанын ескере отырып, Қазақстан шекараны ресімдеу бойынша келіссөздер процесіне белсене кірісті. Қытай Халық Республикасымен мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеу
Делимитация
1991 жылға дейін Қытаймен келіссөздерді ҚХР-мен шекаралас одақтас республикалар өкілдерінің қатысуымен құрылған кеңестік үкіметтік делегация жүргізді. Қазақстан Республикасының, Қырғызстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Тәжікстан Республикасының үкіметтері арасындағы Қытай Халық Республикасымен шекаралық мәселелер бойынша келіссөздер туралы 1992 жылғы 8 қыркүйектегі келісімге сәйкес, 1992 жылы КСРО Үкіметтік делегациясының орнына ҚХР-мен келіссөздер жүргізу үшін Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы үкіметтерінің Бірлескен делегациясы құрылды.
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің «Қытай Халық Республикасымен қазақ-қытай шекарасы маңында әскери саладағы сенімді нығайту әрі қарулы күштерді өзара қысқарту жөніндегі келіссөздер туралы және шекара мәселелері жөніндегі келіссөздер туралы» 1992 жылғы 17 шілдедегі № 607 қаулысының негізінде Қазақстан өз делегациясын жасақтап, Қытаймен келіссөздерге кірісті.
Делимитациялау туралы келіссөздер 1992-1998 жылдары өтіп, демаркация толығымен 2002 жылы аяқталды.
Келіссөздер процесінің негізіне Ресей Империясы мен Қытай арасында ХІХ ғасырда жасалған сегіз шарттар мен хаттамалар алынды.
ҚР мен ҚХР арасындағы келіссөздер нәтижесінде Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының өту сызығын және оның жергілікті жерде шекаралық белгілермен белгіленуін нақты анықтап әрі егжей-тегжейлі сипаттап берген халықаралық шарттар жасалды. Олар:
1. Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы 1994 жылғы 26 сәуірдегі келісім;
2. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы 1997 жылғы 24 қыркүйектегі қосымша келісім;
3. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы 1998 жылғы 4 шілдедегі қосымша келісім;
Демаркация
Қытаймен мемлекеттік шекараны демаркациялау процесін Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы 1994 жылғы 26 сәуірдегі келісімнің 4-бабына сәйкес екі елдің Үкіметтерімен құрылған Қазақстан-Қытай бірлескен демаркациялық комиссиясы жүргізді.
Демаркациялық жұмыстары алты жұмыс топтарымен 1996 жылғы шілдесінен бастап 2001 жылғы желтоқсанына дейін жүргізілді және 2002 жылғы 10 мамырда Бейжің қаласында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев пен Қытайдың Сыртқы істер министрі Тан Цзясюаньнің Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының сызығын демаркациялау туралы Хаттамаға қол қоюымен аяқталды.
Қазақстан-қытай мемлекеттік шекарасының жалпы ұзақтығы 1783 км, оның ішінде құрлық щекарасы 1 215,86 км, су шекарасы 566,89 км.
Шекара сызығы 688 шекаралық белгілермен белгіленген, оның ішінде 346 белгі Қазақстан тарапымен орнатылған.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдермен мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеу
Бұрынғы КСРО-ның әкімшілік-аумақтық шекарасын межелеуді тану қағидаттарын бекітілетін келесі құқықтық құжаттар болып табылады:
1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы Декларациясы, 1992 жылғы 14 ақпандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі ынтымақтастық қағидаттарын сақтау туралы Декларация, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын сақтау туралы Декларация, түрлі екі жақты құжаттар, Одақтық және республикалық деңгейдегі Жоғары Кеңестердің заң актілері.
Осы құжаттарға сәйкес, Тараптар одақтас республикалардың арасындағы әкімшілік-аумақтық межелеуді шекаралық келіссөздерде негізіне алды.
Бұрынғы одақтас республикалардың арасындағы әкімшілік шекаралардың бәріне ортақ ерекшелік ретінде ондағы кейбір учаскелердегі іс жүзінде орныққан шекара сызықтары қолда бар құқықтық актілердің ережелеріне сәйкес келмейтіндігін айтуға болады. Мұндай жағдайларда тараптар ұлттық және экономикалық мүдделерді ескере отырып, өзара тиімді шешімдер қабылдады, аумақтарды теңдей бөлісті және алмасты.
Қазақстан тарапының мемлекеттік шекараны делимитациялау бойынша жұмыстары Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Түрікменстанмен және Өзбекстан Республикасымен Мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметтік комиссиясы туралы (ҚР Үкіметінің 2000 ж.24.02. №289, 2000 ж. 06.06. №856, 2002 ж. 17.07. №791, 2003 ж. 02.06. №509, 2004 ж. 01.07. №726 қаулыларымен енгізілген өзгертулері бар) 1999 жылғы 1 қыркүйектегі №1283 қаулысына сәйкес жүргізілді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Комиссияның құрамынан мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, облыстық, аудандық және ауылдық әкімдіктердің өкілдерін кіргізе отырып, тиісті Үкіметтік делегацияларды жасақтап отырды. Сарапшы ретінде әртүрлі мекемелердің мамандары тартылды, геодезистер, картографтар, жерге орналастырушалыр мен гидрологтардан жұмыс топтары құрылды.
Орталық Мемлекеттік мұрағаттағы, Қазақстан Республикасының министрліктері мен ведомстволарындағы, арнайы мекемелеріндегі құқықтық база мен онда бар материалдар түпкілікті зерттеліп, әрбір мемлекетпен келіссөздер жүргізудің қағидаттары мен әдістемесі жасалды. Делегацияның мүшелері, сонымен қатар жұмыс топтарының өкілдері қажет кезде жергілікті тұрғындармен, қоғам өкілдерімен және басшылармен кездесіп отырды. Халыққа ақпарат беру мақсатында келіссөздер процесі барысында пресс-конференциялар өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбаттар беріліп отырды. Қажет болған кездерде жергілікті жерлерге далалық сапарлар ұйымдастырылып, шекара белдеуін әуеден және космостан суретке түсірулер және басқа да іс-шаралар жасалып отырды.
Қазақстан-Өзбек мемлекттік шекарасы
Делимитация
Қазақстан-Өзбек мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесі 2000-2002 жылдар аралығында өтті. Анықталған күрделі учаскелер мен тараптардың ұсыныстары өзара сыйластық пен тең құқылық қағидаттарының негізінде, жергілікті халықтың мүдделері ескеріле отырып шешілді.
Қазақстан-Өзбек мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесін екі кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең. Шекара сызығының бүкіл ұзақтығының 96 пайызын анықтап берген, 2001 жылғы 16 қарашада Астанада мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан Мемлекеттік шекарасы туралы шартты дайындау.
Екінші кезең. Бірлескен шекара сызығын анықтауды толығымен аяқтаған, 2002 жылғы 9 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері қол қойған Қазақстан-Өзбекстан Мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелері туралы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шартты әзірлеу.
Аталған Шарттар 2003 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енді.
Демаркация
Қазақстан-Өзбек мемлекеттік шекарасын демаркациялау процесі 2003 жылы, ал далалық жұмыстар 2004 жылдың сәуірде басталды.
Тараптар Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі ауданы қоспағанда шекаралық белгілерді орнату жөніндегі далалық демаркациялық жұмыстарды негізінде аяқтады. Шекара сызығы 1565 шекаралық белгілермен белгіленген, оның ішінде 776 белгі Қазақстан тарапымен орнатылған. Казіргі уақытта мемлекеттік шекараны демаркациялаудың қорытынды құжаттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс жүргізілуде.
Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасы
Делимитация
2001 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанның Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау процесі туралы шартқа мемлекет басшылары қол қойды.
Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын делимитациялау туралы келіссөздер 2000-2001 жылдар аралығында сындарлы әрі іскерлік жағдайда өтті. Тараптар 1972 жылы Қазақ КСР-і мен Түрікмен КСР-і арасында келісілген шекара сызығын өзгерту туралы ешбір ұсыныстар білдірмеді.
Демаркация
Бірлескен шекараны демаркациялауға бағытталған іс-шаралар 2003 жылы басталды. Шекарада шекаралық белгілерді орнатуға тараптар 2005 жылы кірісті.
Тараптар Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі ауданы қоспағанда шекаралық белгілерді орнату жөніндегі далалық демаркациялық жұмыстарды негізінде аяқтады.
Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекара сызығы 366 шекара бағаналармен белгіленген, оның ішінде 178 бағаналары Қазақстан тарапымен орнатылған.
Казіргі уақытта мемлекеттік шекараны демаркациялаудың қорытынды құжаттарға және Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікмен Мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы келісімге қол қоюға әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасы
Делимитация
Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жылдың қарашасынан 2001 жылдың желтоқсанына дейін өтті. Осы келіссөздердің нәтижесі бойынша Мемлекет басшылары 2001 жылғы 15 желтоқсанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойды. Аталған Шарт 2008 жылғы 5 тамызда күшіне енді. Екі жақты келіссөздер өзара сыйластық және тең құқылық қағидаттарына негізделіп, іскерлік және сындарлы жағдайда өтті.
Демаркация
Тараптар мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі келіссөздерге және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы шекарада шекара белгілерін орнатуға 2008 жылдың күзде кірісті. Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасында шекара белгілерін орнату жұмыстары 2014 жылы аяқталды. Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекара сызығында 1055 шекара бағаналар орнатылған (cоның ішінде Қазақстан тарапының 533 бағаналары).
Қазіргі уақытта мемлекеттік шекараны демаркациялаудың қорытынды құжаттарға және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз Мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы шартқа қол қоюға әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы
Делимитация
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын делимитациялау туралы келіссөздер 1999 жылдың қыркүйегінен 2005 жылдың қаңтарына дейін жалғасты.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Ресей Федерациясына ресми сапары барысында 2005 жылдың 18 қаңтарда Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа мемлекет басшылары қол қойды.Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қоюмен Қазақстан өзінің құрылықтағы шекарасын бүкіл өн бойында құқықтық ресімдеуді аяқтады. Шарт 2006 жылғы 12 қаңтарда күшіне енді.
Демаркация
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі бірлескен комиссия өз жұмысына 2007 жылғы шілде айында кірісті. 2009 жылдың мамырда тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы шекарада шекара белгілерін орнатуды бастады. Қазіргі уақытта Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының 5200 км шамасында 3000 астам шекара белгілерімен белгіленген (Қазақстан-Ресей шекараның ұзақтығынан 69% шамасында). Бірлескен мемлекеттік шекараны демаркациялау үдерісі жалғасуда. Қазақстан Республикасының шектес елдермен мемлекеттік шекарасының түйісу нүктелер
Қазақстанның мемлекеттік шекарасында шектес елдердің шекараларымен төрт түйісу нүктелері бар. Үш жақты форматта қол қойылып, күшіне енген келісімдер:
1. 1999 жылғы 5 мамырдағы Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы Үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесін айқындау туралы келісім;
2. 1999 жылғы 25 тамыздағы Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Қырғыз Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісім;
3. 2001 жылғы 15 маусымдағы Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісім.
Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекаралары түйісу нүктесінің ауданы туралы шартқа қол қою жөніндегі жұмысы жүргізілуде.
Мемлекеттік шекараның жалпы ұзақтығы 13383 км., оның ішінде:
- Қытай Халық Республикасымен – 1 783 км. шамасында;
- Қырғыз Республикасымен – 1 257 км. шамасында;
- Өзбекстан Республикасымен – 2 351 км. шамасында;
- Түрікменстанмен – 458,3 км. шамасында;
- Ресей Федерациясымен – 7 548 км. шамасында.