Аныш имантайҰлы сӘтбаев

Сәтбаев Қаныш Имантайұлы (1899 – 1964) – аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы. Туған жері – бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Аққелін болысы (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы).

Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітіріп келгеннен кейінгі Қ. Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеологиясын зерттеуге арналған. Оның геологиядан басқа ғылымдардан да; мәдениет саласында да; тарихта да қалдырған ізі сайрап жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға тақағанда, жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көрегендіктің белгісі еді. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы – кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі.

Ол – геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан комиссиялардың, комитеттердің мүшесі, басшыларының бірі; бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, съездерінің делегаты, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиумының мүшесі. Ол төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері болған. Оның есімі институттар мен кен-металлургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Сондай-ақ Алатаудың бір шыңы мен мұздығы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады. Оған арналған бірнеше мұражайлар бар.

Тапсырмалар.

1. Мәтінннен жалқы есімдерді теріп, жалғауларын көрсетіңіз.

2. Мәтіндегі пайдалы қазбаларды тауып, оларды септеңіз.

3. Оған арналған бірнеше мұражайлар бар. Берілген сөйлемге синтаксистік талдау жасаңыз.

4. Көптік жалғаулы сөздерді табыңыз.

5. Мәтіннен екі-үш етістік алып, жіктеңіз.

6. Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіз.

ü Қ.Сәтбаев кім болған?

ü Қ.Сәтбаев қай жерде туған?

ü Қандай оқу орынын бітірген?

ü Қай жердің кен байлығын ашқан?

ü Қандай сыйлықтар алған?

ü Қандай мектептің негізін қалаушы?

7. Мына сөйлемдерден демеуліктерді табыңыз. Сен айтқаныңды орындамадың ғой. Демек, ештеңе білмейді екенсіз ғой. Үйге дейін жеттік-ау. Ол саяхатқа баласын ғана алды. Маған ұлттық киімнің бәрі ұнайды, әсіресе сәукеле.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3.Түймебаев Ж. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.

4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (1-тақырып) [қосымша14,15,17, 20]

1. «Мамандық әлемінде» тақырыбына шығарма.

2. «Менің мамандығым» тақырыбына сұқбат.

3. «Қаныш Сәтпаев – тұңғыш академик» тақырыбына реферат.

Тақырып. Адам және қоғам. Салауатты өмір салты. Қоршаған ортаны инженерлік қорғау. Көсемше.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Көсемшені түсіндіру.

2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгімелесу.

3. Жаңа сөздермен жұмыс жүргізу.

4. Сөздікті пайдалана отырып, техникалық мәтіндерді аударту.

АДАМ ЖӘНЕ ҚОҒАМ

Адамда мінез-құлықтар жүре-бара қалыптасады. Адамның көзқарасы оның қандай ортада өскендігіне тікелей байланысты. Оның көзқарасына әсер ететін факторларды екі кезеңге бөлеміз.

Бірінші кезеңге адамға бала кезінде өте зор әсер ететін ортаны — отбасын, ойнайтын достарын, мектепті жатқызуға болады. Мектептің кезінде билікті бөлісу үлгісін оқушылар міндетті, қажетті деп қабылдайды, солай болуы да тиіс. Ал бұл қатынас мемлекет құрылымы туралы болашақтағы көзқарасты да қалыптастырады.

Бұл кезеңде адамға әсер ететін факторлар — құрбы-құрдастары, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары.

Екінші кезеңде әлеуметтенудің факторлары өзгереді. Бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік орта басты орын алады. Теледидар және радио арқылы берілетін хабарлар алғашқы және шындық, ретінде қабылданады.

Қоғамдағы маңызды орын алатын фактор тікелей қоршаған әлеуметтік орта: оқудағы, жұмыстағы әріптестер, жақын туысқандар, т.б. Шығармашылық интеллигенция ортасы да маңызды рөл атқарады. Еңбексүйгіш, тәртіпті, үлкенге, отбасына ізетті адамдармен қатынаста болудың да үлкен маңызы бар.

Қоғамда әрбір адам өзі туғаннан берілген қабілетін толық іске асыра алатын және сол арқылы тек біздің мемлекетімізге емес, жер бетіндегі барлық адамдарға пайдасын тигізе алу үшін, атап айтқанда білім мен денсаулық арқылы рухани құндылықты жаңғыртуға болады. Қоғамды жасаушы адам екенін ұмытпауымыз керек.

Тапсырмалар.

1. Мәтінді оқып шығып, аударыңыздар.

2. Берілген сөз тіркестерін аударып, сөйлем құрастырыңыздар: қоршаған орта, біздің мемлекетіміз, әлеуметтік орта, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, маңызды фактор, рухани құндылық.

3. Берілген сөздерді сөз құрамына талдаңыздар: қоғамдағы, адамдармен, оқудағы, әлеуметтік, пайдасын, жаңғыртуға, жасаушы, ұмытпауымыз.

4. Мәтін бойынша сұрақтар құрастырып, ауызша жауап беріңіздер.

5.Мына нақыл сөздерді оқып, аударыңыздар: Келешек қоғам тәрбиесі —ұрпақ тәрбиесі.

Қазақтың ұлы ағартушысы Шәкәрім Құдайбердіұлы “Өзіңді-өзің танысаң, істің басы”.

Наши рекомендации