Екі намазды қосып оқу

Екі намазды қосып оқу «жамъ ат-тақдим» және «жамъ ат-та’хир» болып екіге бөлінеді. «Жамғ ат-тақдим»дегеніміз - екі намазды бірінші намаздың уақытында қосып оқу.«Жамғ ат-та’хир»дегеніміз - екі намазды екінші намаздың уақытында қосып оқу. Қосып оқылатын намаздар: бесін мен екінді, ақшам мен құптан.

Ханафи мәзһабінда екі намазды қосып оқу екі жағдайда ғана болады:

1 - Арафа күні Намира мешітінде қажы кісі үшін бесін мен екіндіні бесін уақытында бір азанмен және екі қаматпен қосып оқығаны дұрыс. Екеуінің арасында нәпіл намазы оқылмайды. Намазды имам немесе имамның орынбасыры жүргізгені шарт. Сондай-ақ бесін намазы дұрыс оқылуы қажет. Егер бесін намазы дұрыс болмаса, қосып оқылған екі намаз дұрыстығын жоғалтады. Жабир ибн Абдулладан, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Арафаға дейін жүріп келіп, Намира деген жерде тұрғызылған күмбездің астында тынығады. Ол жерде күн аспан биігінен еңкейгенше болады. Кейін түйесіне отырып, сайдың ортасына жеткенде адамдарға құтба айтады. Кейін Биләл азан шақырады. Қамат айтылып, бесін намазы оқылады. Кейін қамат айтылып, екінді намазы оқылады. Екі намаздың арасында басқа намаз оқымайды»[745].

2 - Қажылықтағы кісіге ақшам мен құптан намаздарын құптан уақытында Мүздәлифада бір азанмен және бір қаматпен қосып оқығаны дұрыс.

Қажылықтан басқа уақытта екі намазды қосып оқу жолаушыға да, науқасқа да болмайды. Негізінде, намаз уақыттары кесімді дәлелдермен бекіген. Және жоғарыдағы екі жағдайдан басқа уақыттарда намазды өз уақытынан еретерек немесе кешіктіріп оқуға болмайды. Ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(والذي لا إله غيره ما صلى رسول الله صلى الله عليه وسلم صلاة قط إلا لوقتها إلا صلاتين جمع بين الظهر والعصر بعرفة وبين المغرب والعشاء بجمع)

«Өзінен басқа тәңір жоқ Аллаһпен ант етемін! Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) әр намазды уақыты кіргенде ғана оқыған. Тек екі намазды қоспағанда: Арафада бесін мен екіндіні, ал Мүздәлифада ақшам мен құптанды қосып оқитын»[746].

Ал енді басқа мәзһаптарда екі намазды қосып оқуға рұқсат ететін хадистерге назар салайық:

Нафиъ, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(خرجت مع ابن عمر رضي اللّه عنهما في سفر، وغابت الشمس فلما أبطأ قلت: الصلاة يرحمك اللّه. فالتفت إليّ ومضى حتى إذا كان في آخر الشفق نزل فصلى المغرب، ثم أقام العشاء وقد توارى الشفق فصلى بنا، ثم أقبل علينا فقال: "إن رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم كان إذا عجل به السير صنع هكذا)

«Ибн Омармен бірге жолға шыққан едім. Ибн Омар күн ғайып болғанша намазды кешіктірді. Мен оған: «Аллаһ тағала сені рахымына бөлесін, намаздың уақыты кірді ғой»-дедім. Ол маған бұрылып, намазды кешіктіруін жалғастырды. Шапақтың соңы тарағанда ақшамды оқыды. Шапақ мүлдем жоғалғанда қамат айтты. Бірігіп құптан оқыған соң, бізге жақындап: «Расында, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) жол бойында асыққанда осылай істейтін»-деді[747].

Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كان رسول الله صلى الله عليه وسلم إذا رحل قبل أن تزيغ - تميل الظهر - الشمس, أخر الظهر إلى وقت العصر ثم نزل يجمع بينهما فإن زاغت قبل أن يرتحل صلى الظهر ثم ركب)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) күн еңкеймей, яғни бесін кірмей жолға шықса, бесінді екіндінің уақытына дейін кешіктіретін. Сосын түйесінен түсіп, екеуін қосып оқитын. Ал егер жолға бесін уақыты кірген соң шықса, бесінді оқып, сосын түйесіне мінетін»[748].

Түйін: Бұл хадистерден түсінетініміз, көпшілік жағдайда жолаушы мазасыз, дамылсыз күйде болады. Мұндай жағдайда жолаушыға бесін намазын соңғы уақытына кешіктіруіне болады. Кейін екінді намазын уақыты кіре сала оқиды. Сондай-ақ ақшам намазын соңғы уақытына кешіктіруіне болады. Кейін шапақтың жоғалуымен қамат айтып, құптанды уақыты кірген бетте оқиды. Бұлай оқылудың сыры: намаздың уақыттарын сақтау. Өйткені намаз уақыттары мутауатир жолмен жеткен кесімді дәлелдермен бекіген. Ал екі намазды қосуға рұқсат ететін хадистер ахад жолмен жеткен. Ханафи мәзһабінан басқа үш мәзһапта сүннетте келген сахих дәлелдің негізінде жолаушы кісіге екі намазды қосып оқуға рұқсат. Екі намазды қосып оқуға мутауатир емес хадисте рұқсат етілгендіктен, мұндай дәлел ханафи мәзһабінда кесімді емес, болжамды саналады. Сондықтан ханафи мәзһабінда қажылықтан басқа кезде екі намазды қосып оқу дұрыс емес.

Екінші: Науқас кісінің намазы

Бірінші: Намаздың қиямына шамасы келмейтін науқастың намазы

1 - Қиямға мүлде тұра алмаса, немесе тұруы қиын болса, немесе білікті дәрігердің нұсқауымен түрегеп тұруы зиян болса, намазды отырып оқиды. Рүкүғ пен сәждені отырып жасайды. Имран ибн ал-Хасин, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كانت بي بواسير فسألت النبي صلى اللّه عليه وسلم عن الصلاة فقال: (صلِّ قائماً، فإن لم تستطع فقاعداً، فإن لم تستطع فعلى جنب)

Менің ісіктер (немесе геморрой) болатын. Пайғамбардан (саллаллаһу алайһи уа саллам) намазым жайлы сұрадым. Ол: «Намазды түрегеп оқы. Егер шамаң келмесе, отырып оқы. Оған да шамаң келмесе, жамбасыңа жатып оқы»-деді[749].

Наши рекомендации