Идеялары, теориялары жӘне Өкілдері 9 страница
Статистикалық мәліметтерді сараптай келе, Дюркгейм бірқатар заңдылықтарға оқырмандардың көңілін аудартады: қалаларда өзін-өзі өлтірудің үлес салмағы ауылдық жерлердегіге қарағанда неғұрлым жоғары; өзін-өзі өлтіру деңгейі католиктермен салыстырғанда протестанттарда басым; отбасы адамдарға қарағанда бойдақтар өзін-өзі өлтіруге бейім тұрады және де бұл процент ажырасқандар арасында көп; әйелдер ер адамдармен салыстырғанда өз-өзіне сирек қол жұмсайды; өзін-өзі өлтіру соғыстар кезінде едәуір азаяды, ұлттық көлемдегі апат жағдайында мүлдем болмайды. Мұның бәрі қандай да бір әлеуметтік қауымдастықта азды-көпті деңгейдегі жаппай құбылыс ретінде өзін-өзі өлтірудің негізгі факторы әлеуметтік байланыстың күші мен сипаты екендігін көрсетеді. Жеке адамның әлеуметтік байланысының әлсіреуі және, тіпті, оның одан әрі өмір сүруінің мақсатсыздығы туралы қорытындыға келуіне және өмірден кету туралы шешім қабылдауына алып келуі мүмкін. “Егер адамды өмірмен жалғастыратын дәнекерлер үзілсе, онда мұның себебі оның қоғаммен байланысының әлсіреуінде”. Алайда кейбір жеке адамдардың белгілі бір жағдайларда өмірден кету туралы шешім қабылдауына әлеуметтік байланыстың шамадан тыс күшеюі де итермелеуі мүмкін. Осыған сәйкес Дюркгейм өзін-өзі өлтірудің жеке типологиясын жасады.
Эгоистік өзін-өзі өлтіру. Қандай да бір діни сенім үстемдігінің өзін-өзі өлтіру статистикасына қалайша әсер ете алатындығын түсінуге ұмтылып, Дюркгейм протестантизмге көбіне көп еркін ойлау тән, сондықтан да бұл жердегі сенушінің шіркеумен және өзінің қауымымен байланысы, христиандықтың басқа тармақтарымен салыстырғанда неғұрлым әлсіз деген қорытындыға келеді. Ал “дінге сенушілер тобында жеке пайымдаулар күштірек болған сайын, оның адамдар өмірінде алатын орны төменірек және бірлігі мен өміршеңдігі де әлсіздеу. Сондықтан да “өзін-өзі өлтіру саласында протестантизмнің көш басында болу себебі – бұл шіркеудің католик шіркеуіне қарағанда тұтастығы төмендігінде.
Қалалық және ауылдық жерлердегі өзін-өзі өлтіру коэффициенттері айырмашылығының әлеуметтік механизмдері шамамен мынадай: біріншісінде адамдар айтарлықтай деңгейде оқшауланған және олар өз бетінше жүреді, ал ауыл тұрғындары арасындағы әлеуметтік байланыс мықты болумен қатар (олардың дәстүрлі сипатына байланысты) тура және ашық көрінеді. Бойдақтар (және әсіресе ажырасқандар мен жесір қалғандар) арасындағы суицид үрдісінің күшею себептері мынада: некелеспегендерге қарағанда ерлі-зайыптылар арасындағы дәнекерлік және моральдық ұйым жақсырақ”.
Бұл тектес өзін-өзі өлтірудің бірқатар нұсқаларын талдау нәтижесінде Дюркгейм өзімшіл суицидтік типке мынадай анықтама береді: “Шектен шыққан дарашылдық өзін-өзі өлтіруге итермелеуші себептердің әрекетіне жағдай жасай отырып, өзі де осы тектес себептің бірі деп есептелуі мүмкін. Ол адамдардың өзін-өзі өлтіруге ұмтылысын тежейтін кедергілерді жойып қана қоймай, өзі де осы ұмтылысты өршітіп, өзін-өзі өлтірудің арнайы түріне орын береді”.
Альтруистік өзін-өзі өлтіру. Дюркгейм сондай-ақ “эндеми-калық” деп атайтын өзін-өзі өлтірудің бұл типі жоғарыда қарастырылғанға мүлдем қарама-қайшы және ол “жұртшылық дарашылдықты толығымен, түгелдей жұтып қойғанда іске асады” деп көрсетеді. Өзін-өзі өлтірудің бұл түріне, көбінесе, кейбір халықтардың тарихтан белгілі қарт адамдардың “өмір сүру қиындап кеткен кезде” өзін-өзі өлтіру салты немесе, индуизмде қабылданғандай, жесір әйелдің күйеуін жерлеу кезіндегі өзін-өзі өртеуін жатқызуға болады. Дюркгеймнің ойынша, альтруистік суицид, яғни топтық мүдде үшін өзін-өзі өлтіру, күшті топтық қысым мен әлеуметтік қолдаудың нәтижесінде болады.
Сонымен бірге адамдардың өз өмірін құрбан етуінің бірқатар себептері бар, ол әдетте қоғам игілігі үшін немесе белгілі бір жағдайларда қалыптасқан салт-дәстүр бойынша болады. Дюркгеймнің тұжырымдауынша, “қоғам әлеуметтік мүдде негізінде осы тектес өзін-өзі құрбан етуді талап етеді”. Азаматтық тұлғалармен салыстырғанда әскери адамдар жиірек іске асыратын суицид жағдайларын қарастыра келе және бұл топ өзін-өзі өлтіруге ерекше түрде бейім деп есептей отырып, Дюркгейм мұның өзі альтруистік өзін-өзі өлтірудің бір түрі деген қорытындыға келеді. Оның пікірі бойынша, мұның басты себебі – “әскери мансап адамның бойында өмірмен қоштасуға итермелейтін жан азабын өршітеді”.
Альтруистік өзін-өзі өлтірудің жалпы қасиеті оның эгоистікке тікелей қарама-қайшы болуында және “индивидуализмнің жеткіліксіз дамуы: ол әдетте борыш үшін жүзеге асырылады”.
Аномиялық өзін-өзі өлтіру. Бұл тип әлеуметтік байланысты қоғам тарапынан реттеу сипатымен ұштасады. Аномия - “әлеуметтік өзара әрекеттестікті басқаратын нормалардың жарылысымен сипатталатын әлеуметтік жағдай” немесе “қоғам мүшелерінің едәуір билігі міндеттеуші нормалардың бар екенін біле тұра, оларға жағымсыз немесе бей-жай түрде қарайтындай күйі”. Мұндай жағдай қоғам мүшелері бұрынғы нормаларға еті үйреніп және оларды орындауға дағдыланып, жаңа нормалар қалыптасып бітпеген кезде, реформалар дәуірі мен әлеуметтік алапаттар барысында, өтпелі кезеңдерде жиі болып отырады. “Бұрынғы иерархия бұзылды, ал жаңасы лезде орныға алмайды”. Мұндай жағдайда көбісі өзін нормативті вакуум-дегідей сезініп, әлеуметтік бағдарын жоғалтып алатыны түсінікті.
Дюркгейм, мысалы, экономикалық дағдарыс кезеңдерінде өзін-өзі өлтірудің өршу себептерін қарастырады. Оның пайымдауы бойынша, қоғамда өзін-өзі ұстай білуге үйретілген, өз өмірлерінің жағдайларына байланысты ішкі тәртіптілігімен ерекшеленетін әлеуметтік топтар бар; бұл адамдар “жаңа қажетті құбандықтарға неғұрлым аз қысыммен төтеп бере алады” деп санайды. Сонымен бірге, өз кәсібінің түрі мен өмір сүру қалпына сәйкес мүмкіндігінше прогреске тез жетуге ұмтылатындардың өткен шақта да, болашақта да тірегі жоқ, сондықтан да олар экономикалық дағдарыстың жиі құрбаны болып, өмірден өз еркімен кетеді. “Жоғары процент (1 млн-ға 720 адам) өзін-өзі өлтіруге көбінесе тағдырдың тәлкегіне ұшырамаған адамдар бейім екендігіне көз жеткізеді”.
Аномия сонымен қатар неке-отбасы қатынастарын да қозғайды. Дюркгейм Францияның, Германияның, Швейцарияның түрлі аймақтарын салыстыра отырып, ажырасу статистикасы мен өзін-өзі өлтіру статистикасы арасында тұрақты сәйкестік бар деген қорытындыға келеді. Бұл, оған отбасы шырқының бұзылуы өзін-өзі өлтіру факторларының бірі деп тұжырымдауға негіз береді.
Ғылым мен дін арасындағы қарым-қатынас осы ғылым саласы дамуының “классикалық” кезеңіндегі барлық әлеуметтанушылардың дерлік зерттеу тақырыптары ішінен негізгілерінің бірі болды (бұған билік етуші таптың үстемдігі мен ол құрған меншік нысанын нығайта отырып, діни идеология әлеуметтік құрылымнан келіп шығады деген тұжырыммен шектелген Марксті қосуға болмайды).
ХІХ ғасырдың аяғында әлеуметтік ғылымдарда діни наным мен ғылым арасындағы ымыраға келмейтін қарама-қайшылық туралы идея күш ала бастады, оның үстіне қоғамдық прогрестің дамуына қарай екіншісі біріншінің әлеуметтік өмірдегі маңызын төмендетіп, дәйекті түрде ығыстырып шығарады. Дюркгеймге келетін болсақ, ол негізінен бұл қайшылықты мойындайды, сонымен бірге, егер қоғамның барлық мүшелерін біріктіруші қандай да бір ортақ сенім болған қоғам өз құрылымы мен оны құрайтын бөлшектер арасында жеткілікті түрде мықты байланысты сақтап қалуға болатындығына кәміл сенді.
Дюркгейм өз еңбектерінде барлық әлеуметтік институттардың функционалдық себептілігі туралы идеясын біршама дәйекті жүргізеді. Таза ұтымды әдіс тұрғысынан келгенде қандай да бір әлеуметтік институт немесе қарапайым дәстүр, әдет-ғұрып архаикалық, орынсыз, мәнсіз болып көрінуі мүмкін. Алайда, егер олар ұзақ уақыт бойы өмір сүріп келсе, демек олар белгілі бір әлеуметтік қажеттілікті қанағаттандыруға бағытталғаны және егер жойылмаған болса, онда оны жеткілікті түрде қанағаттандырып отырғаны.
Парасатты ойлау тұрғысынан келгенде сізде дінге көзқарасыңыз бойынша ұстанатын екі жеткілікті анық позициялар болуы мүмкін. Сіз Құдайға не сенесіз, не сенбейсіз. Бірінші жағдайда, сіз адам санасы жетпейтін жоғары “Шындықтың” бар екенін мойындайсыз. Бұл “Шындық” әлеуметтану зерттейтін тақырыптардан тыс тұрады. Екінші жағдайда, Құдайға сену - бұл ұтымды дүниеде орын ала алмайтын нәрселерге қатысты жай ғана иррационалды соқыр сенім. Алайда әлеуметтанушы үшін дінде маңыздырағы бұл анық екі қатынастағы - не дінге сену, не оған қарсы шығудың бірде-біреуі болып табылмайды. Үшінші балама бар. Дюркгейм діннің өзіндік айқын емес теориясын жасады. Онда діннің кілті сенім емес, дінге бет бұрғандар іске асыратын әлеуметтік жоралғылар. Дін - әлеуметтік ынтымақтастық кілті, ал діни нанымдар өзінің жеке құқығы бойынша емес, әлеуметтік топтың нышаны ретінде маңызды. Сондықтан да дін әлеуметтік өмірде басты рөл атқаратындарға қатысты ұтымды емес феномен мысалы ретінде маңызға ие болады.
Барлық діндерге ортақ нәрсе не деген сұрақ қояйық. Бұл Құдайдың - Иегова және Иисус, Аллаһ және Мұхаммед, Кришна, Вишну, Изида немесе Зевстің қандай да бір нақты доктринасы емес. Бір ғана құдайдың болуы туралы тұжырым да міндетті емес, өйткені бірнеше құдайы бар діндер жеткілікті: зороастриттердегі - Агумаразда мен Ариманда іске асқан зұлымдық пен жақсылықтың жұбы, Олимпте жайғасқан антикалық грек және рим құдайларының пантеоны, ежелгі үнділер мен өзгелердің көптеген құдайлары. Мәселе тіпті жалпы қандай да бір құдай ұғымы туралы да емес: мәселен, буддизм кәдуілгі дін болып табылады, бірақ та оның ағартуының базалық тұжырымдамасы шүбәсіз атеистік бағытта. Сонымен бірге көптеген тайпалық діндерде де құдай жоқ, дегенмен оларда табыну объектісін құрайтын тотемдік аңдар, өсімдіктер, тастар және осы тектестер бар.
Дюркгеймнің пайымдауы бойынша, барлық діндер екі ортақ белгісінің болуымен сипатталады: дінге сенушілер ұстанатын белгілі бір нанымдар және діндарлар ұжымдық түрде іске асыратын нақты жоралғылар.
Дюркгейм үшін базалық діни сенімнің мәні бүкіл әлемнің екі санатқа бөлінуінде: қасиетті (сакральды) және қасиетті емес (профаникалық). Кез келген нәрсе қасиетті бола алады: рухтар, көзге көрінбейтін құдайлар, нақты бір аңдар немесе терек, алтарьлар, крестер, қасиетті кітаптар. Тек инициацияны өткендер ғана айта алатын ерекше сөздер немесе тек олар ғана айта алатын әндер. Қасиеттінің ерекшелік белгісі оның аса маңыздылығы мен қауіптілігінде: сіз оған байсалдылықпен, құрметпен қарап, қажетті дайындықпен келуіңіз тиіс. Қасиетті емес заттар қалған әлемді құрайды: сіз қалаулы және пайдалы деп тапқан, нақты шындықта қарым-қатынаста болғыңыз келгеннің бәрі, қалған заттардың бәрі.
Бұл базалық діни наным: қасиетті мен қасиетті еместің дуализмі. Онымен бірге діни әрекет жасалады, дәлірек айтсақ - жоралғы. Жоралғы әдеттегі мінез-құлықтан мүлдем өзгеше. Көшеде серуендеу, өз жұмысын атқару, дүкенде бір нәрсені сатып алу сияқты қарапайым күнделікті әрекет және кез келген өзге нәрсе түрлі тәсілдермен іске асуы мүмкін. Сіз оны қалай жасайтындығыңызда ешқандай айырмашылық жоқ. Жоралғылар болса - қатаң белгіленген іс-әрекет. Жоралғыларда нысандардың неғұрлым зор маңызы бар. Дұға оқу, гимн айту, қарапайым түрдегі құрбандық шалуды жүзеге асыру немесе би билеу, процессиядағы салтанатты шеру, пұт алдында тізе бүгу немесе крест белгісі - бұларда әрекет дұрыс іске асуы тиіс. Жоралғылар - тәжірибелік іс-әрекеттің түрлі әдістерінде сияқты кезекті межеге жету құралы емес; мақсатқа жетпей тұрып, оларды қалай іске асырсаң да айырмашылық жоқ деп айта алмайсыз, өйткені жоралғы нысаны - оның мақсаты болып табылады. Егер ол дұрыс жасалса, онда оның мәні болғаны, ал қате іске асса түк те болмайды.
Сонымен діндер өзара байланысқан нанымдар мен жоралғылардан тұрады. Жоралғылар - адамдар қасиетті деп есептейтін заттар әлеміне кіру рәсімдері. Бұл екеуіне қарама-қайшы ұғымдар бірдей орын алған: қарапайым, жол-жорасыз әрекет - сіздің қасиетті еместер алдында өзіңізді қалай ұстайтындығыңыз. Көріп отырғанымыздай, Дюркгейм нанымдарға қарағанда жоралғыларға артықшылық береді. Белгілі бір мағынада жоралғыны дұрыс іске асыру - қасиеттілікке сенуге бастама болған нәрсе.
Ендігі жерде: қалайша адамдар бұл айырмашылықты ойлап таба алды деген сұрақ туады? Неліктен жер-жерде әлемді қасиетті және қасиетті емеске бөлудің әмбебап дерлік тұжырымдамасы қалыптасты? Табиғатта бұл тектес еш нәрсе жоқ. Жануарлар мұндай айырмашы-лықтар жасамайды. Физикалық әлемде барлығы бір деңгейде орналасқан. Неге адамдар өзін көрінбейтін рухтармен, құдайлармен, құрметтеудің белгілі бір түрін талап ететін және оған бағынбаған жағдайда қауіп тудыратын күштермен қоршалған деп ойлайды. Әлемде көптеген шын мәніндегі нақты қауіптердің бар екенін болжау қиын емес, сондықтан адамдар олармен іс жүзінде не істеу керектігіне үйреніп отырулары тиіс. Таза тәжірибелік тұрғыдан келгенде, дін әлемді галлюцинациялармен толтырады деп көрсетілуі тиіс.
Дегенмен, адамдар құдайға телитін сипаттамалардың барлығы кездесетін бір шындық бар. Бұл шындық не табиғатқа, не метафизикаға жатпайды. Бұл қоғамның өзі. Өйткені қоғам - кез келген дербес жеке адам немесе тіпті жеке адамдар тобына қарағанда неғұрлым үлкен күш. Дәл қоғамның өзі бізді бұл дүниеге алып келді және ол ғана бізді жоя алады. Біздің әрбіреуіміз онымен сансыз әдістермен байланыстымыз. Біз өзіміз ойлап таппаған құралдар мен шеберлікті пайдаланамыз, өзгелерден келген тілдерде сөйлейміз. Шын мәнінде, біздің барлық материалдық және символикалық әлеміміз қоғамнан алынған. Біз өмір сүретін институттар - біздің отбасымыз экономика, саясат және т.б. нысаны, - өзгелердің жинақталған тәжірибесінен, қысқасы - қоғамнан келген. Сонымен, Құдай - қоғамның нышаны деп нық сеніммен айта аламыз.
Сондықтан бізден тыс қандай да бір құдіретті сезімді көз алдымызда көрінетін қарапайым физикалық шындықтың бөлігі болып табылмайтындығына қарамастан, иллюзия деп есептеуге болар ма екен. Оның үстіне, бұл қандай да бір нәрсе - біздің қоғамға тәуелділік сезіміміз - бізден тыс және ішімізде бір уақытта өмір сүреді. Діндерде әрқашан бізден тыс қасиетті әлем мен біздің ішіміздегі қасиетті бір нәрсемен байланыс әрқашан көрсетіледі. Құдай бір мезгілде біздің ішімізде және бізден тыс. Христиан немесе ислам сияқты алдыңғы қатарлы діндерде Құдайға тиісті жеке-дара жан дейтін ұғым бар. Қарадүрсін тайпалардың тотемдік діндерінде, тайпаның әрбір мүшесі тотеммен ұқсастырылғандықтан осы сарындағы байланыс орын алған. Егер де австралиялық әулеттің қасиетті жануары кенгуру болса, онда әулеттің кез келген мүшесі өзін белгілі бір деңгейде кенгурумын деп сезінеді. Және бұл сенім қандай да бір шындықпен сәйкестікте болады. Біз қоғамның бөлшектері болып табыламыз: ол біздерден құралған агрегат күйінде ғана өмір сүре алады.
Оның үстіне біздің жеке ішкі тұлғамыздың жүйесі бізге сырттан келетін бөліктерден құралған. Біздің есіміміз, біздің өз-өзімізді ұқсастыруымыз біздің басқа адамдармен және өзге адамдардың бізбен қалай байланысқандығының әдістерінен келіп шығады. Өзіміздің жеке есімдерімізді қолдана отырып, біз өзіміз туралы жиі ойланамыз, бірақ та бұл есімдерді өзімізге өте сирек қоямыз. Біздің өзіндік беделіміздің терең қырлары өзге адамдармен қарым-қатынас тәжірибесінен көрінеді. Сіз өзіңізді әдемімін, қарапайыммын немесе барып тұрған жағымсызбын деп ойлайсыз ба? Сіз өзіңізді сенгіш, ықпалға берілгіш, аңғырт, мазасыз немесе жаңғалақпын деп сезінесіз бе? Өзіңізге қатысты бұл сезімдер көбіне көп басқа адамдардың сізбен қалай араласқандығына сәйкес қалыптасады. Өзіндік беделдің өзге адамдарға байланыстылығы әлеуметтік психологияда жақсы таныс. Біз өзімізге адамдардың көзімен қарауға бейімбіз. Бұл фактіні түсіндіру үшін әлеуметтанушы Чарльз Хортон Кули “өзін-өзі айнадан тамашалаушы” ұғымын пайдаланды.
Барлығының ішіндегі ең құндысы - біздің санамыздың өзі - әлеуметтік болып табылады. Біз сөз арқылы пайымдаймыз, алайда оларды біз ойлап тапқан жоқпыз. Бізде идеялар болмаса, онда ойламаған болар едік. Сонымен қатар, біз өзіміздің іс-әрекеттерімізде белгілі бір мұраттарды басшылыққа аламыз. Алайда не идеяны, не мұраттарды жалғыз өзіміз ойлап таппаған болар едік. Идея мен идеалдарда қандай да бір ортақ нәрсе болуы тиіс; олар дәлдіктен асып түсетін және әрбір нақты нәрсені заттардың біршама кең тобының мысалы ретінде көрсететін ұғымдар болып табылады. Дегенмен табиғат бізге ешқашан тұжырым ұсынбайды, өзімізді бөлшек ретінде сезіндіреді. Табиғатты бақылау бізге ешқашан жалпы ұғымдар бермес еді. Әрбір ағаш өз алдына ерекше және бізде ағаштың жалпы идеясы болғандықтан ғана, біз ағаштар арасындағы ұқсастықты көріп, оларды бір топтың өкілдері ретінде қарастыра аламыз.
Егер де Құдай қоғамның өкілі болып табылса, онда бұдан қоғамның әр түрлі типтерінде құдайдың әр түрлі типтері болуы тиіс екендігі келіп шығады. Дін типі мен әлеуметтік топ құрылымы арасында сәйкестік болуы тиіс. Қоғамның өзгеруіне қарай бірдей дәрежеде діндер де өзгеріп отыруы тиіс.
Адамзат тарихын құрайтын аңшылар мен жинаушылар тайпасынан әлемдік ұлы империяларға дейінгі қоғамның бүкіл диапазонына, өткеніне қарайтын болсақ, олардың әрбіреуі табынған құдайдың типі қоғам құрылымы мен өлшеміне сәйкес екендігін көруге болады. Құдай қоғамды тек жалпы мағынада емес, сонымен бірге бөлік ретінде де көрсетеді. Қоғамның әрбір дербес типінде өзінің жеке құдай типі болады.
Егер де Құдай қоғамның көрінісі болса, онда қоғам өлшемі ұлғайған сайын құрылымы күрделілене түседі, Құдай айбындана отырып, алшақтай береді. Оған қоса, Дюркгеймнің көрсетуі бойынша, қоғам күрделілене түскен сайын Құдай идеясының өзі абстрактілі бола береді. Еңбек бөлінісінің күрделіленуі мен тереңдеуіне байланысты қоғамның жекелеген мүшелері неғұрлым мамандандырылған өмірлік тәжірибеге ие болып, барған сайын араларындағы айырмашылық күшейе түседі. Демек, қоғамды тұтас түрінде көрсететін кез келген нышанның мазмұны көмескілене беруі тиіс. Құдай австралиялық тотем секілді, нақты эмблема түрінде қабылдануы үшін алшақтай береді және тіпті гректің әйел немесе еркек құдайларының бірі іспетті тұлға ретінде қабылдау шеңберінен шығып кетеді. Діннің орасан зор әлемінде Құдай, немесе Шекті Шындық физикалық әлемнің барлық сипаттамаларының шеңберінен тыс жарияланады және сондықтан тек қана шексіз, белгісіз, мәңгі, бәріне ортақ, жоғарғы игілік сияқты абстрактілі күшейтпелі деңгейде ғана суреттеледі. Құдайды дара туған адамның бір түрі ретінде қарастыру құдайға тіл тигізу болып есептеледі.
Бұл дамуда тіпті келесі саты бар. Құдай жеткілікті түрде абстрактілі болған сайын, біртіндеп діннің барлық антропомор-фиялық бөлшектері жойылады. Дюркгейм тұжырымдары бойынша, индустриалды қоғамдардағы еңбек бөлінісі ауқымының аса зор болуы соншама, тіпті Құдайдың ең ортақ идеясының өзі ауада таралып, жайылып кету үрдісі болады. Ол адамгершіліктің жалпы тұжырымдамасына айналып кетеді.
Дюркгейм өз алдына ықпалды болып қана қоймай, өте маңызды мектептің негізін салушы болды. Әдетте, Дюркгейм мектебі деп қарастырылатын бұл мектеп Франциядағы әлеуметтік ғылымдар саласында шамамен отыз жыл бойы үстемдік етті. Бұл кезеңнің өне бойында Франциядағы әлеуметтану дюркгеймдік әлеуметтануды білдірді. Адамды зерттеген өзге пәндер қатарында дәл Дюркгейм студенттерінің өздері маңызды және ықпалды еңбектер жазды. Бұл әсіресе этнология (қазір ол Америкада мәдени антропология деп аталады), тарих, лингвистика, психология мен құқыққа қатысты әділ болып табылады. 30 жылдан астам уақыт бойы ғалымдардың бұл қауымдастығы бір-бірімен тұрақты байланыста болып, қоғамдағы оқиғалар туралы шын мәніндегі тамаша және мәні біртұтас білімдер жүйесі арқылы қозғалысқа келтіріліп отырды. Ақпараттың бұлай шоғырлануы осы күнге дейін сарқылған жоқ. Өкінішке орай, Дюркгейм мектебі 1930 жылдардан аса алмады. Оның бірнеше себептері бар, мысалы, оның көптеген мүшелері еврейлер болғандықтан, Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында Францияны нацистер жаулап алған кезеңде көбісінің көзі жойылды. Бірақ басты себеп дюркгеймдік әлеуметтану тығыз байланыста болған саяси көзқарастармен күшті бірігуінде болар. Дюркгеймнің республикалық ұстанымының рационализмі мен оптимизмі Екінші дүниежүзілік соғыс азабына төзе алмады. Франция азат етілгеннен кейін дюркгеймдік әлеуметтанудың қайтып оралуы маңдайға жазылмады. Француз әлеуметтануының басым бөлігі не марксшілдермен айналысты немесе шет елдің, әсіресе АҚШ-тың ықпалына түсті. Дегенмен, Дюркгейм мен оның мектебі атқарған жұмыс осы ғылым саласының тарихындағы ең ұлы істердің бірі болып қалады.