Мәйітті жуындырыуға кім лайықтырақ?
Мәйітті ең жақын туысы жуындырады. Туыстары болмаған жағдайда сенімді тақуа кісі лайықты. Абдулла ибн Омар, Аллаһ тағала оларға разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ليغسل موتاكم المأمونون)
«Мәйіттеріңді сенімді тұлғалар жуындырсын!»[797]. Жуындырушы кісінің жүніп не етеккір күйде болуы мәкрүһ.
Әйел кісіні әйел жуындырады. Ер кісіге өз әйелінің денесін жууға болмайды. Өйткені әйелі көз жұмған еркектің некесі бірден үзіледі. Алайда әйел кісіге күйеуінің денесін жууға болады. Өйткені күйеуі өлген соң әйелдің некесі ъидда күндері өтпейінше үзілмейді.
Мағлұмат: Әли Фәтиманың, Аллаһ тағала оларға разы болсын, денесін жуған хабардың негізінде басқа мәзһаптарда күйеуі әйелінің денесін, әйелі күйеуінің денесін жууына болады.
Мәйітті жуындырушыға қажетті шарттар:
1 - Мұсылман болуы. Сүйекке түсуші кісінің басқа дінде болуы немесе атеист болуы дұрыс емес.
2 - Ниет. Жамағаттың мойнындағы кифая парызды атқаруға ниет ету.
3 -Ақыл-есі дұрыс болуы.
Екінші: Кебіндеу
Кебін жалпы үш түрге бөлінеді:
1 -Толық сүннет кебін. Жәбир ибн Абдулла, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إذا كفن أحدكم أخاه فليحسّن كفنه)
«Кім бауырын кебіндесе, жақсылап кебіндесін»[798].
Алайда жақсылап кебіндеу дегеніміз - матаның қымбаттылығында емес. Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін естіді:
(لا تَغَالوا في الكفن، فإنه يُسلب سريعاً)
«Кебінге (көп ақша жұмсап) шектен шықпаңдар. Расында, мәйіт (қабірге қойылған соң) одан тез айрылады»[799].
Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) кебіні үш киім болған еді. Айша анамыз, былай деді:
(كفن رسول اللّه في ثلاثة أثواب بيض سَحُولية من كُرْسُفٍ ليس فيها قميص ولا عمامة)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) сахулдік[800] йемендік, ақ түсті үш жаңа киімге кебінделді. Оның арасында көйлек те, сәлде де болмады»[801].
Кебін үш киімнен тұрады: қамис, изар, лифәфә.
Қамис дегеніміз - ұзындығы мойыннан табанға жететін көйлек мата.
Изар дегеніміз - ұзындығы бас төбесінен табанға дейін жететін мата.
Лифәфә дегеніміз - байлауға ыңғайлы болатындай ұзындығы изардан сәл ұзынырақ мата.
Әйел кісінің кебініне осы үш киімге тағы екі нәрсе қосылады. Олар: орамал мен омырау мата. Орамал әйел кісінің басымен қатар бетін де бүркейді. Ал омырау матамен төсі оралады. Оның ені төстен кіндікке дейін жетуі қажет. Сөйтіп, әйел кісінің кебіні бесеу: қамис, изар, орамал, омырау мата және лифәфә. Ләйла бинт Қаиф, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كنت فيمن غسل أم كلثوم بنت رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم عند وفاتها. فكان أول ما أعطانا رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم الحِقاء، ثم الدِرع، ثم الخِمار، ثم الملحفة، ثم أدرجت بعد في الثوب. قالت: ورسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم جالس عند الباب معه كفنها يناولناها ثوباً ثوباً)
«Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) қызы Үмму Күлсім көз жұмғанда оны жуындырған әйелдердің ішінде мен де болдым. Кебіндеу кезінде Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) бізге, ең алдымен, омырау матасын берді, сосын көйлекті, сосын орамалды, сосын жамылғыны (изарды), сосын бір киімге (лифәфәға) оралды. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) есік жақта отырып, қызының кебінін бізге бір-бірлеп беріп отырды»[802].
Мәйіт ұл бала болса, бір киімге, ал қыз бала болса, екі киімге кебінделеді. Түсік кебінделмейді, бірақ матаға оралады.
2 - Кифая (жеткілікті) кебін. Бұл кебін ер кісі үшін екі киімнен тұрады: изар мен лифәфә. Ал әйел кісі үшін бұл екеуіне орамал қосылады.
Кебіннің матасы мақта, ал түсі ақ болғаны абзал. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(البَسُوا من ثيابكم البياض فإنها من خير ثيابكم، وكفِنّوا فيها موتاكم)
«Ақ киімдеріңді киіңдер, өйткені киімнің ең жақсысы - солар. Сондай-ақ мәйіттеріңді де ақ киімге кебіндеңдер»[803].
Кебіннің жаңа болуы шарт емес. Жуылған кебін де жақсы саналады.
3 - Шарасыз кебін. Мәйітті кебіндеу кезінде кебіннің жоғарыда айтылған екі түрі табылмаса, бар нәрсемен шектеледі. Хамза, Аллаһ тағала оған разы болсын, бір ғана киімге кебінделді. Мусъаб ибн Ъумайр көз жұмғанда оның кебіні жайында Хубаб ибн Әрс, Аллаһ тағала оларға разы болсын, былай деді:
(فلم يوجد له شيء يكفن فيه إلا نمرة، فكنا إذا وضعناها على رأسه خرجت رجلاه، وإذا وضعناها على رجليه خرج رأسه. فقال رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم: ضعوها مما يلي رأسه واجعلوا على رجليه الإذخر)
«Оны кебіндеу үшін бір матадан басқа нәрсе табылмады. Бір шетін басына қойсақ, аяқтары ашық қалады. Аяқтарын жапсақ, басы ашық қалады. Сонда Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді: «Оны бас жағына қойыңдар да аяқтарының үстіне изхир[804]қойыңдар»[805].
Осылайша, кебін толық болмаған жағдайда мәйіт бар нәрсемен кебінделеді. Мұндай жағдайда кебін мәйіттің бас жағынан бастап қойылады. Сосын денесінің ашық қалған жеріне шөп қойылады.