Семинар сабақтарының жоспары.
1-семинар. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы бойынша
Деректерге сипаттама.
Жоспар: 1. Қытай деректері.
2. Араб және парсы деректері.
3. Ортағасырлық түркі ғалымдарының еңбектері.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. І-ІІ тт. А., 1996, 1998.
2. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. І-V тт. А., 2005; 2006.
3. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. І-V тт. А., 2005; 2006.
4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. А., 2006.
5. Тарих. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. ІІІ том. Астана, 2005.
Әдістемелік нұсқау:
Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына қатысты деректер қорынан қытай тіліндегі деректер маңызды орын алады. Қытай тарихнамасында 25 әулеттің тарихы саналатын еңбектердің бәрінде Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген халықтар жайлы мәліметтер берілген. Олардың ішінде ІХ-Х ғғ. жазылған «Тан әулетінің ескі жылнамасы», «Тан әулетінің жаңа жылнамасы» тарихи құжаттарын, сондай-ақ Мин әулеті (1368–1644) тұсында жазылған еңбектерді атауға болады. Қытай деректері белгілі мұсылман авторларының деректерін тарихи, этнографиялық, географиялық мәліметтер қатарымен толықтыра түседі. Дегенмен, қытай деректері оқиғаларды сыңаржақ баяндауымен және Қытайды орталық деп көрсетуімен ерекшеленетінін ескеруіміз керек.
Араб тіліндегі Қазақстан туралы жазбаларда VIII–XV ғғ. Қазақстан аумағын мекендеген халықтардың тарихын, әсіресе монғол шапқыншылығы кезеңін зерттеуге қажет деректер кездеседі. Араб авторлары Ибн Хордадбек, Ибн Фадлан, Ибн Баттута, Әбу Жафар Мұхаммед ат-Табари және т.б. еңбектерінде Қазақстан мен Орта Азияның тарихынан маңызды мәліметтер кездесетінін атап көрсету қажет. Парсы тіліндегі Қазақстан тарихы туралы деректерден қазақтардың Мауараннахрмен, Иранмен өзара байланысының даму тарихы жөнінде мағлұмат алуға болады. Парсы деректері тарихи оқиғаларды жан-жақты сипаттап, баяндау тәсілімен жазылған (нарративті) шығармалар қатарына жатады.
Соңғы орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы жөніндегі маңызды нарративті деректердің келесісі – Орта Азия мен Шығыс Түркістанда жазылған түркі тілді тарихи-әдеби ескерткіштер. Захир ал-Дин Бабыр, Өтеміс қажы, Қадырғали бек Жалайыр, Әбілғазы Бахадүр сияқты түркі ғалымдарының еңбектерінде («Бабыр-наме», «Шыңғыс-наме», «Жамиғ-ат Тауарих», «Түрік шежіресі» т.б.) қазақ халқының қалыптасуымен, Қазақ хандығының құрылып, дамуымен, XV–XVII ғғ. қазақ қоғамы өмірімен байланысты едәуір мәліметтер бар.
2-семинар. Түрік және Батыс Түрік қағанаттары.
Жоспар: 1.Түрік қағанатының құрылуы.
2. Түрік қағанатының сыртқы саясаты.
3. Батыс Түрік қағанаты. Этникалық құрылымы мен саяси
тарихы.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. І том. А., 1996.
2. Аманжолов К., Рахметов Қ. Түркі халықтарының тарихы. А., 1994.
3. Абусеитова М.Х. и др. История Казахстана и Центральной Азии. А., 2001.
4. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы, 1994.
5. Кляшторный С.Г. История Центральной Азии и памятники рунического письма. Санкт-Петербург, 2003.
Әдістемелік нұсқау:
Түрік қағанатының құрылуы мәселесін қарастыру барысында ең алдымен түркілердің шығу тарихына, қалыптасу кезеңіне, олардың Қазақстан аумағына келуіне, тарихи–археологиялық ескерткіштеріне шолу жасай отырып, «түрік» атауына, қағанаттың халқының құрамына кірген тайпаларға түсініктеме беру қажет. Тақырыпты дамыту барысында түркілер (туцзюе) туралы қытай деректеріне, түркілердің Жужан хандығымен күресіне, олардың алғашқы билеушілері Бумын (542-552), Қара–Ыссық (552-553), Мұқан (553-572) қағандардың жүргізген саясатына тоқталып, қағанаттың құрылған уақыты мен жер аумағын картаны қолдана отырып анықтаған жөн.
Семинар сабағының келесі сұрағына дайындалу барысында түркілердің Сасанидтік Иранмен әскери одақ құрып, Орталық Азиядағы эфталиттермен күресуі (561-587), олардың Солтүстік Кавказ, Қара теңіз жағалауларына дейін жетіп, Еділ бойын бағындыруы, Қытай, Иран, Византия сияқты сол кездегі қуатты елдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып, терезесі тең державаға айналуы мәселелеріне тоқталу керек. Түрік қағанатының Византия империясымен елшіліктер алмасуы барысында жүргізілген келіссөздерде қандай сұрақтар қарастырылғаны және олардың нәтижелері жөнінде айтылады.
Батыс түрік қағанатының этникалық құрылымы мен саяси тарихы мәселесін түсіндіру кезінде ең әуелі Түрік қағанатының 603 жылы Батыс түрік және Шығыс түрік қағанаттарына бөлінуі, олардың әрқайсысының жер аумағы, Батыс түрік қағанатының құрамындағы ру–тайпалар («он оқ бұдун»), орталық қалалары сияқты негізгі мәселелерге назар аударылады. Қарастырылатын нақты мәселелердің қатарында Батыс түрік қағандарының VII ғ.-ң 1-ші ширегінде әскери жорықтар ұйымдастырып, қағанаттың шекарасын алдыңғы Кавказ, Еділдің төменгі ағысы, Қара теңіз, Донға дейін жеткізгенін атауға болады. Сонымен бірге, Батыс түрік қағанатының мемлекеттік басқару жүйесіндегі қаған, жабғу, шад, бектер, бұйрықтар мен тархандар сияқты лауазым иелерінің қызметтеріне кеңірек түсініктеме берілуі тиіс.
3-семинар. Қазақстан аумағындағы ерте ортағасырлық