Караев О. История Караханидского каганата. Фрунзе, 1983.
8-тақырып. Қыпшақ хандығы.
Жоспар: 1. Қыпшақ тайпалары туралы деректер.
2. Қыпшақтардың қоныстануы.
3. Қыпшақтардың Хорезммен саяси байланыстары.
Қыпшақ тайпалары туралы деректер. Деректанушылардың пікірі бойынша, «қыпшақ» этнонимі алғаш рет Ұйғыр (Тоғыз-Оғыз) қағанатының негізін салушы Моин-Шорға арналған көне ұйғыр руналық жазбасында кездеседі. Онда «түркілер мен қыпшақтар бізге елу жыл үстемдік жүргізді» деп айтылады. Осы және бірқатар өзге дәлелдердің негізінде зерттеушілер қыпшақтар үшін бастаушы субстрат болып сеяньто теле тайпасы табылады деген қорытындыға келді.
Мұсылман жазба деректерінің мәліметтеріне қарағанда, ХІ-ХІІ ғғ. қыпшақ тайпаларының халық саны түркі тілдес халықтар ішінде ең көбі, ал олардың қоныстанған аймағы ең көлемдісі болған.
Қыпшақтардың қоныстануы. ХІ ғ. 1-ші жартысында Орталық Азиядағы, кейін Еуразияның далалық аймағындағы саяси үстемдік қыпшақ тайпалары одағына көшті. Қыпшақтар Қазақстан аумағына Жоңғария далаларынан, ал ол жаққа Батыс Монғолиядан келген болатын. Алдымен қыпшақтар Сырдарияның орта және төменгі ағысын, Арал мен Каспий өңірлерін мекендеген оғыздарды ығыстырды. Этникалық-саяси жағдайдың өзгеруіне қарай ХІ ғ. 2-ширегінде «Оғыздар даласы» («Мафазат әл-гузз») деген атаудың орнына «Қыпшақтар даласы» («Дешті Қыпшақ») деген атау пайда болды.
ХІ ғ. ортасында қыпшақтар Еділден өтіп, батысқа қарай жылжыды. ХІІ ғ. Алтай мен Ертістен бастап Карпат пен Дунайға дейін созылған үлкен аумақты мекендеген халықтардың бәрі қыпшақтар деп аталды. Осы уақыттан бастап «қыпшақ» сөзі этникалық мағынасын жойып, этномәдени семантикаға ие бола бастады. Қыпшақтар екіге бөлініп, Еділ өзенінің шығыс жағында Шығыс Дешті Қыпшақ, ал батысында Батыс Дешті Қыпшақ тайпалар одағы құрылды. ХІ-ХІІ ғғ. қыпшақтар кейіннен қазақ халқының қалыптасуына негіз болды. Қыпшақтардың ханы болып ел-бөрілі руынан шыққандар ғана мұрагерлік жолмен сайланды. Әскери-әкімшілік жүйе көшпелі өмірге ыңғайлы болды. Негізгі байлық жылқымен өлшенді. Дегенмен, мал шаруашылығымен қоса егіншілік те дамыды.
Қыпшақтардың Хорезммен саяси байланыстары. ХІІ ғ. ортасынан Хорезмшахтар әулетінің өкілдері қыпшақ хандарының қолында болған Аралдың оңтүстік өңірін, Сырдария бойындағы қалалар мен Маңғыстауды қаратып алуға күш салды. Хорезмшах Мұхаммед (1200–1220) қыпшақтардың Сырдария бойындағы иеліктерін өзінің ықпал аясына қосып, қыпшақ хандарының оңтүстік ордасы Сығанақ қаласын бағындырып алды. Осы кезден бастап Қыпшақ хандығы әлсірей бастады. Өйткені, қыпшақ ақсүйектердің бір бөлігі Хорезм шахына қызмет етуге көшті, әрі ішкі тақ тартысы күшейді. Монғол шапқыншылығы қарсаңында Қыпшақ хандығы ыдырау алдында тұрды.
ОБСӨЖ тапсырмалары.
1-тапсырма. Негізгі ұғымдарға анықтама беру.
Дешті-Қыпшақ, елбөрілі, тоқсоба, ұран, половец, куман.
2-тапсырма. Талқылауға арналған сұрақтар.
1. «Қыпшақ» этнонимі туралы алғашқы мәліметтер қай ескерткіштерде кездеседі ?
2. «Дешті Қыпшақ» атауы қашан пайда болды және оның мағынасы қандай ?
3. Қыпшақ тайпалары конфедерациясының құрамына қандай тайпалар кірді ?
4. Қыпшақ тайпаларының қазақ халқының этникалық негізінің қалыптасуында алатын маңызды орны жайлы қандай деректер белгілі ?
5. Қыпшақтарда әскери-әкімшілік ұйымдарға баса мән берілгенін неден байқауға болады ?
6. Қыпшақтар қоғамында әлеуметтік теңсіздіктің қандай белгілері болды ?
7. Қыпшақтардың этникалық жер аумағы туралы мәлімет беретін Әл-Идрисидың, Махмұд Қашғаридың, Закария Казвинидың және т. б. картографиялық деректеріне сипаттама беру.
8. ХІ-ХІІ ғғ. қыпшақтардың Хорезмшах мемлекетімен, салжұқтармен және қарахандықтармен қарым-қатынастарына деректерге сүйене отырып, сипаттама беру.
3-тапсырма. Хронологиялық кестемен жұмыс.
Уақыты | Б о л ғ а н о қ и ғ а л а р |
1065-жыл | Маңғыстаудағы қыпшақтарға қарсы салжұқтардың билеушісі Алып Арслан жорық жасады. |
1096-жыл | Қыпшақ бірлестігінің тайпалары Хорезмге жорық жасады. Алайда, салжұқтар оларды Маңғыстауға қайтуға мәжбүр етті. |
1133-жыл | Хорезмшах Атсыз қыпшақ ханын жеңгені туралы деректер бар. |
ХІІ ғ. ортасы | Қыпшақтар мен кимектердің әскерлері Еділ бойында орналасқан Саксин мен оның төңірегіне жорық жасады. Саксин тұрғындары қыпшақ хандарына тәуелділігін мойындады. |
1181-жыл | Ұран тайпасының көсемі Алып Қара бастаған қыпшақтар Женттің шекарасына келіп, хорезмшахқа қызмет етуге тілек білдірді. |
1195-жыл | Сығанақ пен Женттің билеушісі қыпшақ ханы Қадыр-Буке қасиетті соғыс сылтауымен аттанысқа шыққан хорезмшах Текештің әскерімен шайқасып, жеңіске жетті. |
Әдебиеттер: