Мақта агрофитоценозындағы арамшөптер мониторингі
Екпе өсімдіктердің егістерінде арамшөптер болмай қоймайды. Олар екпе өсімдіктермен жарық, су, минералдық азық элементтері және т.б. үшін бәсекеге түсе отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының бәрінің дерлік өнімділігін елеулі түрде төмендетеді.
Суармалы егіншілік жағдайындағы агрофитоценоздарда мәдени өсімдіктер мен арамшөптер арасындағы бәсекелестік қарым–қатынас ерекшелігінде белгілі бір өзгерістер бар.
Күтіп бапталатын алуан түрлі дақылдар, олардан жоғары және тұрақты өнімнің алынуы үшін, нақты тек соларға ғана тән агротехникалық іс-шаралардың қолданылуын талап етеді. Алайда, бұл шаралар арамшөптердің алуан түрлілігіне біркелкі ықпал етпейді. Негізгі және жүйекаралық өңдеу, сондай-ақ, ауылшаруашылық дақылдарын суару жүйесі, арамшөптердің жалпылама санының азаюына алып келеді, алайда мұндай жағдайда кейбір түрлері, әсіресе ылғалдың жеткілікті болған жағдайында дамып жетіле түседі.
Ауыл шаруашылық дақылдары егістерінде арамшөптермен күресудің химиялық іс-шараларын жүзеге асыру, егістерді арамшөптердің әртүрлі биологиялық түрлерінің басуының сипатын жан-жақты біліп алған жағдайда, мүмкін болмақ. Осы ерекшеліктерді айқындап алу, арамшөптердің таралу ошақтарын да айқындап алуға мүмкіндік береді.
Нақты мәліметтер мен түрлік және сандық құрамды жалпылау, арамшөптермен күресте әртүрлі агротәсілдер мен химиялық іс-шаралар арқылы ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан тиімді амалдарды айқындап береді.
Әсіресе, арамшөптердің дамуы үшін қолайлы жағдай суару жағдайында қалыптасады. Оңтүстік Қазақстан облысының байырғы егістік жерлерінде олар кездейсоқ жиынтықты емес, осында өсетін түрлердің арасындағы (соның ішінде мәдени өсімдіктердің) бәсекенің нәтижесінде қалыптасқан кәдімгі заңды түрдегі қауымдастықты білдіреді.
Егістердің арамшөптермен ластану жағдайын зерттей келе, кейбір зерттеушілер мынаны атап көрсетеді: алуан түрлі агротехникалық тәсілдер мен дала жұмыстарының жоғары дәрежеде механикаландырылуы, мақта егістеріндегі арамшөптердің түр құрамы мен санының өзгеруіне, ең бастысы көп жылдық және бір жылдық түрлерінің санының арақатынасына ықпал етеді.
В.В. Туганаев, Б.М.Миркин [183] және Э.Л.Алхасьянцтың [184] мәліметтері бойынша, бұрынғы посткеңестік кеңістігінде арамшөптердің 1500 түрі, Өзбекстан мен Тәжікстанда – 269 түрі, мақта егістіктерінде -74 түрі болады екен. Сондықтан, әрбір республикадағы мақта өндірушілері агротехника мен климаттық ерекшеліктеріне қарай, гербицидтерді қолдану тиіс. Автор, мақта егістерінде көбірек таралған бір жылдық - күрмек тары (куриное просо-Echinochloa crus galli (L.)); ақ алабота (марь белая- Chenopodium album L.); қара алқа-(паслен черный-Solanum nigrum L.); бақша қараоты (портулак огородный-Portulaceae oleracea L.); қызылша гүлтәжі (ширица запрокинутая-Amaranthus retroflexus L.) және т.б. секілді, сонымен қатар көпжылдық – құмай (гумай-Sorghum haleptnse (L.) Pers); салалы қара шойыр (свинорой пальчатый-Cynodon dactilon (I.) Pers); дала шырмауығы (вьюнок полевой-Convolvulus arvensis L.); домалақ сәлемшөп (сыть круглая-Cyperus rotundus L.) секілді арамшөптер болатындығын анықтады.
В.В.Никитиннің [185] мәліметтері бойынша, Орта Азияның арамшөптері келесідей түрлерден тұрады: олар көп жылдық – құмай (гумай- Sorghum haleptnse (L.) Pers); кәдімгі қамыс (тростник обыкновенный- Phragmites austalis (Cav.)); домалақ сәлемшөп (сыть круглая-Cyperus rotundus L.); түйе жантақ (верблюжья колючка-Alhagi pseudalhagi Desv.); дала шырмауығы (вьюнок полевой-Convolvulus arvensis L.); және үлкен жолжелкен (подорожник большой-Plantago major L.) бір жылдық: күрмек тары (куриное просо-Echinochloa crus galli (L.)); көкшіл мысыққұйрық (щетинник сизый-Setaria glauca (L.) Beauv); жасыл мысыққұйрық (щетинник зеленый-Setaria viriкdis (L.) Beauv); қызылша гүлтәжі (ширица запрокинутая, Amaranthus retroflexus L.), бақша қараоты (портулак огородный-Portulaceae oleracea L.); үш қатарлы бөрітарақ (гибикус тройчатый-Hibiscus trionum L.) және қара алқа (паслен черный-Solanum nigrum L.).
Арамшөптермен күрестің тиімді тәсілдері олардың әрбір нақты егістіктегі түр құрамы мен сол егістіктің арамшөптермен ластану дәрежесі туралы мәліметтердің негізінде мүмкін болмақ. Қазақстанның оңтүстігіндегі арамшөптердің түр құрамы мен мақта егістіктерінің олармен ластану дәрежесін анықтау үшін 2011-2012 жылдары гербологиялық мониторинг жүргізілді.
Мақтаның агрофитоценоздарына гербологиялық мониторинг жүргізілген кезде арамшөптердің атаулары Халықаралық жіктеу (код ВВСН) бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілінде,К.Линней бойынша латын тілінде және орыс тілінде келтірілген.
Тексерулердің нәтижесінде мақта егістігінде арамшөптердің 13 ботаникалық тұқымдастарына жататын 25 басым түрі анықталды.
Олардың 7 түрі қоңырбас тұқымдастарға, 4 түрі күрделі гүлділер тұқымдастарына жатады. Қалған 11 тұқымдастары 1-2 түрімен белгілі болды. Арамшөптердің 25 түрінің 68 %-н (17 данасы) біржылдықтар және 32%-н (8 дана) көпжылдық арамшөптер құрайды.
Мақтаның өсіп-өнуінің бастапқы кезеңінде егістерді ластандырушы дамуы кешеуілдеп басталатын бір жылдық түрлер - соның ішінде, ластану дәрежесі 2-4 балға жететін-қызылша гүлтәжі (ширица запрокинутая-Amaranthus retroflexus L.), күрмек тары (куриное просо-Echinochloa crus galli (L.)), бақша қараоты (портулак огородный-Portulaceae oleracea L.), қара алқа (паслен черный-Solanum nigrum L.), көкшіл мысықұйрық (щетинник сизый -Setaria glauca (L.)), кәдімгі ошаған (дурншник обыкновенный - Xanthium strumarium L.) және үш қатарлы бөрітарақ (гибиcкус тройчатый - Hibiscus trionum L.) болып табылады. Бұл арамшөптердің қауіптілігі, мақтамен салыстырғанда жылдам өсуімен (1,5-2 рет) арта түседі, бұған қоса ошағанның қауіптілігі мақта шикізатын машинамен жинаған кезде тікенек тұқымдарымен ластануымен артады. Кәдімгі қамыс (тростник обыкновенный-Phragmites Phragmites communis Trin.) ол да мақтаны көбірек дәрежеде (4 баллға дейін) ластайды.
Тамыр сабақты көп жылдық арамшөптерден мақтаның егіс алқаптарында ең көп кездесетіндері; құмай (гумай - Sorghum haleptnse (L.) Pers.), салалы қарашағыр (свинорой пальчатый -Cynodon dactilon (I.) Pers.) және домалақ сәлемшөп (сыть круглая-Cyperus rotundus L.). Бұл арамшөптермен ластану 4 баллға дейін жетеді. Салалы қарашағыр мен домалақ сәлемшөп әдетте шым түзеді, мұнысымен мақтаны сиреп кетуге, қысылып өсу мен оның өнімділігінің төмендеп кетуіне душар ете отырып, үлкен ошақтар болып өседі.
Атпа тамырлы көп жылдық арамшөптерден дала шырмауығы (вьюнок полевой - Convolvulus arvensis L.), өте көп таралған. Ол мақтаны орап ала отырып, оны қысып тастайды, ал өзінің жапырақтарымен машиналы терімнің сапасын төмендетіп, мақтаны өте қатты ластайды. Түйе жантақтың (верблюжья колючка - Alhagi pseudalhagi) таралуы 3 баллға дейін жетеді.
Ерте дамитын аз жылдық арамшөптердің арасында мақта егістігін татар көкпегі, ақ алабұта көбірек ластайды. Бұл арамшөптердің қаулап өсуінің дәрежесі 2-3 баллды құрайды.
Гербологиялық бақылау көрсеткендей, тәжірибелі алқаптардың үш жылдық көрсеткішіндегі жалпылама ластануы шаршы метріне 64-84 дана болды. Бұл жерде аз жылдық арамшөптердің саны шаршы метріне 45-55 дананы құраса, көп жылдық арамшөптер 19-29 дананы құрады.
Орташа есеппен алғанда үш жылдың ішінде, аз жылдық арамшөптердің мөлшері шаршы метріне 52 дананы құрады. Олардың ішінде дара жарнақтылардың үлесіне 16 және қос жарнақтылардың үлесіне шаршы метріне 36 дана тура келді. Дара жарнақты жаздық арамшөптер 3 түрмен келтірілген олар: күрмек тары (Echinochloa crus galli (L.), көкшіл мысықұйрық (Setaria pumila (Poir.) Schult.), жасыл мысықұйрық (Setaria viridis (L.) Beauv). Қыстаушы қос жарнақтылар 2 түрмен келтірілген олар: жұмыршақ (Capsella bursa-pastoris (L.) Mediuc) және жабайы ассүттіген (Lactuca serriola (L.)). Қос жарнақты жаздық арамшөптер 11 түрімен сипатталған, олар: кәдімгі сасық меңдуана (Datura stramonium L.), бақша қараоты (Portulaceae oleracea L.), үш қатарлы бөрітарақ (Hibiscus trionum L.), қызыл таспа таран (Polygonum aviculare L.), Теофраст бұйда кендірі (Abutilon theophrasti Medic.), арам кененшөп (Cannabis ruderalis Jan), татар көкпегі (Atriplex tataricum L.), ақ алабота (Chenopodium album L.), қара алқа (Solanum nigrum L.), қызылша гүлтәжі (Amaranthus retroflexus L.) және кәдімгі ошаған (Xanthium strumarium (L.)).
Көп жылдық арамшөптердің биологиялық тобы 14 дара жарнақты және 10 қос жарнақты түрлерден тұрды. Дара жарнақтылар негізінен тамыр сабақтылардың 5 түрімен келтірілген, олар: салалы қара шағыр (Cynodon dactilon (I.) Pers.), құмай (Sorghum haleptnse (L.) Pers.), кәдімгі қамыс (Phragmites communis Trin.), жатаған бидайық (Elytrigia repens (L.)), домалақ сәлемшөп (Cyperus rotundus L.). Қос жарнақтылар атпа тамырлылардың 3 түрін құрады - олар: егістік қалуен (Cirsium arvense (L.) Scop), дала қалуені (Sonchus arvensis L.) және түйе жантақ (Alhagi pseudalhagi (Bieb)). Өзек тамырлы арамшөптерге бір түр – дала шырмауығы (Convolvulus arvensis L) жатады (11-сурет, Б, В, Г қосымша).
Мақта агрофитоценозындағы арамшөп түрлерінің таралуы
Қос жарнақты аз жылдықтар
Қос жарнақты көп жылдықтар
2013-2014 жж. мақта егісіндегі арамшөп топтарының арақатынасы.