Намаз бен ораза мойыннан түсетін жағдайлар

1 - Ишара жасауға шамасы келмеген кісі сол күйі өліп кетсе, мойнында қарыз болмайды. Ауру немесе сапар үшін ауыз ашып, жазылмаған күйі немесе сапардан оралмаған күйі өмірден озған кісінің жағдайы да осылай.

2 - Намаздарын үзірсіз және үзірмен өткізген кісі оның қазасын өтеуіне мүмкіндік беретін бір тәуліктен аз уақыт өтпей өмірден озса. Ауру немесе сапар үшін ауыз ашып, жазылғанына немесе сапардан оралғанына біраз уақыт өтіп, сол уақыт ішінде қазасын өтеуі мүмкін бола тұра дүниеден озған кісінің артында қалған адамдарға парыздың есесін төлеулері өсиет етіледі. Тіпті үтір намазы үшін, өйткені ол - уәжіп. Сол секілді оразаның ұсталмаған әр күні үшін.

Парыздың есесін төлеу дегеніміз - жарты сағ[753] ұнмен немесе бір сағ құрма, мейіз, арпа немесе оларды ақшалай беру жолымен міскінді тамақтандыру. Ақшалай берген абзал. Барлық қазаларының есесін бір ғана пақырға беруге де болады. Мұрагер кісі өзіне марқұм өсиет еткен мұраның үштен бірінен парыздың есесін төлейді. Төленетін ақшаның көлемі бұдан асса, асқан құнды төлеу міндет емес. Өсиет тастауға үлгермеген марқұм үшін мұрагердің өз малынан төлеген ақшасымен марқұмның мойнынан парыз түседі. Марқұм үшін оразасын немесе намазын қайтару дұрыс емес. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(لا يصلي أحد عن أحد ولا يصوم أحد عن أحد ولكن يطعم عنه مكان كل يوم مد من الحنطة)

«Ешкім біреу үшін ораза ұстамайды және ешкім біреу үшін намаз оқымайды. Алайда, оған біреудің әр күні үшін бір муд[754] бидаймен (пақырды) тамақтандыруы қажет»[755].

Шінші: Қауіп намазы

Қауіп намазы Құранның мәтінімен және пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) сүннетімен бекіген. Мұндағы «қауіп» дегеніміз - қорқу емес, алайда жаудың көрінуі немесе қауіп төну.

Кімі

Жау көрінгенде, кемені бату апатынан құтқару барысында, өрт сөндіру барысында парыз намаздарын қауіп намазы бейнесімен оқуға болады.

Аллаһ тағала Құран Кірімде айтады:

﴿وَإِذَا كُنتَ فِيهِمْ فَأَقَمْتَ لَهُمُ الصَّلاَةَ فَلْتَقُمْ طَآئِفَةٌ مِّنْهُم مَّعَكَ وَلْيَأْخُذُواْ أَسْلِحَتَهُمْ فَإِذَا سَجَدُواْ فَلْيَكُونُواْ مِن وَرَآئِكُمْ وَلْتَأْتِ طَآئِفَةٌ أُخْرَى لَمْ يُصَلُّواْ فَلْيُصَلُّواْ مَعَكَ وَلْيَأْخُذُواْ حِذْرَهُمْ وَأَسْلِحَتَهُمْ وَدَّ الَّذِينَ كَفَرُواْ لَوْ تَغْفُلُونَ عَنْ أَسْلِحَتِكُمْ وَأَمْتِعَتِكُمْ فَيَمِيلُونَ عَلَيْكُم مَّيْلَةً وَاحِدَةً﴾

«(Әй, пайғамбар!) Олардың арасында болып, намаздарына имамдық еткеніңде (екіге бөлген) топтың біреуі сенімен (қауіп намазын) оқысын. Және олар қаруларын қастарына алсын. Сәжде жасаған (намаз оқыған) соң артқа барып тұрсын. Сосын намаз оқымаған екінші топ келіп, сенімен намаз оқысын. Олар да сақтық жасап, қаруларын қастарына алсын. Бар күшімен сендерге тап берулері үшін, кәпірлер қаруларың мен жарақтарыңды ұмытуларыңды қалауда..»[756].

Оқылу бейнесі

Мұсылмандарды жау аңдып тұрған уақыттарда пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) оқыған қауіп намазы жағдайлардың өзгешелігіне байланысты әртүрлі бейнелерде атқарылған болатын. Құранда келген бейнеге ең жақыны - келесі бейне: Жау көрінген жағдайда имам жауынгерлерді екі топқа бөледі. Бір топ қаруын қолына алып, жауды күзетеді. Олардың арттарына тұрған имам екінші топпен парыз намазын оқиды. Намаз төрт рәкат немесе ақшам болса, екі рәкәтін оқиды. Ал екі рәкат немесе жолаушы намазы болса, бір рәкат оқиды. Екі рәкат намазда имам екінші сәждеден басын көтергенде бұлар орындарынан тұрып, жауды күзету орнына барады. Ал төрт рәкат намазда бірінші ташаһһудтан кейін күзет орнына барады. Алайда, намаздары әлі аяқталмағандықтан, егер олар осы кезде көлікке мінсе немесе басқа тарапқа жүрсе, намаздары бұзылады. Бұлардың орнына, енді, бірінші топ келеді. Олар тахрим тәкбірін айтуларымен имамға қосылады. Имам бұл топпен намаздың қалған бөлігін аяқтайды. Намаз аяқталғанда имам ғана сәлем береді. Имамның сәлемінен кейін бұл топқа намаздың қалған бөлігін осы орындарында немесе күзет орнына барып толықтыруға болады. Бұлар намазға кейін қосылғандықтан, толықтыратын рәкәттәрінда Құран оқулары қажет. Екінші топқа да намаздарының қалған бөлігін не күзет орындарында, не намаз бастаған орындарына келіп толықтыруына болады. Олар намазды имаммен бірге бастағандықтан, толықтыратын рәкәттәрінда Құран оқымаса да болады. Кейін сәлемдерін беріп, бәрі майдан ісіне кіріседі.

Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(صلى رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم صلاة الخوف في بعض أيامه، فقامت طائفة معه وطائفة بإزاء العدو، فصلى بالذين معه ركعة ثم ذهبوا، وجاء الآخرون فصلى بهم ركعة، ثم قضت الطائفتان ركعة ركعة. قال: وقال ابن عمر: فإذا كان خوف أكثر من ذلك فصلِّ راكباً، أو قائماً تومئ إيماءاً)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) кейбір күндері қауіп намазын оқыған еді. Бір топ оған ұйып, бір топ жау тарапын күзететін. Өзімен қалған топпен бір рәкат оқып, олар күзет орнына баратын. Сосын оған екінші топ келіп, олармен бір рәкат оқитын. Сосын әр топ қалған рәкәттәрін өтейтін»[757].

Жау шабуылының күштілігінен намазды бұл бейнеде оқу мүмкін болмаған жағдайда мұсылмандар намазды не тұрған жерлерінде, не көліктерінің үстінде кез келген бағытқа қарап оқуларына болады.

Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:

﴿فَإنْ خِفْتُمْ فَرِجَالاً أَوْ رُكْبَاناً فَإِذَا أَمِنتُمْ فَاذْكُرُواْ اللّهَ كَمَا عَلَّمَكُم مَّا لَمْ تَكُونُواْ تَعْلَمُونَ﴾

«Егер қауіптенсеңдер, түрегеп немесе көлік үстінде (оқыңдар). Қашан бейбіт болсаңдар, Аллаһты өздеріңе білмеген нәрселерді үйреткеніндей еске алыңдар»[758].

Наши рекомендации