Имам Әбу ханифа ан-нұғман

Лшылықтар фиқһы

(Ханафи мәзһабы бойынша)

Имам Әбу Ханифа ан-Нұғман

Имам Әбу Ханифаның заманында ілім көбінесе арабтардан басқа ұлт өкілдеріне ие мұсылмандарда болатын. Олар сахабалардан кейін, Аллаһ тағала оларға разы болсын, ұзақ уақыт ислам мемлекетінің ғылыми орталығы болып қызмет етеді. Бұл құбылыс - пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) ғайыптан жеткізген хабарының расталуы. Имам Ахмад жеткізген хадисте Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді: «Ілім жұлдыздар шоғырында болса да, парсы ұрпақтарынан шығатын адамдар, әлбетте, оған қол жеткізеді».

Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) қасында отырған едік. Оған «Жұма» сүресі түсті. Ол оны оқып, «Сондай-ақ бұлардан кейінгілерге де. Олар әлі бұларды көздерімен көрмеді» деген жерге жеткенде біз: «Әй, Аллаһтың елшісі, олар кімдер?»-дедік. Үш мәрте сұралмайынша жауап бермеді. Арамызда парсылық Салман болатын. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) қолын парсылық Салманға қойды. Сосын былай деді: «Иман жұлдыздар шоғырында болса да, мыналардан тарайтын адамдар, әлбетте, оған қол жеткізеді»[1].

Имам Әбу Ханифа, Аллаһ тағала оған рахымшылық етсін, һижраның сексенінші жылы Куфа қаласында дүниеге келеді. Сонда ер жетіп, тәрбие алады. Өмірінің едәуір бөлігі Куфада өтеді. Ата-анасы жайлы онша көп мағлұмат сақталмаған. Бар білетініміз, екеуі де мұсылман отбасында туып, тақуалық тәрбие алған. Әкесі Сәбит сауда ісімен айналысады. Тарих кітаптарында Сәбиттің кішкентай кезінде Әлимен, Аллаһ тағала оған разы болсын, кездескені жайлы мағлұмат бар. Әли оған және ұрпағына береке тілеп, дұға жасаған екен. Баласының кәмелет жасын көруін жазмыш нәсіп етпей, өмірден озады. Әбу Ханифа әкесінен қалған үлкен дәулетті мұраланады. Сәбиттің Әбу Ханифадан басқа баласының бар-жоғы белгісіз. Сақталған деректер бойынша, анасы баласынан ұзақ өмір сүреді.

Әбу Ханифа шынайы мұсылман отбасында тәрбие алады. Өмірінің алғашқы қадамын еңбек саласында әкесі секілді саудамен бастайды. Жас кезінен-ақ көпшілік арасында ерекше парасаттылығымен танылады. Мұны байқаған тарихшы фақиһ Аш-Шаъби оған білім саласына берілуін өсиет етеді. Осы өсиеттің рухымен Әбу Ханифа саудасына сенімді кісіні тағайындап, өмірін ілім саласына арнайды.

Әбу Ханифаның өмірлік жолы ислам мәдениетінің биік шыңында көрінетін. Ол Құран Кәрімді Асим қырағатымен жаттайды. Кейін араб тілі грамматикасы мен әдебиетін, хадис ілімін, ислам ақидасы негіздерін үйренеді. Өз ғасырында бой көтерген түрлі топтардың ақида мәселесіне қатысты шақырған пікір таластарына қатысатын. Әбу Ханифа пікірталастың әдептері мен ережелерін мұқият сақтайтын. Бірде баласы әкесінің жолын қуып, пікірталасқа берілмекші болғанда, ол оны бұл жолдан қайтарады. Баласы одан: «Сіз пікірталасқа өзіңіз қатысатынсыз. Бізге неге тыйым саласыз?»-деп сұрағанда оған былай жауап береді: «Рас, біз ой таластыратынбыз. Алайда ой таластырғанда тақуалық шекарасынан аттамайтынбыз және қарсыласымыздың адасуын еш қаламайтынбыз. Ал сендер қарсыластарыңды қатерге апарасыңдар. Кім бұлай істесе - өз қарсыласын күпірлікке итергісі келгені. Ал кім қарсыласын күпірлікке итеруді қаласа, күпірлікке, алдымен, өзі түскен болады». Өмірінің қалған күндерін имам фиқһ ілімін зерттеуге арнайды. Имам фиқһ ілімін таңдау себебін түсіндіре отырып, былай деген: «Мен фиқһ ілімін ақтарған сайын ол өз маңыздылығын арттыра түсті. Сосын көзім жеткені - оны жақсы білмейінше парыздар да дұрыс атқарылмайды, дін де дұрыс орнамайды және құлшылық та дұрыс жасалмайды. Онсыз, тіпті, дүние мен ақиреттің табысы да жөн таппайды».

Имам өз ғасырындағы үлкен ғалымдардың пәтуаларымен танысады. Жиырма екі жасынан бастап Хаммад ибн Әбу Сүлеймен ғалымнан дәріс алады. Ол кісі дүниеден өткенше қасында болады. Ұстазы дүниеден озған жылы имам қырық жасқа толады. Ол Хаммад ұстазымен бірге Меккеге бірнеше мәрте қажылық жасаған болатын. Ондағы фақиһтармен[2], мұхаддистермен[3], басқа да ғалымдармен кездесіп көп хадистер естиді. Фиқһ мәселелерін ортаға салып, тәжірибе алмасады.

Сахабалардан фиқһ пен ижтиһадты меңгерген табиғундардан білім алуы үшін, имам олардың елдеріне барып тұратын. Осы ғылыми сапарларына қатысты имам Әбу Ханифа былай деген: «Мен табиғундардан Омардың фиқһын, Ибн Масғудтың фиқһын және Ибн Аббастың фиқһын үйрендім».

Қырық жасында имам Куфадағы мешітте ұстазы Хаммадтың орнына шәкірттеріне тәлім беруге отырады. Құран мен сүннетке және фақиһ сахабалардың сөздеріне негізделген пәтуәлары жарық көреді. Бұл дереккөздерде үкімі айтылмаған мәселені соған ұқсас мәселемен салыстыру негізінде үкім беру тәсілін - қияс тәсілін қолданады. Осылайша, Куфада төрт мәзһабтың алғашқысы - ханафи мәзһабы пайда болады.

Имам Әбу Ханифа пайғамбарымызды (саллаллаһу алайһи уа саллам) өнеге тұтып, күнінің күндізін оразамен, түнін Құран оқып тәһажжуд намазымен өткізетін. Көңілінің көктемі мен жүрегінің нұры Құран болатын. Адамдар оны әрдайым Аллаһ тағалаға бағынышты күйде жүретінін көретін. Көршілерінен жеткен хабарда имам Әбу Ханифаның таһажжуд намазында жылап тұратыны және қарапайым мінезді болғаны айтылады. Әке-шешесіне дұға жасап, олардың атынан пақырларға садақа тарататын. Табысына арам табыс араласпас үшін саудасын мұқият тексеріп отыратын. Бірде серігі ақауы бар киімді біле тұра сатып қояды. Мұны ести сала имам сөредегі бүкіл тауарын садақа етіп таратып жібереді. Аманатқа сенімділігін көрген халық оны сауда ісінде Әбу Бәкірге, Аллаһ тағала оған разы болсын, ұқсататын. Замандастарының бірі Малих ибн Уакиъ имам жайлы былай деді: «Әбу Ханифа өзіне тапсырылған аманатқа қатты қарайтын. Аллаһ дегенде жүрегі қалтырайтын. Аллаһтың разылығын бүкіл нәрседен артық көретін. Аллаһ үшін қылыш көтеру қажет болса, көтерер еді». Фадил ибн Ъияд имамның көркем мінезділігі жайлы былай деді: «Әбу Ханифа - фиқһ ілімін жетік меңгерген ғалым. Мол дәулетін мұқтаждармен бөлісетін. Күдіз-түні білім іздеуде сабырлық танытатын. Түні құлшылықпен өтетін. Көп ойланатын. Аз сөйлейтіні соншалықты, өзіне шариғат мәселесінде қойылған сұраққа пәтуа айтуы үшін ғана сөйлейтін секілді. Адамдарды ақиқатқа бастайтын. Сұлтаннан мал алудан азаптан қорыққандай қашатын».

Имам Әбу Ханифаның ғасыры түрлі қайшылықтар мен ағымдарға толы болатын. Ол Үмауия мемлекетін де, Аббасия мемлекетін де көзімен көрді. Сұлтандардың алдындағы ұстанымы ашық және берік болатын. Үмауия мемлекетінің Куфаға тағайындаған әкімі Омар ибн Һабира имамды өз қасына қызметке шақырғанда ол бас тартады. Әкім оны абақтыға қамап, азап шектіреді. Абақтыдан шыққанда Әбу Ханифа Меккеге қоныс аударуға мәжбүр болып, һижраның 130-136 жылдары сонда тұрады. Меккеде Ибн Аббастың, Аллаһ тағала оған разы болсын, ғылыми мұрасы саналатын фиқһ пен хадис ілімдерін үйренуін жалғастыруы нәсіп болады. Билік басына аббасиялықтар келгенде имамның Куфаға оралуына мүмкіндік туады. Куфадағы мешітте дәріс беруін қайта жалғастырады. Халифа Мансұрдың Әлидің әулетіне қатысты қате ұстанымын бірде Әбу Ханифа сынға алады. Мансұрдың қасындағы кейбір адамдар имамды күндеп, халифаны оған қарсы жауластырады. Имамның сұлтанға деген ықыласын сынамақшы болған халифа оған сотқазы қызметін ұсынады. Бұл қызметте нәпсі күнәға былғанып, үлкен қатерге ұшырайтынын жете білетін имам Аллаһтан қорқып, ұсыныстан бас тартады. Қызметті қабыл алмағаны үшін халифа оны абақтыға салып, ұзақ уақыт азап шектіреді. Кейін рақмет айтып, шүкір етуі үшін пәтуа қызметіне кіріссін деп, халифа имамды абақтыдан шығарады. Алайда имам пәтуа беру қызметіне отырмайды. Халифа оны абақтыға қайта салып, ұзақ уақыт азап шекітіреді. Кейін босатып, адамдармен кездесуіне де, пәтуа беруіне де мүлде тыйым салады. Осыдан кейін имам Әбу Ханифа һижраның 150 жылы өмірден озғанша үй қамауында болады.

Өсиеті бойынша имам Хизранда жерленеді. Жаназасына елу мың адам қатысады. Тіпті халифа Мансұрдың өзі қателігі мен имамның діндарлығын мойындаған түрде имамның жаназасына қатысады. Аллаһ тағала имам Әбу Ханифаны рахымына бөлесін!

Наши рекомендации