Сегізінші бөлім: Намазды бұзатын нәрселер

Намазды бұзатын нәрселер деп оның дұрыстығын жоққа шығаратын істерді айтамыз. Намаз бұзылса, қайта оқылуы уәжіп.

Намазды бұзатын нәрселер

1. Сөйлеу. Намазда тұрған кісі қателесіп, байқамай сөйлесе де, біліп сөйлесе де намазы бұзылады. Ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كنا نسلّم على رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم وهو في الصلاة، فيردّ علينا، فلما رجعنا من عند النجاشي، سلمنا عليه فلم يرد علينا، فقلنا: يا رسول اللّه! كنا نسلّم عليك في الصلاة فتردّ علينا. فقال: إن في الصلاة شُغلاً)

Әуелгі кезде Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) намазда тұрса да біз оған сәлем беретінміз және ол да бізге жауап қайыратын. Біз Эфиопиядан оралғанда, сол әдетіміз бойынша, намазда тұрғанына қарамастан, оған сәлем бердік. Бірақ жауап бермеді. Біз: «Әй, Аллаһтың елшісі! Намазда тұрғанда сәлем берсек, бұрын, жауап беруші едіңіз?!»-дедік. Ол: «Расында, көңіл - толығымен намазда»[528].

Сөйлеудің түрлері:

1 - Дүние сөзі. Мұъауия ибн ал-Хакам ас-Салами, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إن هذه الصلاة لا يصلح فيها شيء من كلام الناس، إنما هو التسبيح والتكبير وقراءة القرآن)

«Расында, намаз дегеніміз - онда дүние сөзін сөйлеу дұрыс емес. Расында, намаз дегеніміз - тек таспих жасау, тәкбір айту және Құран оқу»[529].

2 - Сәлемге жауап беру. Байқаусыз жауап қайырса да бұзылады. Жабир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كنا مع النبي صلى اللّه عليه وسلم. فبعثني في حاجة. فرجعت وهو يصلي على راحلته. ووجهه على غير القبلة. فسلّمت عليه فلم يردّ عليّ. فلما انصرف قال: (إنه لم يمنعني أن أردّ عليك إلا أني كنت أصلي)

Біз пайғамбармен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге болдық. Ол мені бір жұмыспен жіберді. Қайтып келгенімде түйесінің үстінде намаз оқып отыр екен және жүзі құбыла тарапында емес. Оған сәлем беріп едім, жауап қайырмады. Намазын аяқтағанда маған қарап: «Сәлеміңе жауап беруімнен мені намазым ғана тоқтатты»-деді[530].

Намаздағы кісі «намазымды аяқтадым» деген оймен сәлем беріп, аяқтамағандығы бірден айқындалса, намазын бұзбай жалғастырады. Ал төрт рәкәттің екі рәкәтінан кейін «таң намазы немесе жолаушымын» деген оймен сәлем берсе, намазы бұзылады.

3 - Күрсініп «уһ»-деу, жердегі немесе үстіндегі бір нәрсені «үуф»-деп үру. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(النفخ في الصلاة كلام)

«Намазда тұрып үру - сөйлеу»[531].

Имам оқып бастаған аятты ұмытса немесе қателессе, ұюшының оған еске түсіруі немесе қатесін түзетуі намазда сөйлегенге жатпайды. Бұл іс келесі хадиспен рұқсат етілген: Мусаууар ибн Язид, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(صلى رسول الله صلى الله عليه و سلم فترك آية فقال له رجل: يا رسول الله آبة كذا و كذا قال: فهلا ذكرتنيها)

Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) намазда бір аятты оқымай қалдырып кетті. Намаздан соң бір кісі: «Әй, Аллаһтың елшісі, осындай бір аят қалып кетті»-деді. Ол (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Есіме неге түсірмедің?»-деді[532].

2. Көп қимыл.Үш мәрте қимылдаса, намаз бұзылады. Зиянды жылан, шаян секілді жәндіктерді өлтіру үшін аз қимыл жасалса, намаз бұзылмайды. Қимыл көп болса бұзылады.

3. Кеуденің құбыла бағытынан өзгеруі.

4. Таяммуммен оқып тұрған адамның ташаһһуд оқудан бұрын суды көруі.Мұндай жағдайда дәрет алып, намазды қайта оқу уәжіп.

5. Намазда тұрғанда күн шықса, не батса, не аспан биігіне жетсе.

6. Намазда тұрғанда киімге, денеге және орынға нәжіс тисе немесе әурат ашылса.

7. Күлкі.Намаздағы кісі өзі ғана еститіндей күлсе, намазы бұзылады. Жабир, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لا يقطع الصلاة الكشر ولكن يقطعها القهقهة)

«Намазды күлімсіреу бұзбайды, бірақ дауыстап күлу бұзады»[533].

Егер басқалар еститіндей дауыспен күлсе, намазы да, дәреті де бұзылады. Маъбадтің айтуынша, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) жамағатпен намаз оқығанда бір кісі мешітке кіріп, көзі көрмегендіктен кішкене шұңқырға сүрініп, құлап түседі. Мұны сезген адамдар намазда қарқылдап күліп жібереді. Намаздан кейін адамдарға қарап, пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дейді:

(من كان منكم قهقه فليعد الوضوء والصلاة)

«Сендерден кім қарқылдап күлсе, дәретін қайта алып, намазын қайта оқысын»[534].

8. Құранды кітапқа қарап оқу.

9. Құран оқығанда аяттың немесе аяттағы бір сөздің мағынасын өзгертіп оқу.

10. Ұюшының имамнан озып кетуі. Мысалы, рукуғ жасағанда имамнан бұрын еңкейген және одан бұрын көтерілген ұюшы бірден артқа оралмаса, намазы бұзылады.

11. Ұюшының имамнан бұрын намаз бастауы.

12. Үзірлі кісіні имам ету.

13. «Аллаһ» сөзінің «һәмза»-сін және «әкбар» сөзінің «бә»-сін созу.

14. Ұйқылы күйде жасалған ішкі парыздың қайта жасалмауы.

15. Дәреттің бұзылуы.

16. Мәсіге жасалған мәсх уақытының шығуы.

17. Әйел кісімен қатар тұрып намаз оқу.Араларында қабырға немесе перде болса, намаз бұзылмайды.

Наши рекомендации