Басқарушылық бақылаудың түрлері
Бақылаудың екі негізгі түрі бар: қаржылық және әкімшілік.
Қаржылық бақылау фирма қызметінің барлық салаларын қамтиды және жоспарлы шығындарды нақты шығындармен салыстыруға мүмкіндік беретін құндылық көрсеткіштер негізінде жүзеге асырылады. Қаржылық бақылауды арнайы бөлімдер жүргізеді: жоспарлы қаржылық бөлім, есеп-қисап бөлімі, ревизиялық комиссия, бақылаушы кеңес, өндірістік кеңес, өндірістік бөлімдердің экономисттері мен есепшілері. Бақылау функциясы ақпаратты жинау процесін жеделдетуге мүмкіндік беретін компьютерлік техниканы қолдану арқылы жетілдіріледі.
Әкімшілік бақылау басқарудың барлық деңгейлерінде жүргізіліп, қызметкерлердің қызметін бағалауға бағытталған. Ол үнемі арнайы бөлімдер және басшылармен жүргізіледі.
Басқарушылық бақылаудың үш кезеңі бар: алдын-ала, ағымдық және қорытынды.
Алдын-ала бақылау ұйымның белсенді қызметінің басталуында болады. Мазмұны бойынша – бұл ұйымдастырушылық бақылау, оның міндеті негізінен кәсіпорынның, оның персоналының, өндірістік аппараттың, басқару жүйесінің жұмысқа дайындығын тексеру.
Басқарушылық жүйені ұйымның құрылымына сәйкес тексеріп, қабылданған шешімдердің сапасын, дайындалған құжаттарды, олардың талаптарға сәйкестігін, дұрыс құжатталуын, орындаушылардың олармен танысу дәрежесін, жоғарыдағы міндеттерді меңгерулерін талдайды, бұл көп жағдайда болашақ жұмыстың сәттілігін анықтайды.
Персоналды алдын-ала бақылау көмегімен ең алдымен жоспарлауда қарастырылған міндеттерді шеше ала ма деген сұраққа жауап беру керек. Сондықтан кадрлық қызметкерлердің кәсіби дайындығын зерттеп, жасалатын жұмысқа жарамдыларын таңдайды. Бақылау мамандарға қойылатын алдын-ала құрылған талаптар негізінде жүзеге асырылады. Оның негізгі құралдары түрлі тесттер, емтихандар, әңгімелесулер болып табылады.
Персоналды алдын ала бақылау сферасына қызмет мақсаттарын түсіну, құқық, міндеттер, дайындау нормалары, сыйақы шарттарын білу сұрақтары да кіреді. Сонымен бірге, оның функциялары кадрларды дайындау және қайта дайындау, оларға түсіндірмелер беру, шығармашылық пен рационализаторлық үшін мүмкіндіктер туғызу, қажетті еңбек жағдайын қамтамасыз ету болып табылады.
Алдын ала бақылаудың үшінші бағыты – ұйымның материалдық және қаржылық ресурстарының жағдайын: олардың бар болуын, құрылымы мен саны бойынша қажеттіліктерге сәйкестігін, жеткізулер кепілдігін тексеру.
Ұйымның қаржылық ресурстары мен олардың бөлінуін алдын ала бақылау құралдарына олардың қайнар көздерінің сенімділігін және болашақтағы шығыстардың негізділігін тексеруге мүмкіндік беретін бюджет немесе смета жатады. Көбінесе бұл құжаттарды тәжірибеге сүйеніп дайындайды, бірақ шығындар категориясы бойынша бұрынғы жылдардың қарапайым статистикасы жаңа жағдайдағы қажетті шығындарды анықтау үшін жеткілікті ақпаратты бермейді, сондықтан бақылау басқа ұйымдардың деректеріне және орта салалы көрсеткіштерге сүйене алады.
Ағымдық бақылау әдетте стратегиялық және оперативтік формада болады. Стратегиялық бақылаудың негізгі объектісі ұйымның соңғы мақсаттарына жету көзқарасы жағынан ресурстарды қолдану тиімділігі болып табылады. Ол тек қана сандық емес, сапалық көрсеткіштер бойынша да жүзеге асырылады. Стратегиялық бақылау процесі еңбек өнімділігі деңгейі, ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін енгізу мен қолдану, жұмыстың жаңа әдістері мен технологиясы туралы ақпаратты жинау, өңдеу, бағалауға тіреледі.
Оперативті бақылау ағымдық өндірістік және шаруашылық қызметке, соның ішінде технологиялық процесс шегінде өнімнің қозғалысына, техника мен жабдықты іске қосуға, жұмыстың жалпы кестесін сақтауға, шикізат, материалдың бар болуына, аяқталмаған өндіріс пен дайын өнімнің жағдайына, ағымдық шығындар деңгейіне, ақша құралдарын жұмсауға бағытталған.
Соңғы (аяқтаушы) бақылау ұйымның жоспарын жүзеге асыру мен жаңаларын дайындауды бағалаумен байланысты.Ол ағымдық қызметтегі нақты нәтижелер мен жұмыстың әлсіз және күшті жақтарын жан-жақты талдауды қарастырады.