Идеялары, теориялары жӘне Өкілдері 7 страница

Тарихи дамуда элиталардың жоғарылауы мен төмендеуі үнемі байқалып отырады. Олардың алмасуы - адамзат қоғамының тіршілік ету заңдылығы. Бірақ элиталардың құрамы ғана ауысып қоймайды, сонымен қатар олардың контингенті де, элиталардың түрлері де алмасып отырады. Мұндай ауысудың себебі элиталарда бірінші және екінші топтағы “тұнбалардың”, яғни “комбинациялар түйсігі” мен “агрегаттарды сақтаудағы табандылықтың” кезектесіп келуінде жатыр.

Элитаның “комбинациялар түйсігіне” ие болған бірінші түрі халықты сендіру, сатып алу, алдау, тікелей ақымақ ету арқылы басқарады. “Тұнбаның” бірінші тобының күшеюі мен екіншісінің әлсіреуі билеуші элитаның болашаққа емес, осы шаққа көп көңіл бөлуіне алып келеді. Жақын арадағы болашақтың мүдделері алыстағы болашақ мүдделерінен басым болады; материалдық мүдделер – мұрат еткен мүдделерден; жеке адам мүддесі - отбасы, басқа да әлеуметтік топтың, ұлттың мүддесінен басым болады.

Уақыт өте келе билеуші тапта “комбинациялар түйсігі” дамыды, ал бағынушы тапта, керісінше, “агрегатты сақтаудағы табандылық” түйсігі күшейеді. Бұл бөліну қатты күшейген кезде революция болып, билікке “тұнбаның” екінші тобына ие болған элитаның басқа түрі келеді. Элитаның бұл санатына агрессияшылдық, авторитарлық, тоңмойындық, ымыраға келмеушілік, әрекетке және бәтуаға келуге күдікпен қарау тән болады.

Билеуші элитаның бірінші түрін Парето - “түлкілер”, екінші түрін “арыстандар” деп атайды. Экономика саласында бұл екі түрге “алыпсатар” және “рантье” санаттары сәйкес келеді: олардың біріншісінде бірінші топты “тұнбалар” басым болса, екіншісінде екінші топ басым болады. “Пайдакүнемдер” экономикалық комбинациялар саласында жақсы қабілеттерге ие бола отырып, азын-аулақ табыстарға қанағаттанбай, көп пайда табуға ұмтылады. Екі санаттың әрқайсысы қоғамда тиімді функциялар орындайды. “Пайдакүнемдер” экономикалық та, әлеуметтік те прогрестің өзгеруіне себеп болса, Рантье керісінше, күшті тұрақтылық факторын құрайды. Рантье басым болған қоғам қозғалмайтын күйде қалып, тоқырауға бейім келеді; ал “пайдакүнемдер” басым қоғам тұрақтылықтан айрылып, тұрақсыз тепе-теңдік күйінде болады, оның сырттан немесе іштен оңай бұзылуы мүмкін.

Паретоның әлеуметтану классиктерінің санатына кіретіні баршаға мәлім. Ол қоғамның жүйе ретіндегі ұғымының қалыптасуына үлкен үлес қосты. Оған тепе-теңдік тұжырымдамасы, әлеуметтік жүйенің барлық элементтерінің өзара әрекет етуі мен өзара тәуелділігі, элементтер арасындағы бір жақты және әмбебап себеп-салдарлық байланысты терістеуі және әр элементтің әлеуметтік жүйеде басқа элементтерге қатынасындағы алатын орны бойынша түсіндіру жағдайы кіреді. Соңғысы Паретоны әлеуметтануда құрылымдық-функционалдық талдаудың негізін салушылардың бірі ретінде көрсетеді.

Парето еңбектерінде адам іс-әрекеттері мен олардың себептерін талдауды жүзеге асырудың ғылыми мәні зор болды. “Логикалық” және “логикалық емес әрекеттер”, “тұнба” және “деривация” терминдері кейін әлеуметтануда іс жүзінде қолданылған жоқ. Дегенмен осы терминдермен берілген құбылыстарға талдау жасау әлеуметтанушылар үшін әлеуметтік мінез-құлықтың иррационалды және эмоционалды факторларының “идеологияларда”, теорияларда”, наным-сенімдерде және т.б. саналы және санасыз түрде қолданылатын әр түрлі таптаурындардың, нұсқамалардың және басқалардың рөлін едәуір ашып берді. Осындай эмоционалдық факторлардың қисынды дәлелдемелерімен салыстырғанда анағұрлым тиімді болуы адамды және бұқараны белсенді әрекеттерге бастайтыны, қазіргі кезде саясаттануда, насихат пен бұқаралық коммуникация теориясында да кеңінен танымал болып отыр.

Парето алғаш рет элитаның жан-жақты теориясын жасады. Ол элиталық топтың кейбір әлеуметтік-психикалық мінезін және халықтың авторитарлық, шыдамсыздық және неофобия сияқты қасиеттерін сипаттап берді. Өзінің элиталар айналымы тұжырымда-масында ол әлеуметтік тепе-теңдікті ұстап тұру мен әлеуметтік жүйелердің тиімді функциялар атқаруы үшін әлеуметтік жинақылықтың қажеттілігін негіздеді.

Бір ғажабы, элита теориясының жасалуы Паретоның өзіне ұнамайтын демократия ұғымының тереңдеуі мен нақтылануына жәрдемдесті. Қоғамдағы элитаның шынайы орнын түсіну “нағыз” демократияның халық билігі ретіндегі, халықтың өзін-өзі басқаруы ретіндегі бұлыңғыр және мағынасыз ұғымынан демократия туралы, атап айтқанда, элита айналымының ерекше ашық жүйесі туралы, қоғамдағы билік пен бедел үшін тең жағдайда өзара бәсекелесу туралы ұғымға өтуге мүмкіндік туғызды.

Рас, Паретоның элита теориясының кейде оның жүйелік бағытымен қарама-қайшылыққа келіп қалатын тұстары бар. Ол элита ерекшеліктерін әлеуметтік жүйелерден шығаруға бейім емес, керісінше, әлеуметтік жүйелерді элиталық топтардың іс-әрекеті мен психикалық белгілерінің салдары ретінде қарастырады. Сонымен қатар, элиталардың қызмет атқаруы мен оларды алмастыру тәсілдері - өзіндік бар құбылыстар мен процестер емес. Олар түрлі әлеуметтік жүйелердегі процестерге байланысты әр түрлі болып келеді; әлеуметтік пирамиданың төбесі оның негізімен, бүкіл болмысымен анықталады.

Паретоның әлеуметтану идеяларының әлеуметтік-тәжірибелік ықпалын оның басқа да көптеген публицистикалық еңбектерінің ықпалынан бөліп көрсету өте қиын. Ол үнемі барлық ескі нанымдардан арылуға ұмтылды, бұл ғылыми ақиқатты іздеуде қажетті шарт болды. Бірақ мұндай ізденіс міндетті түрде одан демократия, еркіндік, ізгілік сияқты “наным-сенімдерді” қатаң сынауды талап еткен жоқ. Керісінше, тарихи тәжірибе көрсеткендей, қоғамда мұндай құндылықтар бекімейінше ешбір “логикалық-тәжірибелік ғылымның” өмір сүруі мүмкін емес. Парето жөнінде Карл Поппер былай деген: “Егер ол өзінің теріс ұғым мен теріс емес ұғым арасында емес, тек ізгілік тұрғысынан қате түсінік пен ізгілікке қарсы қате ұғым арасынан таңдап отырғанын іс жүзінде байқаған болса, онда ол өзінің артықшылығын аз сезінген болар еді”.

Өзі айтқандай, “барлық діндердің атеисі бола отырып, Парето фашизм өсіп шыққан наным-сенімдерден құтылуға тырысады. Өзінің «Трактатында» ол ұлтшылдық, империализм, нәсілшілдік, антисемитизм сияқты идеологияларды сынайды. Бірақ басты назарын өзінің заманында үстемдік еткен либералдық демократия идеологиясын “әшкерелеуге” аударады: нәтижесінде Парето мен Муссолини екеуінде бір ғана ортақ жау болып шықты. Парето кейін фашизм іс жүзінде басып тастаған тоталитаризмге қарсы құндылықтарды теориялық тұрғыдан ғана түсіндірді.

Парето Италияда өзі қайтыс болар алдында орнаған фашистік режимге ұстамды қолдау көрсетті. Бұл орайда жаңа режимнің Италияда жағымсыз жақтарын бірден көрсете қоймағанын айта кету маңызды, сондықтан кейбір либералды интеллигенция өкілдері алғаш мұны елді дағдарыстан шығаратын күш деп білді. Мәселен, фашизмге қарсы либералды оппозиция лидерлерінің бірі болған белгілі итальян философы Венедетто Кроче де алғашында жаңа режимге қолдау көрсеткен болатын.

Егер Парето фашизм тұсында ұзақ өмір сүргенде оған көп нәрсе ұнамаған болар еді. Жаңа режим тұсында жазылған мақалалардың бірінде ол фашизм әскери авантюра, баспасөз бостандығы мен білім жүйесіндегі бостандықты шектеу сияқты қоғам үшін қауіпті болып табылатын құбылыстардан аулақ болуы тиіс деп көрсетеді. Бұл ескертулер фашизмнің табиғатын Паретоның жете түсінбегендігін көрсетеді: себебі ол фашизмді оның мәні болып табылатын және онсыз өмір сүре алмайтын нәрселерден сақтандырып отыр. Мұндай сақтандырулар әлеуметтанушының өз еңбектерінде көп жазған “қисынсыз әрекеттердің” нақты мысалы болып табылады.

Фердинанд Теннис

Фердинанд Теннис (Ferdіnand Tönnіes) (1855-1936) - неміс әлеуметтанушысы, немістің классикалық әлеуметтануының негізін қалаушы.

1855 жылы 26 шілдеде Ольденсворт маңындағы Рип деревнясында ата-анасының фермасында туған. Жан-жақты білім алған: философияны, тарихты, классикалық тілдер мен археологияны, кейіннен Йен, Бонн, Лейпциг, Берлин, Тюбинген университеттерінде экономика мен статистиканы оқып зерттейді. Тюбингенде 1877 жылы ол классикалық филология саласында философия докторы атағын алды. 1881 жылы Киль университетінде философияның приват-доценті атанды. 1913 жылы экономика кафедрасын алғаннан кейін толық профессор атағына ие болды; эмеритеттенген университеттік профессор мәртебесіне, яғни жоғарғы мектепте міндетті дәріс беруден босатылған профессор дәрежесіне, Теннис тек 1916 жылы ғана ие болды. Сонда да ол дәріс беруді жалғастыра берді: 1921-1933 жылдарға дейін ол Киль университетінде әлеуметтанудан дәріс оқиды. Национал-социализмнің өсіп келе жатқан қаупі алдында, ғалымдар саяси күреске қатысуға болмайды дейтін өзінің жеке принципін бұза отырып, 1930 жылы ол Германияның социал-демократиялық партиясының қатарына кіреді. Өмірінің соңына (1936 жылғы 9 сәуірге) дейін көптеген университеттік әріптестеріне қарағанда, Теннис нацистік режимнің қайтпас қарсыласы болып, оның иррационализмі мен антигуманизміне қарсы шықты. 1933 жылы нацистер ғалымды университеттен қуды.

Тенниске табыс кеш келді. Оның басты еңбегі – “Қауым мен қоғам. Коммунизм мен социализмді мәдени-эмпирикалық түрде қарастыру” алғаш рет 1887 жылы жарық көрді; қайта қарастырылған, кеңейтілген екінші басылым “Таза әлеуметтанудың негізгі ұғымдары” деген атпен тек 1912 жылы жарық көрді. Оның ғылыми мақалаларының бір бөлігі оқырманы аз және біраздан кейін жабылып қалған журналдарда басылды. Соған қарамастан, Ф.Теннис ғалым ретінде үлкен беделге ие болды. 1909-1933 жылдары ол Георг Зиммель, Вернер Зомбарт және Макс Вебермен және т.б. бірлесіп ашқан “Герман әлеуметтану қоғамының” президенті болады. Ф.Теннис - Гоббс қоғамының (Socіetas Hobbesіana) негізін қалаушылардың бірі, “Герман статистикалық қоғамының” (Deutsche statіstіsche Gessellschaft), “Әлеуметтік саясат одағының” (Vereіn fur Sozіalpolіtіk), “Әлеуметтік реформалар қоғамының” (Gessellschaft fur sozіalr Reform), “Халықаралық әлеуметтану институтының” (Іnstіtut Іnternatіonal de Socіologіe), ағылшын және жапон әлеуметтану қоғамдарының мүшесі, “Американ әлеуметтану қоғамының” (Amerіcan Socіologіcal Socіety) құрметті мүшесі.

Ол әлеуметтанудың ғылыми пән ретінде қалыптасуы мен оның Германияда институтциялануына көп жәрдемдесті. Оның әлемдік әлеуметтануға қосқан негізгі үлесі - теориялық ұғымдар жүйесін әзірлеуі. Оның бастауы “Gemeіnschaft und Geselschaft” (1887) деген еңбегінде жатыр. Теннис жүйесінің толық ресімделуі оның 1931 жылғы соңғы ірі еңбегі “Әлеуметтануға кіріспеде” (1931) көрсетілді.

Теннис әлеуметтануының неғұрлым маңызды санатына мыналар кіреді: басқа адамды танып-білу, таныстық – бөтендік (Gekannsteіn, Bekkanschaft - Fremdheіt), ұнату - ұнатпау, сену - сенбеу (Vertrauen - Mіsstrauen); әлеуметтік байланыстылық (Sorіales Verbundenseіn); әлеуметтік мән (Sozіale Wesenheіt) немесе әлеуметтік нысан (Sozіale Gestalt); мәндік ерік (Wesenwіlle) пен сайлау еркі (Kurwіlle); қауым (Gemeіnschaft) және қоғам (Gessellschaft); табиғи - жасанды немесе әлеуметтік немесе ұжымдық тұлға (naturalіche Person - kunstlіche, sozіale Person, Kollektіvperson); табиғи-әлеуметтік қатынас (naturalіshes-sozіales Verhaltnіs), әлеуметтік жиынтық (Samtschaft), корпорация (Korperschaft).

Теннистің ойынша, әлеуметтану әлеуметтіліктің барлық түрін зерттейтін жалпы және адам әлеуметтілігін зерттейтін арнайы әлеуметтану бола алады. Арнайы әлеуметтану таза, қолданбалы, эмпирикалық болып бөлінеді. Кез келген әлеуметтік құрылымдар адамдардың өзара әрекетімен жасалады. Адамдар өзара әрекетке ерік арқылы түседі. Ерік басқа ерік пен басқа денені сақтауға немесе бұзуға бағыттала алады. Таза әлеуметтану пәні өзара мақұлданған ой-пікірлердің есебінен құрылады. Адамдардың қақтығысы, өзара жағымсыз әрекеті жалпы әлеуметтанудың пәні болып табылады. Өзара бірін-бірі терістеуші қатынастарды Теннис жете зерттемейді.

Өзара әрекеттер нәтижесінде оған қатысушылар үшін маңызды әлдебір нәрсе пайда болады. Адамдар осы маңыздылыққа сәйкес әрекет етеді. Демек, әлеуметтану “маңызды заттарды”, “моральдық деректерді” зерттейді. Тәсілдерге бөлудің әлеуметтанушылық мәні адамдардың өзара қарым-қатынасы жанды байланыс ретінде түсіндіріле ме немесе механикалық артефакт ретінде түсіндіріле ме дегенге саяды.

Әлеуметтік “гештальттардың” маңыздылығы не органикалық бірліктің күдіксіздігі ретінде, не ойлаудың жетілген құрылымы ретінде сезілуінде жатыр. Байланыстың бірінші түрі “Gemeіnschaft”, екіншісі “Gessellschaft” деген атауларға ие болады. “Gemeіnschaft” ұғымын орыс тіліне аудару өте қиын. Аударманың бекітілген нұсқасы - “қоғамдастық”, “қауым”. Ал “Gessellschaft” тура аудармасы - “қоғам” - дұрыс болғанымен, әлеуметтік байланыстардың жеке түріне қарағанда, олардың жиынтығы туралы ұғымын көбірек қаузайды.

“Gemeіnschaft” ұғымын Теннис сонымен қатар, шаруалық-деревнялық қауымға да қолданады, ал “Gessellschaft” ұғымын индустриалды қалалық қоғамға қатысты қолданады. Олардың арасындағы негізгі айырмашылықтар мыналар: 1) “Gemeіnschaft” адамдардың “қауымдық принциптер мен бұқаралық құндылықтарға сәйкес өмір сүретінін болжаса, ал “Gessellschaft” түріндегі қоғам жеке пайдаға ұмтылысқа негізделеді; 2) “Gemeіnschaft” - әдет-ғұрыпқа басты маңыз берсе, “Gessellschaft” формальды заңдарға негізделеді; 3) біріншісі шектелген және дамымаған мамандануды білдірсе, екіншісінде арнайы мамандандырылған кәсіби рөлі көрініс береді; 4) біріншісі – діни құндылықтарға, екіншісі – зайырлы құндылықтарға сүйенеді; 5) “Gemeіnschaft” негізінде - отбасы мен қауым, “Gessellschaft” негізінде адамдар бірлестігінің ірі корпоративтік және ұғымдық нысандары жатыр.

Жалпы алғанда, әлеуметтанудағы басты мәселелер Теннистің XVІІІ ғасырдағы және XІX ғасырдың бас кезіндегі әлеуметтік-философиялық ойлардың даму барысының негізгі қайшылығын зерттеулерінен - мемлекет, құқық және әлеуметтік институттардың пайда болуы мен өмір сүру мәселесін ұтымды және тарихи тәсілдермен зерттеу қайшылығынан туындады. Теннис ұтымды және тарихи дүниетанымды байланыстыруды, ұтымды ғылыми әдістің артықшылығын әлеуметтік дүниеге тарихи көзқараспен біріктіруді алдына мақсат етіп қойды. Оның қайнар көздері ретінде құқықтың тарихи мектебінің негізін қалаушы Ф. фон Савиньидің еңбектері, Г.Мэнның “Ежелгі құқық” кітабы, Морган, Баховен және т.б. сол кездегі этнографтардың, тарихшылардың еңбектері қызмет атқарады. Теннис дәйектілікпен жүргізіп келген қоғамның екі түрін бір-біріне қарсы қою – принципті түрде осы ұмтылыстардың нәтижесі болды.

Негізгі идея қауымдық (gemeinschaftliche) қатынастар мен байланыстар ұғымын бір жағынан, қоғамдық (gesellschaftliche) қатынастар ұғымын екінші жағынан қарсы қою болды. Бірінші түрге деген қатынас эмоциядан, байланудан, көңіл-күй бейімдігінен тамыр тартады және өзіне өзі ұқсастық дәстүр жолымен жүруге орай саналы түрде, сондай-ақ ортақ тілдің біріктіргіш ықпалы арқасында санасыз түрде сақталады. “Мен қауымдық қатынастарды мынадай түрлерге бөлемін деп жазды Теннис: 1) рулық қатынастар. Әрине, бұған ең алдымен жалпы рулық немесе туыстық қатынастар жатады; 2) бірігіп өмір сүруді, отбасылық өмірді сипаттаушы некелік қатынастар; 3) рухани жақындық немесе туыстық санасына негізделген достық қарым-қатынастары, бұл сана бірлесіп өмір сүрудің әлдебір түріне негізделгендіктен, олар ортақ діни құрал ретінде, “қауым” ретінде ерекше әлеуметтік маңызға ие болады.

Қарым-қатынастың екінші түрі немесе қоғамдық қатынастар басқа сипатқа ие. Олардың принципі мен негізі ұтымды алмасуда, иеліктегі заттың ауысуында жатыр. Демек, бұл қатынастардың заттық табиғаты бар және алмасудың өз табиғатына орай қатысушылардың қарсы бағытталған ұмтылыстарымен сипатталады. Бұл қатынастар ішінара қоғамдық қатынастарға сүйенеді, алайда олар бөлініп кеткен, бір-біріне жат жеке адамдардың арасында да өмір сүре алады. Мұндай қатынастарда әр түрлі топтар, ұғымдар, сонымен қатар қоғамдастықтар мен мемлекеттер формальды “жақ” деп жеке адамдар ретінде қарастырылуы мүмкін. “Осы барлық қатынастар мен байланыстардың мәні бір адамның басқа адам үшін пайдалылығы мен құндылығын сезінуде және басқа адамның оларды қабылдап түсінуінде жатыр”. Демек, мұндай қатынастар ұтымды құрылымға ие болады. Бұл қатынас-тардың екі түрі - қауымдық және қоғамдық - тек адамдардың бір-біріне қатынасын ғана емес, сонымен бірге адамның қоғамға қатынасын сипаттайды. Қауымда әлеуметтік тұтастық қисындық жағынан бөлшектерден бұрын келеді, ал қоғамда, керісінше, әлеуметтік тұтастық бөлшектердің жиынтығынан тұрады. Қауым мен қоғамды бөлу - әлеуметтік тұтастықты құрайтын бөлшектердің органикалық және механикалық байланыстарын бөлу деген сөз.

Әлеуметтік өмірді ұйымдастырудың осынау екі түрінің негізін Теннис – Wesenwіlle және Kurwіlle деп белгіледі, олар еріктің екі түрін құрайды. Wesenwіlle – мәннің еркі, яғни белгілі бір мағынада әлеуметтік өмірдің кез келген қырын анықтайтын тұтас ерік. Kurwіlle ықпалдастырушы фактор әрекетінің басқа түрін, әлеуметтік еріктің әлсіреуін, оның қоғамдық өмірдің тұтастығымен механикалық түрде үйлесетін көптеген жеке еріктерге бөлінуін білдіреді. Теннис ерікті таза психологиялық фактор ретінде қабылдауға асықпайды, ол оның тұжырымдамасында тікелей психологиялық мағынасынан айрылған абстрактілік ұғым ретінде беріледі. Оның адамның еркі туралы түсініктерінің қалыптасуы мен ұтымдылық мағынасы Теннис өзінің басты еңбегінің тарауларының бірінде қолданған Спинозаның латындық эпиграфын (“Voluntas atque іntellectus unum et Sunt” (“Ерік пен сана - екеуі барабар”) айқындауға мүмкіндік береді.

Теннистің әлеуметтануды негіздеудегі ұтымды сипаты оның жеке адамдардың әлеуметтік мінез-құлқын түсіндіруінен байқалады. Әлеуметтік мінез-құлыққа талдау жасай отырып, Теннис Вебер енгізген әлеуметтік мінез-құлық типологиясын қолданады, оған сәйкес әлеуметтік мінез-құлықтың мақсатты ұтымды, құнды ұтымды, аффективті және дәстүрлі нысандары бар. Осы нысандардың біріншісінде, Теннистің ойынша, – Kurwіlle, соңғы үшеуінде - Wesenwіlle жүзеге асырылады. Осылайша, сананың ұтымды жұмысы еріктің екі түрінің және солармен байланысқан қоғамдық құрылымның екі түрінің өлшемі болып табылады.

Теннис өзінің тарихи-философиялық еңбектерінде XVІІІ ғасыр ойшылдарының әлеуметтік танымның ерекшеліктері мен белгілері туралы тұжырымдарына жан-жақты талдау жасайды. Мәселен, Гоббс бойынша, – деп жазды ол, таза дәлелдеуші ғылым мыналар болуы мүмкін: а) оймен шолатын заттар, абстрактілі заттар (геометрия) туралы; б) “саяси денелер” туралы, яғни адам ойынан пайда болған, сезімдік тұрғыда қабылдауға келмейтін, бірақ “солардан өзіміз құрастыратын түр” ретіндегі әлеуметтік институттар принциптері туралы. Дәл осындай принцип Теннистің жеке ғылымтануының негізіне алынды.

Теннистің ойынша, жеке адамдардың мүдделерімен және бейімді-ліктерімен, сонымен қатар топтар мен таптардың пайдакүнемдіктерімен және мақсаттарымен былғанбаған әлеуметтік өмірдің түрлі нысандағы дедукциясы әмбебап және ортақ мәні бар маңызды танымға қол жеткізуге мүмкіндік жасайды. Ұтымды әдіснама әдісінің басты талабы логикалық қатаң зерттеулерді қамтамасыз ету, ортақ мәні бар танымға қол жеткізу тұрғысынан әлеуметтік құбылыстарды объективтендіру талабы болды. Мұрат түрлерін абстракциялау, идеализациялау және конструкциялау объективтендіру құралы болды. Бұдан алынған түрлер абсолюттендірілмеді, олар нақтыланбады, керісінше, бұл түрлер - ұғымдық “өлшемдер” - әлеуметтік өмірге тіркеліп, оның әлеуметтанудағы зерттелуіне мүмкіндік ашады. Соңғысы аса маңызды болып табылады, себебі құрастырушы ұғымдар мен эмпирикалық болмысты теңдестірудің мүмкін еместігін атап көрсете отырып, Теннис әлеуметтануды ғылыми жолға қоюға ұмтылады, философиялық-тарихи еркін саудагерліктің көп ғасырлық дәстүрінен қол үзеді. Сонымен, әлеуметтанудың бастауы абстракция болып шықты.

Теннис өзінің әлеуметтануын негіздеген бастапқы идеализацияға екі абстрактілі ұғымды қосқан болатын. Теннистің әлеуметтану ойының негізінде: әлеуметтік еріктің кез келген нақты көрінісі ерік құбылысы мен сана құбылысын бір мезгілде көрсететіні сияқты, кез келген әлеуметтік құрылым да қауымның, сондай-ақ қоғамның да белгілерін бір мезгілде қамтиды деген ұғымдық антиномия принципі жатыр;

Осылайша қауым мен қоғам әлеуметтік нысандар жіктелімінде негізгі өлшемге айналды. Жалпы, Теннис мұндай өлшемдердің дамыған және реттелген жүйесін жасауға ұмтылды. Мәселен, әлеуметтік өмірдің қоғамдық мәндері немесе нысандары үш түрге бөлінеді: 1) әлеуметтік қатынастар, 2) топтар, 3) корпорациялар немесе бірлестіктер. Әлеуметтік қатынастар оған қатысушы жеке адамдар осы қатынастарды сезінген кезде ғана емес, сонымен бірге осы қатынастардан пайда болатын қатысушылардың өзара құқықтары мен міндеттері сияқты, олардың қажеттілігі туындаған кезде өмір сүреді. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қатынастар - объективті сипатқа ие болған қатынастар.

Наши рекомендации