Грамматика: Сұраулы сөйлем. Көсемше
Тапсырма. Басым сөздерді тыңдаңыздар. Оқыңыздар.
Амандасу, мәдениет, сәлем беру, сәлем алушы, ризашылық, төр, жастар, қария, замандас, құрдас, ағайын, туыс, қауышып амандасу, тілек айту.
Тапсырма. Ойтүрткі сұрақтарға жауап беріңіздер.
1. «Сәлем – сөздің анасы» дегенді қалай түсінесіз?
2. Сәлем беру деген не?
3. Екі адам кездескен кезде кім бірінші сәлем береді?
4. Сәлемдесу әдебін білесіз бе?
5. Сіз үлкендермен және өз замандастарыңызбен қалай амандасыз?
Тапсырма. Мәтінді оқыңыздар.
Сәлем – сөздің анасы
Амандасу қай халықтың болмасын мәдениетінің алғашқы беташары сияқты. Орта және Кіші Азия мен Африкадағы мұсылман халықтары ертеде оң қолын жүрегінің басына апарып тағзым ету арқылы амандық рәсімін жасаған. Сондай-ақ мұсылман халқында амандық салты «Ассалаумағалейкум!» деген сөзден басталады. Ол жақсы тілек: «Сізге Алланың нұры жаусын!» – деген сөз. Жас адам жолы үлкен, жасы үлкен адамға алдымен ұмтылып, қос қолын ұсынады. Ал сәлем алушы қария «Уағалейкумассалам!» деп оң қолын ұсынады. Ол: «Алланың рақым нұры маған бір есе жауса, сізге екі есе жаусын» – деген сөз.
Осылай қол алысып сәлемдесуден кейін амандасушылар алма-кезек:
- Дені-қарныңыз сау ма?
- Мал-жаныңыз, қора-қопсыңыз аман ба?
- Еліңіз тыныш па? – деген сияқты амандасу сұрағын жалғастырады.
Ал екіншісі:
- Деніміз сау.
- Мал-бас аман.
- Ел іргесі тыныш, – деп ризашылықпен жауап береді. Келесі кісі де қайталап, амандық саулық сұрасып барып, төрге шығып жайғасып отырады.
Ауылға келген қонақпен ауыл адамдарының амандасуында белгілі ереже бар. Мысалы, үй сыртына таяп келген үлкен адамға аттан түсіріп алғалы тұрған жасы кіші адам бұрын сәлем беруге тиісті.
Ал сырттан үйге кірген кісі қандай жастағы адам болса да үй ішінде отырғандарға өзі бұрын сәлем беруі керек.
Көріспегелі көп жыл болған замандас, құрдас, ағайын туыс адамдар қауышып (кеуде тиістіріп) амандасады. Қауышып амандасу ер азаматтар үшін ұлттық амандасудың ең құрметті түріне жатады.
Ал жастар жай ғана қол алысып, келесі қолмен арқа, иық қағысып амандасады.
Қыз балалар бір-біріне жүгіре басып барып, құшақтасып сүйісіп немесе жай қол алысып амандасады. Жастардың амандасу түрлері «Сәлеметсіз бе? Есен-саусыз ба?» деп келеді.
Жалпы ауыл адамдары ұзақ сапардан келген ағайынға жиылып келіп амандасу немесе алыс сапарға аттанғалы жатқан адамға жиылып барып «Жол болсын» деп тілек айту дәстүр болған. «Алты жасар бала жол жүріп келсе, алпыстағы шал барып амандасады» деген мәтел соның айғағы.
(«Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабынан)
Сөздік
амандасу – здороваться; приветствовать
мәдениет – культура
тағзым ету – отвешивать поклон
тілек – желание; пожелание; просьба
қария – старец
рақым - милость; милосердие; жалость
қора-қопсы – загон и другие надворные пристройки хозяйственного назначения
төр – тор, почетное место (в юрте, в комнате)
замандас – ровесник; сверстник
сапар – поездка; путь; путешествие
Синоним сөздер амандасу – сәлемдесу алғашқы – бірінші, тұңғыш қария – қарт, жасы үлкен адам |
Тапсырма. Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіздер.
1. Амандасу ненің белгісі?
2. Мұсылман халықтары қалай амандасады?
3. Ауылға келген адаммен амандасу ережесі қандай?
4. Бұрын үлкен кісілер және жастар (жігіттер, қыздар) қалай амандасатын болған? Ал қазір ше?
5. «Алты жасар бала жол жүріп келсе, алпыстағы шал барып амандасады» деген мәтелді қалай түсінесіз?
Тапсырма. Төменде берілген тыйым сөздер бойынша пікір алысыңыздаар. Үлкенді сыйлауға байланысты тағы қандай тыйым сөздерді білесіздер?