Тақырып. Нарық. Салық. Геофизика. Айтылу мақсатына қарай сөйлемнің түрлері.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Айтылу мақсатына қарай сөйлемнің түрлерін қайталау.

2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгімелесу.

3. Жаңа сөздермен жұмыс жүргізу.

4. Сөздікті пайдалана отырып, техникалық мәтіндерді аударту.

НАРЫҚ

Нарық – экономика саласы. Бұл салада тауардың ақшаға айналу және керісінше ақшаның тауарға айналу процесі жасалады. Экономиканың әртүрлі саласында өндірілген тауарларды сатып алу-сатудың өзара байланысты актілерінің жиынтығы.

ӨНДІРУШІ НАРЫҒЫ – тауарлар мен қызметтерді өндіріс процесінде пайдалану үшін сатып алатын ұйымдар.

НЕСИЕ КАПИТАЛЫНЫҢ НАРЫҒЫ – еркін ақша қаражатының өсуін қамтамасыз ететін экономикалық қатынастардың жүйесі. Оларды қарыз капиталына айналдырып, ұдайы өндіріс процесіне қатысушылар арасында бөлісу.

НАРЫҚТЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – нарықтағы тауарлардың және қызмет көрсетудің еркін алмасуын қамтамасыз ететін мекемелер мен ұйымдар (банкілер, биржалар, жәрмеңкелер, сақтандыру компаниялары, консультациялық, ақпарат, маркетингілік фирмалар, т.б.) жүйесі.

НАРЫҚТЫҚ ҚҰН – 1) тауардың, бағалы қағаздардың, валютаның ағымдағы бағасы, сондай-ақ олардың сатып алынуы немесе сатылуы мүмкін бағасының деңгейі; 2) негізгі қорлардың (кәсіпорынның, құрал-жабдықтың) құны.

МОНОПОЛИЯЛЫҚ БӘСЕКЕ НАРЫҒЫ – бірыңғай бөлшек сауда бағасы емес, бағаның кең ауқымындай мәміле жасасатын сатушылар мен сатып алушылар нарығы.

Тапсырмалар.

1. Мәтінді оқыңыз.

2. Мәтінді әңгімелеуге қажетті сөздер мен сөз тіркестерін жазыңыз.

3. Мәтінді әңгімелеңіз.

4. Нарық дегеніміз не?

5. Нарықтық инфрақұрылым дегеніміз не?

6. Нарықтық құн дегеніміз не?

7. Мәтіннен ілік және табыс септікте тұрған сөздерді теріп жазыңыз.

САЛЫҚ

САЛЫҚ – заң бойынша белгіленген тәртіппен халықтан, ұйымдардан кәсіпорындардан міндетті түрде алынатын төлем. Қазіргі жағдайда салық жүйесі мыналарды қамтиды: қосылған құнға салынатын салық (НДС), пайдаға салынатын салық, бағалы қағаздармен жасалатын операцияларға салынатын салық, экспорт пен импортқа салынатын салық, кеден тарифы және баж салығы, азаматтардан алынатын табыс салығы, меншікті дүние-мүлікке салынатын салық, т.б.

Жергілікті салық пен алымдар тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Салықтар бюджетке түсетін қаражаттардың тұрақты көздері болып табылады.

ҚОСЫЛҒАН ҚҰНҒА САЛЫНАТЫН САЛЫҚ – тауарлар мен көрсетілген қызметке салынатын жанама салық. Қосылған құнның құрамына тозу (амортизация), үстемелерімен қоса жалақы, басқа да кейбір шығындар (соның ішінде несие үшін процент), сонымен қатар пайда кіреді.

АҚША КАПИТАЛДАРЫНАН ТҮСЕТІН ТАБЫСҚА САЛЫНАТЫН САЛЫҚ – дивиденттерге, акциялар мен облигациялардан алынатын проценттерге, банктерге салынатын ақша бойынша проценттерге, займдар бойынша ұтыстарға, тағы басқа кейбір табыстарға салынатын салық.

КАПИТАЛДЫҢ ӨСІМІНЕ САЛЫНАТЫН САЛЫҚ - мүлікті пайдаланудың сан алуан түрлерінен (сатудан, айырбастан, сыйға тартудан, т. б.) алынған заңды ұйымдардың да, сондай-ақ жеке адамдардың да табысына салынатын салық.

САТУҒА САЛЫНАТЫН САЛЫҚ – тауарлар мен көрсетілген қызметтің сату құнының процентімен белгіленетін салық, өндіруші төлейді, акциздердің бір түрі.

Тапсырмалар.

1. Мәтінді әңгімелеуге қажетті сөздер мен сөз тіркестерін жазыңыз.

2. Мәтінді әңгімелеңіз.

3. Салықтың неше түрін білесіз?

4. Салық төлемейтін адамдар бар ма?

5. Қазақстан Республикасындағы қандай салықтар түрін білесіз?

6. Жергілікті салықтарға нелер жатады?

7. Барыс, шығыс септіктеріндегі сөздерді табыңыздар.

8. Орыс тіліндегі баламасын беріңіз:

Заңды тұлға, салық сясаты, бөлу міндеті, шектеу міндеті, төте салық, жанама салық,

жергілікті салық, жеке тұлға.

ГЕОФИЗИКА

Геофизика - жердің ішкі құрылысын, физикалық қасиеттерін, оның қабаттарында өтіп жататын процестерді зерттейтін ғылымдар кешені. Зерттеу бағыттарына қарай, жер, теңіз және атмосфера физикасы болып бөлінеді. Геофизиканың қолданбалы салалары: барлау және кәсіптік. Геофизика - геологиялық міндеттерді шешуге бағытталған. Геофизикалық зерттеулер ауа райын болжау үшін сондай-ақ жер шарындағы энергетикалық және байлықтарын игеру үшін пайдаланылады.

Тапсырмалар.

1. Мәтінді түсініп оқыңыз.

2. Жаңа сөздер мен сөз тіркестеріне көңіл бөліңіз.

3. Экология. Геология. Геофизика мәтіндері бойынша түсінгеніңізді шылау түрлерін қолдана отырып, жазыңыз.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3.Түймебаев Ж. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.

4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (8-тақырып) [қосымша14,15,17, 20]

1.«Нарық және салық» тақырыптарына шығарма жазу.

2. «Геофизика» тақырыбына слайд жасау.

3. «Нарық және салық» тақырыптарына сұхбат құрастырыңыз.

Наши рекомендации