Арамшөптердің таралу орындары және топырақтағы тұқым қорлары.
Арамшөптің өніп өсуіне қолайлы жағдай, негізінен суару жүйелерінің жағасы мен егістік аралықтарындағы шегара бөліктерде туындайды. Көбінесе агрофирмалардың егістерінің арасы 1,5-2,0 м шегаралармен бөлшектелген. Бір айта кететін жәйт бұл бөлшектер аз өңделеді, немесе тіптен өңделмейді және көбінесе ылғал жеткілікті жағдайда болады. Бұл жерлер арамшөптердің тұқымдарын көбейтетін қорлардан басқа ештеңе де емес. Мақтаның өніп өсу кезеңінде, арамшөптердің тұқымдары желмен, сумен және басқа да жолдармен егіс алқаптарына тарайды, қайта өнеді. Біздің жинаған мәліметтер бойынша, 1 м2 аумақтағы арамшөптердің тұқымдарының ең көп мөлшері суару жүйелері мен егістік алқаптардағы шегараларда жинақталады (1-кесте).
1-кесте-Суару жүйелері мен егістік аралық бос жерлердегі арамшөп тұқымдарының салмағы, г/м2.
№ | Арамшөп түрлері | Жылдар | |||||
Егістік аралық бос жерлер | Суару жүйелерінің жағасы | ||||||
орта. | орта. | ||||||
Қызылша гүлтәжі | 9,08 | 7,51 | 8,29 | 8,36 | 8,52 | 8,44 | |
Тауық тарысы | 8,11 | 7,68 | 7,89 | 9,45 | 8,84 | 9,14 | |
Ақ алабота | 3,21 | 4,05 | 3,63 | 5,77 | 4,86 | 5,31 | |
Жатаған бидайық | 3,47 | 2,35 | 2,91 | 6,21 | 6,43 | 6,32 | |
Үлкен жолжелкен | 0,52 | 0,61 | 0,56 | 2,46 | 1,62 | 2,04 | |
Көк итқонақ | 1,38 | 1,67 | 1,52 | 0,97 | 1,36 | 1,65 | |
Дәрілік бақбақ | 0,35 | 0,42 | 0,38 | 0,74 | 1,68 | 1,21 | |
Кәдімгі жұмыршақ | 1,34 | 0,28 | 1,62 | 0,11 | 0,63 | 0,37 | |
Кәдімгі қамыс | 5,85 | 4,59 | 5,22 | 8,92 | 7,18 | 8,05 | |
Алеп құмайы | 4,92 | 4,39 | 4,65 | 3,13 | 3,46 | 3,29 | |
Саусақты қара шойыр | 1,72 | 1,63 | 1,67 | 0,98 | 1,76 | 1,37 | |
Егістік шырмауық | 0,95 | 0,78 | 0,86 | 1,16 | 1,33 | 1,24 | |
Түйе жантақ | 1,26 | 1,09 | 1,17 | 6,12 | 5,79 | 5,95 | |
Басқа түрлер | 4,46 | 3,91 | 4,18 | 8,54 | 6,18 | 7,36 | |
Барлығы: | 46,6 | 40,9 | 43,8 | 63,2 | 59,6 | 61,4 |
Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде егістік аралық бос жерлер мен суару жүйелерінің бойында көбінесе: қызылша гүлтәжі, тауық тарысы, кәдімгі қамыс, алеп құмайы, ақ алабота, жатаған бидайық және саусақты қара шойыр арамшөптерінің тұқымдары кездесті. Әр жылы ең көп тараған арамшөптердің тұқымдарының саны азды көпті өзгеріп отырғанымен, олардың саны басым күйінде қалды.
Жалпы алғанда егістік аралық бос жерлердегі арамшөп тұқымдарының саны: 2007 жылы-46,6 г/м2; 2008 жылы – 40,9 г/м2 құраса, ал суару жүйелерінің жағасындағы арамшөптердің тұқымдарының саны 2007 жылы 63,2 г/м2; 2008 жылы 59,6 г/м2-ты құрады.
Жоғарыда көрсетілген көлемдегі арамшөптердің тұқымдары егістік алқаптарға тарап оны мейлінше залалдайды. Топырақтың беткі қабатына түскен арамшөптің тұқымдары, егістіктің жыртылатын қабаттарының тұқымдармен ластануына себепші болады. Олар көбінесе көктей отырып, егістіктің негізгі арамшөптермен ластануының көзі болады.
Біздің байырғы суармалы жер жағдайындағы топырақта айтарлықтай мөлшерде арамшөптердің тұқымдары қордаланған. Дегенменде топырақтағы арамшөптердің тұқымдарының саны тұрақты емес: бір жағынан олар тұқымның бір бөлігінің өнуінен, әр түрлі жәндіктерден және табиғи жойылудан топырақ үздіксіз өздігінен арамшөптердің тұқымдарынан тазаланса, ал екінші жағынан мақтаны жинағанға дейінгі және одан кейінгі арамшөптердің тұқым шашуынан, тұқымдардың сырттан келуінен, соның ішінде өңдеу құралдары арқылы да топырақтағы арамшөптердің тұқым қорлары толықтырылып отырылады. Топырақтағы арамшөптің тұқым қорларының мөлшері ластану көздерінен келген тұқым мен мақта егістігіндегі тұқым қалдықтарынан құралады.
Топырақтағы тұқым қорлары жайындағы мәліметтер көбнесе әр түрлі болады. Ол арамшөптердің түр құрамын және өнімділігін белгілейтін топырақ-климат жағдайларына, сонымен қатар олардық санын анықтау әдістерін өз уақытында жүргізуге байланысты. Дегенменде топырақтың арамшөп тұқымдарымен ластануы салыстырмалы түрде үздіксіз жүріп отырады.
Институт ғалымдары 2007-2008 жылдары мақталық алқаптардағы арамшөп тұқымдарының топырақтағы қорларына зерттеулер жасады. Зерттеулер мақтаның вегетация кезеңінде арамшөп тұқымдарының жинақталуын, сонымен қатар олардың бұрынғы қорларын білу мақсатында күзде және ерте жазда жүргізілді. Ол үшін 4 қабаттан 120 сынақ алынды.
Мақта егістігіндегі арамшөп тұқымдарының ең көп мөлшері топырақтың беткі қабатында шоғырланған (242 млн.дана/га), ал тұқымдардың аз мөлшері төменгі қабаттарда жатты (730 млн.дана/га). Арамшөп тұқымымен ластану, топырақ қабаттарына байланысты белгілі заңдылықпен өзгеріп отырады. Күзгі және қысқы негізгі өңдеулердің салдарынан арамшөп тұқымдарының орны ауысып отырғанымен, бұдан тұқымның өміршеңдігі өзгермейді. Тек қана әлсіз немесе толық жетілмегендердің есебінен тұқымдардың саны аздап кемеюі мүмкін.