Лекция. Қазақстанның тарихи тұлғаларының мемлекет, қоғам, ұлт туралы көзқарастары

Алаш қайраткерлерінің Қазақстанның мемлекеттік және ұлттық құрылым туралы ой- пікірлері

Мәңгілік ел» идеясын дамытуға саяси қайраткерлердің, ғылыми және мәдени интеллигенция өкілдерінің қосқан үлесі

1. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Ресей империясының отаршыл саясаты қазақ халқының тәуелсіз мемлекет құру идеясын орындалмауы үшін бар күш-жігерін жұмсады.

Отарлау саясаты өрістеген сайын, қазақ халқының ұлт азаттық күресі, ұлттық мемлекеттілік құру идеясы да құрыштай шыңдалып, дами берді. Қазақтардың жаңаша саяси санасы қалыптаса бастады. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысы дін тазалығын, тіл тазалығын қорғаудан, оқу-ағарту, ұлттық салт-дәстүрлерді қолдаудан басталып, біртіндеп жер дауы, ел дауына ұласты

Алаштың зиялы қауымы қазақ халқының қамын ойлап, елді өркениет көшінен қалдырмау жолдарын іздеді. Оның бірден-бір жолы ғылым-білім мен мәдениетті игеру екендігін халыққа Оқу-ағарту мен ғылыми-зерттеуді, қазақ тілінде тұңғыш газет-журнал шығару мен әдеби шығармашылықты қатар алып жүрді. Бұл ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласында саяси белсенділіктің қызған тұсы еді.

1911-1915 жылдар аралығында Ә. Бөкейханов А.Ф. Керенскиймен үш мәрте кездесіп (1916 ж. Уақытша Үкіметтің басшысы болған), саяси мәселелерді талқылайды, онымен саяси билікке ие болған жағдайында Ресей құрамындағы Қазақстан автономиясын жасақтау туралы келіссөз жүргізеді.

Ақпан төңкерісінен кейін Алаш қайраткерлерінің саяси белсенділігі арта түсті. 1917 жылдың шілде айында қазақ зиялылары Алаш партиясын құруға кіріседі. Бұл кезеңде Ә.Бөкейханов мемлекет формасы, жергілікті бостандық негізі, құқық, дін ісі, билік және сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар жағдайы, ғылым-білім, жер мәселесі деген он түрлі қоғамдық мәселе бойынша нақты концепцияны демократиялық үлгіде әзірлейді. Бұл концепция қазақ автономиясын жариялаған, елді президенттің билеуін қолдаған, жердің сатылмау принципін ұстанған Алаш партиясы бағдарламасына негіз болады. 1917 жылдың 21-26 шілдесі аралығында Орынборда өткен бірінші Жалпықазақ съезінде “Алаш” саяси партиясы құрылады, оның атқарушы комитеті сайланады. Съезде А.Байтұрсынов пен М.Дулатов "автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін құру" идеясын ұсынса, Ә.Бөкейханов "демократиялық, федеративтік және парламенттік Россия республикасының құрамындағы" қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болуын қолдады. Басым көпшілік Ә.Бөкейхановтың ұсынысын қолдайды.

Партияның мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, негізгі құқық, дін ісі, билік һәм сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі деген он бөлімнен тұратын бағдарлама жобасын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдолхамит Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжанов бірігіп жасады

"Алаш" партиясы бағдарламасы жобасының негізгі мақсаты – Ресей федеративтік демократиялық республикасының құрамындағы қазақ автономиясын құру болды. Себебі сол кезеңдегі қалыптасқан жағдай бойынша Қазақстанның тәуелсіз ел болуы үшін қажетті шарттар әлі қалыптаспаған еді.

Бірінші жалпықазақ съезінде Алаш партиясын тұңғыш ұлттық саяси ұйым ретінде құрылды деп жариялау қазақ халқы үшін елеулі оқиға болды. Алаштықтар халық тағдырына тіке қатысты жалпыұлттық мәселелерді саяси күрестің күн тәртібіне қойды. Саяси күрестің түпкі мақсаты - қазақ халқын отарлық езгіден құтқару, жалпыұлттық мақсат-мүдделер негізінде тәуелсіз елге, ұлттық мемлекетке қол жеткізу болды.

Сонымен қатар, XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының саяси-идеялық ахуалына түрік бірлігі түрікшілдік идеялардың қалыптасуы біршама ықпалын тигізді. Негізінен қазақ зиялыларының түрікшілдік идеяға бойсұнулары үлкен үш негізден бастау алды: Біріншіден, XX ғасырдың басындағы қазақ зиялылары өздерінің білімділігі мен ізденістері нәтижесінде байырғы түрік мәдениетіне, оның Байкал көлінен бастап, Қара теңізге дейінгі аралықтағы ұлы далада үлкен, күшті тайпалық бірлестік құрып, дүниежүзілік

тарихта із қалдырған ұлы Түрік қағанатының батырлық еріктік істеріне қанық болды да, солардың тікелей ұрпақтары ретінде өз халқын сол бай тарихи аталар дәстүрімен патриотизмге жігерлендіру арқылы отарлық саясат пен ұлттық езгіге қарсы тұру санасын оятқысы келді.

Екіншіден, түрікшілдік идея, қазақ зиялыларының пікірінше, Ресейдің қол астында отарлық саясаттан тепкі көрген барлық түрік тілдес халықтарды бір ту астына біріктірер бірден-бір ортақ рухани күш ретінде танылды. Себебі, түрік тілдес халықтар батыс пен шығысты қанды шеңгелінде ұстап тұрған екі басты самұрық құстың тырнағынан жеке-жеке ұлт болып босанып шығулары мүмкін еместігін анық түсіне білді.

Үшіншіден, түрікшілдік, түркі бірлігі идеясы, қазақ зиялыларының пікірінше, көшпелі түрік тілдес халықтардың бай тілі мен мәдениетін, тамырын тереңнен тартқан дінін дуние жүзілік деңгейге көтеретін сол арқылы евроцентристік көзқарастарға тойтарыс беріп, ғылымдағы ұлыдержавалық шовинизмді тежейтін негізгі факторлардың бірі деп саналды.

Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Сералин, Шәкәрім Құдайбердиев, Сұлтанмахмүд Торайғыров, Мағжан Жұмабаев сияқты қазақ зиялылары Ысмайылбек Гаспралының түрікшілдік идеяларын қазақ топырағында жандандырып, ел арасына түрік патриотизмі, түрік бірлігі рухының дәнін екті, фәлсафасын уағыздады.

Қазақ зиялыларының түрікшілдіктен нәр алған өздерінің көкейлерінен шыққан жалынды сөздері қазақ халқын саяси бостандық пен теңдікке жігерлендіргені хақ.

Алаш партиясы ұлттық саяси күш ретінде Алашорда үкіметін құрып және Алаш автономиясын жариялап, тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды көкседі. Тағдырлары қайғылы аяқталғанына қарамастан, Алаш қайраткерлері елі мен жерінің, қазақ ұлтының қамын жеп, оның жарқын болашағы үшін күресті. Олардың идеялық мұрасы саяси санасы толыққан, тәуелсіздік идеясын ту еткен бүгінгі ұрпаққа аманат, атқарған ерен істері өнегелі өсиет, ал ардақты Алаш азаматтарының есімдері халқымыздың жадында мәңгі сақталады.

Демек XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы саяси-идеялық ахуалдың қалыптасуына әр мағынадағы қағидалар мен теориялардың ықпал еткені ақиқат болып қала бермек. Сонымен, қазақ зиялыларының саяси-құқықтық, реформаторлық көзқарастары негізінде ұлттық прогресс, саяси бостандық, отарлық езгінің құрсауынан босану және саяси ұлттық, демократиялық мемлекет құру идеялары жатты.

2. Аты көпке мәлім қоғам қайраткері, саясаткер, ақиқат жолына бас тіккен, азаттық үшін тағдырдың азабын тартқан Мұстафа Шоқай (1886-1941ж.ж) біртұтас Түркістан мемлекетін құрудағы қызметінің тарихи маңызы зор. М.Шоқай өмірінің соңына дейін осы бағытынан айныған жоқ. М. Шоқайдың бүкіл өмірінің мәні мен мағынасы, арманы осы егемендік, өлмес рух елімен қайта табысты.

М.Шоқай университетті 1917 жылы ақпан төңкерісіне бұрын бітірді. Зеректілігі арқылы универсиет қабырғасынан 7 тілді меңгеріп шықты. Оның ішінде қазақ, орыс, түрік, ағылшын, француз, неміс және поляк тілдері бар еді. Мұндай жетістік М.Шоқайдың мәдени көкжиегін кеңейте түскені мәлім. Ал, өмір тәжірибесінен, ұлтаралық саясаттың аса салмағын 1914 жылы думада Мұсылман фракциясына хатшы бола жүріп үйренді. Фракция Дума депутаты Әлихан Бөкейханның ұсынысымен келіп, А.Байтұрсынұлы секілді қазақ зиялыларымен жақын танысады.

Грузияда «Вольный Горец», «Борьба», «На рубеже», Стамбулда «Жаңа Түркістан» кейіннен «Жас Түркістан» газет-журналдары арқылы күллі өмірін азаттық үшін күреске жұмсады. Білімі – терең, ақылы асқан қазақ перзенті түрік жамиғатының бірлігі мен коммунистік қоғамның халыққа тигізер ықпалы жөнінде көптеген мақала жазған.

М.Шоқайдың азат ел туралы арман-мұраты бүгінгі күнге дейін маңызын жойған жоқ.

Қоғам қайраткері елдің рухани көзін ашқан Тұрар Рысқұлов Қазақстан мен Орта Азия халықтарының 20-30 жылдардағы тарихында ерекше зор роль атқарған саяси қайраткер.Туған халқын азатттық жолындағы күреске бастаған қазақ зиялыларының көш басында тұрған аса ірі саяси жетекшілердің бірі. Жиырма жылдан аса уақытқа созылған саяси қызметінде ол бірде- бір рет партия аппаратында отырған емес.

Т.Рысқұлов Түркістан республикасының шынайы саяси-мемлекеттік егемендігі жолындағы саяси күрескер болды. Республиканы түркі тілдес халықтардың “ұлттық мемлекеттігіне” айналдыру мақсатын қойып, осы бағытта қажырлы күрес жүргізді. Тұрар Рысқұлов ғұмыр бойы империялық идеологиямен алысып өтті. Сол уақыттағы Тұрар Рысқұлов пен Смағұл Садуақасов бастаған ұлттық элитаның Еуропада эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқайдың пікірімен бір жерден шығып жатты. Мұстафа Шоқай мен Тұрар Рысқұловтың мәңгілік мұраттары бір арнадан табылғанын, екеуінің екі түрлі жағдайда жүріп, ұлт қамы, түркі тағдыры жолындағы мақсаттары бір болған.

Т.Рысқұловтың бүкіл өмірі мен қызметі Қазақстанның саяси, қоғамдық және экономикалық өміріндегі терең өзгерістерді жүзеге асырудың күрделі де күрмеулі жағдайында өтті. Түркістан Халкомкеңесінің төрағасы бола жүріп, ол әлеуметтік-экономикалық мәселелерге, ірі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға, жұмыстылықты қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөліп, сол жолда өзі де жатпай-тұрмай еңбек етті, күш-жігерін аямай жұмсады. Тұрғылықты халықтың жаңа экономикалық саясатты іске асыруға және елді индустрияландыру кезеңінде алып кәсіпорындардың бой көтеруіне байланысты мәселелерді шешуге тікелей араласты. Оның бастамашылығы мен белсенді түрде қолдау көрсетуінің нәтижесінде Қарағанды көмір бассейнін, Қоңырат мұнай кен орнын игеру басталды, Балқаш мыс қорыту комбинатының, Шымкент қорғасын зауытының, Түркістан-Сібір темір жолының – атақты Түрксібтің құрылысы қолға алынды.

Ұлтымыздың заңғар М.Әуезов қазақ қоғамының дамуына өзіндік үлес қосқан тұлға. 1918 жылы жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Құрылтайда «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкілқазақстандық жастар ұйымының мүшесі болады.

Ұлттық теңсіздік пен сауатсыздықты, аштықты жою жөніндегі ашық пікірі мен шығармалары үшін «ұлтшыл, алашордашыл» атанып, саяси сахнадан шеттету басталған тұста Мұхаң бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысуға көшеді. Ғылыми жұмыстарды да қолға алады.

Д. Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қайшылықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді.

Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды.

Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды.

Дінмұхамед Ахметұлы арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ғылым саласында орасан зор қызмет етті. 100-ден аса ғылыми еңбектермен зерттеулер жазды.

Қазақтың даңқты ұлдарының бірі Б.Момышұлы –ойшылдығымен, отаншылдығымен, ұлтжандылығымен, қаһармандылығымен, дарындылығымен, әлем халқының ортақ перзенті дәрежесіне дейін көтерілген азамат.

Ол ұлт, отан, өмір, батылдық, тіл тағдыры, еңбек, оқу-білім т.б. тақырыптарда өзінің дара, дана ойларын қалдырған.

Ол кісінің нақылдары сан алуан тақырыпқа арналған: соғыс және бейбіт өмір, тәртіп пен тәрбие, парыз бен қарыз, тіл мен әдебиет, салт пен дәстүр, тағы сол сияқты болып жалғаса береді. «Намысты нанға сатпа», «Ердің туы – намыс». «Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тіке тұрып өлген артық», «Ұшқынсыз от тұтанбас», «Өзін сыйламаған басқаны сыйлауға қабілетсіз», «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», «Тіл тазалығы үшін күрес ешқашан толастамақ емес» т.б. сөздері жастың да, кәрінің де санасында жатталған ұлағатты сөздер.

Әдебиеттер:

1.М.Қозыбаев. Жауғашаптым ту байлап.А:, 1990

2.М. Қойгелдиев Алаш қозғалысы. А., 1995 ж

3.Нурпейсов Н. Алаш пен Алашорда. А., 1994ж

4.Н.А.Назарбаев «Тарих толқынында» А.,1997ж

5.Н.А.Назарбаев Сындарлы он жыл. А., 2002г

6.С.Каражан История Казахстана. Курс лекций. Алматы, 2009г

7.М. Шоқай Шығармалары, Алматы 1998ж.

8.Ә. Бөкейханов Избранное Алматы 1994ж.

9.О. Сүлейменов «Азия», Алматы 1975ж.

Наши рекомендации