Төрт түлік атауларының лексикалық жүйелену принциптері.
Төрт түлік атты үлкен топқа
1) жылқы
2) сиыр
3) түйе
4) қой
5) ешкі атаулары енеді. Сонымен бірге кіші топтар да жүйе жасай алады. Мысалы жылқы атауларын а) жасына қарай; ә) түсіне қарай; б) қызметіне қарай; в) жынысына қарай бөлуге болады. Олардың екі, үш тобының басын қосып тұрған иеархиялық байланыс (жылқы, ат, мініс, соғым) пен синтагмалық байланыс (мініс ат, атқа мінді, ат жарыс, атты жетеледі т.б.).
1.3.Төрт түлік атаулары қолданысының танымдық мәні, этнолингвистикалық сипаты.
Халқымыздың төрт түлікті аса қадірмен, қасиет тұтып, оларды барынша дәріптеп, бүкіл өмірінің қуанышы мен ренішін, әдет ғұрпын солармен байланыстырады.
Тілімізде сақталған деректерге көз салсақ, қазақтар алдындағы малын ақ мал, қара мал деп екіге бөлген. Ақ малға жылқы, қара мал қатарына қыста қорада қамалып тұратын сиыр, қой, ешкі, түйені жатқызады. Сөздік қорымызда аяқты мал атауы да бар, оған тебіндейтін жылқы, қой, ешкі жатады.
1.4.Жылқыға қатысты жас мөлшерлік атаулар және олардың қолдану шегі.
Жылқы – азат өмірдің символы, тіршілік көзі. Көне дүниені зерттеуші ғалымдардың айтуынша, гректер көне мәдениетіндегі кентавр бейнесін ежелгі түріктерге қарап ойлап тапқан дейді. Ат үстінен түспейтін түркілер көне гректерге ат үстінде ас ішіп, ұйықтайтын, қысқасы, атпен бірге жаратылғандай көрінсе керек.
Түркі тілдес тілдерде жылқының жаңа туған жас төлі құлын, жабағы, тай, құнан, дөнен, байтал, айғыр, бесті бие, азбан бие, ат, қысырақ, сақа бие, қасабалы бие т.б. атаулар беріледі. Түркі тілдеріндегі жылқы жасына қатысты атауларды топтастыра келе, оларды жылқы төлінің жаңа туған 1-1,5 айлық кезеңі, жылқы төлінің енесінің бауырындағы кезеңі, енесінің бауырынан шыққан, жыныстық жетілген кезеңі деп бөлген.
Қорытындалай келегенде түркі тілдерінде түрлі жағдайлармен байланысты бұл атаулар түрліше қолданылады және оның бастау тарихы көне дәуірлерге барып тіреледі.
2.2. Түйеге қатысты жас мөлшерлік атаулар және олардың қолданылу шегі.
Түйе малы ежелден киелі саналады, пірі – Ойсылқара делінеді.
Түйе жасына байланысты жаңа туған, төлдік кезеңі. Қазақ тілінде бота сөзімен қатарлас атаудың бірі – ботақан. М.Қашқари сөздігінде берілген боту-жаңа туған, ботуқ-енесіне ажырап кеткен, бота-бір жасар түйе, көшек-енесін емуді доғарған бота ретінде кездеседі. Қазақ тілінде бота атауларын зерттеген ғалым Ә. Жақыпов «Басылымдарда беріліп жүрген барлық анықтамаларға жалпылық тән. Онда жас мөлшері көрінбейді. Әйтсе де, жинақталған экспедиция мантериалдарынан ботақан атауының түйенің 2-3 айлық төлі екендігін байқауға болады» - деп көрсетеді.
Бота атауының алғаш шығу төркіні туралы зерттеуші Ә. Нұрмағанбетовтің болжамына келсек, тіліміздегі бошала сөзімен төркіндеседі. Яғни еркін, бос жіберген мал. Әдетте түйелер боталар кезде төлін қызғанып, адам көрінбейтін жерге кетеді. Мұндай түйелерді бошалауық түйе деп атайды. Сондықтан інгеннің өз бетімен еркіндікте тууын боша төл деп атап, кейін боша сөзіндегі ш дыбысы т-ға сәйкестеніп, бота пайда болған дейді.
Арамза бота – мезгілсіз туылған бота, марқа бота – мезгілінен 3-4 ай бұрын туған бота. Көшек – енесінен емуді доғарған бір жарым, екі жасар бота.
Тайлақ, торым, кенже нар тайлақ, нар тайлақ, жайлақша, құнанша, дөненше, тығыршын, буыршын, бүлдіршін, бура, атанша, атан т.б. жас атаулар тізбеленіп, сақа түйе, кеуана атауларының жас мөлшерлік сипаты этнолингвистикалық тұрғыдан сараланады.
Түйе атауына қатысты түйе, нар, бура, аруана, бота, тайлақ т.б. сияқты басты-басты атаулар өзінің шығар бастауын түркі тілдерінен жіне монғол тілдерінен алғанмен, жас атауларына қатысты атаулар қазақ тілінде басым. Бұл атаулар тобын көбінесе негізгі түбірге кішірейту, жас мөлшерлік мәні бар –ша\-ше\; -шын\ -шін\ жұрнақтары арқылы жасалған нарша, құнанша, інгенше, буыршын, бүлдіршін т.б. атаулар құрайды. Бұл атаулардағы жас мөлшерлік сипаты бар ерекшеліктің екі-үш ай көлемінде болуы, қазақтардың малдың жасын маусымдап есептеуінің айғағы.
Басқа төрт түлік сияқты жыныстық жетілгеннен бастап еркек, ұрғашы түйелерге берілген жас мөлшерлік атаулар өзді-өзінше жеке-жеке атаумен аталады. Мәселен, бура, үлек, буыршын түйенің еркегіне, інген, аруана, бүлдіршін т.б. ұрғашы түйеге берілген атаулар.