Азақстан және Біріккен Ұлттар Ұйымы

Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясы­ның 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша бел­сенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды.

БҰҰ Бас Ассам­блеясының 47-сессиясында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясаты туралы айта келіп, екі маңызды ұсынысты алға тартты. Оның біріншісі – барлық үкіметтердің ізгі ниет білдіру тәртібімен “бір+бір” формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Бұл формула әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруды көздейді. Осылай еткенде он жылдан соң бітімгершілік сомасы он есеге өседі. Екінші ұсынысы – Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес (АӨСШК) шақыру. Мемлекет басшысының бұл бастамасы көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ БҰҰ-дан қолдау тауып, Қазақстанның сыртқы саясатын айқындауда айтарлықтай рөл атқарды.

1992 жылдан бері Қазақстан тек қана халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде қабылданып қоймай, сонымен бірге онда өзінің лайықты орнын таба білді.

Қазақстанның БҰҰ жүйесі жұмысына қатысуы еліміздің көпжақты дипломатиясының басты бағыттарының бірі, ол елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға септігін тигізіп, әлеуметтік-саяси, экономикалық және қоғамның т.б. салаларында қолайлы халықаралық жағдайларды туғызады. Осы бағыттың негізгі мақсаты халықаралық сахнада ҚР-ның ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мүдделерін, саясат пен экономикада әділетті әлемдік тәртіп пен орнықты даму ортасын құруды, әлемдік қауымдастық мүшелері арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіруді көздейді.

Мемлекетіміздің басшылығы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды салаларындағы БҰҰ-ның рөлін күшейтуге бағытталған БҰҰ Бас Хатшысы К.Аннанның қызметін қолдай отырып, ҚР-ның осы беделді ұйым, оның мамандандырылған мекемелері, қорлары және бағдарламаларымен ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған бағдар ұстануда.

Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін және оның бітімгершілік әлеуетін нығайту жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсете отырып, БҰҰ-ның резервті келісім-шарттар жүйесі мандатын кеңейту шараларын оң бағалайды. Қазақстанның осы бағытта белсенді қызмет атқаруының дәлелі Қазақстандық бітімгершілік батальонының (Қазбат) құрылуы, әрі осы батальон сарбаздарының Иракта тұрақтандыру күштері қатарында қызмет көрсетуі болып табылады.

Қазақстан БҰҰ-ның және оның мамандандырылған мекемелерінің мүмкіндіктерін Арал теңізінің тартылуы, Семей сынақ алаңының радиоактивті ластануы, ауыз-су көздерінің ластануы секілді техногендік және экологиялық апаттардың экономикалық және гуманитарлық салдарларын азайтуға мақсатты түрде пайдалануды көздейді. Осы тұрғыда жеке назарды Мыңжылдық даму мақсаттары мен орнықты даму ұстанымдарын жүзеге асырудағы Қазақстанның белсенді қатысуына аудару керек.

1992 жылғы ақпаннан бастап Қазақстанда БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің, қорларының және бағдарламаларының өкілдіктері жұмыс істеуде. Олардың қызметі техникалық, кеңес және қаржылық көмек көрсетуге бағытталған.

Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Қазақстанда келесі 15 ұйымы жұмыс істейді: Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ Халық қоныстану қоры (ЮНФПА), БҰҰ есірткі және қылмыс мәселері жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ), БҰҰ Жоғарғы комиссарының босқындар ісі жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЖКББ), БҰҰ Еріктілері (БҰҰЕ), Әйелдер қоры (ЮНИФЕМ), Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), БҰҰ білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), БҰҰ өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы (ЮНИДО), Дүниежізілік Банк (ДБ), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), АТҚБ/ЖТҚБ жөніндегі БҰҰ бағдарламасы (ЮНЭЙДС) және Қоғамдық ақпарат жөніндегі департамент (ҚАД).

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) - жалпы құзыры бар, ашық түрдегі халықаралық, мемлекетаралық әмбебап ұйым. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1945 жылы КСРО, АҚШ, Ұлыбритания және Қытай арасындағы келісім негізінде құрылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы 1945 жылдың 26 маусымында қабылданып, 1945 жылдың 24 қазанында күшіне енді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен принциптері Жарғының 1-2 баптарында бекітілген. Осыған сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымы мына мақсаттарды көздейді: • халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету; • ұлттардың теңдігі және өзін-өзі басқару принципін құрметтеу негізінде халықтар арасында достық қарым-қатынасты дамыту; • экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуде және адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын дамыту мен қолдауда әріптестікті жүзеге асыру; • ұлттардың осы мақсаттарға жету жолында үйлестіруші орталық болу. Біріккен Ұлттар Ұйымы келесі принциптерге сүйеніп әрекет етеді: • оның барлық мүшелерінің егеменді теңдігі; • олардың мойнына алған барлық халықаралық міндеттемелерді адал орындауы; • олардың арасында туындайтын халықаралық дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу; • басқа мемлекеттерге қарсы күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қоқан-лоқы көрсетпеу; • олар Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес жүргізілетін барлық шараларға жанжақты кәмек көрсетуі керек; • Біріккен Ұлттар Ұйымы оған мүше емес барлық мемлекеттердің осы принциптерді ұстануын талап етеді, өйткені бұл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет; • Біріккен Ұлттар Ұйымына Жарғы ешқандай жағдайда мемлекеттердің ішкі ісіне жататын әрекеттерге араласуына құқық бермейді. Кез келген бейбітшілік сүйгіш, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын мойындап, ондағы міндеттемелерді орындауға келіскен мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше бола алады. Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдері: қытай, ағылшын, француз, орыс, испан тілдері. Бұлардан басқа Бас Ассамблеяда, Қауіпсіздік Кеңесте және Экономикалық және әлеуметтік кеңесте ресми тіл ретінде араб тілі қосылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымы алты басты органнан тұрады. Ол: Бас Ассамблея (БА), Қауіпсіздік Кеңесі (ҚК), Экономикалық және әлеуметтік кеңес, Халықаралық сот, Қамқорлық жөніндегі Кеңес және Секретариат.

Наши рекомендации