Идеялары, теориялары жӘне Өкілдері 4 страница
Базис пен қондырма арасындағы байланысқа келетін болсақ, маркстік ұстанымның басты ерекшелігі мынада: қондырманың сипаты базистің сипатымен анықталады. Базистің табиғаты қалай өзгерсе, қондырманың табиғаты да солай өзгереді. Сондықтан, мысалы, феодалдық саяси құрылымның капиталистік құрылымнан үлкен айырмашылығы бар, себебі бұл екі формацияда шаруашылық жүргізу тәсілдері екі түрлі. Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың бірлігі өндіріс әдісін құрайды. Өндіріс тәсілдері бір-бірінен өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар арасындағы байланыс сипатымен ерекшеленеді. Мәселен, феодалдық өндіріс әдісінде помещик шаруалардың жұмыс уақыты мен өндіріс құралдарына тікелей бақылау жүргізе алмайды, бірақ олардың шығарған өнімін бөлуді бақылай алады. Ал, капиталистік өндіріс әдісінде капиталист өндіргіш күштерге де, өнімді бөлуге де бақылау жүргізе алады. Көптеген теоретиктер өндіріс тәсілдеріне қондырманы да қосу қажет деп есептеді, себебі өндірістік қатынастардың сипаты идеология мен саясаттың үстемдік ету нысандарымен тығыз байланысты. Мәселен, феодалдық өндіріс әдісіне діни идеологияның үстемдігі тән.
Өндіріс әдісінің бір түрінен екінші түріне өтуі бұл жүйенің серпінді элементі болып табылатын өндіргіш күштердің өзінің дамуында белгілі бір деңгейде консервативті өндірістік қатынастар тарапынан тежеуші, қысым көрсетуші ықпалды сезіне бастауымен айқындалады. Алайда өндіргіш күштердің прогрессивті дамуын тоқтату мүмкін емес, сондықтан олар өздерінің тар шеңберін бұзады, өндірістік қатынастар өндіргіш күштердің даму қажеттіліктеріне бейімделе отырып, түбегейлі өзгереді. Бұл өндіріс тәсілдерінің ауысуын білдіреді.
Базис пен қондырманың метафорасы біршама нәтижелі талдамалық механизм болды, бірақ ол марксизмнің өзінде де, одан тыс ағымдарда да көптеген пікірталастар тудырды. Мәселелердің бір тармағы – өндірістік қатынастарды анықтау еді. Іргелі қатынастар ретінде меншікті өзіне қоса отырып, олар құқықтық анықтамалармен (меншік нысандары әрқашан заңдарда көрсетіліп, бекітіліп отырады) ескертілуі керек, ал бүкіл құқық саласы қондырмаға жатады. Сондықтан да, базис пен қондырманы талдамалық жағынан бөлу қиынға соғады.
Марксизмнің көптеген сыншылары бұл үлгіні экономикалық детерминизмнің көрінісі деп есептейді. Шынында да, бұл көзқарастың кейбір жақтаушылары осындай детерминистік позицияны ұстанған болатын. Алайда Маркс пен Энгельстің өздері бұл доктринаны ешқашан ұстанбағанын айта кету керек. Біріншіден, олар қондырманың көптеген элементтері базистен салыстырмалы түрде бөлініп, өзінің жеке даму заңдарына ие болады деп түсінген. Екіншіден, олар қондырманың базиспен жай байланысып қана қоймай, оған ықпал ететінін айтты. Маркс қайтыс болған соң Энгельс қондырма қатынастардың ерекше орны мен олардың базиске ықпал етуіне байланысты бірнеше еңбектер жазады (бұл еңбектер хаттар түрінде жазылғандықтан, “Ф.Энгельстің 90-жылдардағы хаттары” деген ортақ атаумен жарық көреді). Кейінгі марксшілдер экономикалық детерминизмнен алшақтай түсіп, қондырма элементтері базистің өмір сүру шарты ретінде қарастырылуы тиіс деп есептеді, бұл көзқарас базисті қандай да бір басымдығынан айырып, қоғамдағы барлық институттарға бірдей күш беру деп бағаланады.
Марксті жұрттың бәрі әлеуметтанушы ретінде мойындамайтынын айта кету қажет. Негізінен оны экономист деп есептейді. Бұлай ойлаудың шынында да айтарлықтай жөні бар, өйткені марксизм көбінесе “буржуазиялық саяси экономияны сынау” негізінде қалыптасты. Бүгінде “саяси экономия” ұғымы марксизмнің негізгі санаты ретінде, тіпті синонимі ретінде жиі қолданылады. Дегенмен, біз Марксті оның зерттеулерінде негізгі объекті экономика ғана емес, экономикалық материалдық игіліктерді өндіру, бөлу және тұтыну ретінде көрсететін әлеуметтік қатынастар болғандықтан, оны әлеуметтанушы деп атай аламыз. Оған дәлел ретінде атақты “Капитал” еңбегін айтуға болады.
Бұл талдауда өндірістік қатынастарғаайрықша назар аударылады. Маркс позициясы бойынша, өндірістің кез келген әдісінде өндірістік қатынастар - ең алдымен меншік иелері мен меншікке ие емес адамдардың арасындағы қатынастар. Алайда мұндай анықтаманың проблематикасы мынада: меншік ұғымы едәуір дәрежеде құқықтық санат болып табылады. Егер заң сайып келгенде экономикамен (оған өндірістік қатынастар да кіреді) айқындалатын болса, онда өндірістік қатынастарды құқықтық терминдермен анықтауға болмайды. Әйтпесе, өндірістік қатынастар анықтамасына осы қатынастарды айқындауға тиісті санат қосылатын болады.
Маркстің ойынша, өндіріс құралдарының меншік иелері мен осы құралдарға өздері иелік етпеген, бірақ солар арқылы еңбек ететін жұмысшылар арасындағы әлеуметтік қатынастардың мәні қанаудан көрініс табады. Соның ішінде қанау тек бір ғана капитализмнің ерекше құзыры болып табылмайды. “Қоғамның бір бөлігі өндіріс құралдарына ие болған жерде жұмысшы өзін асырау үшін берілген жұмыс уақытына меншік иесіне қажетті құралдарды өндіруге кететін артық уақытты қосуы қажет”.
Сонымен қанау тікелей өндіруші еңбектің бір бөлігін қайтарымсыз иемдену болып табылады. Өндіріс құралдарының меншік иесі қайтарымсыз иеленетін бұл бөлік қосымша құнмен өлшенеді. Мәселен, жұмыс күні он сағат дейік. Оның бір бөлігінде, айталық, алты сағат ішінде жұмысшы құны оның тіршілік ету құнымен тең болатын тауарларды өндіреді. Қалған төрт сағат ішінде ол капиталист иеленетін қосымша құнды жасайды. Сонымен қосымша құн дегеніміз - жұмысшы шығарған өнімнің жалпы құнынан оның жұмыс күшінің құнын алып тастағанда қалатын құнды айтамыз, капитализм тұсында жалақымен өлшенетін қажетті құн.
Көптеген маркстік тұжырымдамаларды (әсіресе, қоғамдық-экономикалық формациялар теориясы үшін) түсіну үшін тек қосымша құнның мәнін ғана емес, сонымен қатар шығарылған өнім құнының жалпы көлеміндегі қажетті және қосымша құн қатынасының мәнін ұғыну өте маңызды. Бұл пропорцияның көлемін аталмыш қоғамға тән ортақ түрінде алатын болсақ, осы қоғам дамуының көрсеткіштері жөнінде мәлімет алуға болады: өндірістік күштердің деңгейі жөнінде, қанау деңгейі жөнінде, меншіктің үстем сипаты жөнінде (қосымша құнның пайда болуының өзі жеке меншік пен тауар-ақша қатынастарының пайда болу мүмкіндігін білдіреді) және т.б.
Марксизм тұтас алғанда - философиялық, экономикалық және саяси тұжырымдамалар мен идеологиялық доктриналар өзара байланысқан күрделі кешен. Сонымен қатар, әлеуметтануда Маркстің еңбектері кең таралған және оның кейбір принциптеріне сенім сақталған бірнеше салалар бар.
1. Ертеректегі кейбір марксшілдердің пайымдауынша, таптық құрылымды талдағанда Маркстің жасаған схемасын қайта қарастыру керек, себебі онда капитализмнің құлдыруының немесе таптық күрестің күшеюінің ешбір шынайы белгілері байқалмайды. Күш-жігердің едәуір бөлігі қазіргі заманғы капитализм жағдайында капитал мен еңбек арасындағы міндетті түрде болатын қақтығыс жөніндегі басты идеяны түсіндіру талпынысына кетті. Бұл меншікті иелену тәсілдеріндегі өзгерістер, орташа таптың өсуін және өндірістегі қарым-қатынастардың өзгерісін қамтитын таптық қақтығыстың жаңа теориялары нысанына ұштасты. Бұдан басқа, кейбір марксшілдер, мәселен, А.Грамши, В.И.Ленин, Д.Лукач таптық күрестің алғышарты ретіндегі таптық сана ұғымына баса назар аударды.
2. Қоғамның саяси тіршілігіне талдау жасау барысында, мемлекет - басқарушы таптың құралы деген дәлелдеме мемлекеттің басқарушы таптан біршама автономды және жұмысшы табының тарапынан болатын қысымға парламенттік демократия институты арқылы жауап қайтаратын, бірақ нәтижесінде капиталдың мүддесіне әрекет ететін мемлекетке күрделі талдау жасауына жол ашты.
3. Маркстің экономикалық көзқарастарын тексеру капиталдың түрлі фракцияларын шектеу және оның көзі тірі кезінде үстемдік құрған еркін бәсекелестіктің ертеректегі кезеңінен елеулі айырмашылығы бар капитализмнің монополистік сатысын ескеру нысанында болды.
4. ХХ ғасыр капитализміне тән (алдымен В.И.Ленин атап өткен) белгі - оның дамымаған елдерден нарық іздеуі, көбіне осы елдерді отарлап, өз бақылауына алуы болды. Империализмге лениндік баға берілгеннен кейін іле-шала көптеген зерттеулерде кейбір қоғамдардың дамуда үнемі артта қалушылығы капитализмнің экспансиядағы қажеттілігін қанағаттандырумен байланыстырылды.
5. ХХ ғасырдағы маркстік әлеуметтануда идеологияның қоғам өміріндегі рөліне талдау жасауға қызығушылық күшейді. Атап айтқанда, капитализмнің ұзақ уақыт бойы сақталуы үстемдік етуші таптың идеологиялық бақылау орнатуымен тікелей байланысты екені айтылды. Талдаудың бұл түрі А.Грамши мен Франкфурт мектебі ұсынған гегемония туралы ұғымға қарсы болды.
6. Франкфурт мектебінде, Сыни теорияда, сонымен қатар Ю.Хабермастың және Л.Альтюссердің ізбасарларының еңбектерінде марксизмнің философиясы мен әдісін зерттеуге деген қызығушылық сақталып отыр. Әдіснаманы зерделеу марксизмді позитивизмнен тазартуға тырысушылықпен толықтырылып отыру жиі кездеседі.
7. Көптеген әлеуметтанушылар таптық күрес жолымен жүріп жатқан әлеуметтік өзгерістерді талдау кезінде маркстік тарихшылардың жұмыстарын пайдаланды, кейінгі уақытта өндіріс тәсілі ұғымына да жүгінеді.
Герберт Спенсер
Герберт Спенсер (1820-1903) - ағылшын философы, әлеуметтанушысы, психологы және инженер, әлеуметтанудың негізін қалаушылардың бірі, әлеуметтанудағы эволюционизмнің классигі.
1820 жылы Англияның Дерби деген шағын қаласында мектеп мұғалімінің отбасында дүниеге келді. Денсаулығының әлсіздігінен 13 жасқа дейін мектепке бармаған. Әкесі мен ағасының көмегімен үйінде оқып, өмір бойы өздігінен білім алуға және өз күшіне сенуге машықтанған. Бұл, бір жағынан, тұжырымдарының өткірлігіне, ойларының ерекшелігіне оң ықпал етіп, осы үшін көзі тірісінде “ағылшын Аристотелі” деген атқа ие болса, екінші жағынан, дүниетанымының қалыптасуына тірек болған және өз бетінше игерген жаратылыстанудың ескі қағидаларынан аса қиындықпен бас тартуының салдары болды.
Спенсер өз өмірінің көп бөлігін түрлі академиялық және ресми қызметтерден бас тартқан тәуелсіз ғалым және публицист ретінде өткізеді. Еңбектер жазуға дейін ол темір жолда инженер-бақылаушы болып (1837-1846), “Экономист” журналының екінші редакторы (1848 жылдан бастап) болып қызмет атқарды, саяси өмірге араласуға тырысты.
Спенсердің басты еңбегі - “Синтетикалық философия” жүйесінің он томы, ол теориялық жаратылыстану мен қоғамдық ғылымдарды ортақ эволюциялық идеямен біріктіре отырып, мыналарды қамтыды: “Негізгі бастамалар” (1862, болмыстың алғашқы принциптері туралы кітап), “Биологияның негіздемелері” (1864-1867), “Психология негіздемелері” (1879-1893), “Әлеуметтану негіздемелері (3 томдық, 1876-1896). Басқа да аса маңызды әлеуметтану еңбектері – “Әлеуметтік статика” (1850) және “Әлеуметтану зерттеу пәні ретінде” (1873).
Философ және ғалым Герберт Спенсерді позитивизмнің негізін қалаушылардың бірі деп әділ түрде есептейді. Оның өмірі мен шығармашылық уақыты әлеуметтанудың пайда болуы және жеке ғылыми пән ретінде қалыптасу уақытымен сәйкес келеді. Ол әлеуметтануды ғана емес, антропологияны дамытуда да маңызды рөл атқарды, классикалық әлеуметтік ілімнің органикалық және эволюциялық мектептерінің негізін қалады. Ағылшын әлеуметтану мектебінің пайда болуы Спенсердің есімімен байланысты деп сеніммен айтуға болады.
Г.Спенсердің барлық әлеуметтану ой-тұжырымдары өзі бұрын жасаған, Дарвиндікінен тәуелсіз эволюция теориясына сүйенеді. Қоғамның эволюциялық теориясы - табиғат философиясының құрамдас бөлігі, өйткені әлеуметтік эволюция - әлем бағынған ұлы процестің бөлшегі. Барлық ғылымдарға ортақ принциптерді ол философиялық деп атайды. Бізді табиғаттың ортақ заңы және барлық ғылыми заңдардың жиынтығы ретінде эволоюция заңы басқарады. Ғылым да, философия да дүниені бір ғана бақылау және индукция әдісімен зерттеп біледі, тек философия өзінің зерттеу саласын шектемейді. Бірақ дүниенің шынайы мәні екеуіне де жұмбақ. Біздің танымымыз әрқашан салыстырмалы және тәжірибе мен эмпирия саласымен шектелген.
Спенсер өзінің теориялық декларацияларында әдетте ХІХ ғасырдың эволюционизмімен байланыстыратын осындай біржақты прогресс идеясымен күреседі. ХХ ғасырдың неоэволюционистері тәрізді Спенсер кейбір қоғамдастықтар мен институттарды ұйымдастырудың регрессивтік оңайландыру процесін қоса алғанда әлеуметтік эволюцияны бір ғаламдық процесс ретінде емес, дивергентті, ерекше, біршама автономды процестер жиынтығы ретінде түсінді. Сөйтіп, ол Конттың “бүкіл жер шарында жабайы және өркениетті тайпалар өмір сүретін қоғамның әртүрлі нысандары тек бір нысанның түрлі сатыларын құрайды: сонымен қатар, әлеуметтік типтер, жеке-дара организмдер типі сияқты белгілі қатар құрмайды, тек бөлшектелген және тармақталған топтарға бөлінеді” деген “елеулі қатесін” сынайды.
Спенсер өзінің теориясында эволюциялық сатылардың сызықтық емес тұжырымдамасын бейнелейді. Ол прогресті қоғам күрделілігінің дәрежесімен өлшемек болды. Адамзат қоғамы дамуының ортақ үрдісі Спенсер бойынша қарапайым бөлінбеген тұтастықтан күрделі гетерогенді құрылымдарға өту қозғалысы болды, мұнда неғұрлым маманданған бүтіннің бөлшектері өзара байланыса отырып жеке-жеке салаларға бөлініп кетеді.
Спенсер эволюция мәнін ашу мәселесімен айналысып, оны қарапайымнан күрделіге өту, үдемелі қозғалыс ретінде қарастыра отырып, эволюцияны құлдырау процесіне қарсы қояды. Дәйекті позитивист болған ол материяның барлық түрлеріне (өлі түрінен әлеуметтік түрге дейін) бірдей заңдылықтар болатынын көрсетеді. Ал материяның барлық түрлерінде өтетін өзгерістер мәні мынада деп біледі.
Әр түрлі материалдық денелер бір-біріне қарама-қарсы екі процесте (интеграция және қозғалыс) бірдей өмір сүре алады; бұл арада мынаны ескеру қажет: 1) қозғалыстың жоғалуы (нақты айтқанда, ұштасуы) интеграцияға әкеледі; 2) бірыңғай дененің ыдырауы - кері интеграция - кезінде оның құрамына кірген, ал қазір бөлініп кеткен материалдық бөлшектер қайтадан қозғалысқа түседі. Бір-бірімен антагонистік қатынаста тұрған осы екі процесті Спенсер: 1) эволюция және 2) іріп-шіру деп атайды. Іріп-шіру қозғалыстың босатылуы мен материяның кері интеграциясын білдіреді. Ал эволюция, керісінше, бірігу процесі, материя мен қозғалыстарды байланыстыру интеграциясы болып табылады.
Осы эволюция мен кері интеграция процестерін Спенсер өзінің “Негізгі бастамаларында” материяның біртекті (гомогенді) күйінен әр текті (гетерогенді) күйіне өту нысандарының мысалдарымен көрсетеді.
Жануарлар организмінің өсуі мен эволюциясы, мысалы, оны қоршаған өсімдіктер мен жануарлардың құрамына кіретін түрлі элементтерді сіңіру, өңдеу және қайталама шоғырлану процесінде жүріп отырады.
Осыған ұқсас көптеген процестерді әлеуметтік организмдердің эволюциясы барысында байқауға болады. Спенсер адамзаттың шағын қауымдастықтан бірте-бірте іріленуге қарай интеграциялануының бірқатар мысалдарын келтіреді. Шағын шаруа қожалықтары үлкен феодалдық иеліктерге бірігеді; бұл иеліктер провинцияларға, провинциялар - корольдіктерге, корольдіктер үлкен империяларға бірігеді... Сөйтіп, бұл әлеуметтік байланыстардың күрделіленуімен (сонымен қатар, нығаюымен), басқарудың жаңа органдарының қалыптасып, олардың функцияларының күрделіленуімен қатар жүреді. Эволюция процесін тіл сияқты материалдық емес жүйелердің дамуынан байқауға болады. Қарапайым дыбыстардың сөздерге бірігуі кезінде ауызша тіл мен жазбаша тіл ережелері күрделіленіп дами түседі, сонымен қатар осы күрделіленген жүйе, неғұрлым біріккен, бөлінбейтін тұтас құрылымға айналады. Бұл еңбек құралдарына да қатысты, олардың прогресі қарапайым және көлемі кіші құралдардан күрделі әрі ірі машиналарға өту процесі кезінде жетіле түседі.
Сонымен бірге, қарапайым нәрседен күрделі нәрсеге, бір тектіден әр тектіге өзгере отырып, эволюция белгісіз күйден белгілі күйге де өтеді. Қаңғыбас жабайы тайпалар өзінің тіршілік орындары жағынан да, ішкі құрылысы жағынан да, тайпа мүшелерінің бір-бірімен өзара қарым-қатынастары жағынан да тұрақсыз бола отырып, әлеуметтік эволюция барысында өзінің белгілі бір тіршілік ету орнына, айтарлықтай тармақталған еңбек бөлінісі бар ішкі әлеуметтік құрылымға, отбасында атадан балаға өтіп отыратын еңбек түріне ие болады (отбасының пайда болуының өзі барлық адамдарға ортақ туыстық қатынастар нормаларының орнауымен, мүшелерінің арасына құқықтар мен міндеттер шеңберін белгілеумен байланысты).
Эволюция барысында қозғалыстарды қайта бөлу жетілдіріле түседі. Мәселен, планетаның балқыған массасының құрамына кірген бөлшектер тәртіпсіз, ретсіз қозғалыс күйінде болды. Осы массаның сууына байланысты жіңішке (бірақ бірте-бірте жуандай беретін) қатты қабық пайда болды. Оның қалған бөлшектерінің қозғалысы - көтеру мен түсіру, созылу мен сығылысу – барған сайын реттелген қозғалыстарға айналып, бір қалыпты-тербелмелі сипатқа ие болды. Тура осындай процесс Жердің сұйық және газ тәрізді қабаттарында да болып жатады.
Бұған ұқсас процестер тірі организмдерде де кездесіп отырады. Интеграцияның, әртектілік пен белгілі жәйттің күшеюі кедергілі қозғалыстарды, яғни энергия мен ресурстарды қайта бөлуді қажет етіп, сайып келгенде функциялардың дамуы дегенді құрайды.
Әртектіліктің күшеюінің маңызды көрінісі біртұтастық бөлшектерінің саралануы мен олардың осы шеңберде атқаратын функциялары болып табылады. Бұл аса күрделі, түрлі контекстерде түрлі мағынада түсіндірілетін ұғым. Онтогенезде (яғни, жеке-дара организмнің дамуы процесінде) мұны алғашында бірдей, бір-бірінен ерекшеленбейтін ұрық клеткаларының организмнің функциялары бойынша бір-бірінен ерекшеленген жеке-жеке клеткаларға айналуымен түсіндіреді. Ал филогенезде (организмдердің тұтас түрлерінің тарихи даму процесі) организмдердің біртұтас үлкен тобының (тегінің) көптеген шағын функциялары (түрлері) бойынша ерекшеленетін топтарға бөлінуін білдіретін түрдің пайда болуы деп аталатын процесс ретінде түсіндіріледі. Спенсер әлеуметтік теорияға әлеуметтік саралану ұғымын енгізіп, оны барлық қоғамдық эволюция үшін әмбебап болып табылатын арнайы институттардың пайда болуы мен еңбек бөлінісі процесін сипаттау үшін қолданды.
Спенсердің айтуынша, қоғамның дамуы барысында бір әлеуметтік институттар орындаған әлеуметтік іс-әрекеттер кешені ендігі жерде жаңадан пайда болған немесе бұрыннан бар институттар арасында бөлінеді. Саралану қоғамның әр түрлі бөлшектерінің үдемелі мамандануын білдіреді де, қоғам ішіндегі гетерогендікті көбейте түседі. Мәселен, бұрынғы заманда отбасы репродуктивті, экономи-калық, құрылымдық және аздап саяси функциялар атқарды. Алайда қоғам дамыған сайын, бұрындары бір ғана әлеуметтік институт - отбасы атқарған әлеуметтік іс-әрекеттер кешені ендігі жерде басқа институттар арасында бөліске түседі. Қалай дегенмен де, қазіргі қоғамдарда жұмыс пен білімнің мамандандырылған институттары отбасынан тыс дамуда.
Сонымен, Спенсер эволюция деп аталған процеске мынадай жалпы анықтама береді.
Эволюция дегеніміз - қозғалыстың тармақталуымен қоса жүретін және оның барысында зат белгісіз, байланыссыз әртектілік күйінен белгілі, өзара байланысқан әртекті күйге ететін заттар интегра-циясы, ол зат сақтаған қозғалыс дәл осындай өзгерісті бастан кешіреді.
Жоғарыда айтылғандардан көріп отырғанымыздай, кез келген эволюция материяны соның алдындағы тепе-теңдік, біртекті күйінен шығарып, әртекті бөлшектердің жиынтығына айналдырудан басталады. Алайда мынадай сұрақ тууы мүмкін: эволюция немен аяқталады және осы өзгерістер сайып келгенде қайда ұмтылады? Бұл сұрақтарды біз абстрактілі түрде қарастырсақ та, нақты мысалдарды зерттесек те, түпкі нәтижесі тепе-теңдік күйге қайта оралу болып шығатынына көз жеткіземіз. Агрегаттың прогрессивті өзгерістері бітіп, ол тепе-теңдікке жеткен кезде, бәрібір қоршаған орта ықпалында қала береді. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір оның бөлшектері босап шыққан қозғалыстан көбейіп, олардың арасындағы байланыс әлсірей түседі, бұл кері интеграцияға әкеледі. Барлық интеграцияланған қозғалыстардың соңы өлімге әкеледі. Агрегат бірыңғай тұтастық ретінде өмір сүруін тоқтатады.
Жаңадан өмірге келген жас ғылым, әлеуметтанушы - әсіресе, оның позитивистік нұсқасы – өз әдістерін басқа ғылыми пәндерден ала отырып дамуға мәжбүр болды. Спенсердің заманында мұндай балама механика немесе биология түрінде көрінді. Көптеген әлеуметтік философтар классикалық Ньютон механикасына ден қойды. Позитивизмнің негізгі қағидаларынан бас тартқан олар қоғамда табиғи күштер сияқты күштер мен соларға сәйкес заңдар (тартылыс күші, маятниктің тербелісі, т.б. заңдар) әрекет етуі тиіс деп есептеді. Басқалар болса, керісінше, өз назарын тірі табиғатқа аударып, тірі табиғаттың тіршілік ету мен даму заңдары әлеуметтік тәртіпке жақынырақ деп есептеді. Осы екінші әдіс органикалық аналогия деген атауға ие болды.