Тарау. Жерге меншік құқығы

20-бап. Жерге меншiк құқығының түрлерi

1. Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.

2. Меншiк құқығының субъектiлерi:

республика аумағындағы жерге мемлекеттiк меншiк құқығының субъектiсi - Қазақстан Республикасы;

осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады.

21-бап. Меншiк құқығының мазмұны

1. Меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi жер учаскесiн иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге құқығы бар.

2. Жердiң меншiк иесi ретiндегi мемлекеттiң құқықтарын осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген өз құзыретiне сәйкес мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.

3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi осы Koдексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген негiздерде, шарттар мен шектерде меншiк иeci құқығын жүзеге асыра алады.

22-бап. Жер учаскесiне меншiк құқығының туындауы

1. Жер учаскесiне меншiк құқығы:

1) меншiк құқығын табыстау;

2) меншiк құқығын беру;

3) меншiк құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) ауысуы арқылы туындайды.

2. Меншiк құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескерiле отырып, жүзеге асырылуға тиіс.

3. Жер учаскесiне меншiк құқығы:

1) мемлекеттiк органдар актiлерiнiң;

2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.

23-бап. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер учаскелерiне меншiгi

1. Осы Кодекске сәйкес жеке меншiкте болмайтын жер учаскелерiн қоспағанда, мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерi азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке берiлуi мүмкiн.

2. Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке меншiгiнде шаруа немесе фермер қожалығын , өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, орман өсiру, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшiн, сондай-ақ үйлердi (құрылыстарды, ғимapaттарды) oлардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) мен олардың кешендерiн салуға берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн.

Шаруа немесе фермер қожалығын , өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, орман өсiру, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшiн берiлген жер учаскесiнiң меншiк иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде меншiк құқығы иелiктен алынуға немесе осы Кодекстiң 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресiмделуге тиiс.

3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу, орман өсiру үшiн, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерiн салу үшiн берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн.

4. Тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында аталған мақсаттарға арналған жер учаскелерi шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкін.

24-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге меншiк құқығы

2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 1 тармақ өзгертілді

1. Мемлекеттiк меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда жеке және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығымен және (немесе) жеке меншiк құқығымен берiлуi мүмкiн.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi жеке меншiк құқығымен Қазақстан Республикасының азаматтарына шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғаларына тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу және орман өсiру үшiн берiледi.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін мемлекеттік заттай гранттар ретінде жеке меншікке беруге жол берілмейді.

2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 2 тармақ өзгертілді

2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне жеке меншік құқығын табыстыру ақылы негiзде жүргiзiледi.

Шаруа немесе фермер қожалығын, тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін және орман өсіруді, тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін және орман өсіруді жүргiзу үшiн жер учаскесiне (жер учаскелерiне) жеке меншiк құқығының табысталуына мүдделi азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың:

1) жер учаскесiне жеке меншiк құқығын жер учаскесiнiң осы Кодекстiң 10 және 11-баптарына сәйкес анықталатын кадастрлық (бағалау) құнына тең бағамен сатып алуына;

2) жер учаскесiне жеке меншiк құқығын оның кадастрлық (бағалау) құнына қарай айқындалатын жеңiлдiктi бағамен сатып алуына болады.

Бұл ретте әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер бойынша жер учаскелерiне жеңiлдiктi бағаның мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 3 тармақ өзгертілді

3. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығын сатып алу ақысын толық төлеген тұлғаның:

осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жер учаскесiмен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған мәмiлелердiң кез келген түрiн жасасуға құқығы бар;

осы баптың 2-тармағының 2) тармақша­сына сәйкес, жеңілдікті бағамен сатып алынған жер учаскесімен мәміле жасасуды шектеу мерзі­мі өткеннен кейін, жер учаскесімен Қазақстан Республикасы­ның заңнамасында тыйым салын­баған мәмілелердің кез келген түрін жасасуға құқы­ғы бар, шектеу мерзімі жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын әрбір он процент төмендету үшін екі жылды құрайды. Бұл шектеу жер учаскесін кепілге салуға қолданылмайды.

2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 4 тармақ өзгертілді

4. Осы баптың 2-тармағында көзделген жер учаскелерiн сатып алған кезде сатып алу сомасын төлеу жер учаскесiне жеке меншiк құқығын сатып алатын тұлғаның жазбаша өтiнiшi бойынша он жылға дейiн төлеу мерзiмiн ұзарту арқылы жүргiзiлуi мүмкiн.

Жер учаскелерiн төлеу мерзiмiн ұзарту арқылы алған тұлғаларға жер учаскесінің бағасын толық төленгенге дейiн мәмiле (сату, жалға немесе өтеусiз пайдалануға беру, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң жарғылық капиталына салым немесе жарна ретiнде бepу) жасасуға тыйым салынады. Жеңiлдiктi бағамен төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесiмен мәмiле жасасуға, осы баптың 3-тармағында көз­делген және жер учаскесінің сатып алу бағасы толық төленген кезден бастап есеп­телетін жер учаскесімен мәміле жасасуды шектеу мерзімі өткен соң құқық берiледi.

Аталған тұлғалардың жер учаскесiн кепiлге беруiне оның сатып алу бағасының кемiнде елу процентiн төлеген жағдайда рұқсат етiледi. Бұл ретте жер учаскесiнiң сатып алу бағасы төленген бөлiгi ғана кепiл нысанасы бола алады.

5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiнiң меншiк иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде жер учаскесi мемлекет меншiгiне қайтарылуға тиiс не жер учаскесiне құқық 10 жылға дейiн жалдау шартымен уақытша жер пайдалану құқығына бiр жыл iшiнде қайта ресiмделуге тиiс. Жер учаскесi мемлекет меншiгiне қайтарылған кезде, жер учаскесiнiң сатып алу бағасы меншiк иесiне осы учаскенi мемлекеттен сатып алған баға бойынша, жер учаскелерiн сатудан түсетiн қаражат есебiнен төленедi.

Жергiлiктi атқарушы орган жер учаскесiн сатып алудан бас тартқан жағдайда, ол учаске оның рұқсатымен Қазақстан Республикасының азаматына сатылуы мүмкiн.

25-бап. Жеке меншiк құқығын iске асыру

1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң меншiк иесi мемлекеттiк органдардың қандай да бiр рұқсатын алмай, жер учаскесiн өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырады.

2. Меншiк иесi өзiнiң жер учаскесiне қатысты оның нысаналы мақсатын өзгертпей, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынбаған кез келген мәмiлелердi жасасуға құқылы.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң меншiк иелерi аталған құқықтарды осы Кодекстiң ережелерiн ескере отырып iске асырады.

Жер учаскесiне меншiк құқығы басқа адамға мәмiле жасалған кездегi барлық ауыртпалықтарымен берiледi.

3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi оның нысаналы мақсатын өзгертпей, жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарттың негiзiнде оны уақытша пайдалануға беруге құқылы. Жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарт жалдау шарты (жалға алушымен) немесе өтеусiз пайдалану туралы шарт (өтеусiз пайдаланушымен) нысанында жасалады.

26-бап. Жерге мемлекеттiк меншiк

1. Мемлекеттiк билiк органдарына, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге берiлген, қорғаныс қажеттерiне пайдаланылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алып жатқан, сауықтыру және тарихи-мәдени мақсаттағы, орман және су қорларының, елдi мекендер жерiндегi ортақ пайдаланудағы, босалқы жер, оның iшiнде арнайы жер қорының жер учаскелерi, кенттер мен ауылдық елдi мекендердiң маңындағы жайылымдық және шабындық алқаптар, сондай-ақ жеке меншiкке берiлмеген шалғайдағы жайылымдар мен басқа да жерлер мемлекеттiк меншiкте болады.

2. Мынадай жер учаскелерi:

қорғаныс және мемлекеттiк қауiпсiздiк, мемлекеттiк меншiктегi қорғаныс өнеркәсiбi қажеттерiне; Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қорғау және күзету үшiн тұрғызылған инженерлiк-техникалық құрылыстар, коммуникациялар орналасқан; кеден қажеттерiне арналған жер учаскелерi;

ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;

осы Кодекстiң 128-бабының 4-тармағында санамаланған жер учаскелерiн қоспағанда, орман қорының жерi;

осы Кодекстiң 133-бабының 2-тармағында санамаланған жер учаскелерiн қоспағанда, су қорының жерi;

магистральдық темiр жол желiлерi мен ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары;

жеке меншiк құқығындағы үйлер мен ғимараттардың және оларға қызмет көрсетуге қажеттi жер учаскелерiн қоспағанда, елдi мекендердегi ортақ пайдаланудағы аумақтар орналасқан жер учаскелерi жеке меншiкте бола алмайды.

3. Азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың бөлек меншiгiне:

тұрғын халықтың қажетiне арнап пайдаланылатын және соған арналған жайылымдық және шабындық алқаптар;

ортақ пайдаланудағы жолдар, оның iшiнде шаруашылықаралық және мекенаралық маңызы бар, сондай-ақ ортақ пайдаланудағы жер учаскелерiне өтуге арналған жолдар;

жер учаскелерiнiң екi немесе одан көп меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар бiрлесiп пайдаланатын суландыру құрылыстары (суландыру каналдары, суағарлар, құдықтар, суат пункттерi) орналасқан жер учаскелерi берiлмейдi.

2009.04.07 № 166-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, магистральды темiр жолдарды, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарын және магистральды құбырларды, энергетиканы дамыту үшін белгiленген тәртiппен резервке қойылған, сондай-ақ сәулет-қала құрылысының және (немесе) құрылыстың бекiтiлген құжаттамасына сәйкес әкiмшiлiк және әлеуметтiк маңызы бар объектiлер (әуежайлар, әуеайлақтар, вокзалдар, станциялар, ортақ пайдаланудағы жолдар, мемлекеттiк органдардың әкiмшiлiк ғимараттары, ауруханалар, мектептер, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, парктер, бульварлар, гүлзарлар және қоғамдық пайдаланудағы басқа объектiлер) құрылысына арналған жер учаскелерi олардың жобалық игерiлуiне дейiн жер пайдаланушыларға басқа мақсаттар үшiн уақытша пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн.

5. Егер осы Кодекске сәйкес мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерi жеке меншiкте бола алатын жағдайда, оларды азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiгiне беруден бас тартуға жол берiлмейдi.

27-бап. Мемлекеттiк меншiк құқығын iске асыру

Мемлекеттiк меншiктегi жерден жер учаскелерi:

1) жеке меншiкке сатылуы немесе өтеусiз берiлуi;

2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды

1-1) ұлттық компания мәртебесі бар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жарғылық капиталының (меншігінің) төлеміне берілуі;

2) тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлуi;

3) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде немесе халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де құқықтық нысандарда iске асырылуы мүмкiн.

Наши рекомендации