Идеялары, теориялары жӘне Өкілдері 3 страница

Психологияның абстрактілі индуктивті ғылымнан нақты қоғамдық ғылымдарға өтетін ойлаудың дедуктивті қозғалысы тарихтан индуктивтік қозғалыспен толықтырылады. Соңғысы әлеуметтануға ойлау үшін адамдар қоғамының шын даму барысын бақылаудан туындайтын эмпирикалық тұжырымдар түріндегі материалдар береді. Шынайы бақылаулар қажет. Әлеуметтану тек тарихи қорытындыларды психологиялық және этологиялық заңдар арқылы жүйелі тексеруді ғана жүзеге асырады. Сөйтіп, әлеуметтану қарапайым эмпирикалық заңды табиғаттың шынайы заңына, яғни жалпыға маңызды болашақ жағдайды болжау үшін пайдаланатын ғылыми заңға айналдырады. Нәтижесінде әлеуметтану өткен уақыттың қоғамдық ойының дәстүрлі мүдделерін Конттан кейінгі жаңа эволюциялық мүдделермен тарихи жағдайлардың ауысу заңдарына және қоғамның тұтас нәрсе ретіндегі ерекшеліктеріне орай байланыстыратын аралық бақылау пәні болып қалады.

Әлеуметтанудың бақылау функциясы - бүкіл адамзатты және әр түрлі әлеуметтік-тарихи жағдайларды эмпирикалық байқаулардың сындарлы емес әспеттеу (экстраполяциясы) қателіктерінен, сондай-ақ адам табиғаты ерекшеліктерін теориялық тұжырымдау негізінде ғана қоғамдағы адамның нақты мінез-құлқын таза саудаға салу қателіктерінен де қорғауды білдіреді.

Милль кез келген нәрсені, қоғамдық жай-күйдің тарихи сабақтастығының қандай да бір нақты біркелкілігін табиғаттың шынайы заңы ретінде аңғалдықпен қабылдаудан үнемі сақтандырып отырды. Оның сенімділігіне көз жеткізу үшін, әлеуметтану эмпирикалық заңды тұтастық дәрежесі неғұрлым жоғары, өзінің нақты базасына тәуелсіз негізделген және тексерілген тұжырымдар мен түсіндірмелерді дедукциялауға болатын заңдарға ұштастыруы керек. Ғылыми рәсім ретінде редукция қорытудың екі тәртібінің - әлеуметтік ғылымның жалпы принциптерінің долбарлы дедукциясы мен нақты тарихи айқындықтың сәйкес келуін белгілеуі тиіс. Қорытудың осы екі қатарының сәйкес келмеуі, оларды байланыстырудың мүмкін болмауы бұларды сын тезінен өткізу қажеттігін көрсетеді.

Алғашқы тарихи және әлеуметтанушылық тұжырымдарды тұтастық дәрежесі неғұрлым жоғары заңдарға айналдыру Милльдің кері дедуктивті немесе тарихи әдісінің мәні болып табылады, ол тәсілді Милль өзінің әлеуметтік ғылыми әдістерінің ішіндегі ең маңыздысы және сенімдісі деп есептеген.

Формальды-қиындық құрылым бойынша Милль өзінің кері дедуктивті әдісінде жалпы ғылыми әдісті ұсынып, кейіннен болжамдарды түсіндірудің дедуктивті себептерін тексеруді сипаттады. Қазіргі ғылымда мұндай тәсілді әдетте гипотетиктік-дедуктивтік әдіс деп атайды. Болашақты болжау мен түсіндіруде болжамдарды тексеру әдісі барлық жерде бірдей. Тексерілген болжамнан, мейлі ол әмбебап заң болсын немесе бастапқы жағдайлар туралы қабылданған ойлар болсын, белгілі бір болжамды дедукцияға сүйеніп қорытынды шығарылады. Мұндай болжамның көптеген байқаулардың нәтижелерімен үйлесімділігін – болжамның расталуы, ал сәйкес келмеушілігін терістелуі деп есептейді. Алайда болжамдық-дедуктивті әдіс еш жерде оның көмегімен тексерілген ғылыми ой-пікірлердің түпкілікті дәлелдемелерін бермейді.

Бір текті емес саналардың өзара іс-әрекетін қорытындылаған кезде қыруар сандық күрделіліктерді Милль адамның мінез-құлқы заңдарын статистикалық тұрғыдан түсіндіру арқылы шешуді ойлады. Егер адамдардың іс-әрекеті адамзат табиғатының жалпы заңдары мен оның көрініс табуының нақты жағдайларының бірлескен әсерінің нәтижесі және адам мінезінің жеке ерекшеліктерінің мәні болса, онда осы іс-әрекеттерді түсіндіру жалпыға ортақ, заңды нәрсені жеке және кездейсоқ нәрседен бөліп алу әдісі табылуына байланысты жемісті болады. Белгілі бір шарттарды орындаған жағдайда статистика мұны қамтамасыз етеді, себебі үлкен кеңістіктер мен аумақтарда кездейсоқ ауытқулар бейтараптанып, ортақ үрдіс туындайды. Әлбетте, статистикалық, ықтималдық заңдылықтары нақты жағдайда жеке адамдар мен топтардың әрекеттерін алдын ала көруге мүмкіншілік бермейді, алайда адамдардың ірі топтарындағы бағыттар мен үрдістерді айқындайды. Милль, сондай-ақ, статистикалық үрдістердің, тіпті ғылымның барлық қағидалары бойынша расталған, заң шығарушы мүмкіндігін асыра бағалауға болмайтынын ескертеді. Олардың жинақталған нәтижесін бәрібір нақты болжау қиын, сондықтан да солардың негізінде барлық қоғамға ақиқат болып табылатын қандай да бір ой-пікірлерді, яғни нағыз әмбебап заңдарды белгілеу мүмкін болмайды.

Милльдің адамның іс-әрекеттерін түсіндірудегі нақты ортаның маңызы туралы ойларына қарамастан, жеке-дара психикалардың өзара қарым-қатынасының жемісі ретінде осы ортаның құрылымын, оның пікірінше, адамзат табиғатының психологиялық феномендерінен шығару керек еді. Эволюциялық идеямен астасқан психологизм дәстүрлердің қалыптасуын да, дамуын да адамның табиғатына жүгіну арқылы түсіндірілуі керек деген психологизмнің шешуші қағидасымен байланыстырды. Осы әлеуметтік өмір фактілерін психологиялық заңдарға ұштастыру талпынысы қоғамның қалыптасуы мен дамуының мән-маңызын саудаға салуға қисынды түрде алып келген еді.

О.Конттан кейін Милль адамзат өмірінің барлық жақтарының дамуы, ең алдымен, адамдардың ақыл-ойының дамуына, яғни адамдар пікірінің дәйекті өзгеру заңына байланысты деп білді. Материалдық өркениетте кез келген маңызды прогрестің алдында білім прогресі тұрды және қоғамның ойлау машығындағы шұғыл өзгерістер маңызды әлеуметтік өзгерістердің хабаршыларына айналды.

Тұтас бір нәрсені басқа нәрсемен ауыстырудың жүйелі тәртібін бақылауды қамтамасыз ететін басты ұғым, Милльдің ойынша, қоғамның жай-күйін түсіну болды. Қоғамның жай-күйін ғылымның ерекше объектісі ретінде қарастырған кезде, элементтердің арасында әлдебір табиғи арақатынас болатыны айтылады. Қоғамның жай-күйі - барлық маңызды әлеуметтік фактілердің немесе құбылыстардың да жай-күйі. Қоғамның мұндай жай-күйін біртіндеп ауыстыру заңдары адам нәсілі мінезіндегі прогрессивті өзгерулерге сәйкес шын тарихи оқиғалар тізбегінің тәртібін болжай алады.

Дж. Ст. Милльге қатысты барлық сыни ескертулер оның қоғамдық ғылымдар әдіснамасына қосқан үлесін, соның ішінде оның әмбебап жаратылыстанудағы ғылыми әдісіне қатысты дәлелдемелерін жоққа шығармайды. Ол тарихтың әлеуметтанусыз, әмбебап заңдарсыз өмір сүре алмайтынын және кейбір жекелеген оқиға басқа бір жекелеген оқиғаның тек әмбебап заңдарға қатысты себебі ретінде айқындалатынын көрсетті.

Карл Маркс

Карл Маркс (Karl Marx) (1818-1883) - неміс философы, әлеуметтанушысы, марксизмнің негізін қалаушы.

1818 жылы Трир қаласында (Германия) адвокаттың отбасында дүниеге келген. Германияда (Бонн, Берлин университеті) білім алады, оқуын бітірген соң баронесса Женни фон Вестфаленге үйленеді. Журналист болып істейді. Тұрақты жұмыс іздеп 1843 жылы Парижге келеді. Онда радикалды эмигранттар тобына кіріп, социалист болады. Парижде ауқатты фабрикант-тоқымашылар отбасынан шыққан Фридрих Энгельспен кездеседі. Кейіннен олар өмір бойы жақын дос болып кетеді. 1845 жылы Пруссия үкіметінің шешімімен Парижден жер аударылып, Брюссельге көшіп келеді. 1848 жылы Француз революциясы басталғаннан кейін Бельгия үкіметі оны тұтқындап, елден қуады. Маркс Парижге қайтып оралып, жаңа Коммунистер Одағының Орталық Комитетін құрады. Осы жылдың сәуір айында Маркс пен Энгельс Кельнге келеді. Мұнда Маркс “Жаңа рейн газетінің” бас редакторы болып істейді. 1849 жылы мамыр айында Пруссия үкіметі газетті жауып, Марксті елден қуады. Ол Парижге қайтып оралып, одан 1849 жылы тамыз айында Лондонға кетуге мәжбүр болады. Мұнда ол өмірінің соңына дейін, яғни 1883 жылға дейін өмір сүреді. Қатты мұқтаждық көріп, кездейсоқ журналистік табыспен күн көреді. Оның отбасына негізінен Энгельс қаржылық көмек беріп тұрды.

Британдық “The Penguіn Dіctіonary of Socіology” сөздігі Маркстің еңбегі әлеуметтанудың дамуы үшін маңызды болып табылатын бес саланы көрсетеді: 1) өзінің алғашқы еңбектерінде Маркс иеліктен айыру ұғымына ден қойды; бұл тақырып оның кейінгі көптеген еңбектерінде кездеседі; 2) ол өзінің экономикалық өмір мен басқа да әлеуметтік институттар байланысты деген көзқарастарымен кеңінен танымал; 3) ол ең алдымен әлеуметтік таптарға ұйымдасқан қоғам тіршілігіне талдау жасауға мүдделі болды; 4) әлеуметтік өзгеріс теориясы Маркстің еңбектерінде таптық күрес теориясынан соншалықты көрініс табады. Таптық күрес, оның тұжырымдауынша, “тарихтың қозғаушы күші” болып табылады; бұл идея Маркстің шығармашылығын терең баурап алғаны сонша, батыс әлеуметтануында маркстік теорияны кейде “жанжалдар теориясы” (conflіct theory) деп атайды; 5) Маркс негізінен капиталистік қоғамның теоретигі болды.

Батыстың теориялық әлеуметтануына еніп, әлеуметтануда антипозитивистік бағдар негіздерін қалаған немістің әлеуметтік философиясының басты санаты кезінде И.Г.Фихте айтқан иеліктен айыру идеясы болып табылады. Адамдар арасында орнайтын қарым-қатынастың ерекше түрі иеліктен айыру деп аталады. Үстірт қарағанда ол адамның қандай да бір затты бақылаудан айырылуын немесе тіпті өз болмысын құрайтын өзіндік қасиеттерден айрылу нысанын көрсетеді. Иеліктен айыру мәні мысалы, меншік және нарықтық айырбас қатынастарында айқын байқалады. Мәселен, егер мен бір затты жасап шығарсам және оны жасауға өзімнің білімімді, күшімді, уақытымды жұмсасам, онда ол затты өз қалауымша пайдалануға құқылымын. Ал егер мен оны басқа біреуге сататын болсам, онда ол затқа меншік құқығымды жоғалтамын, демек оның бұдан кейінгі тағдырына араласа алмаймын.

Маркс өзінің бірқатар еңбектерінде, атап айтқанда, “1844 жылғы экономикалық және философиялық қолжазбаларынан” бастап, иеліктен айырудың мұндай түсіндірмесін дамытып, өрістете түседі. Ол иеліктен айыру қатынастарының негіздері адамдардың өзіндік табиғи болмысына қарсы келетін әлеуметтік құрылымның өзінде жатыр деп санады. Ол адамның болмыс-бітімі еңбектен көрінеді, шығармашылық белсенділігі басқа адамдармен бірлесіп әрекет етуінен жалғасын табады, сол арқылы адамдар өздерінен тыс дүние құрады деген сенімде болды. Өндіріс процесі - “объективтендірудің” бірі, сол арқылы адамдар адамзат шығармашылығы болып табылатын материалдық объектілер жасайды, алайда бұл ретте олар өздері жасап шығарушылардан бөлек тұрған болмыс ретінде көрінеді. Иеліктен айыру адам объективтендіруден өткеннен кейін өз өнімінен өзін көре алмаған жағдайларда, сол өнім өзіне жат көрініп, “бұдан былай оның меншігі емес” және “оның өзіне қарсы күшке айналған кезде” орын алады.

Маркс капиталистік қоғамда иеліктен айырудың төрт түрлі ерекшелігін көрсетеді. 1. Жұмысшы өз еңбегінің өнімінен айрылып отыр, себебі ол өндірген затты басқалар иемденеді, ал ол осы өнімнің кейінгі тағдырына бақылау жасай алмайды. 2. Жұмысшы өндіріс актісіне иелік жасаудан айырылған. Жұмыс іштей қанағаттандырмайтын нәрсеге айналады да, жұмысшыға сыртқы мәжбүрлеуші күш ретінде қысым жасайды. Бұл ретте еңбек өз аясына басқа біреу мәжбүрлеп ұсынатын бағаны да қамтиды. Жұмыс іс жүзінде сауда түріне айналады, ол сатылады және жұмысшы үшін мұндағы бірден-бір құндылық - өндіріс агенті ретіндегі оған деген сұраныс болып табылады. 3. Жұмысшы өзінің табиғи болмысынан немесе “әлеуметтік болмысынан” алшақтайды, себебі осы екі нәрсе оны жануарлардан ерекшелендіріп тұратын өндірістік белсенділігінен айырады. 4. Жұмысшы басқа адамдардан оқшаулана береді, себебі капитализм оның басқа адамдармен қатынастарын нарықтық қатынастарға айналдырып жібереді. Және адамдарға деген қатынасты олардың адамдық қасиеттері бойынша емес, нарықтағы орнына байланысты қалыптастырады. Адамдар бір-біріне тұлға ретінде емес, бастық пен бағынушы, жұмысшы мен капиталист ретінде қарай бастайды.

Маркс капиталдың өзі дамыған капиталистік экономика шеңберінде оқшауланудың қайнар көзі болып табылады деп есептейді. Бұл капиталистік қор өзінің қажеттіліктерін тудырып және ол қажеттіліктер адамдарды тұтыну заттарының деңгейіне дейін төмендетудің салдарынан туындайды, жұмысшы капиталды қолданысқа енгізетін факторға айналады, олардың қызметі адами қажеттіліктері мен мәніне қарай емес, жұмыс берушіге пайда әкелу қабілетіне қарай бағаланады. Нарықтық экономика шеңберіндегі қор жинауды басқаратын қағидалар - нарық қағидасы. Бұл қағидалардан бірқатар сүреңсіз механизмдер құрылып, олар барлық экономикалық факторларды (капиталистерді де, жұмысшыларды да) басқаратын болады және нарық бұлардың екеуіне де қатысты басым күшке ие болады. Маркс пайда мен капиталистік қордың қажеттіліктері сырттай байқаушыға өз бағытымен жүріп жатқан сияқты болып көрінгенімен, бұл сүреңсіз механизмдер іс жүзінде бір таптың шығарған нәрсесін екінші таптың иеленуіне мүмкіндік беретін капитал мен қанаудың адам баласына қатысты тамырларын бұрмалайды деп көрсетті.

Капиталистік иеліктен айыру туралы жоғарыда айтылғанның бәрін Маркс тарихи процесс нысаны деп атауға болатын осы процесс нәтижелерінің оны жасаушы адамдарға қатысты тұрғысынан қолданады.

Маркстің пайымдауынша, капиталистік өндіріс процесі барысында “әмбебап” адам пайда болады, оның дене күштері өнеркәсіп күштерімен еселеніп, табиғаттың әмбебап күштерінің мөлшеріне дейін өседі, ал оның интеллектуалды күштері ғылым күштерімен еселеніп, “жалпы интеллект” мөлшеріне дейін ұлғаяды. Маркстің ойынша, мұндай адамды жасау – капитализмнің тарихи еңбегі.

Капиталистік оқшауланудың дамуы барысында елеулі өзгеруді адамдардың оқшаулану мәселесінің өзі жасады. Мұндай адамға қайтар жол жоқ: өнеркәсіп мұндай агентті қажетсінбейді.

“Экономика адамына” бағдарланған саяси экономия өзінің пәні болып табылатын капитал экспроприациялаған “қосымша құннан” айрылып қалу алдында тұрады. Ең ірі өнеркәсіптің өзі жасаған қайта дамушы негізбен салыстырғанда, біреудің жұмыс уақытын ұрлау дегеніміз мәнсіз негіз болып көрінеді. Еңбек өзінің тікелей нысанында байлықтың қайнар көзі болудан қалған бойда, жұмыс уақыты да байлықтың өлшемі болудан қалады, сондықтан айырбас құны тұтынушы құнының өлшемі болудан қалады.

“Еңбекті жою” талабы - ірі өнеркәсіптің жалпы үрдісіндегі көрініс болып табылады, ол бойынша өнеркәсіп табиғаттың “әмбебап күштерін”, адам қатынастары мен ғылымды өндіріс айналымына тарту деңгейіне қарай бұрынғыдай “еңбектің” көзі болып табылатын өндіріс агентіне деген қажеттілікке мұқтаж болмайды. Маркстің ойынша, “әмбебап адам” өндіріс үшін өте қажет, “әмбебап адам” дегеніміз - өзінің қабілетін “жалпы адамзаттық дамудың нәтижесі” болып табылатын ғылым, өнер, философия, мәдениетпен толықтырған, яғни осы “әмбебаптықты” “қабылдаған” адам. Тек осындай адам өнеркәсіптің дамуында жаңа мүмкіндіктер аша алады, себебі олар тарихты, уақыттың өзін қоса алғанда, қазіргі өнеркәсіптің адамзат дамуында жаңа күштерді меңгеру мүмкіншіліктеріне тікелей байланысты. Маркстің ойынша, ірі өнеркәсіп “әмбебап субъектіні” қажетсініп қана қоймайды, сонымен қатар ол мұндай субъектінің қалыптасуына мүмкіндіктер (дамуы үшін “кеңістік”, бас уақыт) жасайды. Машиналар жүйесі қажетті еңбекті ең аз шегіне дейін жеткізуіне қарай бос уақыт та көбейеді, сөйтіп адам қалыптасуының негізгі саласы – еңбек емес, бос уақыт және «қызықты іспен айналысу» болады.

Маркстің идеялық-теориялық эволюциясы барысында “оқшаулану” ұғымы өзгеруінің жалпы үрдісі адамның оқшаулану жай-күйінің баламасы ретінде адам болмысы іс-әрекетінің “мәдениет” терминімен анықталатын нысаны барған сайын жиі кездесе бастайтынын көрсетеді. Ғылым, өнер, мораль тәрізді сана нысандарында көрінетін және ой елегінен өтетін жоғарғы құндылықтарға қатысты адамдардың тікелей практикасының аясындағы мәдениетті «жоя отырып», адамзат жақсылықтың, зұлымдықтың не екені туралы пайымдау мүмкіндігінен айырылады.

Ғылыми социализмнің теориялық ерекшелігі негізінен Маркстің социализмге немістің классикалық философиясы арқылы келуімен түсіндіріледі. Ол болмыс пен тіршілік ара қатынасының жалпы философиялық проблемасын антропологиялық тұрғыда: адам тіршілігінің адам болмысына қатынасы мәселесі ретінде тұжырымдады. Фейербах сияқты, Маркс те нақтылықты эмпирикалық-сезімдік, денелік көрсеткіш ретінде пайымдады. Алайда, онымен салыстырғанда, Маркс адамдар қатынасын “тектік” қатынастармен байланыстырмайды. Сөйтіп, адам болмысы өмірлік қажеттіліктерге байланысты өзі сияқтылармен шүйіркелесу барысында ашыла түседі. Ал бұл дегеніңіз – жеке адамның тіршілік ету мүмкіндігінің шарты ретінде оның өмірі басқа адамдармен байланысты екендігін білдіреді. Сонымен қатар, бұл әрбір жеке адамның «болмыс-бітімі» бір мезгілде одан тыс та бола алатынын білдіреді. Және бұл оның жеке, «туа біткен» болмысы десек те, әр адам оны басқа адамдармен қатынасында ғана жасай алады. Мұндай адамзат болмысын сонымен қатар, “жалпы болмыс” немесе немісше – das Gemeіnwesen деуге де болады.

Фейербах сияқты, Маркс те Gemeіnwesen-ді «тектік» болмыс деп атайды, алайда әңгіме «ақжарқындық», «жұртшылық», «әлеуметтілік» деген ұғымдар аясында қамтылатын адам туыстығы туралы болып отырғанын естен шығармайды. Адамды түсінуге қатысты әлеуметтік-философиялық тұрғыдан алынған жалпы философиялық принциптердің белгілі бір үйлесімділігі нәтижесінде социализмнің алғашқы жорамалы – адам болмысындағы «текті» әрбір жеке адамға қатысы бойынша сөзсіз басымдыққа ие ортақ, ұжымдық ретінде түсіндіру орын алды.

Маркс пен Энгельс оқшауланудың жойылуы (дәлірек айтқанда, құрып кетуі) коммунизмнің материалдық алғышарты ретіндегі өндіргіш күштердің орасан дамуымен тығыз байланысты деп санады. “Төзуге келмейтін” күш болу үшін, яғни оған қарсы революция құратын күшке айналу үшін бұл оқшаулану адамзаттың негізгі бұқарасын меншіктерінен айрылған және байлық пен білімге қарсы тұрған адамдарға айналдыруы керек, ал бұл екі шарт өндіргіш күштің керемет өсуіне, оның дамуының жоғарғы дәрежесіне жеткізеді”.

Әрине, Маркс заманынан бері оқшаулану ұғымы өзінің алғашқы әлеуметтанушылық мағынасын жоғалтса да, бүгінгі күні ол әлеуметтік құбылыстарды кеңінен сипаттау үшін қазіргі заманғы әлеуметтану теориясында қолданылады. Жеке адамның өзінің өмір сүріп отырған қоғамға қанағаттанбаудың кез келген сезімдері; және қоғамда моральдық іріп-шірудің орын алғанын сезіну, сонымен қатар әлеуметтік институттар алдындағы шарасыздығын сезіну; және ірі бюрократиялық әлеуметтік ұйымдардың азғындаған табиғаты – осының бәрі оқшаулану ұғымына жатады. Соңғысы М.Вебердің қазіргі заманғы қоғам дамуының бюрократиялық үрдістері жайындағы пікірімен ұштасады. Жалпы алғанда, бұл ұғым қазіргі әлеуметтануда сирек қолданылады. Көптеген әлеуметтанушылар, соның ішінде марксшілдер Маркс өзінің кейінгі еңбектерінде оқшаулану идеясынан бас тартып, қанау идеясын жақтағанын айтып, бұл ұғымды сақтаудың мәні қалмады деп санайды. Ал көптеген марксшіл емес әлеуметтанушылар оқшаулану ұғымының тым көмескі болып кеткендігін айтады.

Маркс өзінің зерттеулерінде қолданған әлеуметтану әдісі тарихи материализм деп аталады. Оның мәні мынада: К.Маркс тарихтың материалистік түсіндірмесін ұсынады, ол бойынша әлеуметтік, мәдени және саяси құбылыстар кез келген қоғамда материалдық құндылықтарды өндіру әдісімен анықталады (“табиғи-тарихи даму”). Тарихи процестерді түсіндіруде бұл тұжырымдама қоғамдық санадағы басқа идеялар сайып келгенде экономикалық тұрмыс-тіршілік шартының туындысы деп есептеп, ең алдымен экономикаға себепті басымдық береді. Басқаша айтқанда, адамдар араласатын барлық қарым-қатынастардың ішінде Маркс материалдық игіліктер өндіру, тарату және тұтыну жөніндегі қарым-қатынастарды бірінші орынға қояды. Сөйтіп, оның ойынша, адамдар ғылыми пікірталас жүргізбес бұрын, құлшылық етпес бұрын, өлең жазып, гимн айтпас бұрын өздеріне тамақ, киім, баспана жасаулары керек.

Осы үлгінің көмегімен Маркс қоғамның әлеуметтік өмірі мен басқа әлеуметтік институттар арасында тым бір жақты және тәптіштеп түсіндірілген байланыс орнатады. Маркс заманынан бері әлеуметтануда “материализм” ұғымының барлық әлеуметтік құбылыстардың негізгі себебі экономикалық қатынастар болып табылатын теорияларға қатысты ерекше мәні бар.

Осы теорияның негізінде Маркстің, базис пен қондырғы теориясынан көрініс табатын, кез келген қоғамның әлеуметтік құрылымының талдамалық схемасы жасалады. Бұл екеуі бөлінбейтін егіз ұғым, оның біріншісі екіншісінің негізі. Жалпы алғанда, бұл схема мынадай негізгі элементтерден тұрады.

Базис адамдардың экономикалық саладағы барлық өзара қарым-қатынастарын қамтиды. Бұл саланың ұйытқысы және неғұрлым серпінді элементі өндіргіш күштер. Бұл жалпылама атау білімі, шеберлігі және дағдысы бар қызметкерлерді (тұлғалық элемент) өндіріс құрал-жабдықтарымен (заттық элемент) бірігуін қамтиды, бұған өңделуге тиіс материалдар да осы жұмысты атқаратын құрал-жабдықтар да кіреді. Өндірістік қатынастар, яғни адамдардың өндіру және материалдық игіліктерді бөлу жөніндегі барлық қарым-қатынастарының жиынтығы өндіргіш күштердің дамуы үшін өзіндік қоректендіру ортасын жасайды. Өндірістік қатынастардың негізінде (іргетасында) меншік қатынастары жатады. Меншік қатынастарында еңбек еткен адам өндіріс құрал-жабдықтарына не еңбекке немесе екеуіне де ие болғандықтан, өнімді иелене алады. Қондырғы, әдетте, қоғамда бар мемлекет, отбасы немесе әр түрлі идеологиялар сияқты институттарды қамтитын санат болып табылады.

Наши рекомендации