Азақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымдағы N 6-I Заңы

43-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық басқарудың мақсаттары және саласы

1. Ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторлары, орындаушылар, фонограмма шығарушылар немесе өзге де авторлық және сабақтас құқықтар иелері өздерінің мүліктік құқықтарын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар құруға құқылы.

2. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның коммерциялық қызметпен айналысуға, сондай-ақ ұжымдық негізде басқару үшін алған туындыларды және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыруға құқығы жоқ.

3. Әртүрлі құқықтар мен құқық иелерінің түрлі санаттары бойынша жекелеген ұйымдар, не құқық иелерінің бір санатының мүдделеріне сай түрлі құқықтарды басқаратын ұйымдар, не құқық иелерінің түрлі санаттарының мүдделеріне сай құқықтардың бір түрін басқаратын ұйымдар құруға жол беріледі. Мұндай ұйымдарды тікелей авторлық және сабақтас құқықтар иелері құрады және ұйымдар солардан алған өкілеттіктер шегінде жарғы негізінде әрекет етеді.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар, атап айтқанда, ұжымдық басқарудың мынадай салаларында:

1) көпшілік алдында орындалуына, жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру, оның ішінде ретрансляциялау арқылы хабарлауға қатысты жарияланған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындыларға және музыкалық-драмалық туындылардың үзінділеріне айрықша құқықтарды басқару;

2) дыбыстау-бейнелеу туындыларында пайдаланылған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындылардың авторлары болып табылатын композиторлардың осындай дыбыстау-бейнелеу туындыларын көпшілік алдында орындау немесе жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

3) бейнелеу өнерінің туындыларына қатысты қадағалау құқығын басқару;

4) авторлардың, орындаушылардың, фонограммалар және дыбыстау-бейнелеу туындыларын шығарушылардың фонограммаларды және дыбыстау-бейнелеу туындыларын жеке мақсатта әрі табыс алмастан қайта шығару үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

5) орындаушылардың коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

6) фонограмма шығарушылардың коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

7) жарияланған туындыларды көшіруге (репрографиялық қайта шығаруға) құқықтарды басқару;

8) эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымының көпшiлiк алдында орындау үшін, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе коммерциялық мақсаттарда жарияланған өз хабарларын эфирде беру үшiн сыйақы алу құқықтарын жүзеге асыру салаларында құрылуы мүмкiн.

4. Осы Заңның 46-1-бабының 2-тармағының ережелері ескеріле отырып, мүліктік құқықтарды ұжымдық басқаруға өкілеттікті тікелей авторлық және сабақтас құқықтар иелері жазбаша шарттар негізінде ерікті түрде, сондай-ақ осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйымдармен жасалған тиісті шарттар бойынша береді.

5. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың жарғылары осы Заңның талаптарына сай келетін ережелерден тұруға тиіс. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымды тіркеуден бас тартуға осы Заңның, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу тәртібін белгілейтін заңнаманың талаптары бұзылған жағдайда жол беріледі.

6. Аталған ұйымның қызметіне басшылықты мүліктік құқықтары басқарылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелері жүзеге асырады. Сыйақының мөлшеріне және пайдаланушылармен лицензиялық шарт жасасу ережесіне, жиналған сыйақыны бөлу және төлеу тәсіліне және мұндай ұйым қызметінің өзге де принципті мәселелеріне қатысты шешімдер қабылдауды тек қана авторлық және сабақтас құқықтар иелері жалпы жиналыста алқалы түрде жүзеге асырады.

Авторлық құқықтағы мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың мiндеттерi.

Наши рекомендации