VI-X ғғ. Қазақстанның экономикалық және мәдени өмірі. Ұлы Жібек жолы.
Мал шаруашылғының 2 түрі:
Көшпелі мал шаруашылығы,
Жартылай көшпелі мал шаруашылығы.
Өсірген негізгі малдары: қой, ешкі, жылқы. Солтүстік Қазақстанда негізгі мал ірі қара (сиыр) болды.
Егін шаруашылығы. VII-VIII ғасырларда Арыс өзенінің жағасында суландыру жүйесі қалыптасты. Ақтөбе су жүйесі мен Весидж суландыру жүйесі осы кезеңге жатады. Егінді суаруға өзен суымен қатар қар суы пайдаланылған. IX-XII ғасырлардағы аса ірі суармалы егіншіліктің орталығы Оңтүстік Қазақстандағы Отырар өңірі болды. Жетісуда Талас өзенінің маңында ұзындығы 100 шақырымға дейін жететін Қалмақ арық деген егіншілікке арналған су арнасы болған. Жалпы егіншілік Оңтүстік Қазақстанда (Сырдария, Арыс), Жетісуда (Іле, Талас) жақсы дамыған. Өсірген дәнді дақылдар: тары, бидай, арпа, сұлы және бау-бақша өнімдері. Егіншілік құралдары: кетпен, орақ, айыр, күрек т. б.
Қолөнер. Орта ғасырларда Қазақстанды мекендеген халықтардың қолөнері жөнінде археологиялық құнды деректер мол. Олар ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу арқылы қолөнер түрлерін дамытқан. Мысалы, тоқымашылық, кілем тоқу, ою-өрнек жасау т. б. Орта ғасырларда ыдыстардан құмыра көп жасалған. X-XII ғасырларда қыш ыдыстар пешке күйдіріліп жасалған. Тараз, Отырар қалаларында шыны бұйымдар өндірілген. Орта ғасырлардағы шеберлер мыс, алтын, күміс, қорғасын, темір сияқты металдарды өңдей білген. Қолөнер шеберлері түрлі әшекей бұйымдар мен диірмен, келсап сияқты тұрмыс заттарын да жасаған. Зергерлік өнер XI-XII ғасырларда жақсы дамыды.
Сауда және ақша айналымы. Орта ғасырларда Қазақстанның сауда ісінде «Ұлы Жібек жолының» орны ерекше болды. Бұл жолдың бойында Тараз, Испиджаб, Шаш, Мерке, Құлан, Суяб сияқты қалалар орналасты. Қазақстанның орта ғасырлардағы аса ірі сауда орталықтары – Тараз, Отырар, Сығанақ сияқты қалалар. Қазақстан халықтары негізгі сауданы Орта Азия, Иран, Сібір, Кавказ, Шығыс Түркістан елдерімен жасады. Сауда айналымындағы негізгі заттар: кілем, мата, жылқы, әшекей, қару-жарақ т. б. Қытай елінен Жібек жолы арқылы жібек келіп тұрды. Сауданың дамуы ақша айналымын тудырды. VI-VIII ғасырларда әр тайпаның өз теңгелері болған. Сауда айналымында VII ғасырда ежелгі түрік теңгелері мен соғды теңгелері, VIII ғасырда Бұхара теңгелері мен Ташкент (Шаш) теңгелері, Тараз қаласында түркеш теңгелері, IX-X ғасырларда Самани әулетінің мыс теңгелері, күміс дирхемдері жүрді. XI-XII ғасырларда Тараз, Испиджаб, Шаш, Қашғар, Бұхара қалаларында теңге сарайлары болды. XII-XIII ғасырларда Отырар қаласында мыс дирхемдер шығарылды. Жазба деректерде Тараз бен Суяб қалалары ірі сауда орталықтары болғаны айтылды.
Мәдени өмірі.Ерте орта ғасырларда Қазақстан жерінде түркі тілдес халықтар қалыптасты. Түркі тілдес халықтармен қатар Қазақстан жерінде басқа тілдік топтар да өмір сүрді. Түркі тілдес топтардың ішіндегі ең ірісі – VIII-X ғасырларда Ертіс өңірінде қалыптасқан қимақ-қыпшақ тобы. Сонымен қатар Қазақстан жерінде иран (соғды) тілдес, сирия тілдес, араб тілдес халықтар тобы өмір сүрді. VI ғасырдан бастап түркі тілдес тайпалардың өз жазулары болды. Бұл жазу ғалымдардың пікірінше, соғды жазуына ұқсас. Көне түрік жазуларының ескерткіштері Моңғолия жерінде табылды.
Бугут жазуымен соғды тілінде жазылған құлпытас Орталық Моңғолиядан табылған.
VI-X ғасырларда Қазақстанда соғды жазуы және тілі кең қолданылған. Бұл жазу Тараз, Баласағұн, Испиджаб қалаларында тарады. IX ғасырдан бастап Қазақстанда мекендеген тайпалар арасында ұйғыр жазуы қолданыла бастады. Ғалымдардың пікірінше, бұл жазу – соғды алфавитінің өзгертілген түрі. XII ғасырда соғды жазуына негізделіп жасалған түріктердің жаңа жазуында 38 әріп-таңба болған.
Көне түріктердің негізгі жазуы руна жазуы деп аталған. Бұл жазу скандинавиялық руна жазуына ұқсас. XVIII ғасырдың басында жазуды алғаш рет Д. Миссершмидт пен Ф. Страленберг атты ғалымдар Енисей аңғарынан тапқан. Ал аса бағалы тарихи ескерткіш болып саналатын руна жазуы бар құлпытас XIX ғасырда Солтүстік Моңғолиядағы Орхон өзені маңынан Н. М. Ядринцев тапқан. Құлпытастағы жазуды түркітанушы В. В. Радлов пен дат ғалымы В. Томсон оқыған. Бұл жазу «Орхон-Енисей тас жазуы» деп аталады.
«Орхон-Енисей тас жазуы» Бұл ескерткіш көне түрік руна жазуымен жазылған. Ескерткіш құлпытастар 689–744 жылдардағы Ұйғыр және Түрік қағанаттарының өмір сүрген кезінде орнатылған. Құлпытастар Білге қаған, оның інісі Күлтегін (732–735), кеңесші Тоныкөктің (716 жылы) құрметіне қойылған. Құлпытаста түрік дәуіріндегі батырлар мен ұлы адамдардың ерлігі, өмірі жайында жазылған. Ортағасырлық тарихи әдебиеттің тамаша үлгілері – VIII ғасырда Қазақстандағы руна жазуының ескерткіштері. Олар екі топқа бөлінеді:
Жетісулық жазулар тобы,
Ферғаналық қыштағы жазулар тобы.
XI-XII ғасырлардан кейін түрік мемлекеттерінде көне түрік руна жазуын ұйғыр жазуы мен араб жазуы ығыстырды.
Әдебиет және ғылым VI-VIII ғасырлар – түркі тілдес тайпалар арасында ерте дәуірден басталған ауызша шығармашылық дәстүр дамыды.
VIII-X ғасырлар – Сырдария алқабында қыпшақ-оғыз арасында «Қорқыт ата» эпосы тарады. Қорқыт ата – (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы) Сырдария алқабында дүниеге келген атақты жырау, күйші, ойшыл. «Қорқыт ата кітабын» тұңғыш зерттеуші – неміс ғалымы Н. Ф. Диц. «Қорқыт Ата кітабының» екі нұсқасы белгілі:
12 тараудан тұратын Дрезден нұсқасы.
6 тараудан тұратын Ватикан нұсқасы.
1999 жыл — «Қорқыт Ата кітабының» 1300 жылдығы дүниежүзілік көлемде атап өтілді.
«Оғыз-нама» эпосы ел арасына кең таралған. YI ғ. парсы тіліне, IX ғ. Араб тіліне аударылған.
XIII ғасыр – Рашид-ад-дин ескі нұсқасын бірінші жазып қалдырған.
XVII ғасыр – Әбілғазы хан толық көшірген.
«Оғыз – нама» жырында Оғыз ханның өмір жолы, күресі баяндалады.
X ғасырда жазба әдебиет қалыптаса бастады. IX-XII ғасырларда ислам дінінің таралуына байланысты әдеби және ғылыми шығармалар араб тілінде жазылды.
Жүсіп Баласағұни XIғ. (1021–1075 жж.) «Құтты білік» дастанын дайындауға 30 жылын арнап, 1 жарым жылда жазып шыққан (1069 ж.). Дастанда өмір сүрген ортаның шындығы, әлеуметтік топтың қоғамдық түсінігі мен саяси тұжырымы берілген. Бақытты болудың негізі – білім деп түйіндейді. Баласағұни еңбегін Сүлеймен Арслан ханға сыйға тартып, Ұлы хас-хажип атанған.
Махмұт Қашғари XIғ. (1030–1090 жж.) 1072–1074 жылдары жазылған «Диуани лұғат ат-түрік» («Түрік тілдерінің сөздігі») атты еңбегі тілтану ғылымына үлкен үлес қосты. Бұл шығарма – түркі тілдес халықтардың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрып, тілі туралы тарихи дерек. Түркі тілдес халықтардың энциклопедиясы атанды. Бұл еңбек ғалым А. Егеубайдың аударуымен 1997–1998 жж. қазақ тілінде жарық көрді.
Қожа Ахмет Иассауи XII ғ. (1103–1167 жж.) Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының сопылық бағытын дамытқан тұлға. Ахмет Иассауи XII ғасырда өмір сүрген. Өмірінің көбі Сайрам мен Иасыда (Түркістан) өтеді. Бұхара қаласында діни білім алған ол, Түркістан қаласында ислам дінін уағыздайды. Бұл кез Қазақстан жерін ислам дінінің жаңадан тарала бастаған уақыты болатын. Қожа Ахмет Иассауидың басты шығармасы «Диуани хикмат» (Даналық жайындағы кітап) 4 томнан құралған. Ол 63 жасқа, яғни Пайғамбар жасына жеткеннен кейін өзінше о дүниеде өмір сүреді. Жер асты қапаста қалған өмірін өткізеді. Ахмет Иассауи өзінің ұстазын Арыстан бабты қатты құрметтеген. XIV ғасырда Ақсақ Темір Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауидің бейітінің басына үлкен мазар салғызған. Сондықтан бұл жер мұсылмандардың «екінші Меккесі» аталған. «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген сөз содан қалған.
Сүлеймен Бақырғани XII ғ. (Хакім ата) Ахмет Йассауидің шәкірті, Йасыда 1104 жылы дүниеге келіп, 1186 жылы Бақырған қыстағында қайтыс болған. «Дүниенің ақыры» («Ақыр заман») еңбегінде тәңірге сенуді уағыздап, рухани тазалыққа үндейді. «Диуани хикмет» және «Дүниенің ақыры» еңбектері жүздеген жылдар бойы Орта Азия мен Қазақстанның медреселерінде оқулық ретінде пайдаланылды.
Ахмет Иүгінеки XII ғ. Толық есімі Әдиб Ахмед ибн Махмұд Иүгінеки. Түркістан маңындағы Иүгінек деген жерде дүниеге келген. Араб, парсы сияқты шығыс тілдерін жетік меңгерген. Ахмет Иүгінеки XII ғасырда «Хақиқатта» сияқты шығармалар жазған. Шығармалары ақиқат, адамгершілік сияқты рухани ойларды қамтиды. «Хақиқаттар хадисі» 14 тараудан, 235 беттен құралған. Басты тақырыбы – адамгершілік. Оның кітабы тек 1985 жылы басылып шығады.
Әбу Насыр Әл-Фараби IX-X ғ. (870–950 жж.) Орта ғасырдағы ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби Сырдария өзенінің жағасында орналасқан Отырар (Фараб) қаласында 870 жылы дүниеге келген. Толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Узлағ Тархан. Асқан білімділігімен «Шығыстың Аристотелі» атанған энциклопедист ғалым Әл-Фараби Бұхара, Самарқан, Дамаск, Бағдат, Александрия қалаларында өз білімін жетілдірген. Ол – философ, математик, тарихшы, физик, астроном, асқан дарын иесі. Араб, грек, парсы тілдерін еркін меңгерген. Архимед, Аристотель, Евклид, Пифагор еңбектерін зерттеген. Александрия, Отырар кітапханаларынан нәр алған. Оның әйгілі «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдардың шығуы», «Жұлдыздар бойынша болжаулар», «Мәселелердің түпкі мазмұны», «Вакуш туралы трактат» т. б. еңбектері тамаша ғылыми жетістіктер екені белгілі. Қыпшақ тайпасынан шыққан ұлы ойшыл Әл-Фараби 950 жылы Дамаск (Шам) шаһарында қайтыс болды.
Әбу Райхан әл-Бируни X-XI ғғ. (973–1050 жж.) Әбу Райхан Бируни 973 жылы Хорезм орталығы Қият қаласының маңында туған. Ол – математик, физик, геолог, философ, астроном, этнограф, ақын, энциклопедиялық білімі бар ғалым. Орта ғасырдағы ғылымда араб, парсы, грек тілдерін меңгерген 22 жастағы Бирунидің аты шарықтаған, 150-ден астам кітаптың авторы. Дүниенің гелицентрлік жүйесін, дененің Жерге тартылысын, Жердің күнді айналатынын Бируни Галилей, Коперник, Ньютон сияқты ортағасырлық батыс ғалымдарынан 500–600 жыл бұрын айтқан. Хорезмде билік құрған Ғазнаның қол астына 33 жыл еңбек етеді. 600-ден астам қаланың координаттарын анықтап шығарады және глобус жасайды. «Астрономиялық кілт», «Ежелгі халықтардың хронологиясы», «Минералдардың сыбағалы салмағын табу ережелері» атты еңбектерді жазады.