Идеялары, теориялары жӘне Өкілдері 8 страница

Екі немесе одан да көп қатысушылар арасындағы қатынастардың жиынтығы “әлеуметтік шеңбер” құрайды. Әлеуметтік шеңбер қатынастан топқа өтудің сатысы болып табылады. Топ жеке адамдардың белгілі бір мақсатына жету үшін саналы түрде бірігуі кезінде қалыптасады. Одан әрі: әлдебір әлеуметтік нысанның ішкі құрылымы болса, яғни мұнда жеке адамдардың белгілі бір саны белгілі бір функциялар атқаратын болса, онда әлеуметтік нысан корпорация немесе бірігу деп аталады.

Осы нақты әрі тармақталған типологиялық құрылымның барлығы, егер де оның әр нысаны қауымдық және қоғамдық көріністерге бөлінбесе, абсолютті тарихтан тыс және абстрактілі сипатқа ие болар еді.

Олардың дамуы тұрғысынан әлеуметтік феномендерді талдауды Теннис қолданбалы әлеуметтану деп атайды. Ұғымдық антиномия принципі – қолданбалы әлеуметтанудың әдісі. Теннис бойынша, әлеуметтік қарым-қатынастардың негізінде жатқан ерік пен сананың диалектикалық өзара әрекеттесуі сана басымдылығы жағына қарай дамиды, яғни қоғамдық даму ұтымдылықтың өсу процесін білдіреді.

Теннис әлеуметтануында алдыңғы дәуірге тән болып келген әлеуметтік-философиялық саудаға салудан алынған ұшқары ұстанымдар, саяси нұсқамалар және моральдық үрдістер тарихының философиясына жат болып келген объективті, ғылыми әлеуметтану жасауда алға жылжу байқалады. Әрине, Теннис әлеуметтануының “ғылымилығы” ғылымның белгілі, позитивтік бейнесіне бағытталған. Өзінің әлеуметтанушылық тұжырымдамасының жетістіктеріне ол, біріншіден, объективтілікті, екіншіден, өзіне тән натуралистік үрдісті, үшіншіден, құндылықтың алғышарттарға және тәжірибелік әлеуметтік іс-әрекетке тәуелді еместігін жатқызды.

Теннис ХХ ғасырдағы батыс әлеуметтануында одан әрі дамытылып, іске асырылған бірқатар идеяларды алға тартады. Бұл, ең алдымен әлеуметтанудың талдамалық құрылымы (тарихи құрылымға қарсы болып келетін) идеясы, ол идея әлеуметтану өзін-өзі ғылым деп тануында, өз орнын тауып, қоғамды талдауға өзіндік әдіс ойлап табуына негізделеді. Теннис алғашқылардың бірі болып батыс әлеуметтануында сол заманнан бері таза әлеуметтану ретінде қарастырылған әлеуметтік құрылым мәселесін алға қойды. Формальды әлеуметтануды зерттеу идеясымен кейіннен Г.Зиммель де айналысты. Теннис әлеуметтануының маңызды жақтарының бірі –әлеуметтік танымның натуралистік теориясы болды, ХХ ғасыр әлеуметтанушылары кейіннен оның көптеген нұсқаларын қарастырып дамытты.

Қазіргі заманғы батыс әлеуметтануына Ф.Теннис қосқан үлестің ішіндегі бастысы - қауым мен қоғам ұғымына ие болған әлеуметтік байланыстар мен қатынастардың екі түрі. Бұл идеяны Э.Дюркгейм жалғастырып, қоғамды “органикалық” және “механикалық” ынтымақтастық деп бөлді. Бұл типологияны қайта өңделіп, қайта қарастырылған түрінде қазіргі таңда көптеген әлеуметтанушылар, философтар мен тарихшылар осы заманның тарихи дамуының негізгі қақтығысын түсіндіру үшін қолданады.

Эмиль Дюркгейм

Эмиль Дюркгейм (Emіl Durkhgame) (1858-1917) - француз әлеуметтанушысы, әлеуметтануды ғылым, мамандық және оқу пәні ретінде қалыптастырушылардың бірі.

Францияның солтүстік-шығысындағы Эпинал қаласында 1858 жылы 15 сәуірде раввин әулетінің отбасында дүниеге келді. Париждегі Жоғарғы қалыпты мектепті тамамдағаннан кейін, провинциалды лицейлерге бірнеше жыл бойы сабақ береді. 1887 жылы Бордо қаласындағы университетте әлеуметтік ғылым және педагогика оқытушысы қызметіне тағайындалады. Он жылдан соң ол бұл жерде Франциядағы ең алғашқы әлеуметтану кафедрасын басқарды.

1896 жылы Дюркгейм әлеуметтану тарихында елеулі оқиға болған жаңа мерзімді басылымға басшылық ете бастады. Ол 1896-1913 жылдар аралығында редакциялаған L’Annee Socіologіque журналы ең алғаш рет дюркгеймдік мектеп зерттеулерінің нәтижелерін жариялай бастады. Бұл жылнама Франциядағы түрлі бәсекелесуші топтар арасында дюркгеймдік әлеуметтану үстемдігінің негізгі институционалдық факторы болды.

Журнал қызметкерлері көбіне оның бас редакторының идеяларына негізделген күшті ғылыми ағымды қалыптастырды. Бұл кейін “француз әлеуметтануының мектебі” деген атқа ие болып, осы елдегі әлеуметтанудың дамуын бірнеше он жылдыққа айқындап берді.

1902 жылы Дюркгейм атақты Сорбоннаға шақырылады. Нәтижесінде оның әлеуметтану бойынша лекциялық курсының негізінде “тәрбие және әлеуметтану туралы ғылымдар” кафедрасы құрылып, ол оған да жетекшілік етеді. Дюркгейм тек қана француз әлеуметтануын қалыптастырып қана қоймай, сонымен бірге пән ретіндегі әлеуметтану шеңберінен шығып, француздың интеллектуалды және тіпті саяси өміріндегі өте маңызды тұлға болды. Ол Францияның сол кезеңдегі негізгі интеллектуалдық және саяси дағдарыстарына белсене қатысты.

Көзі тірісінде Дюркгейм төрт кітап шығарды: “Қоғамдық еңбек бөлінісі туралы” (1893), “Әлеуметтану әдісі” (1895), “Өзін-өзі өлтіру” (1897) және “Діни өмірдің қарапайым нысандары” (1912).

Осы ғылым пайда болған елде - Францияда әлеуметтанудың институционалдануы Дюркгейм есімімен тығыз байланысты. Көптеген адамдар оны қоғамды зерттеуде позитивизмді дәйекті жалғастырушы деп есептейді. Бұл бір жағынан дұрыс және толығымен орынды, өйткені әлеуметтанудың негізін салушы ретінде Конттың беделі айтарлықтай жоғары болды. Дюркгейм әлеуметтанудағы конттық позитивтік дәстүрді жалғастырушы бола отырып, көбінесе жаратылыстану ғылымдары сараптамаларының үлгілерін басшылыққа алды (әсіресе өзінің ғылыми қызметінің бастапқы кезеңінде), яғни өзінің ғылыми әдісінде теориялық негіздеменің нақтылығы мен дәлелдене алуын, эмпирикалық расталу қажеттілігін баса көрсетті. Сонымен бірге Дюркгейм өзін әлеуметтанудың негізін салушының белгілі бір дәрежеде жалғастырушысы деп есептей отырып, оның шығармашылық мұрасына сын көзімен қарағандығын атап өтпеуге болмайды. Эмпирикалық бақылаудың құндылығын мойындай отырып, ол сондай-ақ әлеуметтік құбылыстардың қайнар көзі мен терең себеп-салдарын түсіну үшін таза теориялық ой сараптамасын жоққа шығармады. Оған қоса, Дюркгейм Конттың интеллектуалдық эволюцияның үш сатысы туралы заңы адамзат тарихын және оның қорғаушы күштерін түсіндіруде тым үстірт және біржақты қарастырады, өйткені түрлі қоғамдар тарихында дамудың басты жолдары анағұрлым көп деп санады. Кейіннен Дюркгейм “Әлеуметтану әдісі” еңбегінде біршама нақты көрініс тапқан өзінің жеке әлеуметтану әдісін қалыптастырды.

Дюркгейм өзінің әлеуметтік көзқарастар жүйесін құрған теориялық-әдіснамалық база “ әлеуметтанушылық” деп аталды. Ол әлеуметтану реализмінің бір түрі деп есептеледі. Бұл бағыттың басты ерекшелігі номинализмге қарама-қарсы қойылуында болды. Әлеуметтану реализмі өзінің парадигмасы ретінде адамзат қоғамын ерекше шындық деп (табиғи орта шындығы және адамның ішкі психикалық дүниесінің шындығымен қатар) мойындау қажеттілігі мен міндеттілігін көрсетті. Әлеуметтану пайда болғанға дейін арнайы оқу пәні ретіндегі мұндай әлеуметтік шындықты зерттеумен бірде-бір ғылым саласы айналысқан емес.

Әлеуметтану әдісі ережелерінде Дюркгейм қоғамның психоло-гиялық фактілерге сәйкес келмейтін өзінің жеке шындығы бар екенін көрсетуге тырысты. Оның пайымдауы бойынша, қоғам - “өз алдына /suі generіs/ өмір сүруші шындық”. Әлеуметтік шындықтың мұндай ерекше сипатын мына фактіден көруге болады, біз бұл шындықты қалауымыз бойынша жойып жібере алмаймыз. Қоғам біздің ойларымыз бен тілектерімізге қарама-қарсы тұрады, себебі ол табиғат объективтілігімен салыстыруға болатындай объективтілікке ие, алайда ол екеуі бірдей емес.

Дәлме-дәл айтсақ, әлеуметтанушылық дербес жалпы әлеуметтанушы теория ретінде әлеуметтік өмірге қандай да бір ерекше анықтама беруге немесе түсіндіруге талпынбайды. Бұл философиялық-әлеуметтану тұжырымдамасының мәні белгілі бір бастапқы позицияны тұжырымдауға саяды: яғни, адам болмысындағы әлеуметтік шындықтың басты және ерекше маңызын мойындау және де бұл болмысты түсіндіруде әлеуметтану әдістерін қолдану. Қоғам өзіне тән қарапайым ерекшелік қана емес, сонымен бірге доминантты, жоғарғы шындық деп мойындалғандықтан, қоршаған әлемде (“әлеуметтендіру”) болып жатқанның бәрін түсіндірудің әлеуметтанушылық әдісі ең дұрыс әдіс деп жарияланады. Ол өзге әдістерді не жоққа шығаруы не жеке оқиға ретінде өзіне қосып алуы тиіс.

Әлеуметтанушылықтың онтологиялық (мәндік) жағы әлеуметтік шындықтың басқа да - физикалық, биологиялық, психологиялық шындықтарға қатысты автономия орнатуы болып табылады. Ол негізделген, тұрақты және белгілі бір заңдар әрекетіне бағынады. Осылайша, әлеуметтануды өзге ғылымдардан ерекшелейтін, сондай-ақ өзінің жеке зерттеу пәні бар ғылым қалыптасты. Алайда әлеуметтану ғылымының өз алдына бөлініп шығуы үшін, сонымен қатар басқа да ғылым салалары айналысатын фактілер түсіндірілетін және бақыланатын болғаны сияқты, оның да пәні бақыланатын және түсіндірілетін болуы тиіс.

Осыдан келіп “әлеуметтік факт теориясы” шығады. Әлеуметтік шындықтың мазмұнын, Дюркгеймнің пікірі бойынша, болмыстың не экономикалық, не психологиялық, не құқықтық және басқа да фактілерін жатқызуға болмайтын әлеуметтік фактілер құрайды. Бұл әлеуметтік фактілердің мынадай өз алдына дербес сипаттамалары бар:

(1) Объективті, яғни кез келген бөлек алынған жеке адамнан тәуелсіз тіршілік әлеуметтік фактілердің мәнін түсіну үшін, физикалық шындықтың деректерін анықтағанымыз сияқты оларды сырттан бақылап, қайтадан ашып отыру керек. Сондықтан, Дюркгейм тұжырымдағандай, “...әлеуметтік фактілерді заттар ретінде қарастыру қажет. Заттар - бізге берілген бақылауға жататын және бақылауға болатын нәрселер. Қоғамды зерттеген бұрынғы барлық ғылыми пәннің негізгі қателігі, Дюркгеймнің пікірі бойынша, мынада: олар әлеуметтік құбылыстарды қарастыру барысында біз оларға қандай мән-мағына берсек, соған сүйенетіндігінде; соған қарамастан, олардың нағыз мәнін тек объективті ғылыми зерттеудің көмегімен ғана анықтауға болады.

(2) Кез келген жеке адамға қысым көрсете алу (күштеу), яғни оның іс-әрекетін анықтау қабілеттілігі. Жеке адамның қоғамдағы іс-әрекетінің реттелуі жеке-дара себептермен және түрткі болатын себептермен емес, сол адам өмір сүріп отырған қоғамдағы әрекет етуші әлеуметтік фактілер жиынтығымен анықталады, яғни бұл фактілер оны қандай да бір іске итермелейді. Мысалы, сән көрсету - қарапайым әлеуметтік факт, өйткені әрбір адам өзінің сол сәттегі көңіл-күйіне қарап емес, осы уақытта және осы жерде оны қоршағандар мен қабылдаушылар қалай киінсе, солай бағыт алады. Әлеуметтану ғылымының ең маңызды міндеттерінің бірі ретінде Дюркгейм әлеуметтік іс-әрекетті “еркін жігер” тұрғысынан түсіндіруді құнсыздандыратын әлеуметтік фактілерді зерттеу деп көрсетті. Дюркгейм еңбектерінің басым көпшілігінде орын алған ой мынадай: “Қоғам жеке адамнан емес, жеке адам қоғамнан пайда болады”.

Әлеуметтік фактілердің жиынтығын Дюркгейм екі негізгі топқа бөлді: морфологиялық және рухани. Қоғамның өзіндік “материалды субстратын” қалыптастырушы морфологиялыққа, мысалы, халық тығыздығын жатқызуға болады. Ол шындығында да дербес жеке адамдардың пиғылы мен ісіне тәуелді емес; ал олардың өмір сүру жағдайы тығыздыққа біршама тәуелді. Сонымен бірге қоғам орналасқан аумақтағы аудан бірлігіне сәйкес келетін қоғам мүше-лерінің санымен өлшенетін физикалық (материалдық мағынадағы тығыздық) және, Дюркгейм көрсеткендей, олардың арасындағы қарым-қатынас қарқындылығы мен жиілігін бейнелейтін моральдық тығыздықты ажырата білу қажет. Тығыздықтың бұл екі түрінің өзара үйлесуі сол қоғамдағы еңбектің қоғамдық бөлінісінің немесе әлеуметтік саралану ерекшеліктерін айқындайды. Жалпы, Дюркгейм әлеуметтік құбылыстарды түсіндіруде (әсіресе өзінің шығар-машылығының бастапқы кезеңдерінде) біршама белсенді түрде демографиялық және әлеуметтік-экологиялық факторларды (әлеуметтік топтардың күрделілік деңгейі мен құрылымын қоса) пайдаланды.

Сонымен қатар, морфологиялық әлеуметтік фактілерге адамдардың бірігіп қызмет етуінен шыққан туындылардың бірқатарын жатқызуға болады, мысалы, қоғам мүшелері өмір сүріп отырған елді мекендердің басымдық сипаты, қатынас жолдарының саны мен сапасы. Басқа сөзбен айтқанда, морфологиялық әлеуметтік фактілер - адам өмірінің материалдық жағдайын қалыптастыратын құбылыстар жиынтығы, бірақ та олардың табиғи сипаты жоқ, ол сол қоғам қызметінен келіп шығады.

Ал рухани әлеуметтік фактілерге келетін болсақ, олар морфологиялық секілді “заттай” жүзеге асыра алмаса да, одан кем емес деңгейде объективті (яғни қоғамның әрбір мүшесіне қатысты сырттай одан тәуелсіз қатынас табиғатына ие және күштеу қасиеті бар) болып табылады. Оған жиынтығы ұжымдық немесе жалпы көзқарасты қалыптастыратын “ұжымдық түсініктерді” жатқызуға болады.

Дюркгейм жазғандай: “Сол қоғамның орташа алынған мүшелеріне деген ортақ нанымдар мен сезімдер жиынтығы өзінің өмірі бар белгілі бір жүйені құрайды; оны ұжымдық немесе жалпы сана деп атауға болады. Сөзсіз, ол субстрат ретінде бір ғана мүшеден тұрмайды; ол анықтама бойынша қоғамның бүкіл кеңістігіне тараған. Алайда, оған қарамастан, оның өзіне ерекше шындық қалыптастыратын өзіне тән ерекшелігі бар. Шынында да ол жеке адамдардың жеке жағдайларына байланысты емес, олар өтпелі, ал ол тұрақты. Ол солтүстікте де, оңтүстікте де, үлкен және кіші қалаларда да, әр түрлі кәсіп өкілдерінде де бірдей. Сол сияқты, ол әрбір келесі ұрпақ кезінде де өзгермейді, керісінше бірінен соң бірі келетін ұрпақтарды байланыстырады. Осылайша, ол тек қана жеке адамдар арқылы іске асатындығына қарамастан, жеке санаға қарағанда мүлдем өзгеше”.

Қоғамдағы ұжымдық және жеке-дара интеллектінің дамуы еңбек бөлінісінің тереңдеуімен қоян-қолтық жүреді және белгілі бір деңгейде біріншісі екіншісінің қажеттіліктерімен анықталады. Дюркгеймнің пікірі бойынша, интеллект санаға барабар емес, дәлірек айтсақ, ол оны көтереді. Дәл осы сияқты еңбек бөлінісі де ең алдымен қоғамдық өмірдің бет жағында жатыр, бұл әсіресе экономикалық еңбек бөлінісі үшін дұрыс болып табылады (ол қоғамдық еңбек пен экономикалық еңбек бөлінісі арасында айырмашылық жүргізетіндігін атап өту қажет: егер біріншісі бүкіл қоғамның белгілі бір құрылымы болса, ал экономикалық немесе техникалық еңбек бөлінісі - оның тек бір көрінісі ғана).

Әлеуметтік нормалар мен басқа да әлеуметтік факторлар қоғамның дербес мүшелерінің іс-әрекетіне тікелей және тура емес, олардың игерілуінің белгілі механизмдері арқылы ықпал етеді, оған қоса әлеуметтік реттегіштер қызметінің тиімділігі тікелей мәжбүрлеу күшімен емес, ол жеке адам үшін нормаларды іске асыруға құлқымен болғанда ғана көрініс табады.

Дюркгеймнің ойынша әлеуметтану құрылымы үш негізгі саладан тұруы тиіс: морфология, әлеуметтану және жалпы әлеуметтану. Әлеуметтік морфология, анатомия тектес, қоғам қалай құрылған, оның құрылымы көріністерінің материалдық нысандары: әлеуметтік ұйымдар, халықтың құрамы, оның тығыздығы, алып жатқан аумағы бойынша орналасуы т.б. қандай деген мәселелерді зерттеумен айналысуы тиіс. Әлеуметтік физиология қоғам тіршілігінің әр тектес салаларын зерттейді, ол бірнеше дербес әлеуметтану теорияларына бөлінеді: дін әлеуметтануы, мораль әлеуметтануы, құқық әлеуметтануы, экономикалық әлеуметтану және т.б. Ал соңғысы, жалпы әлеуметтану алғашқы екі бөлімнің жетістіктері мен тұжырымдарын синтездейді және біршама ортақ әлеуметтік заңдарды орнықтырады.

Әлеуметтік байланыстың сипаты мен табиғатын зерттеу тақырыбы Дюркгеймнің бүкіл ғылыми шығармашылығында басты орын алады. Қандай мәселеге көңіл аударса да - қоғам типологиясы немесе өзін-өзі өлтірудің әлеуметтік факторларын анықтау проблемалары, еңбектің қоғамдық бөлінісін зерттеу немесе дін рөлі мен рәсім мәнін анықтауда, - оны әрдайым мынадай сұрақ мазалады: адамдардың бірігуіне, бір-бірімен жақындасуына не итермелейді, оларды не ажыратады?

“Біз өзімізге ұқсайтынды, біз сияқты ойлап, сезінетіндерді ұнататынымызды әрқайсымыз білеміз. Алайда бұған қарама-қарсы жағдай да жиі ұшырасады. Біз өзімізге ұқсамайтын адамдарға құштарлық сезімде болатын жағдай жиі кезігеді, мұның себебі олардың бізге ұқсамайтындығында”.

Осыған сүйене отырып, ол әлеуметтік ынтымақтастықтың екі нысанын ажырату қажет деп есептейді, оларды механикалық және органикалық деп атайды. Бұл ұғымдарды ол өзінің “Еңбектің қоғамдық бөлінісі туралы” атты алғашқы еңбегіне енгізеді. Оның пікірі бойынша, еңбек бөлінісінің тереңдігі мен сипаты қоғам дамуының жалпы деңгейін анықтамаса да, біршама барабар түрде бейнелейді және әлеуметтік байланыстың қандай да бір үстем типін қалыптастырады. Дюркгейм бұл жерде араларында белгілі бір тарихи-логикалық сабақтастығы бар қоғамдардың жетілген типтерін құрастыру идеясына сүйенеді. Ынтымақтастық жоғарғы әмбебап принцип, жоғарғы моральдық құндылық ретінде қарастырылады. Сондықтан да еңбек бөлінісінің өзі моральды.

Механикалық ынтымақтастық, Дюркгеймнің ойынша, архаикалық немесе қарабайыр қоғамдарда басым болып келеді. Оның жеке терминологиясын қолданатын болсақ, бұл ұқсастық нәтижесіндегі ынтымақтастық. Қауым немесе бірлік мүшелері оларда ортақ нәрсе көп болғандықтан - тіл, дәстүр, сенім, тіпті жалпы тарихи (мысалы, ауызша аңыз түріндегі) зерде арқасында бір-біріне тартылады, ұқсас жағдайларда өздерін бірдей сезінеді. Мұндай механизмдер өзге де тайпа өкілдерінің бөлектенуіне алып келеді. Бұл “өзіміз - бөтен” принципіне сәйкес ынтымақтастық.

Алдыңғы қатарлы, дамыған қоғамдарда орын алатын органикалық ынтымақтастық - оның мүшелері функцияларының саралануының, қоғамдық еңбек бөлінісінің тереңдеуінің жемісі. Адамдар мұнда барған сайын бір-бірінен түрлі сипаттары бойынша әр түрлі болып келеді. Бірақ та осының нәтижесінде олар одан әрі бірін-бірі қажет етіп, бір-бірінсіз тұра алмайды - функциялардың, қызметтердің және олардың нәтижесінің айырбасы біршама терең өзара тәуелділікке алып келеді, яғни бұл “әлеуметтік бөлшектердің” одан әрі тұтастануына әкеліп соғады. Бұл жерде еңбек бөлінісі тек таза экономикалық қана емес, сонымен бірге әмбебап, тұтас қамтушы әлеуметтік құбылыс ретінде түсіндіріледі. Әрбір адамды жеке алғанда ол мінсіз емес, ал олар бірін-бірі толықтыра отырып, күшті интеграцияға жол ашады. Ынтымақтастықтың бұл типі тіршілік иесінің органдарымен ұқсастығына қарай “органикалық” деп аталады. Өйткені бұлар бір-біріне мүлдем ұқсамайды және өздеріне ғана тән ерекше функция атқара отырып, тек бәрі бірге болған жағдайда ғана организмнің қызмет етуіне мүмкіндік жасайды.

Механикалық ынтымақтастық үстемдігі кезінде ұжымдық сана жеке-дара сананы жұтып қояды. Адамның жеке-даралығы органикалық ынтымақтастық басым қоғамдарда ғана пайда болуы мүмкін.

“Біріншісі тек жеке-даралық тұлға ұжымға енген жағдайда ғана ықтимал; екіншісі егер әрбір адам өзінің әрекет ету саласы болған жағдайда ғана, яғни тұлға болғанда ғана мүмкін. Сонымен, ұжымдық санада өзі реттей алмайтын арнайы функциялар орнығуы үшін, ол жеке-даралық сананың бір бөлігін ашық күйінде қалдыруы тиіс. Және де бұл сала ауқымдырақ болған сайын, осы ынымақтастықтан келіп шығатын байланыс күштірек болады.

Шынайы өмір сүретін қоғамдардағы ынтымақтастық сипатын анықтауға талпына отырып, біз бұл арада жетілген типтерді қарастырғанымызды ұмытпауымыз қажет. Ынтымақтастықтың екі типін ажырату мен олардың даму деңгейі бойынша әр түрлі қоғамдарда басым болатындығы туралы тұжырымның нанымдылығына қарамастан, бұл сараланудың едәуір дәрежеде сараптамалық сипаты бар. Әрине, қазіргі замандағы индустриалды дамыған қоғамдарда да механикалық ынтымақтастық көрінісі жиі ұшырасады: дәл осы ынымақтастық, мысалы, отбасылық және туысқандық байланыстар негізінде жатыр. Ұлттық, діни және тіпті саяси-партиялық қатынастар да “біздікі - бөтен” типіндегі байланысқа негізделгендіктен, көп жағынан келгенде механикалық ынтымақтастық көрінісі болып табылады. Соған қарамастан, қандай да бір ынтымақтастықтың басымдылығы, доминанттығы туралы тезис өзінің теориялық күшін жоймайды.

Әлеуметтік байланыстың, оның сипаты мен түрлерінің сараптамасына Дюркгеймнің атақты еңбектерінің бірі – “Өзін-өзі өлтіру” арналған. Бұл кітап ортақ қағида бойынша классикалық әлеуметтанушылық еңбек ретінде қарастырылады. Бұл еңбегінде Дюркгейм өзін-өзі өлтірудің әлеуметтік себептеріне назар аударады. Өзін-өзі өлтіруді тек адамдар ғана іске асыруға қабілетті, бірегей жеке-дара актілердің бірі болғандықтан бұл ерекше қасіретті жағдай. Бұған қарамастан, Дюркгейм мол әлеуметтік деректерге сүйене отырып, өзін-өзі өлтіру ықтималдығын анықтауда әлеуметтік негіздеудің шешуші маңызы бар екендігін көрсетті. Сондықтан да ең бірегей жеке-дара оқиға ұжымдық және жоғарғы абстрактілі факторлармен байланысқан болып шығады. Бұл кітаптың бірінші ең үлкен тарауында қайсы бір қоғамдағы өзін-өзі өлтіру статистика-сының өзгеруіне ықпал ете алатын әлеуметтіктен тыс сипаттағы факторлар қарастырылады: психопатиялық күй; нәсілдік және тұқым қуалаушылық ерекшеліктер; климаттық ортаның маусымдық өзгерістері; еліктеу механизмдері. Кең ауқымды статистикалық сараптамаға сүйене отырып, Дюркгейм бұл тараудың әрбір бөлімін мынадай тұжырыммен аяқтайды: олардың бірде-бірі өзін-өзі өлтіру пайызын жеткілікті түрде түсіндіре алмайды. Бірінші тараудың түйіні мынаған келіп саяды: “...әрбір әлеуметтік топтың өзіне ғана тән өзін-өзі өлтіруінің ерекшелік бейімділігі болады, ол не жеке адамның физикалық-органикалық құрылысымен немесе оларды қоршаған ортаның физикалық табиғатымен түсіндірілмейді. Осыдан келіп жоққа шығару принципі бойынша бұл бейімділік әлеуметтік себептерге байланысты болып, ұжымдық құбылыс ретінде көрінуі тиіс”, демек тек әлеуметтану ғылымы ғана өзін-өзі өлтірудің себептерін қанағаттанарлық деңгейде түсіндіре алады.

Наши рекомендации